Кездеспеген кейіпкер
2021 ж. 18 қаңтар
1918
0
яки қораптағы қолтаңба туралы сыр
Баяғыда жарықтық үлкен шешеміз шылымды жиі шегетін қисық шалын анда-санда: – Әкелерің шағында «Қазбек» тартқан! – деп шелитіп қойғанды ұнатушы еді. «Шағыр айғырды басқарма мінеді» дегендей, бұдан біз әлгі «текті» темекінің кезінде анау-мынаудың қолына түспегендігін, «Қазбек» тартқан адамның кәдімгідей мәртебелі саналғандығын пайымдайтынбыз. Содан соң ыржиып күліп қойып, көк түтінді алақанмен серпіп, әлденелерді әңгімелеп отыратын қара шалға таңдана қарап қоямыз. Есейе келе аңғардық, сол «Қазбек» шынында да өз уақытында «темекінің төресі» есептелгенге ұқсайды. Александр Кривицкий жазбаларына сүйенсек, атақты Бауыржан Момышұлы атамыз бен Александр Бек те жертөлелерде отырып «Волакалам тас жолының» материалдарына кіріскенде ылғи «Қазбек» тартқан секілді. «Қазбекті» Тұманбай ағамыз да: – Бұрын ылғи тартушы едің «Прибой», Бүгін тартқан папиросың ірі ғой. Студенттер ұнатпайтын «Қазбек» Жанқалтаңа түсті ме дос, өзі кеп? – дегенімде көзін қысып дос күлді, Күлкісінен қуақы үн естілді. – Қыз алдында жөтелтеді «Прибой», – Ал «Қазбек» ше? – Маркасы оның ірі ғой, – деп жырға қосқан. Әр нәрсенің өз дәуірінде шырқар шегі болатыны рас білем, әкелеріміздің қолына әзер түскен сол қымбат «Қазбек», неге екенін, кейінгі буынға онша ұнай қоймағандай. Дайын портсигар секілді ыңғайлы ашпалы-жаппалы қорабының сыртында мұзарт құздар арасымен желмен жарыса жүйткіп бара жатқан салт атты бейнеленген «темекі төресі» кеңес үкіметі аяқталар тұстарда бірталай жыл дүкен сөрелерінде сарғайып жатты да, күндердің күнінде өзге «туыстарымен» бірге біртіндеп жоғалып кетті. Қазір «Қазбек» емес, шетелдік «Пальмаль», «Мальборо»... тартқан адам «айбынды» көрінеді... Бірде әлемнің бірталай жеріне әйгіліленген осы «Қазбек» қорабын безендіруші қарағандылық суретші дегенді естіп, елеңдеп қалдым. Сұрастыра келсем, о кісі, шынында да, сол кеншілер қаласының байырғы тұрғыны екен. Роберт Граббе... Сексен сегіз жаста... Сонан соң бір бөлмелі пәтерінде өмірінің соңғы сәттерін жападан-жалғыз өткеріп жатқан қарт суретшінің өзімен жүздесуге көңіл кетіп, телефон арқылы тілдестік те, кездесу белгілегенбіз. Роберт Андресовичтің ерекшелігі – ол кескіні әдеттегі шеберлерше қылқаламмен, немесе қарындашпен емес, кәдімгі қайшының көмегімен жасайтын көрінеді. Қажетті қағазды алады да, еш қиналассыз, қолы-қолына жұқпай қалаған бейненің образын мезетте мөлдіретіп қия салады. Сонда кескіннің қимылы мен динамикасы, қозғалыс нақыштары нәзік қиюласып, көз алдыңызға тірі көрініс картиналары келе қалады. (Мұны «вытынанка» десе керек. Ежелгі славян мәдениетіне телінетін өнер түрі секілді. Дегенмен, бажайлап қарасақ, мұның да төркіні өзіміздің оюда жатқанын көреміз. Кейбір батыс зерттеушілерінің осының әуелде көшпенді сақтардың ат әбзелдеріндегі бедерлерден, олардың теріден жасалған бұйымдарындағы таңбалардан, сырмақ, текеметіндегі өрнектерден алғанын ішінара амалсыз мойындаған жазбаларын да оқыдық)... Жерлес суретшінің өз айтуына қарағанда, шешесі шебер тігінші болыпты. Сондықтан, маза таппай етекке орала беретін екі-үш жасар баласын іс тіккенде бөгет болмасын деп қолына ылғи қайшы-қағаз беріп алдандырып қоятын болса керек. Қай өнер түрі болсын, ұзақ жаттығулар мен демылсыз тер төгу нәтижесінде жетіле түсетіндігі белгілі ғой, қағаздан қағаз қоймай «қайшымен есейген» оюшы жігіт шеберлігінің артып отыруына әлгі «шеше мектебінің» үлкен әсері болғандығы даусыз. Роберт Андерсовичтің атасы мен әкесі де Қара теңізде орыс флотилиясын жасауға қатысушылар, әрі кеме жасаудың айтулы мамандары екен. Демек, жас талапкердің үлкен ісмерлік жолына түсуіне әу бастан жағдайы жеткілікті болған. Бірақ белгілі бір заңдылық бар – бойыңда тума талант болмаса лайықты қолтаңба қалдыра алмайсың. Табиғат Граббені ол жағынан да ренжітпеген сияқты. Соның дәлеліндей, Петроград Көркемсурет академиясында біраз білім алған жас жігіттің жұмыстары кезінде Нью-Йорк, Варшава халықаралық көрмелеріне қойылып, тәуір бағаларға ие болады. Ол өзінің бала күнгі досы, кейін әлемге мәшһүр болған Эдуард Багрицкийдің, сонымен бірге Григол Абашидзе сияқты атақты жазушылардың кітаптарын безендіреді. Бір өкініштісі, Роберт Андерсович өз жұмыстарының түпнұсқаларын сақтай алмапты. Өйткені, суретші өмірі қуғын-сүргінге толы екен. Сұрапыл толқын іспеттес қиын тағдыр оны біресе Петроградтан Латвияға, одан Мәскеуге, Қиыр Шығысқа, Кавказға, Қарақұмға... лақтырады. Сөйтіп суретшінің көптеген еңбектері тек күнкөріс қамын ойлап, бас сауғалап жүргенде сайда саны, құмда ізі қалмай, бей-берекет кетеді. Ақыр аяғында қаңғып-қаңғып, талайларға пана болған қазақ жеріне табан тіреп, Қарағанды «Гипрошахт» институтында жиырма бес жыл макетші болып жұмыс істеген оның сол еңбектерінен бізге жетіп отырғаны осы «Қазбек» қорабының сыртындағы елеулі де, елеусіз кішкене қолтумасы ғана... Бұл эскиздің дүниеге келуі де қызық секілді. Осыдан елу шақты жыл бұрын Мәскеуде жүрген Роберт Граббеге «Табактрест» кәсіпорнында жұмыс істейтін бір танысы жаңа темекі маркасы шаққалы жатқанын, оның сыртын безендіруге конкурс ұйымдастырылғанын, жеңімпазға көп мөлшерде ақша берілетіндігін айтады. – Меніңше, – дейді ол өзінің «ұшқыр» фантазиясын алдыға тартып, – қорап сыртына қазіргі көсеміміздің кескінін бейнелесең, бас бәйгені даусыз алып тұрсың... Ақшаға зәру болып жүрген Граббе жедел іске кіріседі. Бірақ нобайға досы айтқандай емес, басқаша қырынан келеді: Кавказ тауының үлкен фотографиясын тауып алады да, оның бетіне өз машығымен Лермонтов шығармасындағы Қазбек кейіпкердің сұлбасын қара қағаздан қиып жапсыра салады. Ғажап болғанда, қазылар алқасының арасында шын өнерді жазбай танитын адамдар бар екен: бірінші жүлде Граббенің жұмысына беріліпті. Роберт Андресович сонда қарапайым еңбегінің көркемдік дәрежесінің еленгеніне емес, мол ақшаға ие болғандығы үшін қатты қуаныпты... Міне, маркасы ірі «Қазбек» корабындағы қолтаңба осылайша пайда болған. *** Келісілген мерзімнен кейін араға үш ай аралатып Алматыдан арнайы Қарағандыға келген соң Роберт Андресовичтің үйіне телефон шалдым. 57-61-28-ді қайта-қайта терсем де, телефон тұтқасын ешкім көтермеді. Сөйтіп «суретші сырқаттанып қалған-ау» деген оймен білетін адамдардың сілтеуінше, шалдың «Совет» көшесіндегі пәтеріне тарттым. Келсем... іздеген үйімнің есігі берік бломбаланып, бекітулі тұр. «Бұл қалай болды?!» деп аңырып тұрғанымда жоғары көтеріліп бара жатқан бір әйел төбеден түскендей етіп: – Сіз кімге келіп тұрсыз?! Роберт Андерсович бір ай бұрын қайтыс болған! – дегені. Түршігіңкіреп қалдым да, марқұмға іштей бақұл болсын айтып, жөніме кеттім. Бірақ ырымшыл басым, бірталайға дейін «Қап, бекер келдім-ау!» – деп қатты қобалжи бердім. Кейін Рберт Граббенің қолтаңбасы туралы жазу, жазбау жөнінде көп ойландым. Қажеті бар ма деген сұрақ туады. Дегенмен, өмірден мардымды жақсылық көре алмай кеткен байғұс суретшінің артына қалдырған титтей дүниесі көз алдымнан кетпей қойды. Содан соң өз ағайындарымыздың да ұсақ-түйек саналып, елеусіз қалтарыста қалып қойып жатқан қолтаңбаларын іздеудегі еріншектігіміз еске түсті. Сөйттім де, «Қазбек» қорабы мен кездеспеген кейіпкерім туралы әңгімені аяқсыз қалдырмауға бекіндім. Құлтөлеу МҰҚАШ Суретте: Роберт Граббе жұмыс бөлмесінде.