Таңғажайып Түркістанда 100 күн саяхаттауға болады - Ерлан Сыздық
2020 ж. 07 қыркүйек
2291
1
Ішкі туризмді өркендетуге үлес қосып жүрген өлкетанушы, «Тұран-тв» туризм телеарнасының Түркістан бөлімінің қызметкері Ерлан Сыздық осылай дейді. Оның айтуынша, өңірде туристер көріп, қызықтайтын, тамашалайтын жерлер көп-ақ.
– Түркі жұртының төрі, алтын бесігі – Түркістан. Облыс орталығына айналып, мәртебесі өскелі бері тарихи Түркістанға саяхаттаушылардың ағыны артты ма, қалай?
-Иә, бүгінде Түркістан гүлденіп, түрлене түсуде. Биыл өкінішке қарай, індеттің әсерінен туристер легі тоқтап тұр.(Былтыр көрсеткіш жаман болмады,1 миллиондай саяхатшы жәдігер қала көруге келген). Бұл қиындықты да жеңерміз. Алдағы уақытта саяхатшыларға төрт қақпалы Түркістанның есігі қашанда ашық. Көптеген қызықтайтын, көретін нысандар ашылуда. Бұрындары саяхатшылар қалаға жарты күнге келіп-кетуші еді. Бүгінде қаланың өзін екі күн жүріп аралайтын нысандар бой түзеуде. Әрі қарай турбағыт бойынша көрікті мекендерге сапарлаймын десе 1күннен 100 күнге дейін аралатуға мүмкіндік бар. Қарт Қаратауда мемлекеттік табиғи бақтар, қорықтар, тарихи-мәдени нысандар жеткілікті. Бастапқы есебім бойынша өңірге келген саяхатшы 1-күннен 60 күнге дейін аралайтын жерлері бар деп едім.(Осы тақырыпта жарнама ролигін әзірлегем). Қателесіппін. Тіпті 1 күннен 100 күнге дейін аралап, тамашалап, қарайтын жерлері бар екен. Қызылқұмы оазисі, тау-шатқал, құз, өзен-көл, сарқырама, орман-тоғай, жайлау, жабайы аңдар барлығы осы өңірден табылады. Этноауыл құрып жылқы мәдениетімен танысуға, қымыз терапиясын ұйымдастыруға, тарихи-мәдени орындарға саяхат жасауға, көлге шомылып балық аулап, дарияда қайықпен жүзуге,орниталогия, құмда сафари, шатқалдарда жабайы аңдарды тамашалауға болады. Барлығы бар, тек оны жүйелі ұйымдастыру керек.
Мәдениет министрлігі мен әкімдік таяу жылдары Түркістанды туристік хабқа айналдырымыз, саяхаттаушылардың санын 5 млн-ға жеткіземіз деп отыр. Бірақ біз әлі де ондай туристер легіне дайын емеспіз. Өңірдегі туризмнің түйткілді тұстары жетерлік. Шет тілін білетін, жетік меңгерген жолбастаушылар жетіспейді.Автологистика жағы да ақсаңқырып тұр. Туркомпаниялар өңірді аралап, зерттеп алса игі болар еді. Бәсекелестік қалыптаспаған. Бәсеке жоқ жерде жұмыс ілгері баспайды. Әзірге «тек келдім, кеттім, табыс таптым» төңірегіндегі жұмыстар жүруде. Азаматтық позициямен, елімізді-жерімізді мақтанышпен көрсетуге, сапалы туржорықтар ұйымдастыруға көшуіміз керек. Жыл сайын жас маман-гидтерге экспедициялар ұйымдастырып, шеберліктерін арттыруды ойластырсақ. Неғұрлым көбірек көзбен көріп, қолмен ұстап, аяқпен жеткен сайын адамның көкірек көзі ашылып, айтары мол болмақ. Көп гидтер офисті айналшықтайды. Табанын тоздырып, күнге күйіп, желге тотықпаған жан терең өлкетанушы бола алмайды. Көзін тапса, Түркістанды туризм орталығына айналдыруға мүмкіндік мол.
– Түркістанда, жалпы елімізде ішкі туризмді дамытудың жолдары, мүмкіндіктері қандай?
Бізде саяхаттаушыға көрсетерлік көрікті жерлер көп-ақ. Бірақ біз, соны шетелдіктерге, тіпті өз еліміздің азаматтарына көрсетіп, ұқсата алмай отырмыз. Жарнамалау жағы әлсіз. Шетелдік туристер келеді. Көбінің Қазақстан, қазақ халқы туралы ақпараты тым жұтаң. Шетелдердегі елшіліктеріміз елімізді насихаттап, елдегі туризмді дамытуға үлес қосуы керек. Туризм – елдің визит картасы. Көрші елдердің елшіліктерінде бұл тарапта біраз тәжірибе бар. Елшіліктер өңірлердегі туризм мамандарын шетелдің туроператорларымен таныстырып, басқосулар, көрмелер жиі өткізіп тұрса, шетелдік әріптестердің сапарын елімізге табиғаттың әр маусымына қарай ұйымдастырса ұтымды болар еді. Көзбен көріп, танып білгенде ғана олардың біздің елмен жұмыс жасауға қызығушылығы артады. Біздің мәдениетіміз, салт-дәстүріміз, көшпелі тұрмысымыз оларға қызықты. Еуропа халқы Әмір Темірді жақсы біледі. Бізде оның бітпей қалған ғажап құрылысы Ясауи кесенесі бар. Отырар кітапханасы, Ескендір кешіп өткен Сырдария, Марко Поло жүрген жолдар барлығы дерлік сайрап жатыр. Біз бірақ жеткілікті, жүйелі жарнамалап жүрген жоқпыз. Жасыратыны жоқ, қаншама қаржы сыртқы туризмді өрістетуге кетіп жатыр. Сонда, кімнің қазынасын толтырып жүрміз? Бір жайт есіме түсіп отыр. 2018 жылы бізге Италиядан туристер келді. Бір саяхатшы әр нысанға барғанда бірдеме іздеп жүргендей көрінді маған. Соңында Ясауи кесенесіне келдік. Әлгі саяхатшы ханым аралап шығып, кесененің оң қапталына келгенде айғайлап, қуанып секірмесі бар ма? Сөйтсек, қонағымыз достарымен елінде саяхатқа шығуды жоспарлағанда, теларнадан Ясауи кесенесін көріпті.Кесененің оң жақ қапталында тұрып сұхбат берген отандасын (италиялықты) көре сала жоспарды өзгертіп, қасындағы достарын Қазақстанға саяхаттауға көндіріпті. Оны қызықтырғын кесенедегі көкшіл оюлар екен. (Шығыс шеберлерінің ою-өрнегіне қызығатын көрінеді). Іздегенімді таптым деп қуанып кетті. Міне, көрдіңіз бе, қалай? Туризм – мемлекетттің жарнамасы, визит картасы ғой,былайша айтқанда. Ішкі туризмді дамытсақ ұтылмайтынымыз анық. Бірақ та, оны жандандыру қажет. Өңірдегі туркомпанияларда көлік аз, офистері жоқ, бар болса да жүдеу, гид мамандары жетіспейді.Әсіресе шет тілін білетіндері аз. Жақында Түркістанда туризм университеті ашылды. Бәлкім, осы оқу орны даярлайтын мамандар олқылықтың орнын толтырар. Бұйыртса, біз де өз тарапымыздан түрлі экспедициялар ұйымдастырып, жастарды өлкетанушылыққа баулымақпыз. Әуелі елімізді, жерімізді өзіміз танып-біліп, сонан соң өзгелерге жарнама жасай білсек. Ішкі туризм сонда қарқын алады. Жалпы, ішкі туризм бағыттарын дамытуға мемлекет мүдделі болу керек. Мемлекет арнайы бағдарлама жасап, кәдімгі ауылшаруашылығын дамытуға субсидия қарастырғаны секілді, бұл саланы да бағдарламамен жүйелі қолдау қажет деп есептеймін.
– Шетелдік саяхатшыларды тартудың жолдары қандай? Шетелдіктер Алматыдан әрі аспайтындай көрінеді көңілімізге...
– Жалпы, біз шетелдік туристер саяхатын дұрыс ұйымдастырмайды екенбіз. Мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді жіктеп көрсетіп бере алмаймыз. Лақ еткізіп бір фестивальдің аясында барымызды төге саламыз. Ал біздің дәстүріміз мәдениетіміз, далалық көшпелі тұрмысымыз – тұнып тұрған философия. Жаз – жайлау, қыс – қыстау, киіз үй тігу, оның құрылымы, асауға бас білдіру. Бесікке салу, тұсаукесер, құда түсу, сырға салу, әрқайсысы жеке бір тақырып. Ағарғанның жасалуы: қымыз, шұбат, айран, қаймақ құрт-майымыздың өзі – үлкен мәдениет. (Жай ғана күбі піскенді, ауыл тұрмысының бір деталіне ауыздары ашылғанын көріп жүрміз). Осыларды ашып,(облыстардағы музей, этнографиялық орталықтармен бірігіп) терең түсіндіріп жеткізер болсақ ұтымды. Бірден келіп-кетіп көретін дүние емес, арнайы, әр кез, жылдың төрт мезгіліне сай, бөлшектеп көрсетер болсақ, онда саяхатшы сол қызықты «экзотика әлеміне» бату үшін бірнеше рет келуге тура келеді. Олардың әр келгені, қонақүйге тоқтағаны, жүрген-тұрғаны – табыс көзі. Біз қолда барымызды бағалап, қажетімізге жарата алмай жүрміз. Жүйеге келтіре ала алмай жатырмыз. Кей турист жайлауды, көшпелі тұрмысты көргісі келеді. Базбірі сопыны, бақсыны білгісі келеді. Тұмса табиғатымыздың кереметінен ләззат алып, аунап-қунап кеткісі келеді. Мұның бәрі – сұраныс. Сұранысты екшеп, қажетімізге пайдалансақ табыс та табамыз, Ұлы дала елін ұлықтаймыз да. Онда әрбір шетелдік саяхатшы қазақ елін қызықтап қана кетпей, біздің көшелі жұрт екендігімізді мойындар еді.
– Ерлан, балалар туризмін дамыту жайында бастама көтеріп жүрсің. Саяхаттың осы түрінің жай-жапсарына тоқталып өтсең...
– Түркістан түрленген сайын өңір туризмінің тамырына қан жүгіріп келеді. Соңғы уақытта оқушылар саяхатында серпіліс бар. Түркістанға Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды, Орал, Нұрсұлтан қалаларынан көктем, жаз, күз айларында оқушылар көп келеді. Саяхаттаушы балалардың легі бұрынғыдан екі есеге артты. Кезінде оқушыларды қабылдап жүрген қонақүйлердің бағасы шарықтап кетті. Бос орын жоқ. Жақсы, заманауи қонақүйлер салынуда. Салынып біткендері де бар. Бірақ оқушыларға арналған бағасы арзан қонақүйлер жоқ есебі. Бұрын зияратшылар орталығы арзан болатын. Ендігі кезекте, бір мезетте демалыстарда келетін 1500-2000 оқушыға лайықты, бір оқушыға 3000 тенгеден аспайтын қолжетімді хостель не қонақүйлер қажет. Осыны орайлы ұйымдастырсақ дұрыс болар еді. Оқушылар 3–5 күн саяхаттайды. Бұл да тиімді табыс көзі. Қаншама кәдесыйлар сатылады; көліктер қызмет көрсетеді; тамақтану орындары; гидтер жұмысын қосыңыз. Жыл өткен сайын саяхаттаушы оқушылардың саны артуда. Бұрынғыдай тек Алматыдан емес, қазір бірнеше облыстардан келушілер бар. Біз жас саяхатшыларға барынша жағдай жасауға тиіспіз. Елінің тарихын біліп өскен ұрпақ біздің болашағымыз. Осындай ғажап еліміз, туған жерімізбен мақтануымыз керек. Жас ұрпақты осындай мақтанышпен тәрбиелеуіміз керек. Өйткені Ұлы дала елін ұлықтау парыз!
– Ерлан, әңгімеңе рахмет, табысқа жете беріңіз!
Тақырыптың тұздығы:
Бірде мексикалық бір кәсіпкерді күтіп алдым. Елімізге іссапармен, әрі ахалтеке тұқымды жылқы сатып алуға келіпті. (Түрікмендер сатпай қойып, іздегені Алматыдан табылған көрінеді). Қалған 2-3 күнді бос өткізбей Түркістанды аралап қайтуға бел буыпты. Қонаққа табиғатты тамашалаттық, жайлауды көрсеттік. Төлеби ауданының Ақбастау ауылында Көз Ата деген киелі жерде кешкі ас іштік. Бақсылық өнері бар ағамызды алдырттым. Жанып тұрған отта қызып тұрған темір істікті тілімен жалап, зікір салды. Шетелдік таңырқаумен болды. Тау табиғаты ерек қой: мезетте бұлт үйіріліп үлкендігі жұмыртқадай бұршақ жауып кетті. Ізінше аспан ашылып, жұлдыз жамырады.Қонағымыз қымбат қонақүйді тәрк етіп сол жерге қонып қалды. ( Алматыға қайтуға тиіс-тін, тағы бір күнге қалды). Құп көрдік. Таң атты. Алматылық туркомпания әкімшілігі:қайдағы ауыл, аңғары несі, неге онда қондырасың? Ол мәртебелі мейман» деп дүрлікті. Мен не
дейін: таңдау клиентте. Шетелдік таңертең жақсы көңіл күймен тұрып, қайта-қайта ризашылығын білдірді. Түркістанға тарттық. Сауранға келдік. Сауран шаһарына әрі кетсе 30 минут бөгелеміз деген, 1,5 сағат аралады. Ғасырлардың куәсі көне қыштарға үңіле қарап, үстіне отырады. «Әттең, уақыт тығыз. Көне қамал рухани қуат береді. Отырған сайын қуаттанамын. Мына ғажап, қаншама хан сұлтандардың ізі, алапат шайқастардың куәсі болған тірі тарих емес пе?! Неге бұлай ашық шашық, қараусыз жатыр, деп өзімді ұялтты. Не айтарымды білмедім. Иә, расында Сауранның шаңы шығып жатқан. Туристер тоқтайтын, ұялмай көрсететін нысандардың бірі көне Сауран қамалын гүлдендіріп қоюға әлеуетіміз жетеді ғой. Бірақ...
Әңгімелескен: Әтіргүл Тәшім,
Қазақ үні