Крылов тіріліп келсе, Абайды құшақтар еді...
2020 ж. 13 қыркүйек
3233
1
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында: «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады... Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді.
Сондықтан, біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» – деді.
Биыл дана Абайдың туғанына 175 жыл толса, Қазақ елін айдай әлемге танытқан даңқты батыр Бауыржан Момышұлының дүниеге келгеніне 110 жыл толады. Бір ғажабы, халықтың осынау көрнекті перзенттерінің арасында таңғажайып рухани байланыс бар. Оқырман назарына ұсынылатын төмендегі дүние сол сәйкестіктің жарқын көрінісіндей.
«Мен де Абайға еліктеп өстім»
– Мәшһүр Жүсіп Көпеев алдына барып сәлемдескенде, Абай сынағалы:
– Түр-өңің келіскен екен. Құдай мен шайтан қайда, жұмақ пен тозақ қайда? –дегенде, Мәшһүр Жүсіп бөгелмей, бірден:
– Абайдың Құдайының қайда екенін білмеймін, менің Құдайым жүрегімде. Әйелің ақылды болса, жұмақ – төріңде, әйелің ақымақ болса, шайтан да, тозақ та үйіңде, – дегенде, Абай түрегеп, Мәшһүр Жүсіптің ұсынған қолын алып, төріне шығарған екен.
Мұның алдында біреулер «мен Мәшһүр Жүсіппін» деп келіп, Абайдың көңілінен шыға алмай, масқара күйге ұшыраса керек. Содан Абай секемденіп, Мәшһүр Жүсіпке әлгіндей сұрақ қойып, жауабына қатты риза болған деседі.
– Данышпан адамдар ғой. Мәшһүр Жүсіптің Құдайым миымда демей, жүрегімде дегені дұрыс. Ми деген – ақыл, жүрек деген – сезім. Ақыл күшті болмайынша, жүректі ауыздықтай алмайды. Сондықтан адам алдымен ақылды болуы керек. Абайға сәлем бергенде Мәшһүр Жүсіп қанша жаста екенін білмейсің бе?
– Жас болған-ау.
– Әрине. Абайдың қырық жасында жазған: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман», – деген өлеңі бар. Мен жетпіс жастан асып бара жатырмын. Қартайдым ба, қартаймадым ба?
– Қартайдыңыз.
– Оны немен дәлелдейсің?
– Жүріс-тұрысыңыз ауырлады.
– Оттама! Бұл қартайғандық емес, организмнің тозғаны. Абайдың рухы да, менің рухым да қартайған жоқ! Мәңгі қартаймайды. Түсіндің бе?
Мен үнсіз басымды изедім.
– Рухы мықты жандардың бәрі туыс. Халықтың: «Жақсы әйел жаман еркекті ер қылады, жаман еркек жақсы әйелді жер қылады» – деген дана мақалы бар. Жастау кезімде бұл тақырып төңірегінде мен де өзімше ізденіп, ой толғағам. Қанша ақылды, тіпті патша, батыр болсын әйелдің сөзіне ермейтін еркек өте сирек. Мамытбектен басқасының бәрі әйелінің айтқанын екі етпейді. Сен әйеліңнің ескертпесін елесең, менімен сөйлеспес едің.
Мен еріксіз күлдім.
– Абай – психолог, жоғарыда еске алған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұлғайды арман» деген өлеңінде қазақтың бар болмысын «қабаған итше өшігіп шыға келер, мен қапсам, бір жеріңді бөксерем деп» – деген екі жолмен-ақ жинақтай бейнелеген. Бұдан асқан шеберлік бар десең, айт, дәлелде. Мен де Абайға еліктеп өстім. Ол кісіден үйренгендерім көп.
«Абай рухани әлемінен үйренуіміз әлі нашар»
– Жас кезімізде Абай аруағына сиындық, қазір де сиынамыз. Бұл, әлдекімдердің ойынша, әсіреқызыл әуесқойлық тәрізді.
– Жоқ. Бұл – Абай ерлігін бағалап, құрметтеу. Тек бір ескеретін жәйт – әлжуаз, жалтақ, жылпос болсаң, сені ешқандай аруақ ( аруақты мен рух деп түсінем) қолдамайды. Ашығын айтсам, Абай рухани әлемінен үйренуіміз әлі нашар...
«Бала есімін қоюда ойлану керек»
– Ана жылы сізді алғаш үйіме қонақ еткенімде қолыңызға су құйып қызмет көрсеткен заң факльтетінің студенті ініме бата берген едіңіз ғой. Есіңізде ме?
– Болашақ заңгер балаға бата бергенім есімде. Ол ініңнің аты кім еді?
– Абдрахман.
– Жақсы есім. Данышпан Абай сүйікті бір баласының атын Абдрахман қойған. Ол Алланың құлы деген мағынаға ие, пайғамбар төңірегіндегі тілектестердің қасиетті есімі. Мұндай есімді абыроймен алып жүру кім кімге де үлкен жауапкершілік жүктейді. Есінде сақтасын, ескертіп қой, інің есіміне лайық болуға талпынып бақсын.
Біле білгенге дін мен заң егіз ұғым. Екеуінің де мақсаты – адам тәрбиелеу. Мысалы дін: «Жан баласына қиянат жасама, ешкімнің ала жібін аттама, тәртіпті болып, сыпайы жүр», – дейді. Заңның талабы да осы.
– Ініңнің атын кім қойған?
– Әкесі Үйсінбай қойған. Биыл ол кісінің жасы сексеннен асты. Балажігіт кезінде Ташкентегі діни медресені бітірген, соғысқа қатысқан, «Қыз Жібек» жырын жатқа айтатын, алпыс жылдан бері ауылымыздың имамы.
– Ол кісі баласының атын Абдрахман деп дұрыс қойған. Бізде Қасқырбай, Талқанбай, Бұзаубай, Қошқарбай, Кемпірбай, Ташкентбай, Шымкентбай, Фермагүл деген, т.б. ешқандай мән-мағынасы жоқ аттар көп. Мен бұған мүлде қарсымын. Данышпан Абай: «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деп дұрыс ескерткен. Бала есімін қоюда ойлану керек.
«Сені өзіме үйіріп алдым»
– Менің ең үлкен мақсатым – немере, шөберелеріме ой қалдыру. Байқаймын, шөберелерімнен гөрі немерелерімнің өмір сүру, киім, тамақ табу жолы басқаша болып барады. Сондықтан мен өмірге қатты шөлдеп, шөліркеулімін. Мысалы Абайдың «Қалауын тапса қар жанады» деген бабалар сөзімен келіспейтініне өз басым қосылмаймын. «Абайды жөндемек болған бұл кім?» деп мені қанша адам сынады. Жүз адамнан:
– Абай бабам дұрыс айтты ма? – деп сұрашы.
– Дұрыс айтты, дұрыс айтты, – деп бәрі шулап, қол шапалақтайды. Ішіндегі мұртты ақымақ мен.
– Жоқ, мұны Абайдың айтқаны белгісіз. Ғасырдан ғасырға ұмытылмай келе жатқан және мағынасы терең «Қалауын тапса, қар жанады» деген сөз не деген алтын, не деген керемет сөз. Ешқандай қар жанбайды, бірақ қалауын тапсаң, бітпейтін іс жоқ.
Жасы үлкейген сайын адамның ақылы азаяды. Оның үстіне қарттардың бәрі бірдей ақылды дейсің бе? Жоқ, ақылдылық адамның жасына байланысты емес. Жасында ақымақ адам, үлкейген соң да ақымақ күйінде қалады, яғни тегінде жоқ жанның үстіне алтын құйсаң да, жылтырамайды. Ондайды қазақ тексіз дейді. Оларда ел сүйсінер еш нәрсе жоқ. Текті адам ісінен, сөзінен белгілі болады. Мұны сен өзің де байқап жүрсің.
Атам қазақ: «Айтуын біз айтамыз, оның түйінін кейінгі ұрпақ өзі шешеді» деген. Неге деп сұрамайсың ба?
– Неге?
– Сен шешіп, шайнап берсең оның бойына дарымайды. Медицинада асты шайнағанда сілекей бөлініп, астың қорытылуына көмектесетіні айтылады. Сол сияқты біз қысқа ғана астарлап айтамыз, оның ар жағында не болатынын ақылды адамдар, ақылды ұрпақ өздері шешеді. Ақымақтар көзі нені көреді, соны ғана сөз етеді.
– Астарына ой жүгіртпейді дейсіз ғой?
– Иә, ой жүгіртпейді. Түсінген адамға кез келген мақал астарлы. Мысалы, «Қалауын тапса, қар жанады» дегенді Абай атамыз жиырма тоғызыншы сөзінде: «қалауын тапса, қар жанады», «сұрауын тапса, адам баласының бермесі жоқ» деген сөз ең барып тұрған Құдай ұрған сөз осы. Сұрауын табамын, қалауын табамын деп қорлықпен өмір өткізгенше малды не жерден сұрау керек, не аққан терден сұрау керек қой» дейді. Мұны Абай мүмкін біреуді сынау үшін айта салған болу керек. Әйтпесе, Абекеңнің ол сөздің астарын білмеуі мүмкін емес. Қазақта Абайдан ақылды, өткір ешкім болған жоқ. Оны, меніңше, басқа біреу айтып, Абайға теліген тәрізді.
Өзің қарапайым басыңмен ойланшы, бабалар ақымақ болып, аузына келгенін сандырақтай ма? Ол және бірнеше жүз жылдардан бері келе жатқан мақал. Ол ақымақ мақал болса, ұрпақтан ұрпаққа ауыса ма? Әр нәрсені сөз еткенде жан-жақты ойлану керек.
Қайталап айтам, «қалауын тапса, қар жанады» не деген алтын, не деген керемет сөз! Ол жолын тапсаң, бітпейтін іс жоқ деген мағынаны білдіріп тұр емес пе? Бір ғана мысал. Сен маған жабысып, айырылмай жүрсің? Неге? Менің әңгімелерімді тыңдап, қатты әсерленгендіктен: «Жұрт айта алмаған сөзді айта алады екен. Ол кейінгі ұрпаққа, өзіме керек», – деп сен менен айырылмай, жабысып қалдың. Сонда мен қалауын таптым да, сені өзіме үйіріп алдым. Бұл – қардың жанғаны.
«Ғафулық өтінді»
– Жазда «Алматы» шипажайында демалатынмын. Таудың салқын таза ауасы, мүлгіген тыныштық. Алаңсыз ой ойлауыңа ешқандай кедергі жоқ. Ертеңгі, кешкі мезгілде серуенге шығамын. Сондай серуеннің бірінде жасы үлкен үш кісімен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы туралы пікір таластырып қалдым. Олар ә дегеннен Құнанбайды қатігез, діншіл жан деп жамандауға көшті. Мен:
– Тұтастай алғанда «Абай жолы» эпопеясы әлем әдебиетінің асыл қазынасының бірі. Мұхаңның суреткерлік шеберлігіне тәнтімін. Тек жазушының әке мен бала арасындағы келіспеушілікті жасанды түрде суреттегеніне түгелдей қарсымын. Бұл пікірімді майданнан жолдаған хатымда Мұхаңның өзіне де ашық жазғанмын.
– Сіздер сөйлеген сөздеріңізде Құнанбайды қажы болды, Қодарды өлтірді деп сынап-мінедіңіздер. Бұларыңыз Құнанбай табиғатын түсінбегендік. Ол Қодарды жазалап өте дұрыс жасады. Тіпті, оның қылығын айтуға адам ұялады. Құнанбай оған дұрыс шара қолданды, – деп едім, үшеуі үш жақтан:
– Бұл айтқаныңыз ақылға сыймайды. Мұхтар Әуезов бүкіл дүние жүзіне белгілі адам. Сіз ол кісідей жазушы (ол кезде менің кітаптарым жаңа жарық көре бастаған еді), не үлкен қызметкер емессіз, – деді мені мұқатқандай.
– Сөзімді бөлмей тыңдаңыздар. Құнанбай – данышпан, әділетті, көреген, асқан шешен, ел басқару ісінде алдына жан салмаған адам. Ол қазақ халқы осындай деп мақтанарлық тұлға.
– Қателесесіз. Қодарды Құнанбай оның жерін иемдену үшін өлтірді, – деп үшеуі өршелене түсті..
– Сіздерге қояр сұрағым, Құнанбайдың тұсында халық ақылды болды ма?
– Ақылды болды.
– Бәріңіз солай ойлайсыздар ма?
– Иә, бәріміз солай ойлаймыз.
– Жақсы. Қодарды өлтірерде жиналған жұрт ақылды ма еді?
– Ақылды еді.
– Шын айтасыздар ма?
– Шын айтамыз.
– Жауапты өздеріңіз бердіңіздер. Егер жиналған жұрт ақылды болса, неге Құнанбайдың сөзіне еріп Қодарды өлтірді? Оны тыңдамай қоймады ма? Қазір бәріңіз ақылдысыздар, Құнанбайды кінәлап сөйлеп, шындықты мойындағыларыңыз келмейді. Күндердің күнінде қателескендеріңізді түсініп, өкінесіздер. Тағы сұрақ қояйын, Абай намаз оқыды ма?
– Жоқ.
– Оның «Алланың сөзі де рас, өзі де рас» деген өлеңі бар емес пе?
– Бар.
– Оны не үшін жазғанын білесіздер ме?
– Өзіңіз айтыңыз.
– Абай ол өлеңді әкесін сыйлағандықтан жазған. Сондай құрмет тұтқан әкеге оның қарсы шығуы мүмкін бе? Керісінше, Құнанбай да, Абай да өздерінің ар-намысын қорғай алатын даналар. Қанша зерек болып туғанмен баланың қасиеті әке қасиетінен асып түсуі екіталай. Мұны генетика заңы да дәлелдейді.
Кейін маған қарсы шыққан үшеудің біреуі театрда жолығып қалып:
– Сонда сізді жек көрген едік. Тіпті, ақылынан алжасқан ба, беталды сандырақтағаны несі деп жағамызды ұстағанбыз. Уақыт өте келе сіздің пікіріңіздің дұрыс екеніне көзіміз жетті, – деді ғафулық өтініп.
«Абай барлық уақытта бізге үлгі»
– Сіз Абай творчествосына қай кезден бастап ерекше көңіл бөлдіңіз?
– Он бес жасымнан бастап көңіл бөлдім. 1949 жыл. Сібірдемін. Көз аштырмас қарлы бораннан, азуы алты қарыс аяздан тынысым тарылып, дем алуым қиындап, апта бойы сыртқа шыға алмай, үйге қамалып қалдық. Уақытты босқа өлтірмейін деген оймен Абайдың, Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың шығармаларын қолыма алып, өзімше талдау жасадым. Абай Пушкиннің, Лермонтовтың, Крыловтың өлеңдерін аударғанда, түпнұсқада жоқ ойларды сыналап енгізіп, шығарма мәнін құдіреттендіре түскенін байқап, таң-тамаша қалдым.
Пушкиннің Татьянасы мен Абайдың Татьянасы бөлек. Егер Пушкин тіріліп келсе: «Ой, қарағым, менің ойым, ақылым жетпегенді сен жеткізіпсің» – деп алдына иіліп, алғысын айтар еді. Лермонтовтың да, Крыловтың да солай етеріне күмәнім жоқ.
Сен «Теректің сыйы» деген өлеңді оқып шығып, Абайдың аудармасымен салыстыр. Лермонтовта жоқ ой Абайдың аудармасында бар. Бірінші төрт жолына зер сал. Лермонтов «Теректің асау толқынын «как грива львиная» деген теңеумен бейнелеген. Львица – арыстанның ұрғашысы. Ұрғашыда сақал болғанын көріп пе едің? Еркекте сақал болады. Лермонтов жастықтың әсерінен шаласауаттылық танытып, ұрғашы мен еркекті ажыратпаған. Терек өзенінің толқынын ұрғашы арыстанның сақалына теңейді. Тапқан екен Құдай бермеген сақалды?
Жатқан жері торқа болсын, әулие Абай жарықтық орыс тілін Лермонтовтан артық білген. Оның қатесін «ой, мынау абырой әпермейді» деп түзетіп, өлеңге философиялық ой, музыкалық әсем ырғақ дарытқан. Бұл Абайдың кемеңгерлігі.
Гете – Лермонтовтан Абай аударған «Қараңғы түнде тау қалғыпты» талдау барысында да ғажап әсерге бөлендім. «Ой, мынаның ойын жеткізіп айта алмай кетіпті ғой, мен қосайын» деп, Абекең шығарма мазмұнын барынша тереңдеткен. Өлеңнің немісше, орысша түпнұсқасында қараңғы түндегі таудың бейнесі табиғат көрінісі ретінде суреттелгенін місе тұтпаған Абай «тыншығарсың сен-дағы, сабыр етсең азырақ» деген екі жолмен өмірмен қоштасар сәттегі адам баласын жұбатарлық, тамаша философиялық ой дарытқан.
Абай: «Қап, бұлардың айта алмағанын мен айтпақ едім, ойым, ақылым, сезімім жетпеді, яғни мен жай екенмін» деп өзіне көңілі толмай, сөзбен жеткізе алмағанымды енді әнмен жеткізіп көрейін деп, кәсіпқой композитор болмаса да, Пушкиннің де, Лермонтовтың да, Крыловтың да өлеңдеріне ән шығарған. Бұл да Абайдың кемеңгерлігі.
Крылов теңдесі жоқ ойшыл, ұлы сықақшы. Крыловтың Абай аударған өлеңдеріне де талдау жасадым.
– Айналайын, шырағым-ау, менің шығармамды жақсартып жіберіпсің ғой, – деп Крылов тіріліп келсе, Абайды құшақтар еді.
Халықты тану үшін таңдай білу керек. Көрші орыс халқында не бар, не жоғын, кімді таңдау керек екенін алыс ауылда жатқан Абай білді. Оның тереңдігінің, қоғамдық дүние танымының күрделілігінің бір құпия сыры осында.
Орыс мәдениетін, әдебиетін танып білу жағынан өзімізді Абаймен салыстырсақ, біз – наданбыз. Мұны мен кезінде Мұхаңа, Мұхтар Әуезевке айтқанмын. «Сіз, Мұха, әкесіне баласын қарсы әрекетке барғызып, тарихи мәселені шешем дедіңіз. Бұл марксизм-ленинизм дүниетанымына жат, майда, жасанды белсенділік, бұл тарихты бұрмалау. Мұндай шаласауаттылыққа нағыз марксизм-ленинизм Ганнибалдың, Цезарьдың, Иван Грозныйдың, Напалеонның, Петр Біріншінің прогресшіл еңбектерін бағалап, олардың қателігін қайталамау жөнінде ескерткен. Біздің Құнанбай да солардың қатарындағы қаһарман» дегем. Мұхаң «ескертпең маған ой салды» деп өз түйсік-түсінігімен бөліскен болатын.
– Абайға қандай баға бересіз?
– Біз Абайды байдың баласы, ұлтшыл деп отыз жыл жамандап, құртамыз дедік, құрта алмадық. Он жыл мақтап, өз тұғырына қондырамыз дедік, интеллектуалдық мәдениетіміздің кещелігінен әлі қондыра алмай келеміз.
Алла тағала асқан жомарттықпен бір басына бар өнерді сыйлаған Абайды әлем халықтары әдебиетінің озық дүниелері қатарынан орын алатын, ғасырларды жарып, тірі келе жатқан көне ақындарымыздың, ойшылдарымыздың көш басындағы философ, психолог, композитор, жаңашыл ақын деп білем. Бұл менің жеке пікірім, абайтанушы емеспін, оқырманмын. Абай туралы еңбектермен де таныстым. Әсерім ала-құла. Қайсыбірінің пікірімен келістім, қайсыбірінің пікірімен келіспедім.
Абай Семейден басқа жаққа барған, Санк-Петербургте оқыған жоқ. Соған қарамастан, орыстың рухани дүниесінің інжу-маржанын бойына сіңіріп, рухани байыды. Көңіліңе келсін, келмесін, шырағым, «өлең – сөздің патшасы» деген сөзді Абайдан басқа кім айтты? Абаймен ешқайсымыз таласа алмаймыз. Абай барлық уақытта бізге үлгі.
«Мақалдарымыздың астары терең»
– Халің қалай?
– Орташа.
– Орташа болғаны жақсы. Жұрт тезекпен ұрмайды, ауызбен қарғамайды. Сенен сұрайын дегенім, «бар екен де жоқ екен» дегеннің мағынасын қалай түсінесің?
– Адам өмірге келеді, кетеді деген ұғымды білдіретін шығар.
– «Бар екен де жоқ екен» деген бай, бірақ жан баласына ешқандай бересісі жоқ, байлығы болғанмен ешкімге ешнәрсе татырмайды деген ұғымды білдіреді.
– Қазымыр адамдар да сондай ғой.
– Иә, сондай. Сенің: «Адам өмірге келеді, кетеді», – дегенің де «бар екен де, жоқ екен» ұғымымен туыс.
Біздің елде бала кезімде «бар екен де, жоқ екен» деп ешкімге ешқандай қайырымы жоқ байларды айтатын-ды. Аулымыздың ақсақалдары:
- Оның байлығының барынан жоғы жақсы. Өйткені жақсы адамның ең құрығанда сәлемі дұрыс болады, – дейтін. Жасыратыны жоқ, ауылымызда сәлемі де сатулы сараң бай болған.
- Сіз «Жемесең де май жақсы, бермесе де бай жақсы», «Бар қасына барып байымасаң, маған кел, жоқ қасына барып жоғалмасаң, маған кел» деген мақалдардың мән-мағынасын қалай түсінесіз? Бір қарт кісіден сұрағанымда: «Бермесе де байдың, бардың жақсы болатыны – алдына барғанды аштан өлтірмейді» деп жауап берді.