«Академик Ғарифолла Есім»
2021 ж. 12 сәуір
2848
0
(шәкірт толғанысы)
2013 жылдың тамыз айынан бастап дәл осындай атаумен жыл сайын сүбелі еңбек жарық көріп келеді. Бүгінде оның саны 7-ге жетті. Еңбек мазмұнына ғалымның басылым беттерінде басылып шыққан мақалалары, сұхбаттары енген. Сондай-ақ, ұстаз дәрістері, новеллалар мен эсселері және ғалымның шығармашылығы туралы ақпараттар желісі ұсынылған.
Әр кітап мазмұны жылдың тамыз айынан келесі жылдың тамыз айы аралығын қамтиды. Оны былайша түсіндіреміз, біріншіден, Ғарифолла Есім Сенат қабырғасында депутаттық қызметте болады. Осы 2007-2013 жылдар аралығында «Сенатор Ғарифолла Есім» кітабы жарық көреді. Ол туралы бөлек әңгіме болады. 2013 жылдың тамыз айында депутаттық мерзімнің аяқталуымен Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне кафедра меңгерушісі қызметіне келеді. Сол жылдың тамыз айынан бастап үздіксіз шығармашылық қалыппен «Академик Ғарифолла Есім» кітабы жазыла бастайды. Бір сөзбен айтқанда академик, абайтанушы, жазушы Ғарифолла Есімнің ғылыми-танымдық шығармашылығы бір сәтке де толастағанды емес. Оны академик еңбектерін мүлт жібермей оқитын патша көңілді оқырман қауымы жақсы біледі.
Бүгінде «Академик Ғарифолла Есім» кітабын «Сенатор Ғарифолла Есім» кітабының заңды жалғасы деп танимыз. Және бұл еңбектердің бастауы сонау Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап жазыла бастаған «Сана болмысы» көпсериялы топтамалы еңбектен өріс алады. Бүгінде «Сана болмысы» кітабының 20-ншы саны жарық көруде.
Екіншіден, ұстаз жан үшін жыл басы - тамыз айы. Оның дәстүрлі үрдіс болғаны қашан. Тамыз айы алдағы 1-нші қыркүйек – Білім күнінен басталатын ұлағатты ұстаздыққа жаңа жоспарлар мен нақты міндеттер құрудан басталады. Және ол жаңа бір леп, жаңа бір күш-қуатпен ұласатыны белгілі. Осындай күш-қуатпен ұстаздық қызметке қайта оралған академик Ғарифолла Есім: «Расы сол, менің қолымнан келетіні, жастайымнан қалыптасқан қызметім студенттерге дәріс оқу. Ұзақ жылдар ішінде ассистенттен профессорға, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі дәрежесіне дейін көтерілдім, жүздеген шәкірттер тәрбиелеп, өзім де ұстаз болып қалыптастым-ау деймін» - дей келе, әрі қарай: «...ұстаздыққа да, ғылыми ізденіске де бірден кірісіп кеттім, сусап қалыппын» - дегенді.
Осылайша философия кафедрасының меңгерушілік қызметіне білек сыбана кіріскен академик Ғарифолла Есім көптеген жаңашылдыққа бастама болады. Сол жаңашылдықтардың бір екеуіне тоқталсақ, ол ең алдымен кафедраның ғылыми –зерттеу бағытына жаңа бір леп беру, сапалы секіріс жасаумен байланысты болды. Қазіргі тілмен айтқанда «инновация». Неге? Өйткені заман ілгеріге қарай қарқынды өзгеруде де, білім, ғылым оның бағдарламалары өзгермеуде. Философияның өзегі болған дүниегекөзқарас дегеннің өзі өзгеріссіз хәлге ұшырауда. Өзгермейді дегендері ескі жүйенің
шырмауынан өздері де шыға алмауда. Расында ғылым, дүниетаным дегендер қазақ ұлтына қызмет істемесе оның қандай қажеттілігі бар?!
Ұлттық университет қабырғасына ұстаздық қызметке академик Ғарифолла Есім келген дегенді естіген жастар еліміздің барлық өңірлерінен судай ағыла бастады. Қолы жеткендері жаңа білімді күтті. Бұл заңды құбылыс. Осы жаңа білімдер академик Ғарифолла Есіммен ұсынылды. Академикпен қолға алынған бағдарламаның бірі ˗ «Қазақ елі» пәні болды. Бұл пән бағдарламасы өзге де көптеген бағдарламалардың бастамасына айналды. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясында айтылған «Мәңгілік Ел» идеясының ғылыми негіздемесін жасауға қызмет жасаған академик «Қазақ Елі – мәңгілік» болуының үш жағдайын айтады. Ол, біріншіден, қазақ бай, ауқатты болуы керек; екіншіден, қазақ бай, ауқатты болуы үшін ол іскер, креативті болуы керек; ал үшіншіден, қазақ елін мәңгілік ететін –жақсы қазақ деп түйіндейді.
Бұл айтылғандар жастар қауымына ұнады. Дәрістер мазмұнындағы прагматистік ойлар көңілдерінен шықты. Жастар санасын қалың ой шарпыды. Қызықтысы, олар кәдімгідей қазақша ойлауды қабыл ала бастады.
Қазақша ойлау – төлдік сана көрінісі. Ол бір сырттан иемденетін дүние емес. Ол имманентті құбылыс. Өзіміздің бойымыздан туындайтын құбылыс. Бар құбылыс. Туындауы керек құбылыс. Олай дейтін себебіміз, ата-бабаларымыздың ойлау жүйесі қазақша болды. Қазақша тұрмыс қазақша ойлауды әкелді және қазақша ойлаудың керемет тұлғалары қалыптасты. Енді осы қазақша ойлауға не кедергі?! Ойлану керек. Мәселелер көп.
«Жаңаша және инновациялық ойлау философиясы», «Қазақша ойлау» білімдерін қазақ фәлсафасының күн тәртібіне шығарған академик Ғарифолла Есім қазақша ойлау бар, қазақша ойлаудың жүйесі өзіміздің дүниетанымдық ұғымдарымызда деген түйінге келген сыңды деп топшалаймыз.
«Ұғым деген ғылым. Ұғымы бар баланың логикасы әрі қарай кетеді Ұрпақтар сабақтастығын, байланысын, құндылығын ғылым тіліне, ұғымдар тіліне салуымыз керек. Осыны анықтай алған жағдайда тарихи қажеттілікке жауап бере алатын Мәңгілік ел бола аламыз» деген Ғарифолла Есім өзінің «Адам-зат» кітабында: «Жан», «Тән», «Нәпсі», «Ақыл», «Көңіл», «Рух», «Шайтан», «Періште», «Ниет», «Әке» «Күнә», «Әйел», «Мін», «Кінә», «Күнә», «Неге», «Керек», «Рух», «Қате», «Сәби», «Күдік», «Ұят», «Түсінік», «Тағдыр», «Жаратылыс», «Құдірет», «Тылсым», «Ризық», «Құдай», «Нүкте», «Анық», «Жар», «Мүмкіндік», «Ғашықтық» ұғымдарына герменевтикалық білім тұрғысынан түсініктеме беріп, олардың дүниетанымдық астарларын негіздегенді. Бұл дүниетанымдық ұғымдардың жалғасы «Академик Ғарифолла Есім» кітабының мазмұнынан да көрініс тапты. «Қапа», «Ертегі», «Шылғау», «Мұң», «Құт», «Қазақы мінез», «Бәтуә», «Елегізу», «Жалаңаш», «Аян», «Налыс», «Налу», «Кейіс», «Ылаң», «Ғайып», «Сәт», «Бейғамдық» т.б. көптеген ұғымдар новелла, эссе түрінде хатталынады.
Осы айтылған дүниетанымдық ұғымдарымыз қазақша ойлауымыздың жемісі десек, оның бастауында сөз жоқ, академик Ғарифолла Есім тұрғаны
анық және ол кісіні қазақ фәлсафасының дүниетанымдық ұғымдарын түгендеушісі деп танимыз.
Дүниетанымдық ұғымдар құндылығы мен сабақтастығы ұстаз бастамасымен енгізілген бір топ пәндер бағдарламаларынан көрініс тапты. Атап айтсақ, «Дәулет философиясы», «Іскерлік философиясы», «Дәстүр философиясы», «Қазақ қызы идеясы», «Сабақтастық философиясы»; «Жаңаша және инновациялық ойлау философиясы»; «Жақсы қазақ идеясы және философиясы».
Бұл, жаңа білімдерді бойына кімдер сіңіру керек деген сауалды ең алдымен өзіне жолдаған ұстаз еліміздің жастары, Тәуелсіздігіміздің құрдастары деді. Өйткені ойлау жүйесі маркстік –лениндік шеңберде қалыптасқан коммунистік заманның ұрпақтарының қабылдамасын анық білгенді. Негізгі басымдықты жастарға қарай бағыттай отыра, 20 мен 40 жас аралығындағы бриллиант, күміс ұрпақтан сапа қалыптастыруды ниет етті. «Ізгілік басы ниет» - деген ұстаз небәрі 5-6 жылдың ішінде жүздеген магистр мен докторант ізденуші жастардың санасында үлкен серпіліс тудырды. Олардың дені өздерінің диссертациялық жұмыстарының тақырыптарын Қазақ фәлсафасының дүниетанымдық ұғымдарымен байланыстырады.
Ұстаздың «Философия деген не?» деген эссе мазмұны оқырманын сапалы түйінге әкеледі. Түсінікті болу үшін үзінді келтірейік.
Академик Зейнолла Қабдолов бірде маған:
-Ғарифолла, философия деген әдебиеттің тереңі, - деп еді.
Рас. Философия Әдебиеттің, Өнердің және Ғылымның тереңі.
Меніңше, философияның үш деңгейі бар: пәндік, ғылыми және ойшылдық. Соңғысында философия ойлау мәдениетіне ауысып, өзі мәдени феноменге айналады. Бұл тұста, ол логикадан метафораға жақын» дегенді. Ұстаздың осы тұғырлы түйіндері авторлық дәрістерінің мазмұндарында берілген. Атап айтсақ, «Адамшылық философиясы туралы метафора» (Академик Ғарифолла Есім -2013 жыл, Астана, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, 2014. -340б ); «Хакім Абай» (Академик Ғарифолла Есім -2014 жыл, Астана, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, 2016. -282б ); «Жақсы қазақ идеясы және философиясы» (Академик Ғарифолла Есім -2015 жыл, Астана, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, 2016. -332б ); «Теріс оқу» (Академик Ғарифолла Есім -2016 жыл, -Астана: «Хас-Сақ -2016», 2018жыл. -288б ); «Жақсы адам ұғымы»; «Қазіргі жақсы қазақ кім?»; «Қазіргі «жақсы қазақ» ол кім және оның сипаттары (өлшемдері); «Жақсы қазақ болудың тарихи-мәдени өрісі, өлшем қағидалары, үрдіс –тенденциялары»; «Шимай философиясы» (Академик Ғарифолла Есім -2017 жыл, -Астана: ТОО «Хас-Сақ -2016», 2018жыл. -386б ); «Pàlsapa – таза ойлау жүйесі», «Ой пәлсапасы», «Жаңа пәлсапа», «Pàlsapa Ренессансы» (Жазушы Ғарифолла Есім -2018 жыл, -Нұр-Сұлтан:: «Академия Абай» ЖШС, 2020жыл. -222б). «Пәлсапаға кіріспе», «Жаратушы мен жаратылыс», «Адам, ақыл және сенім» (Жазушы
Ғарифолла Есім -2019 жыл, -Нұр-Сұлтан:«Академия Абай» ЖШС, 2020жыл. -329б ).
Академик Ғарифолла Есім қазақ фәлсафасының жаршысы. Жаңаша ойлайтын жастардың шын жанашыры деп танимыз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қазақ фәлсафасындағы ұстазбен жасалынған үлкен бір бетбұрыстың мәнін ғылым жолындағы жол көрсетер ағамыз Бақытжан Қадырұлы: «Ғалым философияда «төл сана» мен «бөгде сана» арасын ашып алуды ұсынды. «Қазақ философиясы» деген түсінікпен, Кеңес дәуірінде қалыптасқан «Қазақстандық философия» түсінігінің екі түрлі санаға бастайтынына баса назар аударуға шақырды. Сол арқылы қалыптасып қалған таптаурын түсініктерді бұзып, өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарының соңында қоғамдық пікірде, философияға деген көзқараста мазасыздық әкелді» дегенді.
Қазақ философиясына Ғарифолла Есім әкелген тағы бір мазасыздығы бұл, «pálsapa» түсінігі деп білеміз. Соңғы бір-екі жылдың ішінде еліміздің бетке ұстар баспа беттерінде «Рálsapa –таза ойлау жүйесі» («Егемен Қазақстан» газеті. 15 қараша 2018 ж). «Pálsapa Ренессансы» («Егемен Қазақстан» газеті. 07 ақпан 2019 ж). «Pálsapa – сфера чистого мышления» (Вестник ЕНУ им. Л.Н. Гумилева. №4 (125) / 2018. с. 80-85).«Пәлсапа –бекзат сана» («Егемен Қазақстан» газеті. №66 (29795) 07 сәуір 2020 жыл) мақалалары жарық көреді.
«Рálsapa» бүгін қозғалған мәселе емес. Оны академик 2000 жылдардың басында тілге тиек еткен. Мәселен, «Фәлсафа тарихы» еңбегінің 1999 жылы шыққан бірінші және "Раритет" баспасынан 2004 жылы басылып шыққан екінші басылымдарын айтуға болады. Сананың жазықтығын академик сол жылдары қалай бастаған.
Тұңғыш рет фәлсафа өкілдерін жинақтап, олардың негізгі шығармаларын толық мәтінді және үзінді етіп аударып, оны «Фәлсафа тарихы» деп атайды. Мазмұнына әл-Киндидің «Аристотель кітаптарының саны және философияны меңгеруге қажеттілігі туралы трактат», «Бес мән туралы», Ибн Баджа «Таза ағайындар» және Орта Азияның араб тілді ойшылдары: әл-Фарабидің «Мәселелер мәні», «Ғылымдардың шығуы туралы», Ибн Синаның «Ақыл иесі жан туралы», Аттар «Бұлбұлнама», әл Ғазалидің «Оған ұсынылған сұрақтарға жауаптар», «Тура таразысы», «Адасудан арылдырушы», Ибн Туфейлдің «Хай Якзанұлы туралы романы», Инб Арабидің «Данышпандық мөрі» еңбектері енеді.
Үлкен резонансты құбылыс. «Философия» дегенді «фәлсафа» деп айта салу, өзгерте салуды біреулер оңай нәрсе деп ойлауы мүмкін. Шынтуында бұл дүниетанымды мәселе. Ғылыми қауым әлі де болса оны қорыту үстінде деп білеміз.
Біздің топшалауымызша, академик Ғарифолла Есімнің «рálsapa – таза ойлау жүйесі» дегенде айтпағы, қазақша ойлау ерте ме, кеш пе pálsapa-ға әкеледі. Рálsapa –ның жоғын түгендемей дүниетанымызды түгендеуде қиын. Өйткені, дүниетанымға бастама болатын сана, ойлау дегендерді бір жаққа ысырып қойып, фәлсафамен шұғылданамын деген абсурд.
Міне, бұның мәнін жақсы ұғатын Ғарифолла Есім, философиядағы даналықты сүйемін деген түсінік келе-келе христиан дініндегі даналықты сүйемін дегенге қарай ығысқан. Оны құрал ретінде түрлі мақсатта еуропалық ақылмандар қолданған. Ақырында философияны еуропоцентристік дүниетаным жүйесіне айналдырған. Сондықтан оны білім ретінде білгеніміз жөн. Бірақ ол төл санамыз үшін қашанда бөгде сана болып қала береді деген мәнде ой түйінін жеткізеді.
Расында да ойлауымыздың шеңберін сызып алмай, ізгі ой ойлау мүмкін еместі. Ойлаудың қайшылықта болуы логика тұрғысынан заңды болғанымен, дүниетаным, дін, тіл, дәстүр т.б ұлттық және дәстүрлі құндылықтар тұрғысынан қате. Себебі, ойлау өз арнасының қайдан басталатын білмесе, ойлау тексіздікке айналады. Ілгеріге қарай қадам басқызбайды. Тексіз ойлау (неродственное мышление) сабақтастық пен құндылықтар жүйесін құрдымға әкеледі. Оны Кеңестік идеологияның ноқталы саясатын көргендер жақсы біледі демекпіз.
«Барлық нәрсе тегіне тартады» дегенді халқымыз текке айтпаса керекті. Ғарифолла Есім ұстазымызбен айтылған «pálsapa», «Қазақ фәлсафасы» түсініктері сонау әл Фарабиден Абайға дейінгі аралықты қамтыған текті ойлаудың жемісі, ата-бабаларымыздың ойлау жүйесі деп қорытамыз.
Түйіндесек, ұстазымыздың 2013 - 2017 жылдары «Академик Ғарифолла Есім» және 2018-2020 жылдар аралығында өзгертілген атаумен «Жазушы Ғарифолла Есім» болып басылған еңбектерін еліміздің профессор – оқытушылары жаңашыл, ізденімпаз академиктің ғылыми таным, ақпарат көзі деп білсе, жас ізденушілер академик – жазушының тұлғалық болмысын зерделеудің қайнар бұлағы деп қабылдайды. Ия, расымен де аталмыш еңбектерді академик-жазушы Ғарифолла Есім туралы энциклопедиялық жинақ, тұлғатану білімінің негізі мәнінде танимыз. Және осылардың ізімен биыл жарық көретін «Жазушы Ғарифолла Есім - 2020 жыл» басылымын зор ықыласпен күтеміз демекпіз.
Жылбек Жаңабай,
Қазақ үні