Мұхамеджан Естеміров: «Исламда терроризм деген жоқ»
2020 ж. 26 қыркүйек
2342
0
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласы бас имамының орынбасары, дінтанушы-теолог Мұхамеджан Естеміровпен арадағы сұхбатымызды қалың оқырманның назарына ұсынып отырмыз.
– Дін туралы әңгіме қозғау оңай емес. Бұған, әрине, елге кірген түрлі жат діни ағымдардың әсері бар. Ол аздай, жастарымызды адастыру жолына діни секталар да кіріскенін білеміз. Осылардың біздің елімізге, жастар тәрбиесіне, салт-дәстүрімізге келтірген залалдары туралы айтып берсеңіз?
М.Е.: Үстіміздегі жылы әлем халқын әбігерге салған «Сovid-2019» жұқпалы індеті мешіт жұмыстарына да айтарлықтай әсерін тигізді.
Өткен жылы Шымкент қаласы орталық мешіті жанындағы жергілікті ақпараттық-насихатты топ мүшелерінің тынымсыз еңбегі мен түрлі кереғар ағымдармен жұмыс нәтижесінде 69 жат ағым мүшесі болып жүрген бауырларымыз ата дініне оралып, дәстүрлі дінге бейімделді. Оның ішінде 50 адам жеке кездесуден кейін, 19 адам абақтыда жазасын өтеушілермен өткізілген кездесулерден кейін райынан қайтарылды. Олармен тұрақты байланыс орнатылып, әр қайсысымен жеке түсіндіру және бейімдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы карантин талаптарына сай онлайн түрінде өтіп жатыр. Оған тиісті органдар мен қала әкімдігі тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Жат ағым мүшелерімен кездесу жұмыстарына арнайы білікті һәм тәжірибелі имамдарымыз жұмылдырылды.
Мұнымен қатар, жат ағым мүшелерінің жетегінде еріп кетудің алдын алу үшін 10 мыңға жуық азаматтарымызға діни сауат ашу курстары жұмыс жасады. 15 мыңға жуық кітаптар мен кітапшалар тегін үлестірілді. Жеке және жалпы кездесу жұмыстарына 100 мыңдаған адам қамтылды. Мұның барлығы еліміздің болашағы мен тыныштығы жолындағы еңбектеріміздің бір парасы деуге болады.
Жыл басынан бері Шымкент орталық мешіті жанынан «Имамдардың білімін жетілдіру орталығы» ашылды. Онда қаламыздағы 106 мешіттің 152 діни қызметкері қысқа мерзімді курстан өткізілді. Курс барысында ақида (сенім), фиқһ (шариғат негіздері) және Құран Кәрім негіздері пәндерінен дәріс оқылды. Сайып келгенде, жат ағым мүшелерімен бетпе-бет сөйлесу үшін діни қызметкерлердің де жан-жақты болғаны абзал. Имамдарымыз карантин кезінде әлеуметтік желілердің мүмкіндіктерін мейілінше пайдалануда.
Ғаламтордың бір пайдасы – жуырда ғана өткен қасиетті Құрбан айт мерекесінде ниет еткен азаматтарға онлайн түрінде құрбандық шалуына үлкен көмегі тиді. Олар Діни басқарма тарапынан арнайы ашылған сайтқа кіріп, қаржыларын аударып, құрбандыққа мал шалуға үлкен мүмкіндік алды. Мұндай тәжірибе әлемнің көптеген елдерінде кездеседі. Мысалы, Түркия, Малайзия және Сауд Арабиясында қажылық кезінде барған қажыларымыз онлайн түрінде қаржыларын аударып, құрбандық мал шалып жатады.
– Діни экстремизм мен терроризм туралы сөз қозғасақ... Діни экстремизм мен терроризмнің Ислам дініне қатысы қанша? Қоғамымызға мүлдем жат осындай құбылыстар қайдан пайда болады?
М.Е.: Негізі, Исламда терроризм де, басқа да «-изм» де жоқ. Бұлардың дінімізге он қайнаса сорпасы қосылмайды. Токиодағы метрода улы газ шашып, қаншама адамның өліміне апарып соқтырған «Аум Синрикё» сектасын ешкім де «Будда терроризмі» деп атаған жоқ. Батыс елдерінің бірі болып саналатын Испанияда бірнеше жарылыстар болды. Бірақ ешкім де оны сол елдің дінімен байланыстырған жоқ. Бұзақы топтардың аты аталып, түсі түстеліп анықталды. Ислам – білім мен ғылым діні. Ғылым қаншалық дамыған сайын қасиетті Құран Кәрім де дами түседі.
Біз дінімізді түрлі саяси мақсатқа пайдаланғысы келетіндерге жол бермей, әрі олардың жетегінде кетпей, біртұтас Қазақстан үшін жұмыла жұдырық болып, діндер арасындағы түсіністікке, диалогқа жол ашып, жікшілдік пен фанатизмге тосқауыл болуға тиіспіз деп санаймыз. Ислам діні адамдарға тек руханият жағынан ғана емес, дүнияуи жағынан да мәліметтер береді, мына өмірдің ізгі жолын түсіндіреді. Ислам қағидаларының бәрі де ақылы бар адамға түсінікті һәм оның логикалық үндестігі сақталған. Исламда түсініксіз, зиянды, керітартпа қағидалар мен бұйрықтар жоқ.
Дiн – бір ұлттың меншiгiндегi дiн емес. Ол адам таңдамайды. Мейлi ол қара болсын, ақ болсын, бай болсын, кедей болсын, бөлiп жармайды. Исламият бүкiл ғаламдық дiн болғандықтан, ұлтшылдықты, нәсiлшiлдiктi қоштамайды. Бiр ұлттың немесе нәсiлдiң басқаларға үстемдiгiн қабылдамайды. Әр азамат өз қарақан басын ғана ойлап, сөз бостандығын қалқан етіп біріміздің біріміз жағамыздан алып, жазықсыз да негізсіз жала жауып, сүріндіруге тырыссақ, өзіміз де, еліміз де қасірет шегеді. Осыны ұмытпаған жөн дер едім.
Ата-бабаларымыздан қалған «Ырыс алды – ынтымақ» деген қағида бар. «Бақ қайда барасың», – деп сұрағанда, Бақ: «Ынтымаққа, бірлікке, сабырлыққа барымын», – деген. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарудың пайдасы да, ғибраты да мол. Жаратушы Иеміз бір, кітабымыз бір, пайғамбарымыз бір, мазһабымыз бір, Отан біреу, жер біреу, тіл біреу. Ендеше базбіреулердің неге бөлінгісі келеді? Неге кейбіреулердің үй ішінен үй тіккісі келеді? Егемен ел болып, еңсесін көтерген халқымызды жерге қаратпайық. Елдің, діннің, тілдің ертеңін ойлайық. Бүгінгі күні халық пен жер, дін, Отан тұтастығын сақтап, дербес те тәуелсіз мемлекеттігімізді одан әрі баянды етуден артық міндет жоқ.
Кемеңгер, ақын Абай атамыздың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» дегеніндей, әр уақытта ауызымыздан Алланың сөзі, қолымыздан Құран Кәрім түспесін дегім келеді.
– Біздің елімізде діни экстремизм мен терроризм үшін жауапкершілікке тартылған жандар бар ма? Олардың алдын алу мақсатында қандай шаралар іске асуда?
М.Е.: Өзіңізге белгілі, елімізде карантин жариялағы бері мешіттер де уақытша жабылды. Күнделікті бес уақыт намазға, азан айтуға рұқсат берілгенімен, жамағаттың мешітке келіп, бес уақыт намаз бен жұма намаз оқуына рұқсат етілмеді. Себебі түсінікті – мешітке адам көп жиналатындықтан індеттің таралуына тосқауыл қойып, жол бермеу. Мұны мешіт жамағаты дұрыс түсініп, басшылыққа итағат етуде.
Ал, осы карантин кездерінде мешіттің басқару жүйесі тек онлайн түрінде өзіне жүктелген міндетті атқарып отыр. Әр тапсырма мен нұсқаулық тек онлайн түрінде жүргізілуде. Бұған басында аздап үйрену қиын болғанымен бүгінде имамдарымыз тез бейімделіп алды.
Сондай-ақ, жамағатқа діни ақпарат пен насихат жұмыстары осы онлайн арқылы жүргізілуде. Әлеуметтік желілер арқылы, оның ішінде ютуб арнасынан күнделікті беріліп келеді. Күн сайын сағат 14.00-де онлайн түрінде тікелей эфирден хатым құран оқылады. Мұнымен қатар, уағыз-насихат жұмыстары да осы форматта өткізілуде.
Осындай өтпелі кезеңде қала тұрғындары мен жамағаттың көкейде жүрген сұрақтарына дұрыс әрі нақты жауап беру үшін Шымкент орталық мешітінен «Call center» орталығы ашылды. Онда білікті һәм тәжірибелі 15 имам бекітіліп, күн сайын таңғы 09:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін жұмыс жасап келеді. Айына 2-3 мыңға жуық тұрғыннан қоңырау келіп түсіп жатады. Ең негізгі мақсатымыз – осындай сәттерді пайдаланып, өзге теріс пиғылды секталар мен ағымдардың жетегінде жастарымыз кетіп қалмауын қамтамасыз ету. Сол үшін осы шаралар дер кезінде қолға алынды.
Тағы бір жаңалығымыз – Шымкент орталық мешіті жанынан «Оңалту» орталығы ашылды. Мұның негізгі мақсаты да – түрлі кереғар ағым жетегінде адасып жүрген азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Бүгінгі таңда карантин талаптарына сәйкес ол азаматтармен онлайн түріндегі жұмыстар қолға алынып отыр.
Өзіңізге белгілі, өткен жылы «Жусан» операциясы арқылы елімізге Сирия елінен босқын болып жүрген қандастарымыз жеткізілді. Бүгінде солардың біразы Шымкент қаласында тұрады. Олармен де тығыс байланыс жасап, мешіт имамдарымен қатар Шымкент орталық мешіт жанында құралған «Әйел-қыздар секторы» бөліміндегі дінтанушы ұстаздарымыз байланыс түзіп, асыл дініміздің, салт-дәстүрлеріміздің озық тұстарын жан-жақты түсіндіруде. Олардың әлеуметтік тұрмыстық жағдайларын ескеріп, мешіт тарапынан тұрақты қайырымдылық негізде көмек көрсетілуде. Кеше ғана өткен Құрбан айт мерекесінде шалынған Құрбандық еттері 25-тен астап отбасыға жеткізілді. Осы бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізілуде.
– Діни экстремизм мен терроризм өскелең ұрпаққа қаншалықты қауіпті? Жастарды бұл құбылыстардан аман сақтап қалу үшін не істеу керек?
М.Е.: Өте орынды сұрақ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан «Жастар секторы» бөлімі ашылды. Бұл бөлімнің негізгі мақсаты – жастар тәрбиесіне мән беру, осы бағытта кешенді жұмыстар атқару болып табылады. Осы бөлімнің қаламыздағы бөлімшесінде көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, жастарды еңбекке баулу, түрлі кереғар әрекеттер мен секталардан сақтандыру, білім алу, ата-ананы құрметтеу, отбасы мәселелері, т.б. күнделікті қажетті мәселелермен шұғылдануда.
Сондай-ақ, карантин талаптарына сәйкес, жастармен онлайн түрінде уағыз-насихат жұмыстары жүргізілуде. Онлайн уағыздар түрлі тақырыптарды арқау етіп, апта бойы жүргізілуде.
Мұнымен қатар, жыл сайынғы дәстүр бойынша «Мектепке жол» қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, көпбалалы отбасылардан шыққан, мүмкіндігі шектеулі, жағдайы жоқ мектеп оқушыларына 350 дана планшет табыс етілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табуда.
Мешіттердің есігі уақытша жабылғанымен сауаптың есігі ашық тұрады, – демекші, карантин талаптарына сәйкес мешіттерде қайырымдылық бағыттағы жұмыстар тоқтаған емес. Өздеріңізге белгілі, Мақтаарал ауданы мен Төлеби аудандағы су тасқынынан зарбап шеккен тұрғындарға еліміздің барлық облыстарымен қатар Шымкент қаласының төрт ауданы қалыс қалмай, бірнеше рет үлкен жүк көліктерімен азық-түлік, киім-кешек т.б. қажеті заттар жеткізілді.
– Діни экстремизм мен терроризмнің белең алып кетуіне кім кінәлі? Жат ағымдар мен діни секталардың бұған қатысы бар ма?
М.Е.: Бір кездері үлкен проблемалардың бірі – ата-бабамызды жік-жікке, ру-руға бөлу болған. Ендігі жерде әр қазақ отбасында үш бірдей дінді ұстану үрдісі қалыптасып отыр. Мұның соңы қазірдің өзінде ел арасындағы татулық пен бірлікке сызат түсіріп келеді. Бұл бір ғана ұлттың басына түскен нәубет емес. Бәлкім, бүкіл еліміздің тұрғындарына келген ауыртпалық деп түсінген жөн болар. Осы тұрғыдан алғанда, әлгіндей теріс, жат пиғылды, еліміздің ертеңіне кесірін тигізетін ағымдар мен секталарға қарсы арнайы заң қабылдануы тиіс деп санаймын.
Хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз өзінің хадис шәріптерінде «Мұсылман – мұсылманға бауыр» дейді. Жалпы айтқанда, асыл дінімізде өзге дін өкілдерінің ар-намысына, жеке құқығына қол сұғудан қайтарылған. Тіпті, пайғамбарымыз Мұхаммед саллаллаһу алайхи уасаллам жылына бір келетін Құрбан айт күндері сойылған мал етінің бір бөлігін өзге дін өкілдеріне сый етуді әмір еткен.
Сұхбат жүрізген
Әсет Әссанди,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
qazaquni.kz