Жәңгір хан қазақ тарихындағы бағаланбай қалған тұлғаның бірі - Азат Перуашев
2021 ж. 28 маусым
2120
0
Алматыда "Жәңгір хан" телехикаясының түсірілімі басталды.
Менің ойымша, Жәңгір хан, Махамбет пен Исатай көтерілісіне "таптық сипат" беру мен идеологизация үшін коммунистік насихаттың кесірінен қазақ халқының тарихындағы бағаланбай қалған тұлғаларының бірі.
Мен бала кезімде Әнуар Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі» романын оқыған едім. Ноэль Шаяхметовтың «Из тьмы веков» («Ғасырлық түнек») кітабында сипатталған батырдың жерленген жерін іздеу және оның бейнесін қалпына келтіру тарихына қайран қалып, сол дәуірге құмартқан болатынмын. Бірақ Жәңгір ханның бейнесі қысқа ғана айтылып, ақиқаттың бір ұшы ғана баяндалған.
90-жылдардың соңында ұлыммен бірге Атырау облысының Индер ауданындағы Махамбеттің бейітінде болдым. Ол жерге бізді 1980 жылы ақынның жерленген жерін зерттеуге тікелей қатысушы менің аға досым, әрі ұстазым Катимулла Ризуанов алып барды.
Онда жергілікті тұрғындардан Жәңгір ханның жарқын тұлғасы, оның білім беру мен егіншілікті енгізуге, жомарттық пен бекзаттықты үйретуге деген ұмтылысы; осы көрнекті билеушінің жетімдерді қалай қорғағаны және дарынды балаларды мектептерге оқуға қалай жібергені туралы естідім. Бәлкім, Жәңгір хан қазақ хандары арасында европеизмнің алғашқы жақтаушысы болған шығар. Оның Ұлы даланың ең батыс қанаты - әкесінің құрметіне аталған және Қазақстанның еуропалық бөлігінде орналасқан Бөкей хандығын басқарғаны кездейсоқ емес (соның арқасында біз, атап айтқанда, УЕФА-ға қабылдандық).
Бұл ретте Жәңгір ханның өмірінде өзгелердей қуаныш пен қайғы қатар жүрген тірі адам болған. Сарайшық мұражайында оның қызының алтын қайықта жерлеу рәсімін бейнелейтін сурет маған ерекше әсер етті.
Бірақ ханның уайымы көбіне әйелі Фатимамен байланысты болған сыңайлы. Кейбір зерттеушілер (таптық күрес теориясымен емес) бір кездері жақын араласып, тіпті дос болған Жәңгір хан мен Махамбеттің өшпенділік бастауларын дәл осы сұлумен байланыстырады.
Алайда, басқа тарихшылар Исатай мен Махамбет көтерілісінің басты себебі ханның тым қатал мінезі және оның мемлекеттік аппаратты жасау, салық жүйесі мен отырықшылық сияқты басқарудағы ресейлік әдістерге сай енгізгені деп санайды.
Реформатор және ағартушы ретіндегі Жәңгір ханның тұлғасы қаншалықты жай емес болса, соншалықты жарқын әрі қызықты.
Сондықтан менің жақын досым, белгілі журналист және продюсер Арман Сқабылұлы қолға алған осы тақырыптың экрандалуы мені бей-жай қалдырмайды. Арекенің Жәңгір ханның көрнекті тұлғасы мен онымен байланысты оқиғаларға деген өз көзқарасын көрерменге жеткізетініне сенімдімін.
«Қазақфильмде» актерлермен және авторлық ұжыммен әңгімелесіп, оларға осы күрделі тақырыпты ашуда сәттілік тіледім.
Азат Перуашев,
Қазақ үні