Өскеменде ұлағатты ұстаз Қанипа Бітібаеваға көше аты берілетін болды
2020 ж. 21 желтоқсан
1246
0
Бұл туралы Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар Facebook-тегі парақшасында жазды.
Әкімнің айтуынша, қалалық мәслихаттың отырысында Қанипа Бітібаеваға көше атын беру мәселесі оң шешімін тапқан.
- Бұл менің көптен бері көкейімде жүрген мәселе еді. Бүгін сол мәселенің орайы келіп, оңтайлы шешімі қалалық мәслихат отырысында қабылданды. Амурская көшесін ұлағатты ұстаз, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қанипа Бітібаева көшесі деп өзгерту туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тапты, - деп жазды ол.
Қанипа Омарғалиқызы 1945 жылы 1 мамырда ШҚО Тарбағатай ауданы Жетіарал ауылында дүниеге келген.
1968 жылы Семей мемлекеттік педагогикалық институтын бітірген.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасы, Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі, КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Бүкілодақтық Крупская медалі, Қазақстан Білім беру ісінің құрметті қызметкері (құрметті атағы); ҚР Білім беру ісінің үздігі, 1990 жылы Мәскеуде КСРО Мемлекеттік сыйлығын алды.
1993 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген мұғалімі (құрметті атағы).
2004 жылы Елбасының жарлығымен жоғарғы мемлекеттік марапат "Құрмет" орденімен марапатталды.
2011 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне - 20 жыл» мерекелік медалінің иегері.
2013 жылы Елбасының жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағымен марапатталды.
АҚШ-тағы Аризона штаты, Тусон қаласының Құрметті азаматы. Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы. Тарбағатай ауданының құрметті азаматы. Моңғол Халықтық Республикасының «Даңқты ұстаз» алтын орденінің иегері.
Ыбырай Алтынсарин медалінің иегері. «Еңбек ардагері» медалінің иегері.
«Бейбітшілік әлемі» Халықаралық Қазақ Творчестволық бірлестігінің «Лидер образования» медалінің иегері.