Әмір Темірболат, оқу озаты: Елімнің абыройын асқақтатқым келеді
2021 ж. 30 сәуір
4600
0
Әлем бойынша коронавирус індетінің өршуіне байланысты 870 миллионнан астам оқушы онлайн форматта білім алуға көшті. Онлайн форматындағы білім сапасы – біздің елімізде де көп талқыланатын және талас тудыратын тақырыптың бірі. Көп жағдайда қашықтан оқыту мәселесіне байланысты мұғалімдердің пікірлері ғана айтылып, оқушылардың ойы назардан тыс қалып жататыны жасырын емес. Осы тұста біз өз ойын ашық әрі еркін жеткізе алатын дарынды балаларды іздеп, Алматы қаласындағы №157 жалпы білім беретін мектебіне бас сұққанымызда, мұғалімдері бірнеше байқаудың жеңімпазы, спорттық сайыстардың шебері, осы білім ордасының 5 «О» сыныбының белсенді оқушысы, оқу озаты Әмір Темірболатты нұсқаған-ды. Осы тұста біз Әмірдің ой-пікірлерін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Әмір, сенің бастауыш сыныпты Қазақ-Америка университетінің жанындағы ЮНЕСКО ассоцияланған мектебінде аяқтағаныңды білеміз. №157 жалпы білім беретін мектеп пен ақылы негіздегі жеке мектептің қандай айырмашылығы бар? Жалпы мектепке ауысуыңа не түркі болды?
– Екі жақтың білім сапасында айтарлықтай айырмашылық жоқ. Керісінше, осы №157 жалпы білім беретін мектепке келгелі бері білім алуға деген ынтам арта түскендей. Екі мектептің айырмашылығы, оқушылардың санында ғана. Оқушы саны көбірек болған сайын бәсекелестік те арта түседі, сондықтан тез жауап қайтаруға дағдыланасың. Бәсекелестік ұқыптылықты, зеректілікті дамытады. Әрбір дүниеге жауапкершілікпен қарауға дағдыланып келемін. Бұл мектепте көптеген достармен таныстым.
Оның үстіне қаржыгер болуды көздегендіктен, тиімсіз шығындарды қолдамаймын. Кез келген шығын өзін-өзі ақтауы керек деп есептеймін.
– Білім саласындағы дәстүрлі оқыту жүйесінің маңыздылығы мәлім. Сондықтан қолданысқа енгеніне көп бола қоймаған қашықтан оқыту жүйесінің ерекшелігі туралы ойыңмен бөліссең...
№157 жалпы білім беретін мектептің 5 "О" сынып оқушылары математика пәнінің мұғалімі Нұрзада АЙТБЕКҚЫЗЫНЫҢ сабағында
– Онлайн форматында білім алу барысында кез келген талқылау қашықтан болады. Ерекшелігі сол – әр сынып өзіне ұнайтын интернет-платформасын таңдап алады. Бұл платформалардың түрі де, мүмкіндіктері де сан түрлі. Біз көбінесе ZOOM платформасын қолданамыз. Оның негізгі тиімділігі – сабақ 40 минут өтуі керек болса, ZOOM жүйесі бір кездесуді 40 минуттан асырмайды. Яғни, келесі сабаққа кешігу мәселесі туындамайды. ZOOM жүйесінде әркімнің өз тақтасы бар. Сабақта жауап беретін кезде әркім өз тақтасын ашып жаза алады немесе ортақ тақтаны қолдануға мүмкіндік бар. Егер мектеп қабырғасында тақтаға жазғанда жасыл тақтаға тек ақ бормен жазатын болсақ, ал онлайн сабақта әркім ақ тақтаға өзіне ұнаған түспен жаза алады. Ал оқушы жіберген қатені мұғалім басқа түспен түзетіп көрсетеді, сол арқылы барлық оқушы қандай қате жібермеу керектігін есте сақтайды. Мектепте оқушы тақтаға жазып тұрғанда, ол тақтаны арқасымен жауып тұрса, ал онлайн сабақ кезінде үлкен экранда тақта барлығына бірдей ашық тұрады. Яғни оқушылар тапсырманы бірдей көріп отырады. Сабақты түсіндіргенде мұғалім камераға қарап сөйлегендіктен, әр оқушы тек өзіне ғана түсіндіріп жатқандай әсер алады. Бастапқыда маған Microsoft Teams платформасы тиімді болып көрінетін. Бірақ математика пәнінің мұғалімі Нұрзада Айтбекқызы басқа да платформалардың өзіндік ерекшеліктері бар екеніне сендіре білді. Әдемі кейіпкерлерге толы қызықты слайдтар арқылы сабақ түсіндіргенде, түрлі-түсті тапсырмалар бергенде есептерді таласа шығара бастайтынбыз. Келесі сабақта қай кейіпкермен қауышамыз деп күтетінбіз. Бірітіндеп Microsoft Teams платформасы – ең үздік платформа деген ұстанымымды ұмытып кеттім. Математика пәнінен сабақ өткенде "Де Бононың қалпақтары" ойыны арқылы есеп шығару бәрімізге ерекше ұнайтын. Ақ, сары, қызыл, көк, жасыл, қара қалпақтарда күрделігі жағынан әртүрлі тапсырмалар жазылған, қай қалпақтағы тапсырманы кім орындаса, сол қалпақтың иегері болады. Ақ қалпақта қарапайым тапсырмадан басталып, түсіне қарай күрделеніп, қара қалпақпен аяқталады. Ал «Қазақ хандығы» математикалық ойынында есептің күрделігіне байланысты батырдан сұлтанға өсіп, одан әрі би болып, ең күрделі есепті шығарған хан атанады. – ZOOM платформасында өзге қандай әдістер бар? – «Ыстық микрофон» әдісі көбінесе жаңа тақырыпты бекіту кезінде ойналады. Қол көтерген оқушы қалаған оқушыға өтілген тақырып бойынша сұрақ қояды. Сұрақ қойылған оқушы микрофонын алып жауап береді немесе тақтаға жазады. Дұрыс жауап бергені немесе қай жерден қателескені көпшіліктің талқысына түседі. Осылайша кейбір түсінбей қалған мәліметтерді талқылауға болады. Онлайн сабақта әркімнің өз тақтасы болғандықтан, оны лезде ашып, жазуды бастап кетеді. Егер қате орындап жатқан жағдайда басқа оқушы қатарласа басқа түспен жазу мүмкіндігі бар. Мектепте оқушы тақтаға шығу үшін, оны сүрту үшін бірнеше минуттай уақыт жұмсаса, онлайн сабақта бір түрпені басу арқылы тақта толықтай тазаланады. Керек болса, тек бір оқушының жазуын жойып, екінші немесе тағы басқа оқушының жазуларын қалдыруға болады. Нұрзада Айтбекқызының талабы бойынша, оқушы есепті шығарғанда, оны тақтаға жаза отырып, дауыстап түсіндіруі керек. Сол арқылы математикалық терминдерді, амалдарды немесе сандарды дұрыс оқуға дағдыланып келеміз. Кесте бойынша сабақтарымыз біткенде, онлайн мектептегі тапсырмаларға көшеміз. Ол тапсырмаларды орындау барысында өз бетінше ізденуге, тапсырмаларды орындауға машықтанамыз. Заман талабына сәйкес әртүрлі платформаларда жұмыс жасау дағдыға айналды. – Оқу озаты ретінде жеткен жетістіктеріңмен оқырман қауым таныса отырса... – Болашақ қаржыгер ретінде математикаға зор көңіл бөлуге тырысамын. 2016 жылы өткен «ЭМУ-маман» математикалық байқауда 1-орынды иелендім. 2017 жылы «Менің қаламдағы күз» атты Халықаралық балалар шығармашылығы байқауының жүлдегері атандым. Сонымен қатар, заман талабына сай ағылшын тілін де мүмкіндігінше жетік меңгеруге талпынып жүрмін. 2018 жылы «Лисёнок» олимпиадасының ағылшын тілі бойынша 1-дәрежелі жеңімпазы, 2018 жылы өткен «ЭМУ-маман» байқауында ағылшын тілінен 1-орынды иелендім. Сондай-ақ, 2020 жылы «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалды ойынының белсенді қатысушысы болдым. – Ал спортқа деген қызығушылығың неден басталды?Әмір ТЕМІРБОЛАТ
– Спортқа мені атам Темірболат Оразбайұлы кішкентайымнан баулыды. Атамның қолында өскен немересі болғандықтан, ол кісі менің сегіз қырлы бір сырлы азамат болуымды қалады.Әмірболаттың атасы профессор Темірболат АТАБАЕВ
Атаммен бірге үнемі гольф, теннис ойнауға баратынбыз. Сонымен қатар, атам мені шахмат, каратэ, таэквондо, бассейн үйірмелеріне де өзі жетелеп апаратын. Бүгінде атамның үмітін ақтауға бар күш-жігерімді салып келемін. Атам дүниеден өткелі бері, әкем – Ренат Темірболатұлы мен анам – Айжан Әділбайқызы менің жан-жақты дамуыма барынша көңіл бөліп келеді. – Білім саласындағы жетістіктеріңмен қатар, спортта да біршама белестерді бағындырып үлгеріпсің. Замандастарыңа үлгі ретінде солардың бірқатарын атап көрсетсең... – Халықаралық таэквондо одағының ұйымдастыруымен 2016 жылы Алматы қаласында өткен жарыста техникалық шеберлігіммен 1-орынды жеңіп алдым. Сондай-ақ, ҚАУ жанындағы ЮНЕСКО ассоцияланған мектебінің 20 жылдығына орай арнайы өткен «Әкем, шешем және мен» атты спорттық сайысында ІІ-дәрежелі диплом иегері атандым. 2020 жылы бұқаралық дене шынықтыру клубының жаңа жылдық турнирінде үздік 3-орынды иелендім. Алдағы уақытта да спорттың бірқатар түрлерінен жеңімпаз атанып, елімнің абыройын асқақтатым келеді. – Әңгімеңе рахмет! Гүлмира БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, qazaquni.kz