Аймағамбетов оқушылардың көркем әдебиетті оқуға міндетті екенін айтты
2020 ж. 18 қараша
1914
0
Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында елімізде кітап оқу сауаттылығына қатысты пікір білдірді, деп жазды paryz.kz.
"Халықаралық сарапшылардың айтуынша, жетістіктерге қол жеткізіп, бәсекеге қабілетті әрі қазіргі қоғамда өзара байланыс орната білетін тұлға болып қалыптасу үшін кітап оқуға деген құштарлықтың әсері мол. Кітап оқу сауаттылығы деңгейін анықтау мақсатында әлемнің көптеген елдері OECD және IEA сынды халықаралық салыстырмалы зерттеулеріне қатысып, нәтижелерін қолданады. PISA зерттеулерінің нәтижелері бойынша, Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы бойынша Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отыр.
PIAAC халықаралық зерттеуінің қорытындысы бойынша, еліміздегі 16-дан бастап 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты. Яғни, өкінішке қарай, еліміздегі ересек азаматтардың да оқу сауаттылығы төмен деңгейде. Бұл – бүгін ғана белгілі болған проблема емес, жылдар бойы қордаланған мәселе", - дейді министр.
Сондай-ақ, ол мәтінді түсініп қабылдау мәселесіне қатысты пікір білдірді.
"Біздің балаларымыз кітапты оқуға келгенде жалқаулық танытатыны бір бөлек, кейде оқыған мәтінді нашар түсініп, дұрыс қабылдай алмайды. Оған қоса, талдау және қорытынды жасау дағдылары да ақсап тұр. Бұл шын мәнінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін үлкен проблема. Сондықтан да Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлтымыздың оқуға құштарлығын арттыру үшін тиісті шараларды қабылдауды тапсырды. Ол үшін бала мектеп жасынан бастап көркем әдебиетті оқуға ұмтылуы қажет. Біз осы мақсатта жағдай жасауға міндеттіміз", - деді Асхат Аймағамбетов.
Оның вайтуынша, Білім және ғылым саласына қарасты 7096 кітапхана бар. Мектептерде – 6461, колледждерде – 579, жоғары оқу орындарында – 56, сондай-ақ, Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана жұмыс істейді. Ал білім беру ұйымдарындағы жалпы кітап қоры – 267 325 289.
"Дегенмен олардың қаншасы көркем әдебиет? Сол көркем әдебиеттің қаншасы қазақ тілінде? Мектеп кітапханалары жаңа кітаптармен қаншалықты жиі толықтырылады? Э. Берроуз, А. Азимов, М. Твен, Ж. Верн және басқа авторлардың еңбектері қазақ тіліне аударылған ба? Бұл тұрғыда айтарлықтай проблемалар бар", - деген министр, көркем әдебиеттің балалар үшін қолжетімді болуы үшін министрліктің арнайы жоба әзірлегенін жеткізді. Ендігі міндет – оқу!