Елордада «Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы» семинары өтті
2020 ж. 05 қазан
1312
0
Биыл 2020 жылы әлемге әйгілі ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл! Бұл мерейтой ЮНЕСКО қамқорлығымен халықаралық деңгейде кеңінен аталып өту жоспарға ілінді.
Осыған орай елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада «FARABI WORLD» атты жас ғалымдардың on-line форумы аясында «Әл-Фарабидің ғылыми мұрасы» атты семинар өтті. Аталмыш семинар Алматы қаласы әкімдігінің Қоғамдық даму басқармасымен бірлесе «Қазақстан жастар фракциясы» Қоғамдық Қорының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.
2019 жылдың тамыз айында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылы өтуі тиіс ауқымды шараға байланысты Әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына дайындалу және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы қаулыға қол қойған болатын.
Іс-шараға педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева, түркітанушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, фольклортанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Шәкір Ибраев, журналист, сықақшы, «Парасат» орденінің иегері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, ақын, жазушы, Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі Әкім Ысқақ, Шымкент қаласы Отырар қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Анар Жапарқұлова, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің сарапшысы, «Дарын» Жастар сыйлығының лауреаты, PhD докторант, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің PhD докторанты Бақытжан Ақтайлақ, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, жас ғалымдар, кітапханашылар және т.б. қатысты.
– Бұл іс-шара әсіресе болашақта ғылыммен айналысып жүрген жастрға арналады. Олар үшін дәл осындай басқосулар Әл-Фараби бабамыздың шығармашылығымен жете танысуға және ғылыми мұрасын зерттеу мүмкіндік береді. Әл-Фараби есімі әлемдік ғылым мен мәдениеттің тарихына нық қадам басты. Оның шығармалары, Батыс пен Шығыстың мәдениеттері мен философияларының жақындасуына арналған көпір болды. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы қорында Әбу Насыр Әл-Фарабидың бірнеше кітаптары бар. Мәселен, «он томдық шығармалар жинағы», «адам және заман», «қайырымды қала», «таңдамалы трактаттары», «музыка туралы үлкен кітап» және т.б. кітаптары мен мерзімді басылымдарда шыққан ғалымның еңбектері туралы мақалаларды оқуға болады. Одан бөлек біздегі Қазақстанның Ұлттық Электронды кітапханасында 300-ден асатам кітаптар бар, - деді Ұлттық академиялық кітапхана басшысы Үмітхан Мұңалбаев.
Х ғасырдан бастап қазіргі таңға дейінгі мың жылдан астам уақыттың ішінде ұлы бабамыздың еңбектері әлем жұртшылығына танымал болды. Ұлы ғұламадан қалған мирас ғылымның түрлі саласын қамтиды, әрі өте құндылығымен ерекшеленеді. Оның философия, социология, логика, эстетика, этика және басқа да жаратылыстану мен гуманитарлық ғылым салалары бойынша айтқан теориялық тұжырымдары Дүние жүзі халықтарының қоғамдық-философиялық ойларына ықпал етті деп айтуға болады.