Ұрпақ тәрбиесіне ұлттық ұстаным қажет
2021 ж. 23 ақпан
2690
3
«Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» деп түсінген қазақ атамыз сан ғасырлар бойы бала тәрбиесіне үлкен мән беріп, оған зор жауапкершілікпен қараған. Бала тәрбиесі бір ғана қазақты емес, бүкіл адамзатты толғандырып келген өмірдің өзекті мәселелерінің бірі екені баршаға аян. Дегенмен, жер бетін жайлаған жүздеген ұлттардың әрқайсысының өздеріне ғана тән мәдениеті, өз салт-дәстүрі, өз әдеп-ғұрыптары бар екенін ұмытпаған жөн. Ұлттық құндылықтар бала тәрбиесіне оң ықпал ететіні де белгілі. Өкінішке орай, ұрпақ тәрбиесіндегі сол ұлттық ұстанымды біз жоғалта бастадық...
Өткен жылдың қыркүйек айында Парламент Мәжілісінде бұрынғы алтыншы сайланымдағы депутаттар «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа заң жобасын талқылап, қолдағаны белгілі. Жобаны ұсынушылардың айтуынша заңнамада отбасы мүшелерінің, оның ішінде әсіресе ана мен баланың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырауына қатаң тосқауыл қоюды басты мақсат тұтқан көрінеді. Әрине, олардың бұл ниетін теріс деп айта алмаймыз, ана мен баланы қорғайтын заң қажет, оған ешкімнің қарсылығы жоқ. Дегенмен, осы заң жобасының кейбір тұстары бұқараның басым бөлігінің наразылығын тудырып, әлеуметтік желіде көптеген сыни пікірлер айтылғанына куә болдық. Әдеттегідей біздегі шұбалаңқы, түсініксіз жазылатын заңның баптарынан ойып мысал келтірмей-ақ, көпшіліктің наразы болған тұстарын ғана қысқаша атап өтелік. Оның қатарында ата-ана балаларын экономикалық тұрғыдан, яғни материалдық толық қамтамасыз ету міндеті көрсетілген. Ия дұрыс, бір қарағанда орынды талап. Баланы дүниеге әкелген соң оны киіндіріп, дұрыс тамақтандыру, лайықты білім беру, ауырып қалса емдету ата-ананың тікелей міндеті. Осы жерде ата-ананың мұндай жағдайы жоқ болса бала тәрбиелеу мүмкіндігінен айырылып қалу қаупі бар дегендер бас көтерді. Бұл күдікті де орынсыз деп айта алмайсыз. Өйткені, бүгінгі күні көптеген жас отбасыларының басында баспанасы, лайықты өмір сүруге қалтасында қаражаты жоқ екені жасырын емес. Тұрақты жұмыс таба алмай тығырыққа тірелген ата-ана баласын үлде мен бүлдеге қалай орамақшы? Екінші бір алаңдатарлық мәселе балаға көрсетілетін зорлық-зомбылыққа қатысты болып отыр. Шыбық тимей шыңқ етерлерді құйрықтан тартып жіберіп жылату да қылмыс болып есептелетіні әлеуметтік желіде ерекше талқыланды. Тіпті, балаңыздың жылаған дауысын естіген көрші-қолаң полицияға хабарлап, сізді тәубаңызға келтіруге еркі бар. Оның соңы белгілі бір мөлшердегі айыппұл төлеп, денесіне сәл зақым келген жағдайда қылмыстық кодекс бойынша жауап беруге тура келетіні көпшіліктің түсінбестігін тудырды. Жекелеген азаматтар, қоғам белсенділері, кейбір қоғамдық қор өкілдері мұны отбасының ісіне жөн-жосықсыз араласу, ата-анасының құқығын шектеу, тіпті бұзу деп баға берді. Жаңа заң жобасын қолдаушылар да табылды. Олар отбасында аналар мен балаларға көрсетілетін зорлық-зомбылық соңғы жылдары тым көбейіп кеткенін алға тартып, деректер келтіріп дәлелдеуге тырысты. Ал заң жобасын жасап ұсынушылар мен оның қолдаушылары заңның негізгі мәнін түсінбедіңіздер деп шыға келді. Заңның жекелеген баптарын былай ұғыну керек еді деп өздерінше түсіндіруге кірісті. Біріншіден, жаңа заң мәтіні алдымен бұқара талқылауына мүлдем ұсынылған жоқ. Жобаны жасаушылар халықпен ақылдаспай, сүйреп апарып Мәжілістің төрінен бір-ақ шығарған. Заң жобасын ұсынушылар мен Парламенттің қос палатасындағы екі жүздей депутаттар қоғам пікірінен бейхабар десек те болады. Әлеуметтік желідегі жүріп жатқан әңгімелерден көбісінің хабары жоқ. Сондықтан кез келген заң жобасын бірден қабылдай салмай, бір-екі ай бұрын халық талқысынан өткізіп алған жөн. Сол кезде заң көптеген талаптарға жауап бере алады. Екіншіден, заң болған соң ол жалпы халықтың мүддесін ескеру керек. Өйткені, заң санаулы адамдар мен жекелеген топтар немесе оны талқылап қабылдайтын депутаттар үшін жазылмайды. Дұрыс түсінбей қалдыңыздар дейтіндей қазақ тілінде жарияланған мәтінді ұғу үшін тілмаштың керегі қанша? Ең бастысы ұсынылған жоба санаға сыйымды, қолданысқа қолайлы болуы шарт. Заңның талаптары көпсөзділікке ұрынбай, нақты көрсетілуі қажет. Біздегі заңдар әдетте шұбалаңқы, мағынасы екіұштылау болып келеді. Сондықтан бұрмалауға ыңғайлы. Жақында Сенаттың жалпы отырысында Әділет министрлігінің басшысы Марат Бекетаевтың баяндамасынан кейін сенатор Дана Нұржігіт заңның халыққа қарапайым тілде түсіндірілмейтінін айтып сұрақ қойғаны осының нақты айғағы.
Не керек, осы жаңа заң жобасы жайындағы дау-дамай Парламент сайлауы өтіп, жетінші шақырылымдағы депутаттар сайланғанға дейін толастамады. Үкіметке жаңадан тағайындалған лауазымдыларды таныстыру барысында Мәжіліс депутаты, қоғам қайраткері, белгілі ақын Қазыбек Иса Әлеуметті-мәдени даму комитетінің алғашқы отырысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа мемлекеттік тіл мәселесі мен осы біз айтып отырған заң жобасына қатысты сұрақты төтесінен қойды. Вице-премьер бұл екі мәселе де депутаттардың қатысуымен қайта қаралатынын айтқан соң әлеуметтік желі дамыл тапқандай болды. Енді оның қашан және қалай шешілетінін уақыт көрсете жатар. Қалай болғанда да осы екі мәселені де ұзаққа созбай, халық талабына сай қарастыру қажет.
Біздің болашағымыз – білімді, білікті жастар деп жатамыз. Әрине, бүгінгі жан-жақты жедел дамып жатқан заманда білім аса қажет, білімсіз еліміз дами алмайды. Білімді жастар дайындауда елімізде қолдан келгенше жағдайлар жасалып жатыр, мүлдем жоқ деп айта алмаймыз. Соңғы ширек ғасырда керек те, керексіз де көптеген реформаларды басынан өткерген біздегі бағы жанбаған білім саласының жетістіктері мен көптеген кемшіліктеріне тоқталмай-ақ қоялық. Ол өз алдына жеке әңгіме. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың – қас жауы» деген әл-Фарабидің атақты қағидасы тәрбиенің аса маңызды екенін көрсетеді. «Бала тәрбиесі – басты байлығың, кешіксең көретінің қайғы-мұң» деп данышпан Абай айтқандай, бүгінгі күні біздің елде ұрпақ тәрбиесі сол білімнен де өзекті болып отырған сыңайлы. Оған алаңдамасқа болмайды, өйткені ұлттың бүгіні де, болашағы да тәрбиелі ұрпаққа тікелей байланысты.
Отбасында алған тәрбие баланың адам болып қалыптасуына бірінші кезекте тікелей әсер етеді. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», – деген халық даналығы бекер айтылмаған. Яғни, бала тәрбиесі отбасы, ошақ қасынан басталады. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, ал он бестен асқан соң досыңдай сырлас» деген нақыл бар. Оның негізгі мақсаты – баланың бойына еңбекқорлық, ізгілік, инабаттылық, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адами қасиеттерді, тіршілікке қажетті дағдыларын қалыптастыру болып табылды. Бүгінгі ата-аналар өз ұрпағына ұлағатты үлгі көрсетіп, тәлімді тәрбие беріп жатыр ма? Бұл сұраққа бірден жауап беру де оңай емес.
Алдында еске салған отбасындағы материалдық жағдайды айтпағанның өзінде, жас ұрпаққа тәрбие беруде біздің байлы-бақуатты ата-аналарымыздың өзі дұрыс бағыт ұстанып жүрген жоқ. Байлық қуғандардың тіпті бала тәрбиесіне қарайтын уақыты да жоқ. Бала-шағамды қалай асырасам деп жүрген жандарға оны ойлауға мұршасы да бола бермейді. Бүгінгі отбасындағы үлгі болар әңгіме – ақша, байлық жайына ойысатынын байқап жүрміз. «Анау үш қабатты үй салыпты, мынау қымбат көлік алыпты!» дегеннен аспайды. Ең қымбат адами құндылықтар туралы сөз сирек естіледі. Осындай ортада өскен жеткіншектен не күтуге болады? «Баланы ұлша тәрбиелесең – ұл, құлша тәрбиелесең – құл болмақшы» деп ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы осыны меңзеп айтқан болса керек. Бұрынғы балалар ғарышкер, дәрігер, мұғалім болам десе, қазіргілерден сұрай қалсаң бірден қалтасы қалың бизнесмен болам деп шыға келеді. Бұл да үйдегі, қоғамдағы тәрбиенің ықпалы. Бай болмасын деп жатқан ешкім жоқ, ұрпақты адами қасиеттерден жұрдай ету жақсылыққа жеткізбейтінін де ұмытпау керек.
Бүгіндер көріп жүргеніміздей, бала тәрбиесіндегі кемшіліктерді ата-аналар мектептегі мұғалімдерден іздейтіні бар. Ал мұғалімдер өз кезегінде ата-аналарды кінәлайды. Бұлардың екі жағы да балалар үшін жауапты. Батысқа еліктеп қабылданған соңғы заңдарға орай қазір мұғалімдер баланы ұрмақ түгіл, дауыс көтеруге қорқады. Былайша айтқанда, баланың алдында аяғының ұшымен жүреді. Баласының тәртіпсіздігін көре тұра ұстаздарға ұрысып, тіпті балағаттап, жерден алып жерге салатындар да жоқ емес. Өткен жылы сондай бір оқиға Алматыдағы мектептердің бірінде орын алған-ды. Мектеп ауласына төселген тақтатасты қопарып жұлып алып сындырған баланы күзетші қуып жүріп ұстап, полиция шақыртады. Мұғалімдер оқушының үйне адам жіберіп ата-анасын алдыруға мәжбүр болады. Жұмыста жүрген әке-шешесінің орнына келген пайғамбар жасындағы атасы мектепті басына көтеріп шу шығарып, полицияның өзіне тап берген. Немересінің тәртіпсіздігін қаперіне алмаған, мұғалімдер мен полиция қызметкерлеріне айқайлаған қариядан бұдан кейін қандай ұлағат алсын жеткіншек?..
Бізде бір жаман әдет бар, батыс елдеріне табыну, керек болса «шоқыну» тұрақты үрдіске айналған. Олай демеске амалымыз жоқ. Шетелге барып келген шенділер мен шекпенділер сол жақтан көргенін біздің елге енгізіп «жаңалық» ашқысы келіп тұрады. Бір ғана білім саласындағы сансыз «реформалар» соның нақты дәлелі бола алады. Сол жаңалықты бізге енгізуге бола ма, жоқ па, ол қандай нәтиже береді? Ол жағын мүлдем ойламайды. Олардың ойында тек қана мемлекет басшысының алдында білікті, жаңашыл боп көріну ғана. Сондай «реформалар» кесірінен қаншама мемлекет қаржысы желге ұшты, пайдасынан зияны көп болды. Батыстың даңғаза музыкасы мен теріс тәрбие беретін киноларынан көз аша алмай қалдық. Заң шығару саласында да батысқа еліктеу басым. «Мына заңдарың томпақтау екен!» десеңіз, «Батыста да сондай» деген жауап естисіз. Он жерден дамыған ел болса да олардың кемшіліктері толып жатыр. Ау «данышпандар», сонда біздің басымыз батыстықтармен бірге жаралған ба? Балалары әке-шешесін сотқа беріп, қырықпышақ боп қырылысып жатқандарының несі үлгі? Ал біздің өз ұлттық ерекшеліктеріміз қайда қалады? Ата-бабаларымыздың «Біреудің ала жібін аттама, үлкенді сыйла, инабатты, мейірімді бол» деген тәрбиелік аманатын кім орындайды? Әлде ешқандай полициясыз, сотсыз-ақ ұрпағын ұлттық ұстанымда тәрбиелеген бабаларымыз ақымақ болғаны ма? Жоқ, олар өздерінің ақылды екенін ғасырлар бойғы тәжірибесімен әлдеқашан дәлелдеген. Ақымақ болып отырған қазіргі біздер.
Біз түптеп келгенде мұсылман мемлекетіміз, оның иесі қазақтар. Құдайға шүкір, қазақ ұлтының саны жылдан жылға айтарлықтай өсіп келеді. Мұсылманның бес парызы – имандылық, бес уақыт намаз, ораза тұту, қажылыққа бару, садақа салу екені әлімсақтан белгілі. Балаларға бүгіннен бастап намаз оқып, ораза ұстап, қажылыққа барыңдар деп жатқан ешкім жоқ. Ол әркімнің өз таңдауы, ертең ержеткендегі қалауы білсін. Бірақ баланың жүрегіне иман ұялатып, садақаның мақсаты – қайырымдылыққа баулу тәрбиенің негізі. Жүрегінде иманы бар адам ешқашан жамандыққа бармайды, қайырымды жан ешкімді жерде қалдырмайды. Ислам діні білім мен ғылымды қолдайды. Мектеп бағдарламасына Ислам діні негіздерін оқытуды енгізу туралы қаншама жылдар жазып жүрсек те, ешкім оны назарына алып жатқан жоқ. Тағы да айтамыз, бұл оқушыларға намаз оқып, ораза ұстаңдар дегенді білдірмейді. Бұл бүгінгідей терроризм өршіп тұрған кезеңде жастардың діни сауатын ашып, адасуына жол бермес еді. Екіншіден, адами құндылықтарды бойына сіңіреді. Қазір қалай екенін білмейміз, осыдан он шақты жыл бұрын Германияда осы аталған сабақ мектепте оқытыла бастағаны туралы жазылғанын оқығанбыз. Дәп содан немістер жаппай мұсылман болып кетпегені белгілі. Бірақ Ислам діні туралы жастардың дұрыс түсінік алары сөзсіз.
Егеменді еліміздің болашақ ұрпақтарының отаншылдық сана-сезімін, ұлттық психологиясын қалыптастырып, ата-бабаларымыздың салт дәстүрімен, тілімен, дінімен, озық мәдениетімен сабақтастыра отырып тәрбиелеу қазіргі күннің ең өзекті мәселесінің бірі екенін мойындауымыз керек. Соны түсінетін уақыт келді. Ұрпақ тәрбиесіне ұлттық ұстанымды қалыптастырмасақ болашақта батыстықтармен бірге шіркеудің шаңырағы астында шын мәнінде шоқынып тұратын күнге жететін боламыз...
Зейнолла АБАЖАН
qazaquni.kz