2021 жыл Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жарияланды
2021 ж. 12 ақпан
2577
0
Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде «2021жылы - Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы» - аясында арнайы брифинг болып өтті.
Жиынға ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының Басқарма төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, жыршы, драматург Баянғали Әлімжанов, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, Атырау облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Сара Измухаметова қатысты.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысында балалар мен жасөспірімдер арасындағы оқу мәселесінің маңыздылығын атап өткен болатын. Сондай-ақ,бұл мәселедегі кітапханалардың мәртебесіне назар аудара отырып, еліміздің барлық тұрғындарының күш-жігерін қазақстандық оқырман ұрпақты тәрбиелеуге шақырды.
Осыған орай, жылдың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдердің арасында кітап оқу мәдениеті мен кітап оқу белсенділігін арттыру, кітап оқу мәртебесін көтеру және отбасылық кітап оқудың дәстүрлерін қолдау болып отыр. Аталмыш шара аясында түрлі жобалар мен мәдени іс-шаралар, халықаралық форумдар, үйірмелер, шолу мен тақырыптық экскурсиялар, байқаулар мен кездесулер, кештер, челлендждер жүзеге асырылып, әлеуметтік желілер мен БАҚ-да кеңінен насихатталатын болады.
– Биыл алуан түрлі мәдени-танымдық, оқыту шараларын өткізу жоспарланған. Соның ішінде, кітапханалар жүйесі мен қызметінің заманауи үлгілерін ұймыдастыру ісі жолға қойылуда. Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында өтетін шаралармен республиканың барлық аймақтары қамтылады. Оқырмандардың кітап оқуына барынша жағдай жасалады, - деді ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов.
Брифингте сөз кезегін алған Ұлттық акдемиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаева қазіргі қоғамда «сәнге» айналған жылдам оқуға қатысты өз пікірін білдірді.
– Мен балалар үшін таңдаудың болғанын қалаймын. Ол тез оқығысы келе ме, жоқ па – бұл оның таңдауы. Түсініп оқығысы келе ме – бұл да оның таңдауы. Мен жылдам оқудың бірнеше әдісін білемін, балалар үшін бұл өте қолайсыз, өйткені жылдам оқығанда түсініп оқу керек.
Айта кетейік, Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы Кітапханалар қауымдастығы мен бірлестіктерінің халықаралық федерациясының (IFLA) президенті Кристина Маккензидің, сондай-ақ Қазақстанның ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері мен оқырмандар қоғамдастығы тарапынан қолдау тапты.