16 жыл бұрын хабарсыз кеткен ақынның ораларына сенеді ел...
2013 ж. 24 ақпан
5545
1
Жоғалған ақынның жинағы шықты
Ширек ғасырға жуық уақыт бұрын жоспарланған Әділ Ботпановтың «Өмірзая» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Әділ Ботпанов, ақын. Сурет "Өмірзая" кітабынан алынды.
23.02.2013
Осыдан 16 жыл бұрын хабар-ошарсыз жоғалып кеткен ақын Әділ Ботпановтың «Өмірзая» атты кітабы былтыр алғаш рет жарық көрді. Кітапты қайтадан жинастырып, шығуына мұрындық болған, ақынның курстас досы Бауыржан Бабажанұлының айтуынша, кезінде «Жалын» баспасынан шыққалы тұрған кітаптың қолжазбасын «үстінен бір қарап шығамын» деп алған автор кейін оны жоғалтып алған екен.«ӨМІРЗАЯ» ДЕП ӨЗІ АТАҒАН ЕДІ
– Әділ Ботпанов 2 курс оқып жүрген жылы оқудан шығып кетіп, еліне, Қызылордаға оралған еді. Сонда қалалық телевидениеде істеп жүрген жерінен 1996 жылы із-түссіз жоғалып кетті. Біз осы күнге дейін ақын қайтып оралар, жинақты өзі шығарар деген үмітпен жүрдік. Бірақ ол оралмады. Сонан кейін курстас достары ақынның артында қалған мұрасын жиынастырып, кітаптың атын
«Өмірзая» деп атауды жөн көрдік. Өйткені, өзі солай деп қойған. Бұл кітапта Әділдің тек өлеңдері ғана емес, прозалық туындылары да бар, – деді Бауыржан Бабажанұлы.
Кітап «Қазығұрт» баспасынан былтыр 1000 данамен шыққан болатын. Кейін Қызылорда қаласы тұрғындарының демеушілігімен тағы да 1000 данаға тапсырыс беріліпті. Бауыржан Әділдің студенттік шақта замандастарына оқыған өлеңдерінің көпшілігі табылмағанын айтады. Әділдің өзі жинағына атау етіп алған «Өмірзая» өлеңінің мына бір шумағы ғана сақталыпты:
Өмірзая жұлдыз болып келем мен,
Жарық жыр боп аспаныңда жылт етем.
Салыстырсаң маған біткен өлеңмен,
Тіршілігің тек әншейін қырт екен.
ЖАБЫҚПАС ЖАҚҚА КЕТЕРМІН...
Кітаптың тұсаукесеріне жиналған жұрт «тым ерте танылған ақынның» дегдарлығын, оқымыстылығын, интеллектуалдық деңгейінің жоғары болғанын
еске алды.
– Біздің толқынның бастауы – Әділ еді… Ақындығы мықты болды. Өз деңгейлестері оған қызыға, қызғана қарайтын. Бірақ, жеке жыр жинағын шығарып үлгермеді. Тек «Қарлығаш» деген топтамаға біраз өлеңдері енді. Дүрілдеп жүрген ақын бірден із-түзсіз жоқ болды, – деді курстас достарының бірі.
– Құшақтап қайғы жабыққам-ды құр,
Жабықпас жаққа кетермін.
Ұйықтасам қара табыттарды кіл,
Аймалап жүрем, нетермін, – деп басталатын «Жан азасы» атты өлеңін Әділ Ботпаев бірінші курс оқып жүргенде Жұматай Жақыпбаевтың қазасына арнап жазған екен.
9 СЫНЫПТА ЖАЗЫЛҒАН ӨЛЕҢ
Әділдің жары Гүлсім Ботпанова Азаттық тілшісіне ақынның мектеп қабырғасынан өлең жаза бастағанын айтып берді.
– Біз мектеп қабырғасынан дос болдық. 9 сыныпта оқып жүрген жылы қатты ауырып, бір апта сабаққа бара алмай қалдым. Сол кезде Әділдің маған арнап шығарып, бір баладан беріп жіберген өлеңі еді, – деп Гүлсім Ботпанова өлеңнің бір шумағын оқып берді:
– Егер мені шын қаласа жүрегің,
Бірге күліп, бірге жыла – тілегім.
Қиналғанда жалғыз мені тастама,
Жалғыздықтан көп жылаған жүрегім.
– Біз қатар сыныпта оқыдық. Тоғызыншы сыныпта жүрген жылы ол үнемі «мына өлеңдерді маған көшіріп берші» деп қолжазбаларын беретін. Көшіріп бергені несі, онсыз да жазулы тұр емес пе деп ойлайтынмын. Сөйтсем, өлең арқылы өз көңілін білдіргені екен. Және өлеңдері арқылы оның сезімдерін түйсіндім, – дейді Гүлсім Ботпанова.
Ол осыдан 16 жыл бұрын хабарсыз кеткен жарының бір күні қайтып ораларына сенеді.
«КҮДЕР ҮЗГЕН ЖОҚПЫЗ»
1996 жылы шілде айында үйінен шығып кеткенде Әділ Ботпанов 27 жаста екен. Содан бері одан ешбір дерек жоқ. Әділдің бір ұл, бір қызы бар.
– Әкем жоғалғанда інім бір жаста, ал мен үш жаста едім. Әлі есімде, әкем мені көп көтеретін, – деп еске алады қызы Меруерт Әнуарбек.
«Әділ Ботпанов жоғалды» деген хабардан кейін курстас достары оны іздеуге күш салғанымен еш нәтиже болмаған.
– «Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді» деген бар. Ол өлген жоқ. Біз әлі күдерімізді үзбейміз, – дейді дос-жарандары. «Бақсы-балгердің бәріне бардық. Осы күнге дейін өлді деген бірде бір көріпкел жоқ. Бәрі тірі дейді. Бірақ, тірі болса қайда жүр» деп күрсінеді Әділдің әкесі Әнуарбек Ботпанов.
– Жоғалған адамның артынан құран да оқылмайды. Әлі күнге дейін күдерімді үзген жоқпын. Тіпті Әділдің әскери билетіне дейін үйде әлі сақтаулы тұр, – деді композитор Қалдыбек Құрманәлі. Оның «Сәлеметсіз бе!» деп аталатын, Әділ Ботпановтың сөзіне жазылған әні жоғалған ақынға арналған кеште орындалды.
ДЕРЕКСІЗ КЕТКЕН АҚЫНДАР
Қазақ ақындарының ішінде Әділ Ботпановқа дейін дерексіз кеткендердің қатарында Танабай Нарманов пен Сағат Әбдуғалиевтің есімдері аталады.
«...Жұлдыздың сонау көктегі,
Жұмылып кетсе бірі егер.
Кеудемнің сезім ішектері
Кеткенін толқып біле бер!» деген Танабай Нармановта хабар-ошарсыз кеткен, тек бір жылдан кейін сүйегі табылған. Көзі тірісінде жырлары кітап болып жарық көрмеген ақынның өлеңдері 2003 жылы «Жауқазын ғұмыр» деген атпен басылып шықты.
Артына өзіндік өрнекті өлеңдерін қалдырған ақындардың енді бірі Сағат Әбдуғалиев болатын.
«О, тіршілік, жанардағы жарық күн,
Жарық күннен жарағанша мән ұқтым.
Ата-ананың бүйрегінде бүлк етпей,
Жүрегінде қалу керек халықтың!» деп жырлаған ақын 1983 жылы желтоқсан айында із-түссіз кеткен еді. Тек араға сегіз ай салып бір сайдың ішінде жатқан ақынның сүйегін қой бағып жүрген балалар тапқан. Сағат Әбдуғалиевтің де жырлары өзі өмірден өткеннен кейін ғана баспадан жарық көрген.
Ақын Әділ Ботпановтың "Өмірзая" кітабының мұқабасы. Алматы, 22 ақпан 2013 жыл.
Ақын Бауыржан Бабажанұлы. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.
Әділ Ботпановтың жары Гүлсім Ботпанова. Алматы, 20 ақпан 2013 жыл.