Үміт Битенова. КЕЙБІР ТҮС НЕГЕ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ?!.
2021 ж. 25 наурыз
3460
0
Түстің бәрі ақиқат емес делінетін исламдық сайттарда "түстер ақиқаттың жаршысы ретінде кейде болатын жайттардан хабардар етуі мүмкін" деген де сөздер бар. Олар кей кезде анық, кей кезде астарлы болып келеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үш түрлі түстің болатынын айтқан:
Біріншісі, салиқалы түс.Мәнді-мағыналы түс. Басқаша айтқанда, "рахмани түс".Мұны қазақта "аян" дейді.
Екінші, шайтанның үркітуі.Шайтани түс.
Үшіншісі, өз-өзіне айтқан нәрселерінің түсінде көрінуі.Қияли түс.
Алла тарапынан келген аян іспетті мазмұн жағынан мәнді де маңызды, әрі еш күдік қалдырмайтындай ап-айқын көрінетін салиқалы, рахмани түстердің бір ерекшелігі, олар не сүйіншілеуші, не ескертуші сипатта болады. Және көбінесе, сәресі уақытында орын алады. Мұндай түске "пайғамбарлықтың қырық бес бөлігінің бір бөлігі" деп сипаттама берген ардақты Алла елшісі (с.ғ.с.): ."Сүйіншілерден басқа (енді) пайғамбарлық болмайды" деген.
Сопылық жолындағы ғалымдардың түсіндірмесіне қарағанда, адам ұйқы сәтінде материалды өмірмен байланыстың ең төменгі деңгейінде болады екен. Ол кезде адамның тылсым әлемді перделеп, көрсетпей тұрған іштегі нәфсәни бұлттары тарқап, рухани сезгіштігі артады. Соның салдарынан кейбір көмес жайттар анық бейнеленіп, кейіннен онысы өңінде көрініс тауып жатады. Ғайыптағы ақиқи мәліметті арнайы періштелер ләухул махфуздан (уммуль китаб) алып, Жаратушы Ұлы Алланың әмірімен ұйқыдағы адамға көрсетеді. Бұндай түс көбінесе салиқалы, тақуа адамдарға тән,-деп түсіндірілген Islam.kz сайтындағы мәліметтерге қарап, қиялдан туындаған немесе адам өміріне ешбір әсері жоқ басқа екі түрлі түске тоқталудың еш қажеті жоқ екенін аңғарамыз. Оларға атамыз қазақ "Түс түлкінің боғы" деп, ешқандай мән бермеген" деп жауап береді Абдусамат Қасым түс, түс көру, түс жору туралы сауалдар қойған әлеуметтік желі оқырмандарына.
Мен Мұқағалиды көрмегендердің бірімін...
Ол кісі қайтыс болғанда (17.03.1976) мен ауылда небары мектепте 5 сыныпта оқыған екем.
Көзі тірісінде көре алмаған сүйікті ақынымды ең болмаса, түсімде көруді армандайтыным бар кейде осы. Ойша сырттай сырласам. Өлең арнап мұң шертем. Әзірге қолдан келетіні осы ғана болып тұр.
Ал, қанша армандасам да, мұзбалақ ақын түсіме кірген емес.
Түс демекші, ұйқыңыз жайсыз болса, қалғымай мүлгіген мыйыңыздың міндетті түрде мыңқы-тыңқысы шығатыны бар. Төсегіңізде ары-бері дөңбекшіп әзер атырған таңды ұзын-сонар, әлем-жәлем түстердің сериалдарымен қарсы алып, ауыр тартқан тұла-бойыңыз өз денеңізді зорға көтереді. Оянғанда түсіміздің не туралы болғандығы есімізден мүлдем шығып кетеді де, оған онша мән бермей, күйбең тірлікке кірісе жөнеліп жатамыз.
Сонда, сол түстердің кейбірі, сіз қанша мән бермеймін десеңіз де, санаңызда өңіңіздегідей ап-айқын суретімен, ап-анық оқиғасымен өшпей қалып қояды.
Көзі тірісінде көрмеген Мұқағали ақынды тым болмаса түсімде көргім келетінінің себептері бар.
Өйткені, көрген түстің қадірін білмейтін сонау алыста қалған бала шақтағы бір жайттар жадымда жиі-жиі жаңғырып, сол кездегі тылсым сәттерді әлі күнге дейін есіме салады.
Орта мектептің оныншы сыныбын бітіріп, аттестат алған күнімде ұлы Абайды түсімде көргем. Құзар шыңның басында тұрған алып бейнесіне тау түбінен, етегінде тұрып мойным созып қарай бергендігім жайлы бала күнімнен бастап жазылған күнделігімде сақтаулы.
"Менің болашағым туралы анашымның не ойлағаны бар екенін білмейм деп қоям. Ойламаса, маған деп жарты жыл бұрын пәленбай сом ақшасын құрбандыққа шала ма! Қыста ше? Ауыл аралап, үйімізге қонған жамбылдық алыпсатар әйелден бақандай жүз жиырма сомға келесі жылы оқуға түссең киесің деп, қонышы тіземе дейін келетін ұзын, өкшесі жіңішкеден гөрі жуандау әрі биік, күрең қызғылт түсті былғары етік сатып алып берген жоқ па.
Көпшіліктің көзіне ашық түсуіне болмайтын, ұсталып қалса заңмен қудаланатын ол спекулянт әйелдің тауарларының бәрі импорт. Екі қасының ортасын көк сиямен нүктелеп қосып қойған сұлу спекулянт әйел менің анаммен біраздан бері таныс-етін. Айына алатын елу тоғыз сом жалақысы мен біздің асыраушысы жоқтығымызға берілетін жәредемақымыздан
үнемдеп, там-тұмдап жинағаны болуы керек. Мен үшін сан жетпейтін қомақты ақшаны анам байғұс көз алдымда шытырлатып әлгі алыпсатарға санап берген.
Жалпы анашымның алатыны алпыс сом. Бірақ бір сомын ылғи кем алады. Ведомостьпен ақша таратушы адам бір сомның орнына пошталық маркілер береді. Оны біз хат жазғанда әр конверттің тысына жапсырамыз. Ауыл ішінде маркісіз ашық, жабық хаттар жүре бергенмен, сыртқы өңірлерге осындай маркілері жапсырылмаған хаттарды пошта қабылдамайды. Елеусіз ғып электр бағандарында немесе дуал мен үй, мекеме ғимараттарының қабырғасында тұратын пошта жәшігіне салып кетсеңіз де, ертеңіне ол хатыңыз жолдаған жеріңізге жетпей, өзіңіздің мекен-жайыңызға қайтып оралып келіп, қолыңызға тиеді. Тәртіп сондай.
Сегіз пәннен де мемлекеттік емтиханды беске тапсырып, қазақ тілі, әдебиеті, орыс тілі, орыс әдебиеті, алгебра және анализ бастамалары, геометрия, СССР тарихы мен жалпы тарих, қоғам тану, география, физика, астрономия, химия, биология, шетел тілі (ағылшын), сызу, дене шынықтыру, еңбекке баулу, алғашқы әскери дайындық пәндері бойынша кілең бестік бағаға толған кәмелеттік үздік аттестатымды қолыма алып отырған ойым осылай он саққа бөлінді.
Этажеркада жинаулы тұрған кітап, дәптерлерімнің көлденең үстіндегі суретке арналған альбомыма көзім түсті. Ақжемденіп түте-түтесі шығып кетпеуі үшін сыртқы мұқабасын да «Жаңа фильм» мен «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» журналдарының түрлі-түсті беттерімен қаптап, қалыңдатып қойған бұл альбомыма Роза Бағланова, Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, Рамазан Бапов, Әлібек Дінішев, Сәуле Құрманғалиева, Люция Төлешова, Зейнеп Қойшыбаева, Венера Қармысова секілді танымал өнер иелерінен бастап, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Айман Мұсаходжаева, Жания Әубәкірова, Баян Сағымбаева, Ақжол Мейірбеков, Сембек Жұмағалиев, Бағдат Сәмединовалардай жас музыканттар мен әншілердің, «Дос-Мұқасан», «Арай», «Айгүл» сықылды вокальды-аспаптық ансамбль мүшелерінің әдемі суреттері жапсырылған.
Мына бір бетінде Мақпал Жүнісова мен Ақтоты Райымқұлова деген жас таланттардың да журналға шыққан фотоларының қиындысы жүр. Екеуі де менімен жасты. Газет-журналдарға шыққан солар туралы мағлұматтардан оқып, алпыс төртінші жылы туғандарын біліп алғам. Екеуінің де жасы менімен бірдей екенін көкірегіме қатты түйгенім соншалық, сырттарынан қатты қызығамын.
Олар Алматының төрінде жүр. Анау-мынау емес, бойындағы құдай берген дарындарымен астанамызды да, бүкіл республикамызды да мойындатып үлгерді. Бір сәт солар сықылды өнер иесі болғым кеп кетті. Шіркін, Мақпал Жүнісовадай әнші болсаң ғой! Немесе, Ақтоты Райымқұловадай музыкант болсаң! Бірақ, қайдан!.. Олардай болу үшін бойыңда тұнған талантыңмен қоса музыкалық білімің де болуы керек. Ал бізде не – ән сабағы тек жетінші сыныпқа дейін ғана жүрді. Онда да нота дәптерге «Соль кілтін» салуды үйретуді бастайтын мұғаліміміздің қалған сабақтары жыл бойына хор айтып, өлең жаттап, ән салуымызбен аяқталатын.
Ендеше, маған өнер иесі болудың мүмкіндігі жоқ. Суретші де бола алмаймын. Қанша қызыққаныммен, салған суреттерімнің кәсіби деңгейге лайық емесін білем.
Көңілімнің бір түкпірінде КазГУ-дің юрфағы мен журфагына деген аңсар арман қылаң береді. Өткенде «Сәуледен (Сәуле - менің мектептегі атым.Ү.Б.) мықты юрист шығады. Алматыға юрфакқа жіберу керек. Немесе, Қарағандыда юридический техникум бар» деп анама ақыл қосқан сынып жетекшім Құттыгүл әкпейімді математик Ақерке әкпейім де қостаған.
Жаңа мектебіміздің өте үлкен спорт залындағы кең жерде атап өтілген «Соңғы қоңыраудың» салтанатты жиынында бітіруші түлектер атынан сөз сөйлеп, барлық пән мұғалімдеріне бір-бір шумақтан өлең шығарып кеп, арнауымды оқыған маған ұстаздарым қатты ризашылығын білдіріп еді. Артынан шырқатып әнімді де салғызған. Алған мақтау грамотам мен өзіне мектеп әкімшілігінің атынан берілген Алғыс хатты "жуып", сол күні кешке анашым сыйлас достары мен жақын-жуықтарына дастархан жайды.
-Ақерке әкпей, жүзіңізден күн күлген,
Бірде қатты айтып, бірде күлдірген.
Сіздің сол бір сабағыңыз бізге енді
Сағыныш боп қалатынын кім білген! – деген шумағым үшін Ақерке әкпей мамама көйлек- орамалын ала кеп, маған жазушы Дихан Әбілевтің «Сұлтанмахмұт» атты кітабын сыйлады.
Сол күнгі дастарханда Меруерт сыныптасымның ата-анасы мен жеңгесі Қалжан әкпей де болды. Жамбылдан ауылға қыдырып келген сайын бізге соғып кетуге тырысатын Қалжан әкпей анамның мектепте бірге оқыған құрбысы. Қалада мұғалім боп істейді. Физик-математик. Кіріп-шығып, арқа-жарқа боп жатысқан қонақтардың көзін ала беріп, анам екеуімізге жақында көрген түсін айтты:
-Ауладан қатар тұрған екі пеш көрдім. Біреуі алдындағы шоғына таба нан көміп пісіре беретін шағын пеш. Екіншісі ұзын мұржалы биік, үлкен аппақ пеш. Әлгі пештің дәулігі соншалықты, ішіне бір тайқазан тұрмақ, бірнеше адам сыйып кетерліктей екі плитасы бар. Біп-биік! –деп тамсана сөйлеген Қалжан әкпей аңтарыла тыңдай қалған қасындағыларға бір қарады да:
-Тұрсын-ау!-деді кластас құрбысына, мамама. - Мен өзі түсті көп көргішпін. Көбін ұмытып қалам. Бірақ осы түсім ойымнан шықпай қойды. Өзім жорыдым. Ана шағын пеш – Біздің Меруерт. Ал қасындағы биік дәу пеш – мына сенің қызың. Сәуле. – деді.
-Әй, Қалжан, айтпақшы бұл енді Сәуле емес, Үміт болды. Паспорт алды. Паспортына метрикадағы шын аты жазылды. Әкесі қойып кеткен ат, – дей беріп еді анам,
-Ә-әәә, тіпті жақсы! Құдай-ау, шын атың одан да жақсы екен ғой! «Сәуле» деген ат саған ауыр ат қой өзі. Үміт. «Үміт» деген сөз керемет мағыналы сөз емес пе. Құтты болсын, «Үміт» деген есімің, айналайын! Міні, Үміт деген атың да сенің өзіңе лайық ат боп тұр. Қандай жарасатын есім! Сен оқуға түсіп кетесің! Менің бұл көрген түсім жәй түс емес! – деді бастырмалата жылдам сөйлеген Қалжан әкпей.
-Ой, ауызыңа май, Қалжан-ау, осыдан Саукарым оқуға түссе, ең алдымен өзіңе жуам! – деген мамама:
-Әй, Тұрсын-ау, ойынға айналдырма, шынымен де осыдан қара да тұр, мына Сәулең, тойыст, Үмітің оқуға түсед! Сонда менен бірінші болып өзің сүйінші сұрамасаң, өкпелейм! –деп жымиды Қалжан әкпем.
Иә. Мамырдың жиырма бесіндегі «Соңғы қоңыраудан» соңғы сол әңгімеге де бірталай уақыт өтіп кетті. Араларына үш күн, төрт күн салып, сегіз сабақтан сегіз емтихан тапсырдық. Айға жуық уақыттан кейін, қолымызға кәмелеттік аттестат тапсырылып, жеке төлқұжатымызды алдық. Енді КСРО-ның бәлиғатқа толған азаматымыз. Мектептегі күндіз ұйымдастырылған бітіру кешіміз де ойдағыдай өтті. Кешке құрбыларымның көбісі арнайы тіктірген әдемі көйлектерін киіп барды. Лора әкпемнің көйлегі демесеңіз, менің де киімім жаман болмаған сияқты. Түннің бір уағында басталып, таңсәріге дейін жалғасқан Сейітхан кластасымыздың үйіндегі отырысқа да сол мыжылмайтын таза материалды ашық жасыл өңді гүлді көйлегіммен бардым.
Үйге келген соң, о құданың құдіреті, қай мамандықты таңдайтынымды білмесем де, оқу туралы, оқуға түсу туралы ойларым бір қалыпқа түсе қоймаса да, мектепке, ұстаздарыма деген қимастық сезімім оянып, кенет шабыт берді де, аз ғана сәтте ұзақтау, ұзақ болса да өзіме тәп-тәуір көрінген мына бір өлең шыға салды:
Ұшуға алтын ұядан
Санаулы күндер қалғанда,
Қоштасып қалай қия алам,
Қол созбай биiк арманға.
Анашым, маған ренжіме,
Көп кезiп кетсем даланы.
Балалық шағым мәңгіге
Мектепте қалып барады.
Есімде сәби күндерім,
Есімде балғын балдәурен,
Өткiзген айлы түндерiм,
Қиялым көкке самғаумен.
Асудың алып барлығын,
Алдымда жеңiп шығар күн.
Балалық шақтың бал күнін,
Аңсайтын әлi шығармын.
Өмiрдiң тауып дерт,емiн
Жүрсiң бе егiп санама,
Толғантып менің ертеңiм,
Күрсiнбе ойлап, жан ана!
Қимастық толы жанарда,
Шық басып мөлдiр жатыр мұң,
Сеніммен қарап мен алға,
Нық басып бара жатырмын.
Өлеңімді таза параққа көшіріп жазып, «Балалықпен қоштасу» деп төбесіне атын қойдым. Бұл менің төлқұжаттағы жаңа есіміммен, жаңа емес, азан шақырылып қойылған нағыз шын есіміме ие болғандағы алғаш жазған жаңа өлеңім. Өлеңімнің астына «Үміт Битенова» дедім де, бір ұшының бұрышына таман қолымды қойдым. Ойбу, С.Битенова деп қол қойыппын ғой. Қой, енді бұрын қалыптасып қалған «подписімді» өзгертуім керек. Үміт Битенова деп қол қойып үйренуіме тура келеді. Таза парақ алдым да әр түрлі үлгіге салып, жаңа аты-жөнімді жазып, шимайлай бастадым..."
"Шілденің төрті. Аптаның алтыншы күні, сенбі. Сыныптастарымның біразы түсем деген оқуларына барып, құжаттарын тапсырып, абитуриент атанып жатқанда қайда барарымды да білмей үйде жүрген маған жұмысын бітіріп келіп, кешкі асымызды ішіп отырғанда анашым:
-Ертең жоқ арғы күні Жамбылға жүреміз. Екі күн өзімнің демалысым, дүйсенбіге Құлмақаннан (бастығы.Ү.Б.) сұрандым. Келген соң сменімді отработывать етем. Жолай Ақкөлге соғамыз. «Направление» деген шығыпты. Асыраушысы жоқ семьяның балаларына да берілетін жеңілдік дейді. Бірақ аз-ақ екен. Райисполкомда істейтін папаңның курстасы бар. Бекзат Оразбекова деген. Қабылдауына кіре алсам, сол кісіден көмек сұрап көреміз. Оны-мұны киімдеріңді орап, документтеріңді дайындап қой. Үздік аттестатың мен бірінші кластан оныншы класқа дейінгі мақтау грамоталарыңды да апарып көрсетсек, кішкене себі тиетін шығар. Тәуекел! – деді.
Елең ете қалдым. Бекзат Оразбекова деген ат таныс. Қыста, мың тоғыз жүз сексен бірінші жылы, оныншы қаңтарда композитор Ескендір Хасанғалиевті біздің ауылмен кездестіруге ертіп алып келген апай. Мамам сонда ол кісінің әкеммен Жамбылдағы педучилищеде бірге оқығанын айтқан. Мен қолымнан тастамайтын әкешімнің ән-альбомында ол кісінің де қолтаңбасы бар екені есіме түсті де, жолға ұстайтын сөмкелерімді әзірлеп, буып-түйіп болған соң, төсегіме жатып алып, әлгі альбомды қайтадан қарап, әбден ақтардым.
Міне, әкешімнің ән дәптерінің елу бесінші бетінен басталған Бекзат Оразбекованың жазулары. Көк сиямен маржандай тізілген әріптері «Кластас жолдасым Қыранға ескерткіш үшін» деп басталады да, орысша мен қазақша араластырылады:
«Қыран!
В человеке все должно быть прекрасно – и душа, и мысли, и одежды.
Коля!
Адам деген атты қадір тұтып, шын мәнісінде адам бола біл!
4 «А» курс. 1957 год. Однокурсница Бекзат Оразбекова».
Келесі бетке тақырыптарын әдемілеп өрнектеп «Гүлденген Талас елі», «Водовоз», «Жамбыл жастарының вальсі» деген бірнеше әндердің мәтінін түгел жазыпты. Алғашқы шумақтары «Көркіңді көріп сүйінем, Жасампаз қалам Жамбылым. Шырқалған көңіл күйімен,
Арналсын әсем ән-жырым» деп келетін ән мен «Асыққан су тасушы Водовозбын, Талайды артқа тастап басып озған. Суға емес қызға әбден шөлдегендей, Жігітім, мұнша неге мойның создың» деп келетін әндерді мен де жатқа білем. Осы дәптерді парақтап отырып, талай естелігін айтқан анашымнан үйренгем.
Студент кезінде «Гүлденген Талас елі» деген әнді жазғанына қарағанда Бекзат апайдың өзі де осы біздің Талас ауданынан шыққан болуы керек деп топшыладым іштей.
Мақтан етем гүлденген Таласымды,
Көк лентадай өзені жарасымды.
Көгерген тал, гүл-бақша, көркем үйлі,
Колхозым мен совхозым қала сынды. – деп басталатын бұл әнді мамам да онша білмейді екен. Авторы да кім екені белгісіз. Жазылмапты.
Бақыт құшқан еліміз бар,
Берекелі жеріміз бар,
Еңбек пен даңққа бөленген
Сан жүздеген еріміз бар.
Байлығы мың ғасырлық,
Қаратаудай кеніміз бар» - деген әдемі қайырмасындағы Қаратау қай Қаратау екен. Жақын жерде мен білетін екі Қаратау бар. Біреуі біздің ауданның ауылы – «Қаратау». Екіншісі тікелей облысқа қарайтын тау-кен өндірісті ошағы бар шағын қала. Қаратау қалашығы. Демек мына ән шыққан жылдары Қаратау қаласы да біздің Талас ауданына қараған болды ғой.
«Кластас әрі парталас құрбым Қыран! «Өмір қатал, бірақ қандай тамаша» дегендей, төрт жыл өмірдің суығына да, ыстығына да көндік. Аз уақыт қалды ғой бітіруге. Кейінгі уақыттарда ескерткіш болу үшін біразырақ өлең жазайын. Оқығанда есіңе аларсың. Келешекте Отаныңа адал қызмет істеп, өміріңнің бақытты болуына тілектеспін» деп елу жетінші жылдың он жетінші мамырында қолын қойған Ұлбосын деген қыздың тілегіне назарым түскенде барып, бұлдырап кеткен көзіме жас шүпілдеп толып қалғанын байқадым.
Өмірінің бақытты болуына тілектестігін білдірген Ұлбосын курстасы да, Сындаркүл, Бәди, Өзден дегендер де, жоғарыдағы Бекзат Оразбекова курстасы да Қыран достарының екі бірдей ұлымен бірге жол апатынан қайтыс болып кеткенін қайдан білсін.
Жан әкешім тірі болғанда осы курстастарындай жасқа келер еді. Ол тірі болғанда мен қай оқуға барам деп өстіп әрі-сәрі болып отырмас ем.
Кезінде әкемнің өзінен кіші бірталай жастардың Жамбылға, Алматыға, тіпті Мәскеуге оқуға түсуіне себепші болғанын Луговойдағы (Жамбыл облысындағы қазіргі Құлан, Т.Рысқұлов ауданы.Автор.) Әкүш, Алтын әкпемдерден, Кенжебек тәтемнен естігем. Басқаларға қол ұшын созып, талай көмектескен әкешімнің енді өз қызы өзіне жете алмай отырғаны мынау.
«Қамқорым ең, жан әке, тірегім ең, Алдымдағы асқар тауым сен едің. Өзің шығып үлгермеген сатымен, Биіктерге мен өрмелеп келемін», - деп жаздым бос парақ бетіне. Алғашқы екі жол екінің бірінің ауызында айтыла беретін, көп қолданылатын сөздер. «Өзің шығып үлгермеген сатымен» деген жолдың да онша емес екенін біліп отырмын. Әсіресе «сатымен» деген сөзді басқа бір зат есіммен ауыстыру керек. «Биіктерге өрмелеу» деген тіркес те дұрыс емес. Биіктерге адам өрмелемейді, шығады. Бірақ қайтіп? – мәселе сонда. Ал менің мына сөзім адамды емес, жыланды жорғалататын арзанқол сөз. Жарайды, алдымен мыйыма лықсып келіп қалған ойларды қағаз бетіне түсіріп үлгерейінші, содан кейін-ақ жөндеуге жарап жатса, жөндермін:
Сенен қалған өнерім – қылқаламым,
Әке, мұным өзіңе ұқсағаным.
Арманым ол – өзіңдей әнші болу,
Кешір бірақ, домбыра ұстамадым. – деп бір жаздым.
Домбыра демекші, әнге құмар болып, гармошкаға да үйір болған соң, әкесі құсап домбыра да тартар деген ойымен анашым дүкенге түскен санаулы домбыралардың бірін сатып алып берген. Бірақ ептеп шерткенім болмаса, сол домбыраны тартуға онша қызығушылығым оянбады. Оған бір жағынан адамның наным-сенімі де әсер етеді-ау деймін. Сол домбыраны
сатып әкеліп берген күні екі бауырым менен кезек-кезек тартып алып, таласып, шыңқылдатып, қос ішегін созып, шанағын жарып жіберердей болғанда, «Бұл тек қана Саукардікі. Сен екеуіңнің осы домбыраны рұқсатымсыз ұстағандарыңды енді көрсем, оңдыртпаймын!» деген анамыздың талабы екі етілген жоқ.
Даладағы тапшада шай ішіп отырғанда көршілердің бірі «Түнде ұйықтағанда жастығыңның астына бір үзім нан мен осы домбыраны қойып, жастанып жат. Түнде түс көресің. Түсіңе домбыра кірсе – керемет күйші боласың. Ал нан кірсе – домбырашы болмайсың. Баяғыда Пәленше деген сүйткен. Сөйтсе, түсінде нан көріпті де, менен дұрыс күйші шықпайды екен» деп домбыра тартқанды қойып, темекі тартып кетіпті» деп сөзінің аяғын қалжыңмен бітірді.
Түн ауа ұйықтар алдында ешкімге білдірмей, жастығымның астына бір жапырақ нанды орап салып, домбыраны қойып жаттым. Таңертең бір-ақ оянғанда есіме түсті. Түс көрмеппін. Түсіме домбыра да, нан да кірмеген соң, су жаңа аспапқа екпінім басылып қалды.
Домбыраны дұрыстап ұстамағаным үшін әкемнен кешірім сұрап отырғаным сол.
Қалам алып, қолыма өлең жазам,
Мендегі сол ұстаған күй-домбырам,
Жұбатамын өзімді бұл да болса
Әкетайым, өзіңнен қалған мұрам. - деп қаламсабымның ұшына не сөз келсе, соны ары қарай төкпелете үйіп-төгіп жаза салдым:
Сен кеткелі өмірден нұрлы бейнең
Көз алдымнан ешуақыт кеткен емес.
Дәл өзіңдей ешкім де еркелетіп,
«Әлләшім» деп жұбатып айтқан емес.
Содан бері өтіпті он жыл өмір,
Сол бір жылдар бақытты кезім бе еді.
Аяулы анашымның арқасында
Әкем жоқ деп ешқашан сезінбедім.
Кез келгенде арманға құлаш ұрар,
Өзіңді ойлап көп түндер көз ілмедім.
Қанат қағып сапарға жиналғанда,
Әке, сені жоқтадым, сені іздедім.
Тұрды алдымда сан мыңдаған тарау жол,
Қайсысын соның қалауды мен білмедім.
Жетелейтін, сүрінгенде демейтін,
Әкетайым, жоқтап сені іздедім...
«Әкетайым, жоқтап сені, іздедім!..» деген соңғы жол тармақты жазып алып барып, бір-ақ тоқтадым. Бұдан бірнеше күн бұрын шығарған «Балалықпен қоштасу» атты өлеңіме қарағанда бұл шығарғанымның түкке тұрмайтынын ішім біліп отыр. Нағыз ақын адамның бірі тексерсе – быт-шытын шығаратын шығарма. Өлеңсымақ. Ойбу, мен не деп отырмын. Бұл жазғаным шығарма, өлең деуге де келмейтін дүние ғой. Құдай-ау, дүние деппін, мұның қасында «дүние» деген сөздің де кәдімгідей жоғары мәні бар емес пе. Не деп кеттім өзі. Не боп кетті өзі.
Қой, қайтадан қарап, жөндейтін жері болса, жөндейін, өзгертіп, өңдейтін жері болса, өңдейін:
-Қамқорым ең, жан әке, тірегім ең,
Алдымдағы асқар тауым сен едің.
Өзің өтіп үлгермеген көпірмен,
Алға қарай мен адымдап келемін, - деп жөндеген бастапқы шумағын қайталап оқи беріп, тұншыға өксіп, еңіреп жібердім.
Абырой болғанда, бергі бөлмеде бөлек жатқан үйдегілердің ұйқысы бұзылған жоқ. Ары қарай оқуға шамам келмей, жастығымды құшақтап, қыстыға жылай бердім, жылай бердім. Су боп кеткен жастығымның арғы бетін ауыстырып, жастансам да көз жасымды тоқтата алмадым. Өксіп жатып, қалай ұйықтап кеткенімді білмеймін...
...Дәу бір биік жардың етегінде тұрмын. Жар ма, жартас па деп қоям. Жоқ, жар да емес, жартас та емес, тау екен. Құмды, шөлейтті жерде өскен мен бейшара тау атаулыны дұрыстап жақыннан көріп тұрғаным осы. Мен сол таудың түбінде тұрмын. Жерде. Аспанға шаншылған тіп-тік құзар шың. Шыңның ұшында бір адамның сұлбасы көрінеді. Мойнымды соза, тау үстінде, дәл төбемде тұрған адамды жыға таныдым. Ескерткіш. Өткен күзде бірінші рет астанамыз Алматыға қыдырып барғанымда нағашыларым Асан-Үсен тәтемдердің отбасымен осы зәулім ескерткіштің алдында түрлі-түсті фотоға суретке түскенбіз. Абай Құнанбаевтың ескерткіші.
Оянып кеттім. Түс екен.
Оянып кетсем де, ұлы Абай атамыздың түсімдегі бейнесі көз алдымнан көпке шейін кетпей қойды. Түсінбеймін. Көргенім жақсы түс шығар. Жалпы түсті жақсыға жорыған дұрыс деп жатады. Бірақ, Абай атаның менің түсіме неге кіргенін түсіне алмадым. Дәл төбемде бұлтпен астасқан аспанда тұр."
Айтсам, ойдан шығарғандай көрінетін осы түс егде жасқа келіп қалсам да, әлі күнге дейін санамда жаңғырығып қана қоймай, әлсін-әлсін түс боп қайталанады.
Айтпақшы, жоғарыдағы анамның сыныптас құрбысы Қалжан апайдың бірі биік, бірі пәкене екі пеш туралы көрген түсі айдай келді. Мен жоғары оқу орнына, Шымкент пединститутына оқуға түстім, менімен бірге осы оқу орнына құжат тапсырған сыныптасым Меруерт институтқа түсе алмай қалды да, арнаулы орта оқу орнын - педучилищені оқыды.
Ұлы Абайдың түсіме өңімдегідей еніп, кіріп жүргенін жақсыға жоримын, әрине. Мектеп бітіргенде ескерткіштегі алып бейнесімен көзіме көрінген ұлы Абай атамыз салған поэзияның "соқтықпалы, соқпақсыз" жолына, жалпы шығармашылықтың сүрлеуіне кеш те болса, түбінде бір түсетінімді сол уақта бағамдай алмап ем, қазір бажайлап, бойлай бастадым, және өзімнің ақындық деңгейімнің телегей теңіз, терең мұхиттай ғұлама хакімнің ширегі тұрмақ, табанындағы топырағының тозаңына да татымайтынын білем.
Дәтке қуат ететінім - "Маған жетуге сендерге қайдаааа әлі..!" деп тұрғандай, түсімде болса да өңімдегідей шынайы бейнесімен қылаң беретін қазақ поэзиясының пірі асыл әдебиеттің құзар шыңының басынан менмұндалап мені желеп-жебеп жүр.
Марғасқа ақын Мұқағалиды да түсімде көргім келетіні сондықтан.
Бірақ ол кісі менің түсіме енуге әлі-әзір асықпайтын сияқты.
Оның есесіне, ойымнан әлі күнге дейін шықпайтын тағы да бір түс бар.Тағы да бір ақын адам кірген түс. Алайда, ол кезде мен о кісінің ақын екенін білмек түгілі, атын да танымайтын-тұғынмын. Орысша өсіп келе жатқан жеті жасар бала етінмін.
Көзінің тірісінде әкем мені орыс класына беремін деп армандады. Балабақшаның орыс тілі тобында тәрбиеленгенім де сеп болды. Сабақтан қиналғам жоқ.
Сонымен...
...Сонау, мектептің, орыс класының табалдырығын аттаған жылы, бір мың тоғыз жүз жетпіс бірінші жылы, 1-ші сыныпта түсіме кірген Фариза ақын туралы түсімді сырт көзге көп сөз ете бермеймін. Біртүрлі, ыңғайсыз. Бір қызық түс өзі.
Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де, осы жолы айтайын.
"Бізде «кукурузник» деп аталып кеткен он екі адамдық орны бар "АН-2" шағын ұшақ ауылдың аспанын жартылай бір айналып келіп, оңтүстік батыс жақтағы аэропортымызға барып қонады. Қаладан тасымалдап әкелген жолаушыларын түсіріп, орнына кассасынан билет сатып алып, жаңадан Жамбыл (Тараз) жаққа сапарлап шыққан адамдарды отырғызады да, ауылдың төбесін бір айналып, көкжиекті қырдан асып, көрінбей кетеді.
Менің де әкемді алып, ұшып кеткен. Өткен жазда.
Ұшақ күнде ұшып келіп жүр. Ал әкешім оралмады...
-«Самолет, самолет,
Біздің үйге қона кет.
Қанатыңа хат жазайын,
Кремльге ала кет!»
«Қанатыңа хат жазайын, Кремльге ала кет!..» Иә. Хат жазайын. Бірақ оны Мәскеудегі Кремльге емес, мәңгі бақиға кеткен әкеме апарып берші, самолет! О-оо! «Әкеме апарып берші!..»-деген өтінішім дұрыс екен. Мінеки, мен де тақпақ шығардым:
-Самолет, самолет,
Біздің үйге қона кет,
Қанатыңа хат жазайын,
Әкешіме ала кет!
Шимайымды жаңа ши жол дәптердің ортасынан жұлып алған таза қос парақтың бір бетіне маржандай ғып, көшіріп жаздым да, ауызғы бөлмедегі ыстық пеш түбіне салынған көрпешеде шай ішетін дөңгелек үстелде шашылған газет-журналдарды қарап отырған анашыма апарып көрсеттім.
Жылы жымиған жүзін маған бұрған анам жұмсақ үнімен едәуір ақыл айтты. Көп сөзінің ішінен негізгі айтпақшы болғанын дереу түсіндім.
Расында да бұл тақпақ менің шығарғаным емес боп шықты. Жұрттың бәріне таныс және басқа біреудің меншігі екен. Ал мен бір сөзін ауыстырдым деп, бүкіл төрт жолды иеленіп алыппын. Мұным ұят болады екен.
«Мықты болсаң өзің ойдан шығар, ешқандай тақпақты, жырды қайталама!»-деді анам.
Бұл сөзі менің шабытымның сауырын қамшылап жіберді. Мамамның қолынан қайтып алған ақ парағымды ұстап, өз бөлмеме қарай жүгіре жөнелдім. Көп ұзамай ұйқасы әлсіз болса да, төрт жолдан тұратын бір тақпақты туғыздым. Анама әкеп көрсетіп ем:
-Е-ее, мынауың енді нағыз өлең боп шықты! Мына жерін сәл былай деп өзгертсең тіпті қатып кеткелі тұр!-деп мені мәз ғып қойған мамашым қаламсабым мен сиясауытымды алғызып, жазғанымның бір-екі жерін өзі түзетті. Біз «тақпақ», «тақпақ» дейтін нәрсеміздің шын мәнінде «өлең» деп аталатынын осы жерде ұқтым. Өлең деп әдетте әндетіп айтып жүргенімізді атамайтын ба ек?!.
Жә-ә,.. қазір мәселе онда боп тұрған жоқ. Мәселе менің мына шығарған шығармамда.
Жылт еткен ойымды жиып ала бергенімше, анам маған тағы бір мадақтау айтып, екі бетімнен кезек-кезек шөпілдетіп сүйіп, бауырына басты:
-Жасаған бере салғаным-ау, әшейін! Менің Әлләм ақын болады өскенде, ақын болад!
Әллә. «Әллә». Мені әкем осылай атап, еркелететін. Әкемнің көзі кеткелі, оның үстіне мектеп табалдырығын аттап, құжат бойынша фамилияға бейімделгелі ұмытыла бастаған осы есімімді анашым бүгін бірінші рет ауызына алды. Мұздай мұң ұялап үлгерген ойымды жылдам серпіп:
-Мама, сіздің мына түзетіп, қосқан сөзіңізді енді мен қалай өзімдікі деп айта алам, бұл да ұят болмай ма?!-деп сұрақ қойдым анама.
-Ұят болмайд! Мен әшейін саған кішкене көмектестім, бірінші шығарған өлеңің болған соң. Қарашы, қандай тамаша өлең туды:
-Папам менің суретші,
Салып ед талай суретті,
Суретші болсын қызым деп,
Сызуды маған үйретті.
-Өстіп-өстіп үйренесің. Ендігі өлеңдеріңе араласпаймын. Ылғи өзің шығарып қалыптас. Ешкімге сенбе. Нағыз ақындар сөйтуі керек. - Мамамның мына сөзі менің қиял құсымды одан әрі аспандатып ұшырып жіберді.Тағы да жүгіре жөнелдім. Шабыт келіп тұр, шабыт! Ұстай алмай қалмайын. Қашып кетер.
Әкешімді өлеңге қостым. Енді осындай ғажап ақыл берген аяулы анамды неге жырламасқа!
Бұл жолғы өлеңім тіпті тез шыға салды:
-Мамам менің әдемі,
Сұрайды менен әр нені.
Ғалым болсын қызым деп,
Үйретіп қояд әдейі.
Ертең осы өлеңдерімді мұғаліміме, Шакира Азирбаевнаға (Шекер Әзірбайқызын осылай атайтынбыз.Ү.Б.) апарайын. Қай сабақта көрсетсем болар екен.
Айтпақшы, ертең дене шынықтыру сабағы да болады емес пе. Ур-раа! Алақай! Дұрыс, сол «физрада» көрсетейін. «Физра» дегенім «физкультура» дегенім ғой. Класта бәріміз солай айтамыз. Өйткені дневник-күнделігіміздің сабақ кестесі толтырылатын таблицасына бұл сабақтың атауын тек солай қысқартып жазсаңыз ғана сыйғызуға болады.
Қайта-қайта таза параққа көшіріп, әкем мен анама арнаған екі өлеңімді қайта-қайта қайталап оқып жатып, қалғып кетіппін...
Мектептеміз, денешынықтыру сабағы боп жатыр. Класта немесе, дала жылы болса, далада ойнатып, өзімізбен бірге жүретін сынып жетекшіміз жоқ. Басқа, бейтаныс апай жүр. Сабағымыз да бөгде бір үлкен бөлмеде өткелі жатыр. Ә-әә, бұл, айтпақшы, үлкен класс оқушыларының денешынықтыру сабағы өтетін бөлме ғой. Атын біздің кластағыдай бөлме деп атамайды, «спортзал» деп атайды. Мұны мен кластағы Ерболдардан біліп алғам.
Оның папасы осы спортзалда жұмыс істейді. Ол ағай жоғары сынып оқушыларына сабақ өткізетін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Мына апай да сондай жоғары класс оқушыларына сабақ беретін апай болуы керек.
Біздің апайымыз тымауратып қалып, орнына уақытша сабақ өте тұрайын деген шығар. Жиі-жиі боп тұратын мұндай жағдайларға етіміз үйреніп қалған.
Өз мұғаліміміздің аты Шакира Азэрбаевна еді. Ал бұл кісі өзін «Фариза Ангарсыновна» деп атауымызды бұйырды.
Кейбір балалардың тілі келмей жатыр. Ал мен бірден «дышыдан»-денешынықтыру сабағынан беретін жаңа мұғалім әкпейіміздің аты-жөнін жаттап, қағып алдым. «Фариза Ангарсыйнавна».
Үлкен оқушылар ойнап, спортпен шұғылданатын зәулім спортзалдағы түрлі инвентарьлармен жаттығу жасатқыза бастаған Фариза Ангарсыновнаға бәріміз мәзбіз. Әсіресе, мынау «осел» деп аталатын ағаш есектен секіру өте қызық екен. Әрі қиын. Бұты жетпей құлап жатқандар бәрімізді қыран-топан күлкіге қарық қылуда. Мен де алғаш бастағанда қиналдым. Бойы бізге шақталған биіктеу жуан, қалың қоңыр былғарымен қапталған ағашесектен жүгіріп келіп секірудің едәуір машақаты болғанымен, өте қызықты спорт түрі екен.
-А ну-ка, строиться!-деп команда берген Фариза мұғаліміміз іле-шала бірімізден соң бірімізді «оселден» қайталап секіруге баули бастайды. Кезек тағы айналып маған да келеді.
-Назад отступи, и возьми разгон!-деді бұйырып Фариза мұғалім қатаң үнмен. Ол кісінің қатал дауысы жаныма майдай жағып барад.
Үстімізде спорттық киім - трико. «Менде мұндай киім жоқ еді. Қандай ыңғайлы киім еді өзі.» Ұлдар да, қыздар да шалбарланып алғанбыз. Мен де өзімді әскери тәртіпке сай ұстай қалып, сарбаздарша сымдай тартылып, «офицерімнің» талабын бұлжытпай орындауға сақадай саймын.
Артқа сәл шегініп барып, ышқына секірдім. Ағашесектің үстінен ұшып бара жатқанымда Фариза апайым арқамнан демеп, бір сирағымның ұшынан жұмсақ ұстай, есектей спорттық кедергіден жеңіл өткізіп жіберді. «Мо-ло-дец»! «Та-ма-ша»! Риза болған Фариза Ангарсыновнаның дауысымен бірге басқалар құсап еденге топ ете қалмай, ұшып түрегеліп кеттім!
...Төсегімнен сырғи түсіп барады екем, ұшып түрегелдім.
Манадан бергілерімнің бәрі түсім екеніне ішім удай ашыды. Амал жоқ. «Жаңағы Фариза апай керемет адам екен. Аты неге есімнен шықпай жатталып қалды. Бұрын естімеген есім. Сондай мұғалім бар ма екен өзі біздің мектепте. Шіркін, ұстаз болса сондай ұстаз болсын!»
Таң атып, сабаққа барар кез болыпты. Анашымның берген таңертеңгілік шайы мен тамағынан дәм ауыз тиіп, әлденіп алдым да мектепке қарай жүгірдім..."
Екі тақпағымды мұғаліміме көрсетуін көрсеттім. Өлеңімді оқып, бес қойған Шекер Әзірбайқызы мені сыныптастарыма тағы мақтады. Бірақ, кесте бойынша болуы тиіс дене шынықтыру сабағы болған жоқ. Оның орнына мұғаліміміз "Букварь" оқулығынан ежелеп оқитындарға күні бойы сабақ қайталатты. "Букварь" кітабын соңғы бетіне дейін зуылдатып оқып, үйреніп алған мен секілді біраз оқушылар тыпыршығанымызды байқатпай, сабақтың аяқталғанын білдіртіп, сыртқа шығуға арналатын қоңырау соғылғанша, амалсыз шыдап отырдық. Мен өз қиялымда таңертеңгі түсімді ойға түсіріп, спортзалдағы "дышы" сабағын "ойнадым". Әлгі Фариза деген апаймен...
Осы түсімді 6 сыныпта жүргенімде ғана анашыма айтып беруіме тура келді.
Бұл жайлы күнделігімде былай деппін.
" Сабақтан бөлек тағы бір ермегіміз – кітап оқу. Мектебіміздің кітапханасы бар. Ондағы әдеби кітаптарды тауыссақ, совхоздың үлкен библеотекасына жүгіреміз. Бірінші орыс класынан бастап бастауыш сыныптарда жүрген кезімде көбінесе орысша кітаптарды жаздыртып алып, оқитынмын. Бірінші сыныпта ауыл дүкенінен ең алғаш рет «Восстание в тюрьме» деп аталатын шағын кітапшаны сатып алып оқыдым. Феликс Эдмундович Дзержинский деген революционердің жауынгерлік жолы туралы. Сергей Орджоникидзе деген кісінің де есімімен осындай орысша әңгімелерден таныспын. Ленин туралы болса да-болмаса да оқисыз.
Соңғы уақыттарда қазақша әдеби кітаптарды көбірек оқуға зейін қоя бастадым. Мұныма қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Елеш ағайдың ықпалы молырақ боп тұр. Елеш ағай сықылды мен де қазақ ақын-жазушыларының аттарын көбірек танығым келеді. Шығармаларымен кеңірек танысқым келеді. Кітапханалардан жаздыртып алған кітаптарымды әкелген-әкелгенімше оқып, көлемдеріне қарай, бір-ақ түнде, ары кетсе, екі-ақ күнде оқып тауысып қоям. Көркем шығармалардың тартымдылығы сондай, кей түндерді ұйқтамай өткізіп, таң атыруға баратын шақтарым да аз емес.
Әңгіме, повесть, ептеп романдар оқып жүрген маған бір күні анашым бір ақыл айтты.
Прозалық шығармалармен бірге поэзиялық шығармаларды да оқыған жөн дейді.
-Сен ақыры өлең жазып, тақпақ шығарумен әуестеніп жүрсің ғой. Ал болашақта ақын болам дейтін адам алдымен сондай мықты ақындардың да жазғандарын оқуы тиіс. Үйренеді.
Ойланып қалдым. Мұнысы дұрыс екен. Кітапханада ақындардың да кітаптары көп. Абай Құнанбаев, Әбділдә Тәжібаев, Әбу Сәрсенбаев. «Күз», «Жаздыгүн шілде болғанда», «Қыс» деген өлеңдерін әдебиет сабақтарынан өтіп, баяғыда-ақ жаттап алғам, ендеше, Абай атамның кітабын жаздыртып алайын деп ойладым.
Бұл жерде де анам кішкене бағыт берді. Кішкене емес-ау, қиял көкжиегін кезіп кеткен санамды қырық бес, тоқсан градус қашықтықтың нүктесіне бұрып берді.
-Күләш Ахметова деген жас ақын бар. Осы біздің ауылдан шыққан қыз. Өлеңдері газет-журналға да жиі шығып жүр. Совхоздың дүкенінде кітабы бар болса мен саған сатып алып берейінші осы,-деді анам көңілденіп.
Дүкенде жоқ екен. Бірақ анам сұрастырып жүріп, маған ақыры әлгі Күләш Ахметованың бір кітабын тауып әкеліп бергенде қуанғаным-ай. «Ақ гүлім менің» деп аталатын жыр кітабы. Алғашқы бетінде ақынның өзінің суреті де бар екен. Күлімдеп түскен. Әдемі бикештің әсем бейнесіне қарай бердім. Қарай бердім.
«Біздің ауылдан шыққан». Осы біздің кіп-кішкентай ауылдан шыққан. Біздің алақандай ауылдан шығып, сонааау Алматыда жүр. Өзі сонша қашықтықтағы шалғай Алматыда жүрсе де, шығарған өлеңдері біздің жаққа дейін жетіп жатыр.
Жоқ. Мәскеудегі ақын-жазушылар мақұл. Оларды біз оқулықтарымыздан да оқып алып жатырмыз. Мұның бәрін өкіметтің өзі жайғап қойған. Оны түсінем. Менің түсінбейтінім – біздің құмда жатқан алыс ауылдың бір жапырақ қызының жүрегін жарып шыққан әйбат жырларымен асқақ Алматыны бағындыруы.
Мә-әәә. Өлеңдері қандай көп. Бірінен бірі өтеді. Күләш Ахметова. Қандай мықты ақын, ә!
Кенет менің есіме бірінші орыс сыныбымда оқып жүргенде көрген түсім сап етіп түсті.
Қайта-қайта таза параққа көшіріп, әкем мен анама арнаған екі өлеңімді қайта-қайта қайталап оқып жатып, қалғып кеткенімде көрген түсім.
Денешынықтыру сабағын «Шакира Азэрбаевнаның» орнына - Шекер әкпейіміздің орнына бөтен мұғалім өткізетін түсім. «Дышы» сайын далада ойнай салатын бізді бұл жолы әлгі бейтаныс апай кәдімгі, жоғары сыныптарға арналған спорттық залда ойнатқан. Өзін «Фариза Ангарсыйнавна» деп таныстырған бейтаныс апай бәрімізге спортзалдағы түрлі инвентарьлармен жаттығу жасатқызды. Бойы бізге шақталған биіктеу жуан, қалың қоңыр былғарымен қапталған ағашесектен жүгіріп келіп секіруді үйретті.
Бұты жетпей құлап жатқандар бәрімізді қыран-топан күлкіге қарық қылды.
Мен де алғаш бастағанда қиналдым. Кезек тағы айналып маған келгенде, артқа сәл шегініп барып, ышқына секірдім. Ағашесектің үстінен ұшып бара жатқанымда Фариза мұғалім арқамнан демеп, бір сирағымның ұшынан жұмсақ ұстай, есектей спорттық кедергіден жеңіл өткізіп жіберді. «Мо-ло-дец»! «Та-ма-ша»! Риза болған Фариза Ангарсыновнаның дауысымен бірге басқалар құсап еденге топ ете қалмай, ұшып түрегеліп кеткем!..
Осы бір тәтті түсім сол күйі ойымнан шықпайды. Ұмытпаймын. Жиі есіме алам.
Міне енді қазір маған сол түсімдегі Фариза мұғалім бейне бір осы Күләш Ахметовадай елестеп кетті. Бірақ, ол түсімнің бұған қатысы қанша.Түсіме кірген Фариза апай дегенім «дышы» сабағының мұғалімі етін. Ал мына әкпе – ақын...
Басым әбден қатты... «Түс – түлкінің ...» Қой, неменеге қиялданып отырмын. Есімді жияйын.
-Қалай, Саукар, кітапты қарап көрдің бе?-деді көңілді кезінде менің Сәуле деген есімімді ерекелете осылай айтатын анам.
-Күшті-і-іі. Оқып жатырмын.
-Өлең оқыған жақсы. Поэзия деген әсемдік қой, шіркін. – деп тамсанған анашымның сөзі әсер етті де әлгі бірінші сыныпта көрген түсімді айтып бердім.
Аңтарыла бетіме қараған мамам:
-Ойпырым-ай, ә, осындай да түс болад екен-ау! – деп қалды.
Енді мен таңдана қарадым.
-Сен білмейді екенсің ғой. Фариза Оңғарсынова деген шын адам бар. Ол орысша кісі емес. Және мұғалім емес. Ол да ақын. Керемет өлең жазатын мықты ақын қыз.
Осы Күләш Ахметова сықылды. Сәл... Күләш Ахметовадан жасы сәл үлкен шығар. Өйткені оның атын мен ертеректе, Күләш Ахметовадан бұрын естігем...
Мәссаған керек болса! Фариза Оңғарсынов...на. Жо-жооқ! Фариза Оңғарсынова. Аты қандай керемет. Күләш Ахметованың да аты өзгеше сияқты. Демек, ақындардың есімі ерекшелеу болатын болғаны да. Күләш Ахметова. Фариза Оңғарсынова. Абай Құнанбаев. Әбділдә Тәжібаев. Әбу Сәрсенбаев. Қасым Аманжолов..."
Сөйткен Фариза ақын апамызды да көзі тірісінде екі-ақ рет көрдім.
Бірі - ауданымызға Ақкөлге кездесуге келгенде, екіншісі, бір мың тоғыз жүз тоқсан сегізінші жылы, Фариза ақынның депутат кезінде, жаңа астанамыздағы бір жиында, сырттай...
Түсімде ғана көріп, өңімде кездейсоқ екі рет кездескен тұлғаның көзі тірісінде жөндеп танысып алмағаным, тым болмаса, бір-екі ауыз тіл қатыса алмағаным ойыма түссе, өкініштен өзегім өртенеді...
"Классик ақын-жазушыларымызды көзі тірісінде қадірлейікші, қымбатты Ағайын!"-дегім келеді ондай сәтте...
Шайтанисі де, Рахманисі де болады делінетін түстің түрлерін жору терең ілімді талап етеді дейді. Біз оны ажыратып біле алатындай ілімге ие емеспіз. Әр адам жори алмайды. Әсіресе мына заманда бұл ілімді білетін адам жоқ десе де болады дейді ислами сайттар. Жаман, аралас түстерді ешкімге айтпаған жөн! Бұл жайлы Пайғамбарымыз хадис шәрифтерінде былай бұйырады: «Жаман түс көрген адам оны ешкімге айтпасын, шайтаннан да қорғауы үшін Аллаһқа жалбарынсын.» [Муслим]
«Жаман түс көрген адам оянған соң сол жағына үш рет түкіріп, шайтанның жамандығынан сақтауы үшін Аллаһқа сиынсын. Сонда түс оған зиян келтірмейді.» [Муслим]
«Жақсы түс көрген адам дереу Аллаһу та’алаға хамд-шүкіршілік етсін! Жаман түс көрген болса, Аллаһу та’алаға сиынсын, түсін ешкімге айтпасын! Сонда оған түстің зарары тимейді.» [Дара Құтни]
«Түсінде қуанышты нәрселер көрген адам түсін көкірегі ояу, адал, салих кісіге айтсын! Ол да түсті жақсылыққа жорысын!» [Байхаки]
«Түс қалай жорылатын болса солай шығады. Сондықтан түсіңізді насихат бере алатын кісілерге немесе ғалымдарға айтыңдар!» [Хаким] "Түсті жақсылыққа жору керек! Жақсы түс көргенде «иншааллаһ жақсылыққа болсын» деу, жаман болса, «Аллаһу та’ала сені мына түстің жамандығынан қорғасын» деу қәжет! (Бостан-ул-арифин)
Түстегі нәрселер емес, өңдегі нәрселер маңызды. Түстегі қол жеткізілген және махрұм қалынған нәрселерге емес, өмірде қол жеткізілген және айрылып қалынған нәрселерге көбірек мән беріңіз.
Егер көрген түсімізді біреуге айтқымыз келсе, тек жақсыларын салих (намаз оқитын, ашықша күнә істемейтін) кісілерге айту керек. Өйткені салих кісі түс жору ілімін білмесе де, түсті жақсылыққа жориды, сондықтан одан зиян келмейді.
Үміт БИТЕНОВА, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Білім беру ісінің және ҚР Мәдениет саласының үздігі