КЕМЕҢГЕР ТҰЛҒА
2021 ж. 08 маусым
3263
0
Мен білген Мырзагелді Кемел тамаша азамат еді. Адамды тану үшін оны бала кезінен білудің мүмкін қажеті бар, мүмкін қажеті жоқ. Мырзагелді Кемел сияқты азаматтар өзін өзгелерге білгізбей қоймайды. Кемеңгерлік деген осы емес пе?!
***
Біз тұлға деген сөзді жиі қолданамыз. Тұлғалық қасиет деген не? Қандай азамат болмасын, өзінің алған біліміне, тәжірибесіне сай, белгілі бір қызмет атқарады. Ол үшін жалақы алады. Бұл тұста оның тұлғалық қызметі біліне ме, білінбей ме – мәселе. Ал, егер, осы атқарып жүрген қызметіне, яғни жалақысынан тыс өзінің қасиеттеріне орай, қосымша азаматтық жүк артатындар, бұлар – тұлғалар. Тұлға – өзіне үнемі де қосымша жүк артатын адам. Бұл іске оны ешкім мәжбүрлемейді. Бұл істі ол өзінің жүрек қалауымен орындайды. Орындамаса, көңіл-қошы болмайды, осындай азаматтар елдің елдігін, мемлекеттің қуатын молайта білетін кісілікті жандар. Мырзагелді Кемелдің кісілігі ерекше. Кісілік дегенді Жүсіп Баласағұн «Құтты білім» кітабында жан-жақты талдап беріп еді. Кісілік адамның қаблетіне, емес, оның қасиетіне қатысты. Қабілет көпшілікте бар, ал қасиет көпшілікке тән бе?! Мәселе. Мырзагелді Кемелдің қабілеті мен қасиеті үйлесімділікте еді. Ол қабілетін қасиетке қызмет еткізді. Сөйтіп тұлғалық дәрежеге көтерілді.
***
Мырзагелді мырзаны мен ертеректе сыртынан біліп жүрдім. Оның жиған-тергендері кітап ретінде қолыма тигені де бар. Күндердің бір күнінде Мырзагелді мырза маған өзі келіп жолықты. Ұзақ әңгімелестік. Мен таң қалдым. Бұл кісіні мектеп мұғалімі немесе гуманитарлық саланың бір мұғалімі деп ойлайтынмын. Мырзакеңнің сөздерін мұқият тыңдап отырып, оның гуманитарлық салаға мүлдем қатысы жоқ азамат екенін білдім. Ол кісі ұзақ жылдар шаруашылық қызметінде, яғни кеңшар директоры, партия қызметкері болғанын білдім. Бұл кісінің гуманитарлық білім жолына шындап түскені, оны Қазақстан Республикасынның Мәжілісіне Депутат болған жылдарында екен. Ғылымға кеш келгенімен, оның білімге деген ынтасы мол. Білмекке құмарлығы ғажап, азаматтың өсу, өркендеу жолдары көпке өнеге. Ол мезгілінде оқи алмай қалған кітаптарын, атын білмеген ақын-жазушылардың, ғалымдардың еңбектеріне ден қояды, сөйтіп өзін-өзі тәрбиелей бастайды. Аз уақыттың ішінде мол ғылыми жаңалықтарды жинап үлгереді. Ендігі кезде оның ыждахаты гуманитарлық білім саласы болды.
***
Заң дейміз бе, заңдылық дейміз бе, әйтеуір бір нәрсе бар. Ол әрбір адамның ғұмырында бір сынаққа түсуі. Мен Мырзагелді Кемелмен құрдаспын. Біздің ұрпақ алапат сынға ұшырады. Жас кезімізде, бәріміз «социализм топырағында» тұрып, коммунизм деп шуладық. Тіптен, есерсоқ Кеңес империясының басшысы Никита Хрущев 1880 жылдары елімізде коммунизм орнайды деп даурықты. Оның алдында мавзолейде сүйегі қурап жатқан Ленинді «күнкөсем» деп өлең жаттадық. Социализм биік қоғам дедік. Капитализм күні өткен қоғам дедік.
90-шы жылдары түйсік, сезім, санамыз төңкеріліп түсті. Каптиализм алда екен, коммунизм қиял екен, социализм өтірік қоғам екен. Күн көсем деп жүрген Ленин және оның ізбасары Сталин дегендер – большевиктер, шын мәнісінде, фашистерге жақын болып шықты. Шыңғыс Айтматов «Кассандра таңбасы» деген 1995 жылы жазылған романында большевизм мен фашизмнің тең екендігін жазды. Себебі Еуропада осындай тарихи шешім қабылданған. Міне, осының бәрін бұрынғы коммунист Мырзагелді Кемел қалайша меңгеріп, санасын улатпай, жаңа заманның, яғни Тәуелсіздіктің нағыз насихатшысы бола білді. Бұл сынақ еді. Осы сынақтан Мырзагелді Кемел өтті. Жан-жағымызға қарасақ, әлі де Карл Маркс, Сталин деп «маңырап» отырған ағайындар баршылық. Олар сынақтан өте алмады. Саналары, милары кепкен қалыпта қала беруде.
***
Хакім Абай, дүние үздіксіз өзгерісте, өзгермейтін Алла тағала ғана – дейді. Өзгерісті түсіну үшін, адамның өзі өзгеріске түсуі керек. Өзгерісті қабылдай білу, сыншылдықты талап етеді. Мырзагелді Кемел өзгеріске жүрек қалауымен түскен адам. Ол өтірік қоғамның өтірікпен кететінін сезген, бірақ амалсыздың күнін кешкен-ді. Өзгерген заман, өзгерген қоғам, өзгерген адам. Ол жаңаша ойлау, инновация, креативтілік, мұның бәрін Мырзагелді Кемел меңгерді. Сөйтіп, қоғамда биік сатыға көтерілді. Өзіне жұрт назарын аудартты. Өзінің тұлға екенін танытты. Ол өз заманының сыншылы бола білді.
***
Әдебиет, өнер, ғылым жолындағы азаматтармен аралас болу, оның негізгі мақсат, мұратына айналды. Өз аузынан талай естідім, оның жазушы, журналист, сол кездегі Қазақстан Республикасы Мәжіліс Депутаты Шерхан Мұртазамен достығы айтарлықтай. Әріптес болған соң, депутаттардың бос уақыттарында биллярд ойнау сияқты кәсіптері болатын. Бірде Шерхан Мұртаза оған:
¬– Мырзагелді, сен неге бізбен бірге ойын-сауықтарға қатыспайсың – деді. Оған Мырзагелді былай жауап беріпті:
– Шер аға, Сіздер қаршадайларыңыздан әдебиет, ғылым, өнер, білім майданында болдыңыздар. Мен болсам, ол кезде басқа кәсіппен шұғылдандым. Енді Сіздердің түсініктеріңізге сай болу үшін, маған көп, қосымша өз бетіммен еңбектенуім керек. Сіздер биллярд ойнап, көңіл көтеріп жатқанда, мен өзімнің кезінде таныса алмаған еңбектермен шұғылданамын. Ол бір.
Екіншіден, қазіргі кезде әлемдік деңгейде белгілі болған авторларды іздеп, тауып, соларды түсініп, оқып және солардың еңбектерін өз тілімізге аударуды кәсіп етудемін. Сөйтіп, «Ақыл қалтасы» атты кітап жазып шықтым, оны Сізге сыйға тарттым. Әлі де осы бағытта атқаратын істерім мол дедім. Шерхан аға үнсіз қабылдады деп еді маған бір сөзінде Мырзагелді.
***
Таң қаламын. Мырзагелді аса көп кітаптар оқыды. Солардан көңілге түйгендерін теріп алып аударды. Сонымен бірге, Мырзагелді туралы айтқанда, оның тамаша экономист-ғалым екенін мойындауымыз керек. Еліміздің экономикасын Мырзагелді жетік білді. Бұл жерде оның ауыл шаруашылығында көп жылдар атқарған тәжірибесі көмекке келді. Мен әлденеше рет Мырзагелдінің еліміздің экономикасы туралы жасаған талдауларын тыңдап, оның бұл саладағы жетік маман екендігіне көзім жетті. Ол кісі экономика ғылымдарының докторы, профессор болатын. Өзі экономист бола тұра, әдебиетпен, өнермен жақын араласты.
***
Мырзагелді Кемел біршама жылдар бойы қазақтың белгілі ақыны Фариза Оңғарсыновамен достық қарым-қатынаста болды. Фариза ақынның шығармаларын насихаттауда мол еңбек етті. Мырзагелдінің сезімталдығы сол, жаңа көріне бастаған жас ақындарға өз қамқорлығын жасауды азаматтық міндет деп санайтын. Талантты жас ақын Динара Мәлікпен, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар факультеті студенттерімен тамаша кездесу ұйымдастырды. Иә, Мырзагелді Кемел сезімтал жан еді.
Оның сезімталдығы адамгершілік қасиетінің қайнар бұлағы. Мырзагелді Кемел Шымкент өңірінің азаматы. Әдетте Шымкенттіктер туралы жеңіл-желпі сөз айтылып қалатын. Ондай сөздердің Мырзагелдіге еш қатысы жоқ немесе Шымкенттен шыққан азаматтарға деген сәл-пәл жеңіл көзқарастар да болып қалатын. Оның да Мырзагелдіге еш қатысы жоқ.
Мырзагелді Кемел қазақтың мықты азаматы. Ол елдің мақтанышы. Ол жұртшылыққа, әсіресе, жастарға – ұстаз. Ол – адал дос. Бір сөзді, қазақтың нағыз нар азаматы. Мырзагелдіге өзіңе сенгендей сенесің. Себебі, сөздеріненөтірік таппайсың. Кейбір азаматтар арнайы өтірік айтуды кәсіпке айналдырып, абырой-атақ іздеуде. Мырзагелді Кемел болса, абырой-атаққа шыншылдықпен жетті. Менің бұл сөзіме Мырзагелді Кемелді білетін азаматтардың ешқайсысы қарсы пікір айтпас деген ойдамын.
***
Адам біреу туралы сөз айтқанда, әрине оның өзіне қатысты жағдайларын баяндайды. Мен Мырзагелді Кемелге таң-тамаша қалып, басымды иген азаматпын. Түсіндірейін. Бірде Мырзагелді Кемел мені таң-тамаша қалдырды. Ойламаппын, қасымызда жүрген азаматтың мені соншама терең зерттегенін. Байқап отырсам, Мырзагелді Кемел менің барлық шығармаларымды, кітаптарымды, оқулықтарымды, мақалаларымды, басылым беттеріне берген сұхбаттарыммен тегіс таныс екен. Бұған қалайша таң қалмасқа?! Басында бұл іске өзім де сенгім келмеді. Сөйтіп, ақырын-ақырын Мырзагелді Кемелмен қарым-қатынасымды жүйеге түсірдім. Бақсам дәп солай. Менің барлық шығармаларымды білетін азамат екен. Менде мұндай танысым да, шәкіртім де сірә жоқ шығар. Ары кетсе, бір-екі кітабымды оқып, он шақты мақалаларымды оқып, соны өздеріне көп көретін азаматтар жеткілікті. Кейбір бір сөзімді нысанаға алып, насихаттап жүретін азаматтарға тәнтімімн. Кафедрада бірге қызмет атқаратын оқытушылардың қаншасы менің еңбектетрімді оқыды екен. Сұрақ. Немесе менің шәкірттерімнің өзі мені қанша деңгейде меңгере алды екен. Бұл да сұрақ. Ал Мырзагелді Кемел болса, менің шығармаларымның барлығымен танысып шыққан адам. Ол менің шығармаларыммен танысып қана қоймай, оларды жұртшылыққа насихаттаумен шұғыл түрде араласты.
***
2017 жылы менің 70 жылдық мерейтойыма аса үздік маған қызмет көрсеткен Мырзагелді Кемел. Ол «Ойшыл» деген жинақ шығарды. Онда менің шығармаларымда айтылған кейбір ой-пікірлерді теріп алып жинады. Бұл керемет жұмыс. Ұзақ уақытты алатын еңбек. Сонда ойлаймын, Мырзагелді Кемелдің мақсаты неде? Мен ол кісіге жарытып қаражат бере алатын адам емеспін немесе басқа да көмек қолын соза алатын жағдайым жоқ. Мәселе тек сыйластықта, құрметте, достықта. Мұны айту жеңіл. Ал шын мәнінде бұл адамның имандығының көрсеткіші. Мұхаммед пайғамбардың хадистерінде айтылған еді, нағыз мұсылман адам – адамға қызмет еткен адам деп. Осы бағытта мен Мырзагелді Кемелді нағыз мұсылман деп санаймын. Бақұл бол, бауырым! Жаның жәннатта болсын! Мен Мырзагелдінің жаны жәннатта болатынынан сенемін. Әрине, бәрін білуші бір Алла. Әйтсе де Алла тағаланың әрбір пендесі өзінің жер бетіндегі міндетін имандылық жолына салса, оның мәңгілік дүниедегі орны да жұмақта болады деуге сенім бар. Тағы да айтамын, Алла разы болсын, бәрін білуші Алла.
***
Мырзагелді Кемел болса, Алла тағаланың махаббатпен жаратқан адамын білгісі, түсінгісі келді. Осы бағытта орасан қызмет атқарды. Кім білген, уақыттың осындай боларын. Дүниеден өтерден біраз ғана уақыт бұрын, Шымкент сапарына барып қайттық. Ұйымдастырған - Мырзагелді Кемел. Жастар сарайында төрт жүз елу жастарды жинады.
Мырзагелді Кемел екеумізге көрнекті журналист, елімізге белгілі азамат Мархабат Байғұт сөз берді. Мырзагелді Кемел өзінің мол білімін жастардың санасын құя білді. Төрт жүз елу жастар тыңдады. Ол тыңдата білді. Себебі оның білімі адамға ауа сияқты қажет еді.
***
Сапардан оралғасын, бір сұхбатында маған былай деді:
– Ғареке, қолымдағы барларды жинап, қарастырып отырсам, мол дүние бар екен. Соның 60-70 әлемдік деңгейдегі деректер десек, қалғаны өзімнің жазбаларым екен деді. Мақсат соларды жарыққа шығару деді.
Білмеймін, Мырзагелдінің осы арманы орындалды ма? Орындалмаса Қазыбек, Бақытжан бастаған баласы, ақжарқын мінезді адал жұбайы, қонақ келсе қуанатынЗибагүл бар. Есімде, жаздың бір күндерінде туыстардың ортасында (пандемия жоқ) рахаттанып, Мырзагелді Кемелдің дастарханынан дәм татып едік. Бәрі есімде. Естен шықпайтын күндер болды. Бірде менің туған жерім Аққулыға жол тарттық. Біршама ғалымдар, жазушылар бармыз, атап айтқанда, қазақтың белгілі ғалымы, қоғам қайраткері Қойшығара Салғараұлы, атақты академик-тарихшыБолат Көмеков, қазақтың атақты шешені, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, саясаттанушы, профессор Нәубат Қалиев, т.б. ұзақ жол бойы әңгіме-дүкен құрдық.Солардың ортасында маңдайы қасқайып, әңгіме айтушының бірі – Мырзагелді Кемел. Жол түсіп Аққуылыға Мырзагелді Кемел екінші рет келді. Кітаптарын ауданық кітапханаға сыйға тартты. Жақсы-жақсы сөздер айтты.
Иә, артынан жақсы сөз қалдырған менің досым кемеңгер – Мырзагелді Кемел!
Ғарифолла Есім,
академик, қоғам қайраткері
qazaquni.kz