"Қарқаралы петициясы" жазылған үй
2021 ж. 13 ақпан
2898
0
немесе атақты Бекмет әулеті туралы сыр
"Көк үй"
Біз әңгімелесіп отырған Жәмила Бекметева – Жақып Ақбаевтан бастап Райымжан Мәрсеков, Әміре Айтбақин, Шәріп Өтепов, Анатолий Ивановтың да балдызы. Кезінде сонау Құнанбай Өскенбайұлымен үзеңгі қағысқан әйгілі қарқаралылық көпес Халиолла Бекметевтің шөбересі. Алматы қаласында тұрады. 1975 жылы Қазақтың мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген. Мамандығы – кітапханашы-библиограф. «Ермак» төңірегіндегі түйткіл Ә дегеннен Жақыпқа жармасатын себебіміз де жоқ емес. Білікті ғалым, көрнекті мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхамедтің бір дерегінен үзінді келтірейік: «Университетті алтын медальмен тәмәмдап, қазақ халқынан тұңғыш «право магистрі» деген ғылыми атаққа ие болған Жақып Ақбаев 1903 жылы туған еліне оралады. «Елге оралған соң әкеме ата-анасы, жора-жолдастары «үйлен» деп, оқыған, мәдениетті, сымбатты жігітке өзіне лайық жар таңдатады. Таңдау сол кезде Қарқаралыдағы ауқатты татар байларының бірі Халиолла Бекметевтің бойжетіп отырған сұлу қызы Гүлбахорға түседі. Әкесі арқылы Халиолла байға кісі жіберіп, сұрау салады. Болашақ қайын атасы қызы көнсе, өзінің қазақ байымен құда болуға қарсы еместігін білдіреді. Мұны естіген Жақыпты бұрын көрмеген қаланың ерке сұлуы «қазаққа бармаймын» деп қиғылық салыпты. Осы кезде үйге Халиолла байдың рұқсатымен үстіне су жаңа фрак киіп, алтын пенснесін жарқылдатып Жақып келеді. Көріп, көңілі әбден орныққан анамыз әуелгі райынан қайтып, келісімін береді», – деп жазады өз естелігінде Жақаңның үлкен қызы Аргуния апай әкесінің үйленуі туралы». (Құл-Мұхамед М. Алаш ардагері. Ж.Ақбаевтың саяси-құқылық көзқарастары. – Алматы: Жеті жарғы, 1996. – 13-14 б.б.). Татардың матур қыздарының, расында, қаймана қазақты місе тұта қоймауын түсінуге де болар. Өзі айдай сұлу, өзі оқыған... Өзі үлде мен бүлдеге оранған байдың қызы болса... Осының көрінісіндей, Халиолла көпес үйіндегі бойжеткендердің біразы орыстың талантты ұлдарын қалағанын байқаймыз. Мәселен, біздің кейіпкеріміздің атасы Мұхтармен бірге туған Мәжиттің қызы Гүлғасыл көпке белгілі «Тени исчезают в полдень», «Вечный зов» романдарының авторы Анатолий Ивановтың етегінен ұстапты. Екеуі кезінде Қазақ мемлекеттік Университетінде қатар оқыған екен. Болашақ жазушы журналистика факультетін түгессе, Гүлекең филолог мамандығын игеріп шыққан. Алайда туған-туыс аялап өсірген қыздарының діні бөлек, тілі басқа адамға шыққанына қатты қапаланса керек. Дегенмен, обалы кәне, күйеубала әйелінің туыстарына жақсы қарапты. Орысшасымен қатар татарша, қазақшаға судай келіншегінің де рухани тұрғыдан өсіп-өркендеуіне жол ашып отырған... (Жәмиланың айтуынша, сол тұстағы Қарқаралы тұрғындарының татары да, орысы да қазақша сөйлеген көрінеді). Тағы бір айта кететіні, Гүлекең диплом жұмысын Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы бойынша қорғайды. Жоғары оқу орнын бітірген соң Қарағанды орта мектептерінің бірінде орыс тілі және әдебиеті пәнінен сабақ береді. Анатолий бұл аралықта қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарайтын туған жері Шемонаиха қаласына оралып, «Прииртышская правда» газетіне жұмысқа орналасады, одан недәуір уақыт өткенде әскер қатарына аттанады. Қысқасы, Гүлғасыл оны үш жарым жылдай күтіпті. Екеуі үйленгеннен кейін он бес жыл Новосибирск қаласында тұрған екен. Қаламгердің «Молодая гвардия» журналының Бас редакторы болып тағайындалып, кітаптарын шығарып, еңбегі жанып, СССР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Социалистік Еңбек Ері атануы кейінде. Гүлғасыл да кәсіби жағынан біршама белестерге көтеріледі. Ұзақ уақыт Ресей Ғылым Академиясының Сібір бөлімшесінде ғылыми редакторлық қызмет атқарады. Белгілі жазушы Анатолий Ивановтың зайыбы Гүлғасыл Бекметева мен Жәмила Күйеу жігіттің қайын жұртты жаны қалмай құрметтегені соншалықты, анда-санда енесі келгенде о кісінің намаз оқитын бөлмесіне дейін даярлап, құрақ ұшады екен. Бірақ бұл жағынан аздаған түйткіл де бар... – Гүлекең 2006 жылы Алматыға келді, – дейді Жәмила Кәмилқызы. – Маған қоңырау шалды. Көліктен түскен беті сияқты. Қасында туған сіңлісі Зухра жүр. Ойбай-ау, дереу үйге келсеңіздерші деп есім шығып, мекен-жайымызды айтып жатырмын. Сағынысып қалыппыз, о кісілер де қуанып, мәре-сәре болдық. Өкініштісі, Анатолий Степанович екеуінің бір ұл, бір қызы бар-ды, бұ кезде екеуі де о дүниелік болып кеткен. Қызы Ирина Ресей Ішкі істер министрлігінде подполковник еді, қайта құру кезеңінде көлік апатынан көз жұмды. Ұлдары Сергей де Федералды қауіпсіздік қызметінің полковнигі-тін, ол да кенеттен қайтыс болды. Президент Путин көңіл айтыпты. Екі бірдей перзентінен айырылған апай балалары еске түскенде қатты қайғырып, күйзеліп отырды. Менің бір ренжігенім – әпкеміз аты-жөнін орысша Галина Леонтьевна деп өзгертіпті. «Мұныңыз қалай, сіздің әкеңіз Мәжит ақсақал емес пе еді?!» деп сонша наразылық таныттым. «Ешбір қапаланба, бұл менің әдеби псевдонимім ғана ғой!» деп жұбатты. Өзінің 2009 жылы сексен жасқа келетінін, сол мерейтойға осындағы туыстарды Мәскеуге өзің бастап келесің деп көңіл сергітуге тырысты. «Әйткенмен, оған дейін бәріміз Қарқаралыдағы Халиолла атамның Көк үйінде бас қосуымыз қажет» – деді. Екі жылдан кейін күйеуінің де туғанына сексен жыл толатынын айтты, бірақ сөз арасында: «Білесің бе, Анатолий Ивановты қазақ жазушылары аса ұната қоймайды» деп қалды...» Айтса айтқанындай-ақ, бұл жағдаят бізді де арагідік елегзітіп қоятын еді. Жерлес жазушының дарынына, қарымына ешкім шәк келтіре алмайды. Дегенмен, мысалы, кезінде сонау «Вечный зов» шығармасы бойынша түсірілген телеэпопея, кинороманда неліктен бір қазақ кездеспейді екен деп аңтарылатынбыз. Анықтамалығында «1906-1960» жылдар аралығында алыстағы Сібір селоларының бірінде өткен өмір көріністері» деп түсіндірілсе де, көкейде «мұнда, негізінен, бізбен ежелден қоңсылас өңірде, қазақ жерінде болған өмір қамтылмай ма» деген күмән тұратын. Біздің ағайындардың көңіліне көбірек кірбің ұялатқан дүние Анатолий Степановичтің «Ермак» хикаяты ма деп топшылаймыз. «Ермак есімі ел жадынан өшпейді» деп аяқталатын повеспен біз де таныспыз, жазушы Ертіс жағасында ажал тапқан бас қаһарманының жауларын, неге екенін, «татарлар» деп атайды. Бұл туынды бойынша да кинофильм түсірілгенін білеміз. Гүлғасыл Мәжитқызы да орайы келгенде жолдасынан: «Сен, осы, неліктен менің жерлестерімді жек көресің?» деп сұрап та қалған секілді. Сонда күйеуі: «Неге олай дейсің? Мен егер мұсылмандарды ұнатпаған болсам татар қызына үйленер ме едім?!» деп жауап қайтарған көрінеді. Бірақ кім білсін. Осынау сұрақ Жәмила Кәмилқызын да недәуір толғантатын секілді. Бекмет балаларының келуі «Бұлар, өзі, Қазақ еліне қашан, қандай жағдайда тап болған, тамырын қалай жайған» деген сауал туындауы заңды. Кейіпкеріміздің айтуынша, Бекмет (толық есімі Бекмұхамед) ұрпақтары мұнда сонау ХІХ ғасырдың басында Қазан қаласынан келіп, ірге тепкен секілді. «Біздің әкелерімізбен қатар Дінмұхамед Қонаевтың зайыбы Зухра Шәріпқызының арғы аталары да қоныс аударған сияқты. Сөйтіп, саудаларын бірге жүргізген» – дейді Жәмекең. Иә, кейін олар Қызылжарға бекісе, ағайынды Хамит және Жағфар Бекметевтер Қарқаралыға сіңеді. Бұлар саудамен қатар осы өңірде біртіндеп мешіт, медресе, мектеп салып, Қазаннан діни сауатты кісілерді, білікті мұғалімдерді алдыра бастайды. (Бұл жөнінде Орталық мемлекеттік мұрағатынан 1878 жылы сәуірдің 15-інде Семей облысы Әскери губернаторы қол қойған құжат табылған. 15-қор, 2-тізбе, 25- іс). Бекмет балалары орналасқан өңірлерінде ағарту саласы мен дін мәселесіне қатты көңіл бөліп, мешіт, медресе салуға зор үлес қосқан адамдар екен. Сонымен қатар Хамиттың ұлдары ағалы-інілі Халиолла мен Хамидолла Балқаш аймағында кен көздерін ашып, кәсіпкерлікпен айналысады. Сөйтіп жиған-терген байлығының белгілі бөлігін осындағы ел игілігіне жұмсап отыруға ден қояды.Халиолла Бекметев өкіл баласы Хакімжанмен бірге
Халиолла Бекметевті осындай қайырымдылығы үшін орыс императорлары III Александр 1888 жылы Күміс медальмен, ал II Николай 1904 жылы Алтын медальмен марапаттапты. Сөз орайында айта кетейік, Халиолланың әкесі Хамит төрт әйел алған адам екен. Олардың екеуі – Сақыпжамал мен Әтине жергілікті қазақ қыздары. Халиолла Сақыпжамалдан туған. Бұл да өз кезегінде төрт рет үйленіпті. Олардың алғашқы үшеуінен бала болмаған соң төртінші әйелді қазақтан, оның ішінде тобықты руынан шыққан Шоңбайдың қызы Ғайниды алады. Яғни, қайынатасы Құнанбайға өте жақын. – Кейін жақсы көрген ағайын «Әйнеке» деп атап кеткен Ғайни әжеміз дүниеге төрт ұл, бір қыз әкелген екен. Олар – Махмұт, Мұхтар, Мұғин, Мұхсен және Гүлнахар. Керемет болғанда, Ғайнекеңнің аяғы құтты болып, көпке дейін бала көтермей келген Бибі-Фатима шешеміз де дүниеге үш сәби әкеліпті: Гүлбахор, Мәжит, Мәсғұт, – дейді Жәмила. – Заңгер Жақып Ақпаевтың әйелі осы Гүлбахор апамыз... Құнанбай Қарқаралыға келгенде Ғайниды жақын тартып, ылғи Халиолланың жайына түсетін көрінеді. Көпес те ол келерде тай сойып, қажыны өзінің «Көк үй» атанған берекелі шаңырағында қол қусырып күтіп алуды әдет қылыпты. Құнекең аға-сұлтан болып тұрғанда баласы Абайды ертіп мұнда жиі келеді. Кейін есейген кезінде Абайдың өзі де Қарқаралыға жол тартса, осында түсіп, бұл өлкенің әсем табиғатын талай тамашалағанын аңдаймыз. Ертеден жеткен сөз бойынша, Халиолла үйінің ауласы басқа уақытта да қырдан келген қазақтардың арбасына толып тұрушы еді дейді. Халиолла Хамитұлы осылайша Қарқаралы аумағында аса беделді адамдардың біріне айналады. Атап айтқанда, ол Қоянды жәрмеңкелік комитетінің мүшесі, осы өлкедегі түрмелерге қамқорлық жасау жөніндегі Қарқаралы бөлімшесінің директоры жұмысын атқарған. Жәмиланың айтуына қарағанда, Халекең Құнанбай қажы мешітін салуға қаржылай көмек көрсеткен. Сондай-ақ мешіттің сәулет жобасы туралы да недәуір жәрдем беріпті. Құнанбай мен Халиолланың достығы арқасында Бекмет тұқымы қазақтан қыз алып, қыз беруді салтқа айналдырады. Халекеңнің туған інісі Хамидолла да Берікқара болысындағы қаракесек Кенжеғара дегеннің қызы Дәлиланы алады. Бір ғажабы, кейінірек, нақтырағы, 1885 жылдың 19 қазаны күні Томск тау-кен басқармасы осы Дәлилаға «Балқаш болысындағы Үлкенқоңырат шатқалынан кен орындарын іздеу» туралы рұқсат куәлігін тапсырады. Демек, кейін әлемге әйгіленген Қоңырат кенішінің алғашқы иесі осы Дәлила Кенжеғарақызы деуге негіз мол. Бертінде осы кен орнында Дінмұхамед Қонаевтың да еңбек еткені еске түседі. Жәмила Кәмилқызы: – Ең өкініштісі, осынау жәйттерден көпшілік елді былай қойғанда, қазіргі қоңыраттықтардың өзі мүлдем хабарсыз, – деп қынжылады. Қазақ мүддесін діттеген Тарих тұңғиығына аса тереңдемей-ақ, Алаш қауымы құрылғаннан бергі заманаларға көз жүгіртсек те, тағдыры күрделі ел екенімізді аңдайсың. Қазақтың басына ғасырларға созылған ырғын-сүргін соғыстар салған сойқанды қайталап жату артығырақ болса да, кейбір сыртқы мүдделі күштер қасақана жасаған зұлымдық зардабын әлі күнге дейін тартып келе жатқанымыз ойға оралады.Дінмұхаммед Қонаев пен Жәмила Бекметева
Әйткенмен, ежелден еркіндік аңсаған рухы асқақ халық түрлі қысымды мойындай алмай, қолдан келгенше қарсыласып, бодандық құрсауынан құтылудың айла-шарғысын жасап бағыпты. Кейбір құжаттарда Санкт-Петербургтің ХҮІІІ-ХІХ ғасырдың өзінде мұндай «бассыздықты» аяусыз жаншып, далалықтардың сазайын тартқызу туралы дүркін-дүркін тапсырма бергені көрсетілген. Осылайша, анау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасыретінің сорлатқаны аздай, патшалық Ресей екінші жақтан үйіріп соғып, діңкелетіп бітіпті. Кескілескен шайқастардан қалған үрейден бөлек, қайта-қайта қасақана жасалған аштық жаппай қыру арқылы сананы мертіктіріп, ұлттың гендік қорын күйретеді. Әсіресе, үш жүз жылға жуық билеген озбыр империя ең шұрайлы жерлер мен қоғалы көл, қом-суды тартып алып, отырықшылдыққа мүмкіндік бермеген... Бұдан соң, расында, ел қайтіп оңады? Әлгі «Ұлы Қазан революциясына дейін қазақтың бір-екі пайызы ғана хат таныған» деп, басқыншы күштердің осы елді жабайы тобыр қатарында санауы, «хайуаннан айырмашылығы шамалы, сондықтан сайлауға қатысуы былай тұрсын, сауда-саттықпен, егіншілік, диқаншылық, балық аулау сияқты басқа да кәсіп түрлерімен айналысуға да мүлде қақылары жоқ; ондағы құйқалы алқаптың бәрін қалағанымызша ала береміз» деп басынуы Алаш арыстарын, тіпті, ертеректен-ақ ашындырғанын көреміз. Әлихан Бөкейханұлы, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынов, Жақып Ақбаев бастаған серкелер осындай зорлық-зомбылыққа төзбей, 1905 жылдың маусымында қазақ халқының атынан император II Николайға арналған петиция ұйымдастырады. Сөйтіп, патша ағзамға бірнеше бөлімнен тұратын нақты талаптарын қояды. «Қарқаралы петициясы» деп аталған бұл құжаттың қысқаша мәні: «Біздің ежелден мал баққан көшпенді халық екеніміз рас, бірақ базбір ұлықтар ойлағандай, беталды сенделіп жүрген ессіз тобыр емеспіз. Біздің де ғасырлар бойы қалыптасқан биік мәдениетіміз, лайықты салт-дәстүріміз бар; алты миллион қазақты мал қатарына қосу үлкен қорлық. Озбырлықтың да шегі болу керек. Қазіргі отырған жеріміз де иесіз жатқан дала емес, ата-бабаларымыздың қанымен қорғалған атақонысымыз. Сол себепті, ояздарыңыздың жүгенсіздігіне тыйым салып, тартып алған өңірлерді өзімізге қайтарыңыз. Елдің өз ана тілінде білім алуына мұрсат беріңіз...» дегендей қағидаларды қамтыр еді. Хат сол жылы шілденің 22-і күні жергілікті пошта-телеграф арқылы Санкт-Петербургке жөнелтіледі. Тарихтан білетініміздей, аталмыш құжат жоғарыда елеулі серпіліс туғызады. Сең түбегейлі қозғалмағанымен, басқыншы билік бұл талаппен санаспаса болмайтынын түсіне бастайды. Бірақ арада он жылдай өткенде Ұлы төңкеріс сол мәртебелі императордың өзін де жаһаннамға жібергені мәлім... «Қарқаралы петициясы» Халиолланың «Көк үйінде» жазылған екен. Бұған жоғарыда аталған төртеуге қоса халықққа кең танымал отыз сегіз адам бастаған он төрт мың бес жүз кісі қол қояды. Ал анау алдыңғы зиялы лектің ішінде Қазақ мүддесі үшін әуелден аянбай күрескен публицист Мұхаммед-Мақсұт Бекметов те бар еді. Ол – сонау қапияда мерт болған Гүлшат қыздың туған ағасы-тын. Өкініштісі, кейінгі кезде Мұхаммед-Мақсұттың аты петицияның көшбасшы авторлары қатарынан алынып тасталыпты. Жәмила Кәмилқызын бұл жағдай қатты күйіндіреді. – Патша өкіметі Мұхаммед-Мақсұт Хамидоллаұлын 1906 жылы елді азаттыққа шақырған іс-әрекеті үшін Қазан қаласына жер аударады. Бірақ ол сонда жүріп те қазақ мүддесі жолындағы күресті тоқтатпаған. Осыдан соң оны Орынборға айдапты. Бәрібір қаламды тастамайды. 1909 жылы Санкт-Петербургте шығатын «Речь» газетінде Семей түрмесінде азап шегіп жатқан Ахмет Байтұрсыновқа бостандық берілуін талап еткен мақаласы басылады. Сол жылы Қазанда «Қазақ өлеңдері» атты жинағы жарық көреді. Қысқасы, ұлты татар болса да қазақ деп жанын берген. Қуғында жүріп көз жұмғанда жиырма тоғыз-ақ жаста екен. Өмірден ештеңе көрмей кетті. Атағы дүрілдеген көпестің ұрпағы өліп жатқанында қалтасынан бес тиын шығыпты... Міне, осындай адамның біртіндеп ел жадынан ысырыла бастауы, кейінгі монографияларда аты аталмауы мүлде түсініксіз, – дейді Жәмила. Сол секілді Жәмиланың атасы Мұхаммед-Мұхтардың кенже інісі Мұхсен Бекметев те Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» деген өлеңін таратқаны үшін қудаланады. Жандарм полициясының басқармасы оны әлгі 1911 жылдан бастап қатаң бақылауға алыпты. Мұхсен – 1890 жылы Халиолланың қазақ әйелі Ғайниден туған ұл. Қарқаралыда гимназия, училище бітірген. Әр жылдарда Қарқаралы уездік Азық-түлік комитетінің мүшесі болады, қаладағы Атқару комитетіне сайланады. 1917 жылдың сәуірінде Мұсылман комитетінің алқа мүшелері оның кандидатурасын уездік милиция бастығына қызметіне ұсынады. Бірақ саяси репрессиядан құтылмағандай. Ақыры 1931 жылы Қарқаралыда көз жұмыпты. *** Бекмет ұрпақтарының да көптеген өкілі Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан көрінеді. Бірқатары майдан даласында қаза тапқан. Мәселен, бұл тізімді: Асхат Нұроллаұлы, Ағылбұм Қасымұлы, Мұхаммадияр Хашимұлы, АсфендиярХашимұлы, Мұффахар Мәжитұлы, Ғафар Мәжитұлы... деп жалғасыра беруге болады. Бейбіт еңбекте де тер төгіп, лайықты сый-құрметке бөленген адамдар да бірқатар. Мәселен, Қарағанды аумағы ұзақ уақыт Көмір өндірісі саласында басшылық қызметте болған Асфандияр Бекметевті жақсы біледі. Ал оның ұлы Евгений бертінге дейін Қарағанды облыстық Білім бөліміне жетекшілік етті. Қазір Мәскеу қаласында тұрады. Жәмила Кәмилқызы: – Міне, бүгінге дейін Бекмет әулетіне қатысты тірнектеп, қыруар экспонат пен түрлі құжаттар жинаппын. Ренжитін себебім – «Көк үйдің» әкімшілігі менің көзім тайған бойда-ақ осынау көрме бұйымдарын албарға қарай, кіреберіске... Табалдырық алдына шығарып қойыпты! Неге олай?! Бұл әрі-беріден кейін Бекметевтердің өз үйі ғой! Құнды мұрағаттар төрде тұруға тиісті емес пе?! – дейді. *** Жәмиланың айтуынша, әкесі Кәмекең өле-өлгенше Алашордашыларға табынып, солардың еңбектерін насихаттаумен өткен. – Жас кезімде шешеме әлдекімдер туралы: «Ойбай, ол кісі Алашорда мүшесі ғой!» деп сұқ саусағын көкке көтеруші еді. Сонда анам марқұм да аң-таң болып: «А-а!» – деп көзі бақыраятын, – дейді кейіпкеріміз. – Негізі, менің әкемді тәрбиелеп өсірген өгей әкесі қарағандылық қазақ Құсайын Көшенов деген кісі екен. 1937 жылы ұсталып, бір жылдан кейін атылып кетеді. Әкем төлқұжатта қазақ болып жазылған. Бірақ асыраған әкесі оның «Бекметев» деген тегін өзгертпеген. Әкемнің өгей әкесіне адалдығы сонша: «Біз қаракесек – кәрсөн-кернейміз» деп отыратын-ды... Кейіпкеріміздің әңгімесіне қарағанда, әкесі қызының құлағына талай нәрсені құйған секілді. – Бәлкім, содан ба екен, қаршадайымнан жергілікті өлкенің тарихына құмар болдым, – дейді өзі. – Папам солақай күштер 1930 жылдары біздің әулетке ғана емес, жалпы Қазақ тарихына қатысты архивтерді қасақана өртегенін айтатын. Жалпы, осы күнге дейін ұсақ-түйек көрінсе де, әрбір қалт еткен нәрсенің бәрін мейлінше қамтуға тырысып, жинақтап жүремін. Мысалы, Ресей империясынын генералы Лавр Корнилов Қарқаралыда туған адам. Оның Алматыда тұратын немере қарындасы Маргарита Порфирьевна Корнилованы тауып, телефон арқылы хабарласқанымда, ол кісі бірден: «Сендердің әулеттеріңді жақсы білемін. Қарқаралыда алтыншы сыныптан бастап төрт жыл сіздің апайыңыз Кәмила Мұхсенқызымен бір партада отырдық, екеуміз дос едік. Кезінде Қарқаралыда көп ұлттың өкілдері тату-тәтті өмір сүрді. Жасырақ кезімде жыл сайын елге барып тұрушы едім. Шіркін, туған жердің табиғаты да, адамдары да ерекше ғой, – деп күрсінді. – Біздің үйде бұрынғыдан қалған фотосуреттер көп еді, бірақ қуғын-сүргін кезінде қорыққанымыздан бәрін отқа жағып жібердік, солардың ішінде Лавр Георгиевичтің де суреттері бар-тын» – деді. Жәмила бірде белгілі майдангер жазушы Қалмұқан Исабаевпен жолығып қалыпты. О кісі де мұны танып: – Жалпы, сендер туралы тарихқа біршама қанықпын. Әсіресе, сіздердің тұқымның қыздары өте өжет келеді екен. Архивтен Таиси Бекметева деген апаларың туралы құжат таптым. Ол соғыс кезінде ұшқыштар мектебінде оқыған көрінеді. Кейінірек маған кел, деректермен тереңірек таныстырамын, – деп үйінің адресін айтыпты. Бұл өзі іздегісі келіп, Қордың нөмірін сұраса, қаламгер айтпапты. – Соңғы рет, телефон соққанымда, ағайдың қыздары: «Әкеміз сізге келсін деп жатыр» деді. Барғанымша, қайтыс болып кетті. Сөйтіп Таифи Абдоллақызының тағдырынан бейхабар болып қалдым, – деп қатты өкінді. – Дегенмен, туыстарды іздестіруді доғарған жоқпын. Таяуда Жағфар қажы Бекметевтің ұрпағы Зәйтуна апайымызды іздеп таптым. Қарағанды облысына қарасты Қаражал қаласында тұрады... Жәмиланың арманы – болашақта сонау «Көк үйді» отбасылық қана емес, үлкен Алашорда музейіне айналдыру. Біз шағын әулет тарихын Қазақ елінің елдік мұраттарымен ұштастыруға ұмтылып жүрген жанның ісіне сәттілік тіледік. Құлтөлеу МҰҚАШ qazaquni.kz