Жаңа заманның қазағы өзгерді ме?
2020 ж. 06 қыркүйек
3900
0
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы тарауында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деді. Ал жаңа заманның қазағы өзгерді ме? Мақала авторы өзінің кейіпкері, белгілі бүркітші Тілеуғабыл Есенбекұлының ойы арқылы осы сауалдың жауабын іздеп, ақиқат сырына үңіледі.
Өзі, әр нәрсенің ыңғайы болатыны рас. Ақыры, талайдан мазасы кеткендей қаншалықты іштей тықыршыса да, түрлі шаруалардан босай алмай, бір мезгіл қырға шығып, сейіл құрып қайтудың сәті енді ғана түскендей екен. Ескі әдетпен тез жиналды. Жастайынан дала кезіп аң қағып дағдыланған саяткер адамға ықшам киініп, керек-жарағын ықтияттап алу неге тұрады, лезде қамданып, атты да қас пен көздің арасында лып еткізіп жедел ерттей қойған.
Ұсақ-түйек бұйымдарын қанжығаға байлап жатқанында анадайдан екі жігіт даурыға дауыстап өтті:
– Асса-лау-маға-алейкумм, ағ-ға!
– Уағалейкумассалам! – Оларға аңтарыла бұрылып бас изеп, тіпті, қолын көтеріп ишарат жасайды.
Осындағы малшы жігіттер. Таң атпастан қызып алған секілді. Қиқаң-қиқаң етеді. Берекесіздеу, дарақылау адамдар. Қалт етсе осылай «көңіл көтеруге» ыңғайланып тұрады. Бірақ қожайынның аса аңғарымпаз, сұңғыла адам екенін қайдан ескеріп жатсын, барынша «тәртіпті» көрініп, өздерінің ішуге үйірліктерін жасырған болады.
Тәкен Әлімқұловтың бір әңгімесінде суреттелетін болуы керек, көз алдына жотада жүзі күреңітіп әлденені ойлап тұрған Абайға аттарын борбайлата сабалап, ауылға құйғытып кірген төрт-бес жігіттің:
– Ассалаумағалейкум, Абай аға! – деп дабырлап, қосарласа сәлем беретін көрінісі келе қалды.
Қос қолын кең шапанының ішінен артына қарай айқастырып, мойны күжірейіп жақтырмай қараған хакім екі ауылдың арасына кезек жортып, бос далақтап жүрген әлгі есерсоқтардың сәлемін алмайды. Қайдан алсын, ел аман, жұрт тынышта есі түзу адам ауылға шауып кіре ме енді!
Мырс етіп күлді. Одан соң ақырын күрсініп те қойды. Анау жігіттер де Абай тұсындағы сол бір әумесерлерден аумайтын еді. Бірақ әрекеттерін ұнатпаса да амандасу – парыз. Қалыптасқан салт. Бұл бауырларының әлгіндей әдеті шымбайға бататыны да рас. Көпшілігінің кейпі әлі осы. Күрсінбей қайтерсің. Өз қолыңды өзің кесе де алмайсың және.
***
Көз алдына «Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап» деп толғайтын дана Абайдың кескіні келді. Оның заманынан беріде талай нәрсе адам танымастай өзгеріп кетті ғой. Ал сонау орта ғасырлардағы сән-салтанатты тұрмыс Абай дәуіріне жеткенше де тоз-тоз болып күйреп кеткен секілді. Бұл қазақ осы кезең аралықтарында не көрмеді дейсіз. Патшалық Ресейдің үш жүз жыл билегенін, бастан өткен аштық, басқа да көптеген зобалаңды былай қоя тұрып, Қазақ пен Жоңғар хандықтарының өзара екi жүз жылдай қырқысқанының өзі-ақ талай жәйтті айқындап бермей ме. Екі ғасыр бойы үздіксіз қырғын-сүргінмен отырған елдің өркениетінің не халге ұшырайтыны да өз-өзінен түсінікті. Ең сорақысы, сол алапат сыртқы күштердің қиянатынан туындайтын қайшылықтар ұрпақты рухани жағынан да күйретіп жібереді екен. Былайша айтқанда, ауыр тұрмыс тауқыметі елдің санасын мертіктіріп, діннен бездіріп, моральдық тоқырауға түсіріп отырады. Ал ғасырлар бойы еңсе көтертпеген қу кедейлік, жоқшылық атаулы бір кездергі азаттықсүйгіш өр халықты тұқыртып, ұлдарын – құл, қыздарын тұл етіп, біртіндеп азғындық қалыпқа түсірмекші. Бұдан соң «Жұт жеті ағайынды» дегендейін, қауымдағы азып-тозудың небір сорақылық көріністері өз-өзінен туындап жататыны да заңдылық секілденеді. Яғни, аярлық, алаяқтық, бір-біріне тізе батыру, опасыздық, сатқындық, парақорлық, нәпсіқұмарлық, дүниеқоңыздық дейсіз бе, толып жатқан келеңсіз әдеттің нешеалуан іріген-шіріген түрлері балалай бермекші...
Ой жүгіртіп көрсеңіз, орысша «орел», «гордость» деген ұғымдардың түп-тамыры да осынау «Өр» деген атауда жатқаны бадырая көрінеді. Ендеше, кезіндегі төрт құбыласы түгел қайсар халықтың қыран текті ұландары ес-ақылын ұрлатпай, езілмей, қандай ауыртпалыққа да қасқайып қарсы ұмтылып, қалайда баяғы ата-баба салған қасиетті үрдістерді сақтап қалуға тиіс емес пе.
Бір жағынан, кейде, әлгіндей әділетсіздікті көп көріп, тағдыр тәлкегіне түскен дәрменсіз ағайынның кемшілігіне көз жұма қарағың келетін сәттер де кездеседі екен. Кінәлай бергің келмейді. Қалай болғанда да, өз қандасың. Өз ағайының. Бірақ сол баяғы Абай айтқан «Арсыз, малсыз, ақылсыз, шаруасыз, елірмелі маскүнем» қазақ заман озған сайын біртіндеп жақсарудың орнына азғындап, жат қылықтары шектен шығып, тұла бойды кеулеген обыр дерттей ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, бүкіл қоғамды дендеп бара жатса, қашанғы мәймөңкелейсің. Мұның арты қайда апарып соғатыны да түсінікті шығар...
Баябан дала, манар таулар аясында баурайтын аласапыран ой жетегі ұшқыр қиялды самғатып апарып ғасырлар тезіне бір-ақ өткізеді. Осынау небір дүрбелеңдерді кешкен қия белдер мен іркес-тіркес тақия төбелерді шолып келе жатып Абай заманын елестеткенінде, неге екенін, көз алдына манағы сәлем бергіш дәлдүң жігіттердің кеспірі сап ете қалды.
Құдай-ау, шынында да, соларды сонша мәнжубастық, кеңкелестік күйге түсіре беретін не нәрсе? Қайда сонау өрлік қасиет? «Жаным – арымның садағасы» дейтін баяғы ата-бабаңның намысқойлық қасиеті қайда кеткен? Сөйтіп жүріп өздері шетінен әңгі. Бұралқы сөзге келгенде ыржалақтап, алдыға жан салмайды. Әсіресе, «өңешті жібітіп» алған сәттерінде. Ал бір дәуірлеп алса, Сырдың суы сирағынан келмей дарақыланып, әлденені сындырып-бүлдіріп, күйдіріп-өртеп біткенінше тоқтатуың қиын. Отанына, отбасына пайдалы, маңайына жағымды, сүйкімді іске бұрса қуанасың ғой. Жоқ. Ылғи бір кері кету. Түңілдіру. Ренжімей қайтерсің. «Өзінде ой жоқ, басында ми жоқ ақылсыз, кердең, наданның»...
Алла жаратқанда қазақты екінші сортты халық етіп жаратпаған шығар. Иә, алаш жұрты қай жағынан алсаң да әлемдегі күллі елмен бірдей. Қайта, тіпті, кейбір ұлттық салт-дәстүрлеріне сәйкес айрықша алғырлығымен ерекшеленетін қауым. Жаңалық атаулыны қағып алып, сіңіре қоятын өте жас, дарынды халық саналады. Бірақ дәл қазіргі кейбір пұшайман халіне қарасаң, әлі де сол кейінгі қатардағы жұрт екеніңді мойындамасқа лажың жоқ. Шымбайыңа қанша батса да, шындығы осы.
Әлбетте, шұқшиып іздей берсең, рухани тоқыраудың әртүрлі әлеуметтік-психолгиялық себептері көп қой. Қатпары терең. Бәрібір, көрінген сәтсіздікті сылтау қылып жүнжи беру кімге абырой әперсін. Серпілу қажет емес пе. Баяғыда қораға қамап баққан қасқырға бостандық берген кезде, ол байғұс алды-арқа қарамай зымырап тауға қашудың орнына абдырап, құйрығын қысқан күйі қайта айналып келіп үйреншікті күркесіне тығыла береді деуші еді. Кей ағайынның тірлігін көргенде үнемі осынау көрініс есіне түседі. Қазір ой ойлауға мүмкіншілік бар. Талпынып, қалаған кәсібіңді тауып, жеке тірлігіңді күйттеуге де жағдай жеткілікті. Етек-жеңді жиып, елге ие болатын жағдайға жеткен сияқтымыз. Кей туысқан осыны әлі күнге дейін сезінбейді-ау. Сөз жоқ, көпке топырақ шаша алмайсың. Ел ішінде өз қотырын өзі қасып, жағдайларын түзеп алғандар да, қайтсем ұл-қызымды ешкімнен кем қылмай, адам қатарына қосылам деп тынбай тырбанып жүргендер де баршылық. Бірақ көпшілік жамағаттың сең соққандай әлі сансырап жүргені өтірік емес.
Біздегі ең бір жаман әдет шығар – өз сәтсіздігімізді ылғи біреуден көреміз. Істің мәніне бойлап, толғанып жатпаймыз. Әлденеден жолымыз болмаса, сырттан долбарлап, айдаладағы біреулерді жазғырып отырамыз. Және «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» – ел дербестік алғалы арада жиырма жыл өтсе де, бала-шағаның қамын жеудің орнына күні бүгінге дейін ши басын сындырмай, қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарға «өкпелеп», кіжінумен таң атырып келе жатқан туыстар таңырқатады. Ал, күйбеңдеп тіршілік жасап, қалаға келген бозбас жастардың дені базарлар мен вокзалдарда тәшке тартып жүр. Соны ерлік көреді. «Жол! Жол, жол! Қаш! Қаш! Қаш!»...
Тар қуыстарда қол арбаларын сүйретіп, дедектеп келе жатқанда өздерін дүниенің тұтқасын ұстағандай сезінетін болуы керек. Тіпті, екіленіп әңгірлеп бергенде, арбадағы ауыр жүктің екпінімен кездескеннің бәрін таптап, жазым қылып жүрмес пе екен деп сескенесің. Ай, қайран өмір-ай, сондай сәттерде бұлардың бойында да анау ата-бабаның өрлік, асқақтық мінездері атойлап көтерілуге талпынатын сияқты, жолдағысын қырып-жойып жібере жаздайды пәтшағарлар.
Шындығында, бұлар да қайбір жетісіп жүреді дейсіз. Көкейдегі қыжыл бәрібір тыншытпайды. Өз өмірлеріне бәрібір наразы. Сәл босаған шақтарда гүж-гүж етеді: «Біздің тәшке тартып жүрісіміз мынау. Бәленше болса банкіде істейді. Түгенше – кәсіпкер!» деп. Өй, сен неге істемейсің соны?! Кім кедергі жасап отыр, кім қолыңнан қағып жатыр?
Кейде беттеріне айтып та тастайды. Қайсыбір ата сақалы аузына түскен үлкендері де үйде отырып алып: «Ой, бізді анау құртып жатыр, мынау құртып жатыр» деп қыжыртады. Жастарға беретін жөн тәрбиесі жоқ. Қазір газет-журналдарда не көп – жұмысқа шақыру көп. Токарьлыққа, электр дәнекерлеушілігіне, кран машинистігіне... Шаштараздыққа, аспаздыққа, қыз-келіншектердің тырнағын бояйтын кәсіптерге шақырады. Мына бауырлар аттап баспайды соның біріне. Тиімді істі үйренуге де құлықсыз. Намыс көреді. Бірақ жұмыс жоқ деп зар жылауға мәш. Тегінде, «жоқ, жоқ» деп күңіренуден рахат табатын сияқты. (Әсілі, бұл кеселдің де өзіндік әлеуметтік «пайдасы» бар екені де жасырын емес. Ата-ана, бала-шаға, туған-туыстың алдындағы жауапкершіліктен «құтқаратын» ең оңтайлы сылтау. Жоқ! Не істейсің енді. Жоққа жүйрік жетпейді. Сөйтіп қор болып жүрмін. Қол қысқа. Әйтпесе тау қопарып, айды аспаннан шығарар едім деген күйкі пиғыл. Ақиқатын айтқанда, бұл нағыз сорлылықтың көрінісі емес пе. Иә, барып тұрған жетесіздік қой). Сөйтіп өмірі өтсе өкінбейтін секілді. Ал тәшке тартуға барады! Арланбайды бұған.
Ауылдағы бостардың да көбі сайдауыттай-ақ жігіттер. Сана бермесе не керек. Қарап отырып түңілесің. Түске дейін жүреді. Боқтасып. Ал түстен кейін арақ ішіп, ләйліп бара жатқанын көресің. Бұл да бір дерт.
Қазір мектеп бітіріп жоғары оқу орындарына түсіп жатқан балалар көз қуантады. Көпшілігі ақылы жүйе арқылы оқып жүр. Дегенмен, бір өкініштісі, бұлардың да дені мамандықты бүгінгі кезең талабына сай таңдай бермейтін секілденеді. Бәрі дерлік әлі күнге дейін шұбырып, тек заңгерліккке ғана барады. Қазақтың әуелден қалмай келе жатқан биліккқұмарлыққа, мансапқойлыққа құштарлығының көрінісі ме екен. Бітіреді, әйтеуір. Бірақ оқуды аяқтайды да бос жүреді. Бәтуасыз-тұрлаусыз, ырың-жырың тіршілік деген сол. Бас-басына лайықты қызмет орны табыла бере ме. Сол сияқты педагогикалық университеттерді тәмәмдаған қыз-жігіттердің де түгел дерлігі өз салалары бойынша жұмысқа беттемей, айнып шығады. (Жалғыз мұғалімдік қана болса бір сәрі, бүгінде диплом алған жастардың дені өздері оқып шыққан өзге де кәсіби бағыттан мүлде бас тартып, басқа салаға қызығатын жәйттер жиі кездеседі). Мұндай қатынас та қоғамдағы көптеген келеңсіздікке бастайтыны түсінікті. Бұл кереғарлық та Тілеуғабылды мазалдаудай-ақ мазалайды. Осындай құбылыстардың зиянын тілі жеткен жерде айтып та, баспасөз беттерінде жазып та жүр.
Асқақ сөзге құмарлықтан немесе телпек жылтыңдатуға әуестіктен де емес. Халықтың ертеңіне алаңдағандықтан. Иә, кейінде арагідік қозғалып қалып жүретін ұлттық мүдде мәселесін бостекі нәрсе дей алмайсың. Жас мемлекеттің түпкілікті мақсат-мұратын діттеу, сайып келгенде, ғасырлар бойы сансыраған елдің келешек тағдырына жанашырлықтан туындайды. Арғы жағын қозғамай-ақ, ылғи үргін-сүргінмен өткен бертінгі төрт-бес жүз жылғы кеткен есені қайтарып, еңсе түзеу бағытындағы жауапкершілік тықыршытады. Жан-жақтан анталап, сәт сайын түтіп жеп қоюдан тайынбай отырған алпауыт елдермен терезе теңестіру қажеттігі өз алдына, қолдағы бардан айрылып қалмауды қарастырудың өзі – үлкен сын. Алды-артыңды аңдап, әлемдік кеңістіктің тіршілік ырғағына ілесіп отырмасаң жем болып кетуің оп-оңай сияқты.
Иә, «Есі кірген ел ескісін іздейді» демекші, мемлекет тағдырына бей-жай қарамайтын ұлтжанды азаматтардың арқасында кейінде талай тарихи мұра жинақталды. Ол да бір қуаныш екен. Ұрпақ халықтың сән-салтанатты ғұмыры мен небір алағай дәуірлерде бастан өткерген қасырет сырын да жіті түйсінуге тиісті. Кешегіңді саралап, болашаққа бағдар жасай білгенің жөн. Әйтпесе іргесі нық ел болуың екіталай.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Қарағанды облысы
qazaquni.kz