Ұлттық қозғалыстан сыр шерткен
2020 ж. 01 қараша
1813
0
«Дәуір» баспасынан «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жазушы, публицист, ғалым Бейбіт Қойшыбаевтың «Ұлттық қозғалыс сарбазы» атты кітабы жарық көрді.
Рисәләнің басты кейіпкері – ХХ ғасырдың басындағы көрнекті қоғам қайраткері Бақытжан Бисәліұлы Қаратаев. Бұл тарихи туындыда оның және күрескерлік жолда халыққа қатар қызмет еткен үзеңгілестерінің ел мүддесін көздеген іс-әрекеттері, заман талабына сай қоғамдық-саяси ойды дамытудағы үлестері суреттелген.
Кітап үш бөлімнен тұрады. «Сөз басында» кейіпкерлердің өмір жолдары баяндалады. «Қилы кезең этюдтері» деп аталған негізгі бөлімде Бақытжан Қаратаев пен оның серіктерінің Алаш қозғалысының бастауында, ұлт-азаттық көтеріліс уақытында, 17-ші жылғы екі революция мен совет дәуірінде атқарған істері суреттеледі. Қайраткерлердің көзқарастарындағы қайшылықтар, алауыздықтар сыры сөз болады. «Сөз соңында» ұлттық қозғалыс тағдыры, Қаратаевтың өмір жолының тағылымы, оның бүгінгі күн мәселелеріне қатысы қарастырылады.
Көркем-танымды бұл басылым Алаш қозғалысының тарихы қызықтыратын жастарға, студенттер мен оқушыларға, зерттеушілерге, тарихшыларға, жалпы оқырманға арналған.
qazaquni.kz