Нұрдәулет Ақыш: "Әлем бізден үлгі алсын"
2020 ж. 13 желтоқсан
3385
0
Қаламгерлік ғұмырбаянын қатардағы корректорлықтан бастап, әр тұстарда «Жұлдыз» журналы, «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан мұғалімі», «Заң», «Халық кеңесі» газеттері ұстаханасында шыңдалған танымал журналист -жазушы Нұрдәулет Ақыштың қазіргі ақпарат құралдарына қатысты ой-толғаныстарына құлақ түрдік.
– Кейінде қазақ журналистикасының деңгейін әлемдік кеңістік көкжиегінен көргіміз келіп, түрлі салыстыруларға жүгініп жататынымыз бар. Сіздіңше осымыз өмір шындығымен қаншалықты үйлеседі?
– Бұл негізсіз нәрсе емес. Аудиториямыз тарлау болуы мүмкін, сондай-ақ техникалық базамыз осалдық танытуы ғажап емес, әйтпесе кәсіби жағынан алғанда біздің ақпарат құралдары ешбір елдің журналистикасынан сорлы емес деп ойлаймын. Баяғыда әріптесіміз, марқұм Әуез Бейсебаевтың Америкаға барып келгеннен кейін «Нью-Йорк Таймс» секілді атышулы басылымдар тірлігі туралы әсерімен бөліскені еске түседі. Сонда ол АҚШ газеттерінде, негізінен, макет деген болмайды екен деп келіп еді. Әуез о кезде секретариатта жауапты хатшының орынбасары болып істейтін-ді, сол себептен ең алдымен макетке көз тігеді ғой. Мақалаларды кез келген бос жерге сала салады дейді оларда. Одан соң жоспарлау көп бола қоймайтын көрінеді. Екіншіден, бір өзекті мәселелерді көтере бермейді. Ал бізде алдыңғы кезекте тұратын ұлттық мүдде, рухани әлем деген бар емес пе. Оларда мұндай түйткіл жоқ. Өйткені жан-жақты «өркениет» салтанат құрып кеткен. Бала тәрбиесі сияқты мақалалар да болмайтын сияқты. Әйтеуір, алпауыт АҚШ бастаған капиталистік державалардың проблемалары біздікіне қарағанда басқашалау. Расына келсек, Олжас Сүлейменовтің «Цивилизация – мерез» деп жазатынындай, Батыста бәрі тамаша емес қой, бірақ. Қазақтың проблемасы өте көп десек, соның баршасы дерлік ақпарат құралдарының бетінде жарық көріп жатады. Біздің қазақ қауымында көптеген келеңсіздіктерге қарамастан әзірше жан тазалығын да, тән тазалығын да қалайда сақтап, ұлттық рухымызды биіктетуге жанталасып келеміз. Міне, бұл жағынан алғанда, сіз айтып отырған бүкіл әлем бізден үлгі алса болатын шығар!
– Қалай дегенмен, батыстық үлгідегі жан-жақты «еркіндік» үрдісі бізге де ауысты емес пе?
– Күшейе ауысты және жариялылық пен демократияның әсерінен бұрынырақта бұқпантайлап айтылатын ойлар қазір өте ашық түрде, жан-жақты жалаңаштанып айтылатын деңгейге жетті. Оның, әрине, жақсылығы да жоқ емес. Мәселені баяғыдағыдай құр жалаң әңгіме түрінде емес, өткір фактімен, өте нақты айту үрдісі орнады. Оның үстіне жаңа заманғы журналистика кеңістігіне кеңес дәуірінде тәрбиеленбеген, бұрынғыдай саяси қысымды көрмеген, тоталитарлық кезеңнің темір торына түспеген жас буын шықты. Сондықтан бұл ұрпақтың ойын еркін айтуы, тырп еткізбес дәлелге ден қоюы алдыңғы буындағы журналистерге көп ұқсай бермей ме, бұлар алдыңғы аға-әпкелеріне қарағанда әлдеқайда батыл ма деп ойлаймын.
– Өзі, тағы да амалсыздан салыстыруға жүгіндік-ау!..
– Онсыз болмайды. Жалпы, журналистиканың әдеби норманы игерген, мейлінше жатық тілмен сөйлеген тұсы сонау алпысыншы-тоқсаныншы жылдардың арасындағы кезеңде дер едім. Ал қазіргі журналистиканың бір артықшылығы – бұлар батыл, салыстыру жағы басым, ойды айқындау үшін неше қилы деректерге сүйене алады. Өткен-кеткенге еркін түрде сілтеме жасай алады. Қазіргі көзқараспен алғанда, бұрынғы журналистердің үлкен бір олқылығы – көбіне марксизм-ленинизм классиктерімен шектеліп қалуға тура келетін. Мысалы, белгілі бір мәселе жөнінде сөз қозғалса, тіпті, ауыл шаруашылығы туралы айтса да, міндетті түрде Лениннен дәйексөз келтіріп кететін. Немесе құрылыс туралы мақала жазса Карл Маркстен цитата келтіретін. Бүгін мұндай үрдіс жоқ. Дәйексөзге жүгінсе өзіміздің ұлы тұлғаларымызға, қазақтың зиялы қауымы өкілдеріне, алыптар тобынан шыққан атақты ғұламаларымызға сілтеме жасалады. Тіпті, ішінара көне дәуірлердегі аты шыққан адамдарымызға, мәселен, Күлтегінің ескерткіші, Білге Қағанның сөздеріне, Махмұт Қашқаридың шығармаларына, Асан қайғы мен басқа да көптеген жыраулардың сөздеріне сілтеме жасау үрдіске айналып келеді. Ал кеңес дәуірінде өзімізде ғұламалар жоқтай, көбіне өзге ұлттардың даналарының пікірлеріне, басқа халықтардың данышпандарына иек арту басымдау болатын. Қазіргі жастар ондайдан азат.
– Осы ретте бүгінгі журналистиканың басты кемшілігіне қатысты пікіріңізді білсек.
– Кейінгі іні-қарындастарымыздың негізгі кемшілігі тіл қорының кедейлігінде дер едім. Олар ойларын жүйелеп айтқанымен, тілді қалай болса солай қолдану, көптеген сөздердің ретін білмеу, қазақтың қалыптасқан әдеби нормасының заңдылықтарына сүйенбеуі дегендей олқылықтар етек алып кетті. Мұның бәрі тілді бұзуға алып келеді ғой. Әрине, жастарды жаппай кінәлауға да болмас. Кейінгі ұрпақ түрлі себептерге байланысты тілдік мәйектен кенжелеу қалды. Оның үстіне кейінде көркем шығарма оқу дәстүрі тоқырағаны мәлім. Көркем әдебиетті жеткілікті оқымағаннан кейін, халқымыздың тіл байлығын санаға сіңіріп, көңілге тоқып өспенгеннен кейін тілдік қор төңірегінде сан алуан қиындықтың туындайтыны өз-өзінен түсінікті. Мұның өзі психология ғылымында да бар. Жас адамның тілдік қорының тоқсан пайызы он үш-он төрт жасқа дейін қалыптасып қалады екен. Одан кейінгі қор кейінгі білім арқылы келетін неологизмдер, архаизмдер дегендей, ғылыми ұғымдар негізінде құралады. Ал журналист адам қазақтың көнерген сөздерін мейлінше көп білуі керек шығар.
– Қысқасы, журналистикасындағы көп жәйт тілге келіп тіреледі демексіз ғой?
– Иә, солай. Ең бастысы сол тілге абай болу керек. Өйткені тіл арқылы бүкіл ұрпақ тәрбиеленеді.
Мен бірде Қазақ радиосынан академик Мұрат Жұрыновтың «тіл мен діл бір нәрсе. Бұл екеуін ешқашан бөліп қарауға болмайды» деген сөзін естідім. Бірақ бұл уәжге келісе қоймаған едім. Тіл мен діл, яғни менталитет дегендер мүлде бөлек-бөлек ұғымдар емес пе! Бірақ сәлден кейін пайымдап қарасам, тілдің дәстүрге тікелей байланысты екені рас екен. Сөйтіп Мәкеңнің пікірін еріксіз мойындауға тура келді. Шынында да, бүкіл болмысымыз дәстүріміз, әдет-ғұрып, салт-санамызбен тығыз байланысты ғой. Талай ғасырлар бойы жүргізілген отаршылдық саясаты салдарынан нағыз ұлттық құндылықтардан едәуір алыс қалған мына біз сияқты халықтарға бүгінгідей урбанизация, жаһандану зиянының көп тиетіні аян. Осындай кезеңде одан сақтанып қалу да мүмкін емес. Ол ғаламдық экологиялық тұрғыдан алғанда, ғарышта пайда болған қара тесіктер арқылы өтіп, адам ағзасына кері әсер ететін улы заттар сияқты өте қауіпті нәрсе. Мұндай жағдайда тілімізді, ділімізді, дінімізді сақтап қалу оңай шаруа емес. Демек, әлгі айтып отырған тіл мен әдеби норманы жоғалтып алмау бұл бағытта зор міндет атқармақшы.
– Сонда не істемек керек?
– Ештеңе істеудің қажеті жоқ. Біз, тіпті, тілімізді байытпай-ақ тұра тұрайық. Тек осыған дейін жасалып кеткен сонау кәсіптік журналистиканың төл басында тұрған Мұхамеджан Сералиннен бастап бүгінгі Жанарбек Әшімжанға дейінгі аралықтағы қазақтың құнарлы тілін пайдаланып жүрген журналистердің үрдісін сақтауымыз керек. Серік Мұқаш, Салтанат Сымайыл сынды тілдік қорлары бай жас журналистерімізді лайықты бағалай білуіміз керек. Мен, әрине, жөппелдемеде тілге ілінген жастарды ғана айтып отырмын.
– Бірақ, өкінішке қарай, ондай қыз-жігіттер қатары саусақпен санарлықтай емес пе осы?
– Енді, әлгінде айттым ғой, бұл орайда журналистикадағы бүкіл жас ұрпаққа топырақ шашуға да болмас. Бір ғажабы, қалада туып-өссе де туған тілді өте жақсы игерген жастардың мақалаларына немесе теледидардан айтқан тұшымды ойларына сүйсініп отыратын сәттеріміз бар. Ал жіберілетін кемшіліктің өз себептері болады ғой. Біреудің таланты жетпей жатады. Екіншісінің тәжірибесі аз. Үшіншісі дарынды, сөздік қоры да мол. Бірақ сирек жазады. Шабан дегендей.
– Енді жаңа ғасыр журналистикасының алдында тұрған негізгі міндеттерді саралап көрсек.
– Халықаралық журналистка тәжірибесіне қарасақ, саясат тақырыбын көтеру биік деңгейде. Соған байланысты түрлі халықаралық сыйлықтар беріліп жатады. Біз де саясатты сындарлы түрде талдап отыратын журналистиканы қалыптастыруымыз керек. Яғни, нағыз саясаткер журналистер даярлау қажет. Одан соң мәдениеттану, журналистиканың философиясы немесе күнделікті тіршілік мәселелеріне пәлсапалық журналистикамен қарау деген бар. Сол сияқты әлеуметтік саланы және экономика мәселесін кәсіби деңгейде талдау да кенжелеу жатыр. Бұл сала бойынша ғылыми терминдер толықтай қалыптасып болған жоқ. Осы жағынан келгенде қазақ оқырманынының «көзін ашатын», яғни саланы жетік білетін, маман журналистер тәрбиелеу керек. Сол секілді жалпы журналистикада белгілі тұжырымды сағызша созбай түйіндеп айту, нақты ұсыныспен айту деген жәйттер әлі де болса кемшін. Бізде көбіне түрлі нәрселерді қозғап келеміз де, ойды түйіндеуге келгенде өте салақпыз. «Шешімді оқырманның өзіне қалдырдық» деген бір сылтауымызды алға тарта салып жаман үйренгенбіз.
Реті келгенде айта кетейік, анайылықты батылдық деп ойлайтын бауырларымыз да бар. Осындай келеңсіздіктерден де арылу керек. Әйтеуір, қалайда кәсіби деңгейді көтеруге ұмтылғанымыз жөн ғой. Қазір басылымдар көп. Сондықтан бәсекелестік күшейеді. Міне, осындай талаптары қатал тұста оқырмандарды тарта білу үлкен өнер болмақшы.
– Бұл тұрғыда түрлі формалық ізденістерге көп бару керек қой!
– Дұрыс айтасыз. Көп жетістік сол пішіндік ізденіс арқылы келеді. Әлі есімде, сонау 1970-80-ші жылдардың өзінде кез келген басылым ауылшаруашылығы мәселесін өз бетінен түсірмейтін. Соған қатысты арнайы айдарлар болатын. Саласы бөлек саналатын бетке ұстар «Қазақ әдебиеті» газетінің өзі ауылшаруашылығы, мал шаруашылығы жәйін сәтті көтеріп отырды. Қазір сол кездегі журналистердің ізденімпаздығы таң қалдырады. Онда очерк бөлімін жазушы-журналист Сейітқазы Досымов басқарды. Иманды болғыр сол Сәкеңнің бөлімінде ауылшаруашылығына қатысты небір қызықты дүниелер басылып жүрді. Бүгінгі белгілі жазушы Сәбит Досановтың екі мақаласы әлі есімде. Біреуі «Ауылдан хат», екіншісі «Ауылға хат» деп екі нөмірге шықты. Оқырмандар қызығып оқыды. Редакцияға көптеген сұрақтар түсті. Көтерілген мәселе қатардағы типтік қана нәрсе. Бірақ әңгіме соның кілтін тауып, ойнатып жаза білуде еді. Не болмаса «Лениншіл жас» газеті де Сейдахмет Бердіқұлов басқарған тұстарда очерк жанрының дамуына айрықша үлес қосты. Сондағы Орысбай Әбділдаев ұйымдастырған «Берген сертіңе берікпісің?» деген хаттар топтамасы да есімде қалыпты. Онда журналист қазақ жастары Отан алдындағы міндетін адал атқарып жүр деген жаттанды сөздерді айтпайды. Оның есесіне қатардағы жауынгердің үйіне жазған хаты мен оған сәлем жолдайтын сүйген қызының хаттары арқылы әскердегі жағдайды әңгімелеп, ондағы сарбаздардың көңіл күйін, Отан қорғаудағы жауапкершілігін, жас адамның романтикалық сезімдерін өте әсерлі береді. Немесе Оралхан Бөкейдің ауыл шаруашылығына қатысты жазған «Түйелер маңып барады», «Үркер ауып барады», «Екеу» дегендей очерктері сол кездегі ерекше бір формалық ізденіс жемісі ретінде оқырманды еріксіз жалт қаратты.
– Ал қазір сондай айшықты құбылыстар бар ма бізде?
– Нақ сондағыдай журналистикалық ізденістер көп емес, бірақ бар. Дегенмен, тың формалық ізденіске барамыз деп материалдың ішіндегі дәнін, негізгі мазмұнды жеткізе алмай жататын жағдайлар жиі кездеседі. Баяғыда мен де мақаланы түрлендіріп жазуға құмар едім. Мысалы, Қызылорда облысының күріш шаруашылығына арналған бір дүниемді шағын киносценарий түрінде жазғаным бар. Комбайншы, күрішші, совхоз директоры, партком хатшысы сияқты кейіпкерлерді іріктеп алдым да, оқиғаны деректі фильм нұсқасында ұсындым. Бас редактор Шерхан Мұртаза талабымды әбден құптап, мақаланы жариялады. Сөйтіп мақтау естіп, қанаттанғаным бар. Ондай формалық ізденістерді өз басым қуана құптаймын. Өйткені қатып қалған қара мақаламен оқырманды жалықтырып аламыз. Шеберліктің шексіздігі секілді пішін кеңістігі де өте кең. Мәселен, кейде басын анекдотпен бастап, аяғын да әзілмен аяқтайтын түрлі материалдар болады. Немесе ортасына саяси әзіл-сықақ беріп жіберіңіз. Мұндай дүниелер егер сәтті түйіні, мірдің оғындай фактісі болса, көтерген проблемалары соқталы шықса, әрине, қызықтырмай қоймайды.
– Әйтеуір, әр журналистің өз қолтаңбасы болғанға не жетсін, ә?!
– Әрине! Біреулер ойнатып отырып салиқалы мәселе айтады. Кейбіреу қабағын түйіп отырып лекция оқыған қарт ұстаздың кейпін еске түсіріп, қара мақаламен де салмақты ойларды ортаға салады. Ол да керек!
Әңгімелескен Құлтөлеу МҰҚАШ
qazaquni.kz