ДАНАЛЫҚҚА ҚҰШТАРЛЫҚ
2021 ж. 08 маусым
4080
0
Ақылды-арлы, ұятты, кең пішілген, үйге тіреу, атан жілікті, тұрпатты, экономикалық және гуманитарлық білімдерді бір-бірімен ұштастырған оқымысты, халықтың дәстүрін, дүниетанымын, тұрмыс-ахуалын, мәдениетін терең білетін тәжірибелі қоғам қайраткері Мырзагелді Кемелдің төтеннен дүниеден озуы қабырғамызды қайыстырып-майыстырып кеткені не деген қасіретті. Тағдырдың ісіне не шара?
Иә, соққан желдей, ұстараның жүзіндей тұрлаусыз бір бес күндік ғұмыр-ай! Қайткенмен де М. Кемелдің рухы, қайраткерлік, қаламгерлік, ұстаздық еңбегі оның тамаша болмысын, жаратылысын, кісілік келбетін әсте жоғалтпайды. Осы орайда ұлт суреткері Әбіш Кекілбайұлы Мырзагелді Кемелдің шығармашылық еңбегіне берген берекелі бағасы мынадай: «берекелі, көркем істер атқаруының негізгі шарттары, алдымен, түзу құлығы, білігі, зейін-ыждаһаты, сонан соң оның жазбалары «абзалдық әліппесіндей», «рахым лебі», «парасат әуезі» көрініс табатын «ғибрат сабағындай».
Міне, М.Кемелдің тұтастай ой еңбегіне берілген нақты байлам осындай.
Ол - адамзат тарихындағы үздік, бірегей ойшылдардың афоризмдерін тәржімалап, жинақтап, жүйелеп берген нағыз еңбекшілдің өзі. Бұл бір даналық пен тапқырлықтың теңізі дерсің. Адам баласының рухани жетілуі үшін, пәлсапалық көзқарасының қалыптасуы үшін, табиғат, жаратылыс, ғалам тазалығын сақтау үшін, қоғамды, заманды, ұрпақты ізгілендіру үшін, адамзаттың амандығы үшін жасалған қызмет деу дұрыс. Және оны ұлт, руханият, халық қызметкері деп тану абзал.
Оқымысты Мырзагелді Кемел қытай данышпандары Лао-цзы, Конфуций, сондай-ақ Сенека афоризмдерін, үндінің «Бес бәйіт» (Панчатантра) кітабын оқырман қауымға жеткізді.
Сонымен қатар 2013 жылы жарияланған екі томдық шығармалар жинағында (көлемі 1752 бет) «Толстой тағылымы», «Шәкәрімнің ар ілімі», «Сөз-құдірет», «Бітігші», «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ», «Ақыл қалта» (Бальтасар Грасиан), «Зиярат етуші Пауло Коэльо», «Көгілдір кітап» (Луиза Хей), «Өнеге», «Өзіңді таны», «Ақселеу асуы» дейтін соқталы, кесек тарауларында адамзат көркем ойының інжу-маржандары тізілген. Тоқетері, энциклопедиялық сипаттағы басылым.
Мырзагелді Кемелдің «Өзіме сабақ» дейтін пәлсапалық ой-толғамы жаңаша көзқарас, жаңаша таным, жаңаша ой тұрғысынан жазылған. Бұдан өзіміз араласқан, тыңдаған, еңбегін оқыған, ісіне қанық болғандықтан Мырзагелдінің шынайы тұлғасын, ой-өрісін танимыз. «Өмір - саяхатты» көреміз. Мұнда экономикалық-саяси катаклизмдер жайы, өркениеттер қайшылығы, әлеуметтік құрылым, қоғам мәдениеті, жер байлығы, ұлттық рух пен дәстүр, зиялылық, интернет жүйесі, жаһандық ақпарат, халықаралық терроризм, жаһандану көріністері, білім, ғылым, интеллект, отбасы, тән саулығы, мораль, билік, мансап, даңқ, байлық, махаббат мәнісі пайымдалады.
Иіні келгенде айтқан жөн болар, Мырзагелдінің ұстанымы, қағидаты да мына бір ой әуенінде көрініс бергендей: «Сен өлгенде бір адам да сен туралы жаман айту түгілі жаман ойлай алмаса, нағыз мағыналы өмір сол. Шын зиялы адам да сол болса керек...».
Немесе оның сыншылдық көзқарасын көрсететін мына пікірі де ойландырады: «Таққа мінсек – елді көрмей, атқа мінсек – жерді көрмей аспандайтынымыз қалай?» Я болмаса: «Мақтап тұрған кісінің сөзінің жалған екенін көріп тұрып несіне көтеріліп қаламыз».
Тағы да: «Менің өмір тәжірибем мынадай қағидаларды үйретті: күштінің жағына мойын бұруды үрдіс етпе, ол – жігердің жасықтығы мен қорқақтықтан, оған әдеттенген адам қоршылық комплексінен ада бола алмайды; пайдасы тиіп қалар деп, бай мен барға жарамсақтанба, кісі қолынан алған несібе барлық адамға бірдей жұғымды емес; көптің соңынан көзсіз ерме, көпте көбіне тобырлық психология басым болады».
Мінеки, ел өмірі мен кісі пиғылын жетік зерделейтін Мырзекеңнің іргелі, күрделі пікірлері осындай.
2013-2014 жылдарында Ел Президентінің Жолдауына орай Қарағанды, Семей шаһарлары мен Ақмола облысына Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-дың ректоры, академик Ерлан Бәтташұлы Сыдықовтың бастамашылдығымен лекциялар оқылды. Сонда М. Кемел де Семейдегі Қазақ инновациялық-гуманитарлық заң университетінің оқытушы-профессорлары мен студенттері алдында ұлттық экономика тақырыбында дәріс оқыған-ды. Осы аталмыш ЖОО-ның құрметті профессоры атанды. Мұны айтып отырған себебім – Мырзагелдінің жарқын пейілі, жақсыларға, жастарға деген өлшеусіз мейірі, қайырымы.
Сөзден сөз туады дегендей, 2010-2012 жылдарда Назарбаев университетінде дәріс оқыдым. Бірде Мырзагелдіні көрдім. Сөйтсем, әдебиет сыншысы, жазушы Айгүл Кемелбаевға жұмыс іздеп жүр екен. Әйгілі ақын Фариза Оңғарсыновамен Назарбаев университетінің студенттерімен тамаша бір әдеби кеш өтті. Сонда Фариза апамыздың Мырзагелдіге қошаметі айрықша болғанының куәгері болдым.
Өз басым Мырзагелдінің жинап бастырған афористік жинақтарымен 1998-1999 жылдардан таныспын. Өйткені, депутат М. Кемелмен Еуразия университетінде кеш өтті. Депутат Құдайберген Сұлтанбаев қатынасты. Пікір айттым. Мұны ұйымдастырған, мейірленіп қызмет жасаған доцент Гүлжауһар Жамбылқызы Болатова. Үйіне барып дәм таттық, арқа-жарқа әңгімелестік.
«Сәулелі кісіні» мәңгі жоғалту, ендігәрі ақыл-кеңесін, лебізін естімеу – тілмен жеткізе алмайтын түпсіз тұңғиық тақсірет. Ақын Ғафу айтқандай, «дүниенің азан-қазан тоғайында» осы фәниден бақиға, келместің кемесіне мініп кеткен жанның ыстық сөздерін еске түсіруге әрекеттенесің... Солардың бірі – 2019 жылдың 6 желтоқсанында Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, сұңқар мінезді, тура сөзді, жаны шыныдай таза, мөлдір Қапаш Құлышеваның 70-жылдық мерейтойы Ұлттық өнер университетінде өтті де, той дастарханына бардық. Бір үстелде Мырзагелді мен Зиба және біздер қатар отырдық. Екеуі де соншалықты қанаттанып, көңілденіп, ықыластанып отырғанда, Мырзагелдіден «осы сұңқар мінезді Қапашпен таныс-білістігіңіз қашан басталып еді?» деп сұрағанымда айтқаны: «О, бұл бір сонау 1993 жылы Сарыағаш шипажайында басталған-ды. Қапаштың қасында аққудың көгілдіріндей құрбылары Мүнира, Сәуле бар. Бұларға талайлар қызықты. Сонда Қапаш ермінезділік танытып, ат-тонын ала қашатын. Көкше аруларының асыл қасиеттерін көріп, танысып, елге шақырдым. Сонан достығымыз тамыр жайып, тереңдеп, депутат боп Алматыға ауысып, Қапаш пен Еркіннің үйінде бір жыл тұрдым. Бұрынғы Қастек көшесі (қазіргі С.Қожамқұлов көшесі) №117 үй, 32 пәтер. Зиба қарындасыңыз Қапашты «ерке қыз» деп еркелетеді. Қапаштың ата-анасының шаңырағында болдым, олар мені «он үшінші баламыз» деп атап кетті. Қапаштың қасындағы Мүнира мен Сәуле де, мінеки, осы тойда аяғының ұшымен қызмет етіп жүр. «Жақсы адам жаныңа қанат байлайды емес пе!..».
Күн астында жайраңдап, жер бетінде сайрандап жүру – уақытша екен ғой.
Мырзагелдінің көпшілдігі, бауырмалдығы бөлекше еді.
Қиырдағыны көзі шалатын қырандай қарға тамырлы қазақпыз ғой, қайраткер, саясаткер Нәубат Қалиевпен Ұлы даланың екі жағында туса да нағашылы-жиенді еді. Тілеулес, пікірлес, мұраттас-тын. Марқұм Нәукеңмен қоштасу мезетінде мәйітті – сүйекті бір жақ бұрышынан ұстап, мүжіліп, түнеріп, күйзеліп кетіп бара жатқанын көргенде өзі де қара жердің тас қараңғы қойнына еніп бара жатқандай ыңғайсыз әсерде болғаным бар. Жарықтықтың жаны нәзік еді.
О, жалған-ай! Қайран, Мырзагелді! Қара шаңырағың, бұтақтарың, әулетің аман болғай! Дүниедегі ізгілігің, алдыңан шығып қарсы алсын. Көрмеген көшең жарық болғай. Жұмақтан болсын тұрағың. Әулие-пірлердің дұға-шарапаты желеп-жебесін, иман байлығын берсін.
Серік НЕГИМОВ,
филология ғылымдарының докторы, профессор