Абыз да аңыз адам
2021 ж. 19 сәуір
1445
0
Қазақ журналистикасы туралы сөз қозғағанда, Темірбек Қожакеевтің атын атамай, айналып өту мүмкін емес. Тіпті олай ету адамдық қасиетке де жатпайды. Өйткені ол кісі – бар саналы ғұмырын қазақ журналистикасына арнаған абыз да аңыз адам.
Өткен ғасырда қазақ журналистерін дайындайтын екі-ақ жоғары оқу орны болды. Соның бірі де бірегейі – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болатын. Ал екіншісі – Қарағанды мемлекеттік университеті еді. Сол көшелі оқу ордасының журналистика факультетін Темкең жиырма жыл бойы басқарды. Осы жылдар ішінде ол қазақтың қаншама қаламгерлерінің қанатын қатайтып, жүзіне нұр, тамырына нәр сыйлады. Олардың ішінде қазақ әдебиеті мен журналистикасының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген қаламгерлерден бастап, министрлер де, сенаторлар мен депутаттар да, партия басшылары, тіпті мемлекеттік хатшылар да бар.Ал енді, ол кісіден дәріс алғандардың барлығы: «Темкеңнің темірдей тәртібінен тәлім алғанбыз» деп мақтанатыны тағы да рас. Біз де – сондай шәкірттердің біріміз. Мен ол кісіні сонау бала кезден, яғни мектеп қабырғасында жүргеннен бастап өзіме ұстаз санадым. Неге? Өйткені 1983 жылы Темірбек Қожакеевтің «Сатиралық жанрлар» атты еңбегі жарық көрді. Соны өзімше оқып, зердеме тоқып өстім. Сөйтіп, сатира жаза бастадым. Сондықтан да Темкеңді өзіме ғылыми тұрғыда бағыт-бағдар берген ұстаз тұтамын. Кейін университетте де дәрісін тыңдап, тәжірибесімен бөлістік. Тіпті 1999 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін мерзімді баспасөз кафедрасында бірге қызмет еттік.
«Ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез деген сауыт болады» дейді дала даналығы. Дәл осы сөз Темірбек Қожекеевке арналғандай көрінеді маған. Себебі, Темкеңнің бойында ғылым да, ақыл да, мінез де болды. Осы үш қасиетті шебер үйлестіре білді. Сонысымен де «Мық шеге» атанды.
Жалпы, Темірбек Қожакеев кім? Ол – журналист-публицист, сатирик-жазушы, зерделі зерттеуші, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, қоғам қайраткері.
Міне,осы атақ-дәреженің бәрі Темірбек Қожакеевтің қазақ журналистикасындағы алатын орны мен сіңірген еңбегін білдірсе керек.
«Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген сөз бар қазақта. Сол айтқандай, қазақ барда, оның сөз өнері барда Темірбек Қожакеевтің аты өлмек емес.
Темірбек Қожакеұлы –қазақ сатирасының өсіп-өркендеу, қалыптасу, даму тарихы мен оның теориясы туралы бір емес, бірнеше ғылыми еңбек жазған ғалым. Қазақ сатирасын оның еңбектерінсіз көзге елестету мүмкін емес. Атап айтар болсақ, «Қазақ мысалы»,«Қазақ сатирасы»,«Абай – сатирик», «Қазақ совет сатириктері», «Сатира және дәуір», «Адам. Қоғам. Сатира», «Сатиралық жанрлар», «Сатира – күштілер қаруы», «Сатира негіздері» деген зерделі зерттеулері жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы. Бұл – бір ғалымның емес, бір институттың атқаратын еңбегі. Ескеретін нәрсе, бұл тек сатираға қатысты еңбектері ғана. Ал журналистикаға арнаған ғылыми еңбектерін де атар болсақ, онда әлгі тізімді одан әрі созуға тура келеді.
Осы орайда, ол кісінің Қазақстан Жазушылар одағының сатира кеңесі мен «Найзагер» сатиралық қауымдастығының төрағасы болғандығын айта кеткеніміз абзал. Сол кезде ол ай сайын сықақшылардың басын қосып, сатира саласындағы түрлі мәселелер жайлы ақылдасатын. Сөйтіп, әр сықақшыға нақты тапсырма беріп, оның орындалуын қадағалап отыратын.
«Жақсыдан ғибрат ала бергеннің ісі оңға басады» дейді атам қазақ. Сол айтқандай, ғұлама ғалымның ғибратты ғұмырынан өнеге алғандығымыз болар, біз де осы сатира саласында жаман болған жоқпыз. Бірнеше газет-журналдар мен телеарналарда сатиралық беттер мен мүйістер һәм бағдарламалар аштым. Әлі күнге дейін «Жатыпатар», «№5 жатақхана» атты сатиралық қосымшалардың редакторымын. Темкеңнен кейін сатирадан арнаулы курс жүргіздім. «Қазіргі қазақ сатирасы» атты көмекші оқу құралын жаздым. Бірнеше сатиралық кітаптардың авторымын әрі бірнеше сыйлықтардың иегерімін. Қазір Қазақстан Жазушылар одағы Сатира кеңесінің төрағасымын. Бұл – Темкеңнің бір ғана шәкіртінің жеңісі мен жемісі. Ал оның шәкірттері жүздеп, мыңдап саналады.
Темірбек Қожакеұлы – ұлтжанды адам. Ол өз ұлтын сүйді. Тілін құрметтеді. Әдебиетін зерттеді. Салт-дәстүрін ұстанды. Жұрттан да соны талап етті. Қазақ жастарын сондай етіп тәрбиелеуге тырысты. Мысалы, 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастарын оқудан шығаруға қарсы шықты. Жазықсыз жапа шеккендерге қорған болды.
«Қазанаттың жолында жазықта бар, ор да бар, азаматтың жолында бақыт та бар, сор да бар» демекші, сөйтіп жүріп, өзі де сол нәубеттің құрбанына айналды. Партиядан шығарылды, қызметтен кетті. Бірақ сынған жоқ. Оның да бір қайыры барын білді. Кеңес заманында қуғын-сүргінге ұшыраған қазақтың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері мен қаламгерлерінің мұраларын зерттеп, «Жыл құстары», «Көк сеңгірлер», «Сара сөздің сардарлары» атты еңбектерін жазды. Бұл дүниелер қазір студенттердің қолдан қолға тимейтін оқу құралына айналды.
Міне, ғалымның осы ерлікке пара пар іс-әрекеттеріне қарап, оның ұлтқа сіңірген ерен еңбегін бағамдай беруге болады.
Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ,
Қазақ журналистикасының қайраткері.
Алтын қалам сыйлығының лауреаты.
qazaquni.kz