ҚОСАРҒА
2021 ж. 15 ақпан
2437
0
Бүгінге дейін біреудің жасын, біреудің жұмыр басын, біреудің жолын, біреудің достыққа ұсынған қолын сыйлап, кей нәрсені имене айтып, иіліп шыға беріп едік. Бірақ именгенді илей бергенді көріп келеміз. Шындықты біз де айтып қалайық енді.
«Ағат басылған» деп ақтау ақиқатқа жауап болмайды. «Ағат басылған» емес, ең болмағанда, «ескі емлемен басылған» деу керек еді. Ол ағат басылып кетпеген, біле тұра басылған. Жұртшылыққа арналған уәж поэзия емес қой, синонимдерді бұрқыратса бола беретін. Әр сөздің өз орны бар. Бұлай соғып салуға болмайды. Ахмет Байтұрсынұлы мен «ағат» деген сөз үйлеспейді. Және оның себебін, долбарлап емес, мұқият тексеріп алып айту керек еді. Табу қиынға соқса, сұрауға да болады. Мен мұны білмей, байқаусызда шығарып алған жоқпын. Бұл «1924 жылдан кейін ешбір жерде жазылмады, кітап басылмады» деген кісілерге дәйек болатын. Тіпті, 1925 жылы емле тағы өзгергені де шындық. Мұны дәлелдеп жатпаймын, уақытым аз. Төте жазудағы кітаптарды кирилге ат жазу үшін топырлатып аудармай, зерттеу үшін аударғанда ғана аңғаруға болады мұны.
«Қазақ» газетінің 266 номерін, «Тіл-құралдың» елімізде бар 23 басылымын, «Оқу-құралының» 20-дан аса нұсқасын, сондай-ақ толып жатқан мақалалары мен кітаптарын бірін қалдырмай түпнұсқадан оқыған, оқып қоймай, оның тек емлелік ерекшелігіне байланысты 7-8 мақала арнаған ізденуші ретінде айтқым келіп отыр. Бұған келгенде, адасып, қате ақпарат айтып жүрмін деп ойламаймын. Және әлде кімдер сияқты біреудің көз майын, алтын уақытын жұмсап дайындаған Атамыздың мұраларын, біреуі сүйесін, екіншісі демесін болып, өз атынан шығарып алып, «Аруақтан ұят» деп ауызды аруақтың ақ кебінімен сүртіп отырған жоқпын. Одан арғыны айтпағанда, әрине.
Ахмет атамыз соңғы тұжырымдарында «у»-дың алдында бас буыннан басқа буында «ы» келетінін, қазақ сөздері екінші буыннан бастап, буын соңына дейін «езубейімді» болатынын айтқан. Өтірік айтсам, дәлелмен терістеңіздер. Бас буыннан басқа буында келмей, орын талғағандықтан, «ұ/ү» дыбыстарын «талғауық дауысшылар» деп атаған. Ахмет атамыз «ұ/ү» дыбысын бас буыннан кейін жазсаңдар болады», «ерін үндестігін тірілтіңдер» деп айтқан емес. Осыны біліп, көріп отырып, «Ағай мен Атайдың ұстанымдары бір» деп жұртты алжастырып отырғанын көріп отырмыз. Міне, нағыз аруақтан, халықтан ұялатын нәрсе. Ахмет Байтұрсынұлының атымен шындықты өз ұстанымына бұрмалау деген осы болады. Сөйте тұра «Байтұрсынұлы емлесі» мен «Байтұрсынұлы грамматикасын» өз атымен төңкергелі отырғандарын, не біледі, не білмейді.
Менің айтпағым бір ғана нәрсе – 20-ғасыр басында «у» мен «й»-ді таратып жазу көптеген емлелік қиындықтарға әкелді. Оған ескі мәтіндерді оқу барысында әбден көзім жетті. 1924 жылдан кейін таратып жазу шешіміне келгенін бәріміз білеміз. Одан кейін де қалай болғанына қанықпыз. Бірақ 1924 жылдан бұрын да, одан кейін де «таратып жазу» мәселесі түбегейлі шешімін таппады. «Шешім таппады» деп отырғаным, шешімнің қабылдануына байланысты емес, содан туатын салдарды көріп айтқаным. 1924 жылы таратып жазылғанымен, одан кейінгі көптеген мәтіндерде дәл осы «й» мен «у»-ға байланысты емлелік қателіктер көп кетті. Тіпті, Байтұрсынұлы Ахмет атамыздың өз еңбектерінде де бар (Бұл Ахмет атамыздан кеткен кемшілік емес, әрине). Мұндай қателер өзге кітаптар мен ескі қолжазбаларда тіптен көп. Оны Академиялық кітапханадағы он мыңдаған қолжазбаларды ақтарып оқып, оның емлелік ерекшелігін мұқият талдап отырғанда ғана көз жеткізуге болады. Гап осында.
Ертең бұл жоба ғайыптан тайып жүзеге аса қалса, тіл мамандарынан басқа халық жаппай сауатсызданады. Сауатсыз жазылатын мәтіндерден ешқашан құтыла алмайтын боламыз. Жазуды нота шығарғандай ежіктеп отырып қағазға түсіретін боламыз. Мұндай сауатсыз мәтіндерге көптеген корректорлар керек болады. Біз бит тергендей, әріп ішінен «й» мен «у»-ды іздеп, олардың қосақтарын түгендеп, қой мен қозыны жұптағандай жұптап отыратын боламыз. Мұғалімдердің жұмысы да балалардың сауатын тез ашып, жазу үйрету емес, ежіктеп буынға бөліп, ондағы қатені тексеру болады. Емлеміз «ежік емлеге» айналады. Кірме сөздерді ойлағанда, бір тілге екі емле ереже арнауға себеп болады. Мұны жазбай танып, жаңылмай айту үшін Байтұрсынұлы, Омарұлы болу керек әр қазақ. Ол түгіл дауысты-дауыссыз, буын дегеннің не екенін білмейтін, білгісі де келмейтін қарапайым халық не істейді? Аз шығынмен көп жұмыс бітіргісі келген баспагерлер ше? Әр уақыты санаулы әріп теретіндер не істейді? Аз таңбамен көп ақпарат бергісі келген технарлар не істейді? Қысқасы, «й» мен «у»-ды таратып жазудың пайдасы одан туатын зиянның мыңнан бірін де өтей алмайды.
Бұдан сұрау туады. Қазақ тілінде буын мен тасымалдан артқан білім жоқ па? Әлде заңдылық жоқ па? Мұны кей тұста ережемен түсіндірсе, жұрттың тілдік сауаты ашылмай, мақау болып қала ма? Бүгінге дейін жұрт қалай үйреніп келді? Тіпті, керек болған күннің өзінде де мұны орфоэпиямен үйретуге болмай ма? Жазу білетін қарапайым халық жазуды буын санап емес, дағдымен жазады, дағдымен сөйлейді. Дағдыға қарсы жұмыс жасау тілге жанашырлық па?
«й» мен «у»-ды «дауысты» деп оқып келгендер де құлаш-құлаш сөз жазып, шумақ-шумақ өлең шығарып, шабытына ештеңе шақ келмей жүр. Оны былай қойғанда, бір таңбамен 70 жыл жазып келгендер де ойын әрлеп айтып, астарлап тігуге жарап жүр. Осы емлемен оқыған жұртан Димаштай жезтаңдай ұл, небір дала дарындары туып отыр. Бұл емлемен оқымаған Ұлы Шоқанды айтпағанда, одан бергінің қай бірін түгендейік. Демек, «й» мен «у»-ды бір таңбамен жазудың тіл білуге, үн шығаруға, ой түрлеуге, сөз саптауға ешқандай қатысы жоқ. Тіпті тіл заңын сақтауға, тілді дамытуға ешқандай кедергісі жоқ. Ол тек тарих жасаудың құралы. Бар шындық – осы.
Енді тарихи мысалға қараңыз, бір ғана «Оқу құралы» деген сөзді алайық: 1913 жылы «Оқу құралы», 1922 жылы «Оқұу құралы», 1925 жылы «Оқу құралы» 1926 жылы «Оқыу құралы», 1934 жылы «Оқұу құралы». Зер салсаңыз, тұрақты жазу нормасы бар ма? Жазу осылай бола ма?! Бұл – жазу мәдениеті жаңадан қалыптасқан елдерге тиесілі құбылыс. Біз өткенімізді көре тұрып, дәл сол қателікті қайталайық деп отырмыз.
Одан қалды, «й» мен «у»-дың мәселесін саясатқа әкеп тірейміз. «й» мен «у»-сыз, «Қызыл империяның» қазақ тілін құртуға қуаты жоқтай. Сол «й» мен «у»-ды ойлап тапқан бар зиялымызды қаймақтай сыпырып қылғып алған «Қызыл империяның» күші, тағдыры қыл үстінде тұрған қазақ тіліне, «й» мен «у»-дан адастырмаса, жетпей қалып па? Шындығында мұның саясатпен түк те қатысы жоқ. Ол тек жазу тәжірибесі қалыптасып келе жатқан жұрттың алғашқы кездегі графикалық ізденістері ғана.
Дәуірдің дара перзенті Қ.Жұбанов «й» мен «у»-ға келгенде ақылына емес, саясатқа ерік берді дегенді айтуға қалай ғана дәтіміз барады. Шын мәнінде тіліміз бен қазақ емлесіне саясат салқынынан бұрын, салқын кімдерден тиіп жүргенін жұрт жақсы біледі.
Тіл қорғау, тіл қорғағанды қорғау – біздің де міндетіміз. Енді сериялы мақалалар күтіңіздер.
Ермұхамет Маралбек
А.Байтұрсынұлы атындағы
Тіл білімі институтының
ғылыми қызметкері, PhD доктор