Ғасырдың батыр анасы
2020 ж. 06 қыркүйек
8004
0
Үш жүз миллионнан аса халқы бар, бір кездегі әлем бойынша алып мемлекеттердің бірінен саналған КСРО кезеңінде Социалистік Еңбек Ері мен «Батыр Ана» атағын қатар алған үш-ақ адам болған екен. Сол үш ананың бірі – Сыр елінің атақты күрішшісі, 11 баланың анасы, 37 немеренің, 49 шөберенің әжесі болған анамыз – Сәлима Жұмабекқызы болатын. Қазақ елінде «Ғасырдың батыр анасы» атағын алғаш алған да Сәлима Жұмабекова. Аяулы анамыз тірі болғанда осы жылғы 25 тамызда 85 жасқа келер еді. Бақилық болғанына бес айдың жүзі болыпты. Рухын Алла Тағалаға аманаттап, жаны жанната болғай дейміз соңында қалған ұрпақтары. Сәлима Жұмабекқызы 1935 жылы, 25-тамызда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, «Ақжар» кеңшарында жұмысшы отбасында дүниеге келген. Әкесі Жұмабек Өсербайұлы мен анасы Ақсалы Баймаханқызы орта шаруа деңгейінде күн кешкен қарапайым жандар. Әкесі Жұмабек елдің балаларын өз әл-ауқатына қарамастан оқытып, сауаттарын ашқан, ескіше сауатты кісі болса, анасы Ақсалы өте қайратты, жігерлі, рухы таза қайырымды кісі болған. Сәлиманың арғы атасы Әлібай ахун, бергі атасы Қашқынбай, Қабылан батырлар, яғни, тектінің тұяғы. Әкесі Жұмабек Ұлы Отан соғысына қатысып, майдан даласында ерлікпен қаза табады. Отбасында анасы, Ақсалы, апасы Жәмила, інісі Жаухарбек қалады. Сол кездегі тұрмыстың, күнкөрістің ауыр азабын тартып, балалық өмірінің қызығын көрмей өседі. Жастайынан жетімдіктің ауыр жүгін арқалаған қаршадай қыз анасы мен апасына көмек беріп, буыны қатпай жатып масақ теріп, сиыр бағып, сауыншы болып, жастайынан еңбекке араласады. «Ақжар» кеңшарындағы «Бес там» мектебінде 1942-1950 жылдар аралығында 8 жылдық білім алған. Жастығына қарамастан, өмірге икем, еңбекшіл болып өседі. 1953-1959 жылдары «Ақжар» кеңшарында әртүрлі жұмыс істеп, кейіннен «Ленин» кеңшарына (қазіргі Тұрмағамбет ауылы) Ноғай Дәулетов деген механизатор жігітке тұрмысқа шығып, көшіп барады. 1953 жылы өмірлік жары Ноғаймен бас қосқан соң, оның өмірі мен бүкіл еңбек жолы Тұрмағамбет ауылымен тікелей байланысты болды. Шаруашылықта құрылысшы болып жүріп, 1964 жылы атақты дихан, елімізде «күріш атасы» атанған Ыбырай Жақаевтың бүкіл облыс жастарына үндеу тастап, оларды күріш егуді қолға алуға шақыруын қолдап, күрішші болуға біржола бекінеді. Қиын шаруа болса да, алған бағытынан қайтпайтын Сәлима анамыз осы жолды таңдап, сол жылдары бітік күріш өсіреді. 1966 жылы ауыл шаруашылығындағы үздік табыстары үшін «Құрмет белгісі» орденімен марапатталады. Сәлима Жұмабекқызының ұйымдастырушылық, адам жанын түсініп, тіл табыса білетін қабілеті бар екендігін бағалаған ауыл тұрғындары сенім білдіріп, 1967 жылы Дауылкөл ауылдық Кеңесінің төрайымы етіп сайлайды. Осы лауазымда бес жыл қызмет істеп, ауыл мәдениетін дамытып, тұрғындардың тұрмысын көтеруге өз үлесін қосады. 1971 жылы сол кездер шаруашылық, ұйымдастыру сияқты барлық мәселені жеке ұйғарымы бойынша шешетін аудандық партия комитетінің бюросына арыз беріп, өзін егіншілік саласына күрішші етіп жіберуді сұрайды. Қайтадан диқаншылық кетпенін ұстаған анамыз еңбекке бұрынғыдан да құлшына кіріседі. 1971-1973 жылдары егістіктен жоғары өнім алып, облыс, республика көлемінде аты белгілі бола бастайды. Сол төккен тері, адал еңбегі жоғары бағаланып, «Ленин» орденімен марапатталады. Осы жылы еңбектегі ерен ерлігіне қоса он бір бала тәрбиелеп өсірген Батыр ананың «Алтын жұлдызын» қоса таққан еді. Сол жылдары өзіне бекітілген 20 гектар жерден кем дегенде 106 центнерден өнім жинап, облыста «100 центнершілер» қозғалысын бастайды. Бұл бүкіл ауданда күрішші жастардың қатары көбейе түсуіне игі әсер еткен бастама болды. 1974 жылдан өзіне бекітілген күріш егісінің әр гектарынан 118 центнерден өнім жинап, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізеді. Өкінішке орай, 1977 жылы күріштікке су жіберу науқаны кезінде жолдасы Ноғай қайғылы қазаға ұшырайды, он бір баламен жесір қалады. Үлкен бір отбасының жалғыз асыраушысы Сәлима Жұмабекқызы тағдыр тауқыметіне мойымай, керісінше қайсарлықпен еңбек ете білді. Көктем, жаз, күз бойы күріш өсірсе, қыста сиыр фермасында мал бақты. Жыл он екі ай бойы ауылдың жұмысына жегіліп, қарап отырмады. Кеңестік кезеңде түрлі тың бастамалар жарияланып, оны бүкіл ел болып қызу қолдайтын жақсы үрдіс болатын. Әсіресе комсомол жастар арасында белсенділік жоғары еді. Сәлима Жұмабекова да 1978 жылы 5 адамнан құрылған комсомол-жастар бригадасына жетекшілік етті. Өзінің бұл саладағы мол тәжірибесін жастарға үйретіп, оларды еңбек жолына баулыды. Келесі жылы өзі де тағы бір тың бастама көтеріп, облыста бірінші болып отбасылық бригада құрды, оған өзінің екі баласы мүше болды. Әрине, Сәлима Жұмабекқызының ерен еңбегі мен қоғамдық белсенділігі аудан, облыс басшылығы тарапынан байқалмай қалған жоқ. Аудан тұрғындары оған үлкен сеніп артып, 1979 жылы Мәскеу қаласында өтетін КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына сайлады. Сонымен қатар одан кейін де ҚазКСР ХІІІ-ХІV сьездерінің және КСРО-ның 26 сьезінің делегаты болып, республикалық және одақтық дәрежедегі үлкен форумдарға қатысты. КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1980 жылғы 4 наурыздағы Жарлығымен Жұмабекова Сәлимаға Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Бұл еңбектегі ерен еңбегі үшін берілетін одақтық дәрежедегі ең жоғары марапат болатын. 1981 жылы тағы бір қайғылы жағдай – кенже баласы Алғабек қатты науқастанып қайтыс болады. Тағдырдан тағы да ауыр соққы алғанмен, өз жан жарасын еңбекпен емдеген анамыз тынымсыз жұмысын бір тоқтатып көрген емес. Күні-түнге қарамай уақытынының басым бөлігін егістікте өткізетін Сәлима Жұмабекқызы 1982-1984 жылдары әр гектардан жоғары өнім жинап, оның есімі республикалық, облыстық «Алтын кітаптарына» енгізілді. Сәлима анамыз негізгі жұмысымен қатар қоғамдық істерден де тыс қалмады. Ауылдағы өтетін іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Ұрпақ тәрбиесіне байланысты ауыл орталығындағы мектеппен тұрақты байланыста болды. «Мұндай атақ – даңққа ие болуым өзімнің еңбексүйгіштігім, адал маңдай терімнің жемісі болар. Сонымен бірге қасиетті Тұрмағамбет ауылының киелі топырағы, елдің бірлігі, сыйластықтары, ірі тұлғалар бастап кеткен жолының шапағаты деп білемін», – деп ағынан жарылатын көпшілік алдында батыр ана. 1983 жылы Кеңестік Одағының Азия және Африка елдерімен ынтымақтастық комитетінің мүшесі болып сайланды. 1986 жылы зейнеткерлікке шығып, одан кейін тағы 3 жыл күріш егіп, өңірдің ауыл шаруашылығы саласына зор үлес қосты. Осы саладағы ерен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ең бастысы Батыр анаға ауыл, аудан, облыс, одан қалды республика көлемінде құрмет көрсетілді. 2005 жылы 70 жылдық мерейтойына арналып "Қағанат" баспасынан "Сыр сұлуы, батыр ана –Сәлима" атты ғұмырнамалық кітап басылып шықты. 2015 жылы 80 жылдық мерей тойында Қызылордадағы Ыбырай Жақаев атындағы күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары шығарған күріштің жаңа сортына – "Сәлима" деп, Сәлима Жұмабекованың есімін берді. Батыр ана туралы көптеген өлең-жыр, поэма жазылды. Белгілі қаламгерлер Шакизада Құттаяқов "Сәлиманың көктемі" атты кітап, Рахметолла Кәрібозов «Жұлдыздарға жол тартқан» атты өлең-очерктерін арнады. Бұдан да басқа республикалық баспасөз беттерінде және Сыр өңірінде шыққан кітап, газет, журналдарда көптеген жазушы-журналистер батыр ана туралы сыр шертіп, қалам тартты. Соның біріне ерекше тоқтала кетсем артық болмас. Өйткені бұл батыр ананың мерейтойына арналған ән ұрпақтарына қалған ана туралы ескерткіш. Анамызды сағынғанда осы әнді айтып еске аламыз. Сөзін жазған Дастан Нәзікбаев әні Мұхамбетқали Бағатовтікі. Сыр күріші – байлық қандай, Жүрегінде жыр тұнғандай. Туған жердің ақ төсінен Арман болып жаралғандай. Қайырмасы: Еңбек Ері – аты қалған, Ұрпақтар өсіп тосар алдан. Қос жұлдызды ана болып, Қазағымның төрінен орын алған. Сәлима ана, Сәлима апа, Көңіліңіз таза мақта. Сәлима ана, Сәлима апа, Ұрпақтарыңмен бір мәңгі жаса. Жылдың басы – көктемінде, Күн ойнаған кетпеніңде. Маңдай терін мың төккен-ді, Мол өнімге жеткеніңде. Оңнан туып қазақ айың, Орындалсын барлық ойың. Анамызға айтар тілек, Құтты болсын мерей тойың. Бір мерейтойында облыстағы белгілі кәсіпкерлер арнайы шақырып, батыр анамен кездесу өткізді. Оның қиындыққа толы өмір жолы туралы әңгімесін тыңдап, өздеріне ғибратты сабақ алған кәсіпкерлер анама автокөлік тарту еткені бар. Осы отырысқа қатысқан облыс басшылары «Сіз еңбектің шыңын бағындырып ерен еңбектің үлгісін көрсеттіңіз. Сыр өңірінің мақтанышына айналып, өмір және еңбек жолыңыздағы жеңістеріңіз бен жетістіктеріңізді бүгінгі ұрпақққа үлгі етіп келеміз. Алғашқы тың игеруден бастап, одан кейінгі кезеңінде республикамыздың қоймасына құйылған миллиард пұт астыққа Сіздің де қосқан үлесіңіз зор болды», – деген болатын. Бұл батыр анаға берілген әділ баға болатын. 2000 жылы Сәлима Жұмабекқызы Жұмабекова Елбасының жарлығымен «Ғасырдың Батыр Анасы» атағына ие болды. Мұндай атақты бұрындар елімізде ешкім алмаған-ды. Сонымен қатар Сәлима Жұмабекова – Қызылорда, Қармақшы қалаларының құрметті азаматы. Біздің асыл анамыз еңбек ете жүріп, он баланы да тәрбиелеп, әр қайсысына арнаулы орта, жоғары білім алуларына аналық көмегін көрсетті. Адам ұрпағымен мың жасайды. Сәлима Жұмабекова мен Ноғай Дәулетовтан өрбіген ұрпақтар қазір бір қауым ел болып, әр салада қызмет істеп жүр. Орынбасары – Жосалы терминалында жетекші маман, Жарылқасын мен Бота – ұстаз, Әбілқасым – дәрігер, Жаңагүлі – заңгер, Алматы қаласының Әділет Департаментінің бас маманы, Ғаниы – кәсіпкер, Ләйләсы – «Қанағат-ҚС» ғылыми мәдениет орталығының директоры. Дәуіржаны – темір жол саласының маманы, Фатимасы – филология ғылымдарының докторы, профессор, қытай тілінің маманы. Ғалиясы – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жетекші маманы. Сәлима Жұмабекқызы Жұмабекова өмір жолында тәрбиелеп өсірген 10 баласынан тараған - 37 немереден - 48 шөбере сүйіп дүние салған батыр ана. Ғасырдың Батыр Анасы, Батыр Ана, Социалистік Еңбек Ері, Қызылорда облысының құрметті азаматы, атақты күрішші Сәлима Ана 2020 жылғы 27 наурызда дүние салып, Қармақшы ауданына қарасты Тұрмағамбет ауылындағы әулеттік қорымға жерленді. Аңыз тұлға бақилыққа озғанымен бұл дүниедегі өнегесі ешқашан өшпек емес, оның жолын жалғастыратын жастар бар. Ғасыр ана, асыл ана, жаның жаннатта болғай!.. Ләйлә НОҒАЙҚЫЗЫ, «Алтын алқа» белгісінің иегері qazaquni.kz |