Баянауыл бояулары
2020 ж. 31 тамыз
2336
0
Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Біз – ұлан-ғайыр жері мен аса бай рухани тарихы бар елміз. Ұлы Даланың көз жеткізгісіз кең-байтақ аумағы тарихта түрлі рөл атқарған» дегені аян.
Авторымыз ұсынған төмендегі дүние осынау ойдың қисынды жалғасындай сезіледі.
Кереку жеріне жол түскен. Ұшы-қиырына көз жетпейтін шұбарала орманы мен өркеш-өркеш гранит шыңдары, аққу-қазы сұңқылдаған айдын көлдері мол салқар атырап. Бір рет көрген адамды қайта-қайта келуге ынтықтырып тұратын қасиетті өлке. Көкпеңбек. Керілген сылаң дала, жалбыз бен жусан исі бұрқыраған арман мекен.
Шаңқай түс еді. Қарағанды – Омбы тас жолымен Баянауылға қарай жарыса жүйткіген автокөліктер, буалдыр сағым табанын жерге тигізбей, бір сәт құлдыраңдап ұшып бара жатқандай әсер туады. Бәрі де осынау қастерлі қоныстың ыстық құшағына жетіп жығылып, бір тамшы таңғы шықтай еріп кетуге асығатындай. Біз де желмен бәсекелесіп, діттеген межеге қарай құстай заулап келеміз.
Бірақ не көрмеген өлке бұл. Сонау палеолит, мезолит замандарына немесе сақ пен ғұн дәуірлеріне тереңдемей-ақ, бергі Жоңғар хандығы тұсындағы оқиғаларға ой жүгіртсеңіз де, көз алдыңыздан небір сойқан қақтығыстар елесі жөңкіледі. Аймақтағы Шүршітқырған, Қалмаққырған дегендей жер атауларының өзі-ақ талай сырды аңдатпай ма. Әне, Абылай сұлтанның жағасына қазақтың атақты сардарларын түгел жинап, жоңғарды күйрете соғатын Сабындыкөл де көрінді. Жарықтық жуас, бұйра толқындары көбіктеніп, сол тарихи сәттерден мүлде кәперсіздей күйде лықси тербеліп жатыр. Өткерген күндерінің салмағын ауырсынғандай буырқана тебіреніп жатыр.
Бір кезде Керекудің керім таң самалымен Ертіс жағасына да жеттік. Дария тұсындағы биік «Керегежар» іргесін көруге көңіл құлайды. Кей жігіттер қалаға осы атауды ұсынып жүр. Алып өзеннің салқын лебі тез тоңдырды. Бірақ суық, таза ауа өкпе-қолқаңды қарып, дүр сілкіндіреді. Кернейлеткен «Екібастұз» кемесі саяхатшыларын лық толтырып алып, өрлей салып барады.
Құлқын сәріде қайда асығады екен.
Көз алдыма «Ертіс мұхитқа құяды» деп емінетін жазушы Рамазан Тоқтаров ағамның кескіні келді. Одан, тобықтан су кешкен бейтаныс сұлу назар аудартқан. Жападан-жалғыз. Қолында – телефон. Естайға әлемде жоқ ән салдыратын хор қызындай Қорлығайын – Қорлан ару сіңлілерінің бірі екені сонадайдан-ақ байқалды. Тек қабағы қатыңқылау. Тілерсекке түскен қолаң шашы мен кең етегін жел тербеп, жиекте әлдекіммен сөйлескен күйі ерсілі-қарсылы жүр. Қайран Қорлан да мұңайды ма екен. Естай да егілді-ау!
Сұрасаң қыздың аты – Қорлығайын,
Мағруб қолға берді туған айын.
Әуелде жазбағасын болмайды екен,
Мақсатқа жете алмадым не қылайын!..
Саяхаттың «көкесі» Жасыбайда көрінеді. Қалада көп бөгелмей, заулатып осында тартқанбыз. Жайқын су алабының бергі бетіндегі жасыл шатқалда тіршілік қыз-қыз қайнап жатыр. Тола ел. Құмырсқаның илеуіндей ию-қию. У-шу музыка. Бұл думан күн сайын түннің бір уағына дейін жалғасатын секілді. Жыпырлаған демалыс үйлері мен дәмханадан көз сүрінді. Тауды сатылай иық тіресе, тығыз орналасқан жайлар, кемі, екі жүзге тарта бар-ау. Жағадағы құмдақты жалдай басып, қаптаған қайық тұсындағы жиырмалар шамасындағы екі жігітке тақалып келдік. Сапырылысқан қызыл-жасыл өмірге бір сәт шалқар көл бетінен көз тігуді жөн көріп едік.
– Иә, қал қалай? Қайықтарың қаншадан?
– Сағатына мың жарым теңге.
– Жүр онда. Біреуің серуендетіп келіңдер!
Мұрат пен Берік есімді жігіттер екен. Ақырын ғана толқи тербелген айдын көл тұп-тұнық. Еңкейсең, түбіндегі дүние түгел көрінеді. Ескекті шалқалап, құлаштай тартқан Берік елгезек, әңгімешіл бала болып шықты. Өзі белуардан жалаңаш. Балақтары түрулі. Даңғырлай сөйлеп, жол бастаушы – гидтің міндетін де қоса атқарып келеді. Арғы қабаққа дейінгі аралық екі жарым шақырым дейді. Тереңдік – он бес метрдей.
– Табыстарың жақсы ма?
– О, болады! Жыл санап жақсарып келеді. Әсіресе, шетелдіктердің қолы ашық.
Сөйтсем, жағада қалған Мұрат екеуінің қарауында он бестей қайық, он велосипед бар екен. Ел тау мен орман арасындағы соқпақ жолдарда кәдімгі велосипед тепкені үшін де сағатына жеті жүз теңге төлейді. Бұлардың әрқайсы, өстіп, маусым сайын бір миллион теңгеден аса пайда түсіреді. Мұртын балта шаппайды деген осы емес пе. Ал мұнда бұл іспен айналысатындар ондап саналады. Берік бауырымның айтуынша, жұрт «Екінші Швейцария» деп атайтын Баянаулаға жыл сайын ағылатын туристің саны бір мың жеті жүздей. Көбі сырттан. Тіпті, Ресей мен Украина, Белоруссияны былай қойып, сонау Америка, Жапониядан жететін меймандар да бар. Бәрі де Торайғыр, Біржанкөл, Жасыбайға соқпай кетпейді. Және бұл аймақта табиғаттың басқа да адам аяғы баспаған керемет жерлері жеткілікті.
Осы кезде төбемізден дүрілдеп тікұшақ зулап өтті. Көлемі орташа ғана. Ыңғайлы, сүйкімді көлік екен.
– Мынау не істеп жүр?!
– Бұл да саяхатшыларды тасиды. Сағаты – он бес мың теңгеден. Бірақ әзірге сирек ұшып тұр.
– Е-е-е!
– Жергілікті басшыларымыз мұндағы туризмді жақсартуға шындап кірісіп жатқан сияқты. Жасыбайды біртіндеп «брэнд» жасамақшы. Жаңа демалыс үйлері қазірдің өзінде әлемдік стандартқа ұмтылады. Әкімшілік осындағы Спорт-сауықтыру кешенін жетілдіру үшін ғана жеті миллиард теңгедей инвестиция салыпты деп естиміз...
Иә, туристік кластерді дамытудың берері көп қой. Тұрғылықты елге де табыс көзі ашылады. Жұмыс орны көбейеді. Мысалы, қаптаған демалыс орнына күн сайын қаншама азық-түлік керек. Әсіресе, нан, ет пен сүт, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерімен жергілікті жұрттың өзі-ақ қамтамасыз етпей ме. Әр үйге қажетті түрлі сала қызметкерлері өз алдына.
Бір сағатта талай межені ендеп, көлмен бірге толқып, жағаға едәуір ой кешіп оралдық. Мұнда да сыңғырлай күлген бикештер баршылық. Бұлардан демалыс орындарының сапасы туралы сыр тартамыз. Бәрі де қонақ үй бағасы қымбаттау, бізді шетелдік меймандарша қабылдайды, жергілікті елге аздаған жеңілдік жасалмай ма дегенді айтты. Одан соң тұс-тұста өрт жиі шығады. Себебі, әркім тоғайдың әр жеріне тұра қалып кәуап пісіруге құмар. Көк түтіннен көз ашпаймыз. Ең бір қиыны – саяхатшылардың көбі лас, табиғатты қадірлемейді, дейді.
Қарсы беттегі қоршаулы қорымға соғып, тәу еттік. Мұнда ұрпақ келешегі жолында қан төккен небір арыстар жатыр. Көлдің өзі жоңғарлармен шайқаста мерт болған Жасыбай батыр есімімен аталған ғой. Олжас ақынның атасы Ақытайұлы Сүлеймен де батыр бабасы Олжабайдың жанынан сая тапқан екен. Немересі басына тас қойыпты. Осындайда қасиетті жерлердің тек сырт көрінісіне тамсанып қайтатынымыз туралы ойлайсың. Әйтпесе, шын сұлулық мәні, тұңғиық тарих сыры сонау іште, түпкі тереңде-ау!..
Баянауылда Ақбет, Атбасы, Найзатас, Серкетас сынды алып құздар көп. Өлкенің «Аспан астындағы тас мүсіндер мұражайы» атануы да содан. Бұлардың арасындағы ең белгілісі – Қоңыр Әулие үңгірі шығар. Алла-тағаланың өзі жаратқан мешіт үйі делінетін осы мүйіс жайындағы аңыз да әртүрлі. Дені сонау Нұқ пайғамбар заманына барып тірелер еді. Ертеде осынау саңлауға әлдебір қасиетті қоңыр адам кіріп-шығып жүреді екен деген наным бар. Әлем оқымыстыларын таңырқатқан үңгір құдіреті Шоқаннан бастап Григорий Потанин, Адольф Янушкевич, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлын да талай толғантыпты. Және бұлардың бәрі де осында келіп, төңіректі ұзақ аралаған адамдар. Әсіресе, поручик Шоқан Уәлиханов туған нағашысы, полковник Мұса Шормановтың шаңырағына соққан сапарында үңгірге арнайы ат басын тіреп, «Бұл, шынында да, Алланың нұры түскен жер екен!» деп таңырқайды. Айтса айтқандай-ақ:
– Мұнда Еңсегей бойлы ер Есімнің, әз Тәукенің, Қаз дауысты Қазыбек бидің, сондай-ақ сұлтан күнінде Абылайдың, Бұқар жыраудың келіп жүгінуі тегін емес. Бұл жөнінде біршама жазба деректер сақталған. Әсіресе, Мәшһүр-Жүсіп пен Әлкей Марғұлан еңбектерінен небір қызықты жәйттерді ұшыратамыз, – дейді қызметші Алтынбек Құрманов. Бертініректе Қаныш Сәтбаев та өзінің ұстазы, профессор Михаил Усовты ертіп келіп қайтқанын айтады. Әулие үңгірінің тағзым етуші қауымға тигізетін шапағаты мол. Әсіресе, қасиетті қуыс «Ұлсызына ұл берген, қызсызына қыз берген» деген даңқымен әйгіленген. Яғни, мұнда көбіне бір перзентке зар болған адамдар келіп түнейді. Әм олардың тілектері ылғи қабыл болып жатқаны байқалған. Мәселен, осы маңайдағы Қарабұлақ елді-мекенінде дүниеге келген академик Әлкей Марғұланның өзі: «Кезінде мені әке-шешем құрбандық шалып, Қоңыр Әулиеден тілеп алған екен» деп жазады.
Әрине, мұнда саяхат құрып, қызығушылықпен келетіндер көп. Одан соң әркім ағзадағы жағымсыз энергиядан арылып, тазаруға ұмтылады. Жаратқаннан дертке шипа, бойға қуат сұрайды. Туған-туыс, бала-шағасына, ел-жұртқа бірлік-береке, шарапат тілейді.
Етектен үңгірге дейін бір шақырымдай жаяу көтерілесіз. Жартас әжептәуір тік. Біршама қиналуға тура келеді. Осының өзі қисынды секілді. Тылсым күштер құдіретіне сыйынар сәтіңізде бір мезгіл жан мен тәнге салмақ салып, ой қорыту жөн емес пе. Қуыс аузына жеткен соң қарақұрым кезекке тұрып, ентік басасыз. Үңгірдің ені – екі жарым метрдей. Биіктігі де екі найза бойындай бар-ау! Түпке дейін жиырма бес қадамдай және өрлейсіз. Іргедегі шағын тас шұңқырда су толып тұрады. Қабырға арқылы сорғалай құйылатын табиғи ылғал. Соған қолыңызды шайып, тілек тілейсіз. Шыққаныңызда, өзіңізді бойдағы ауыр жүктен арылғандай, жеп-жеңіл сезінесіз.
Жиналған қауымның арасынан түрлі нәсіл өкілдерін байқадық. Этнограф, өлкетанушы Алтекеңнің сөзіне қарағанда, мұнда бір жазда жеті жүздей адам бас сұғады. Оның ішінде Қытайдан, Моңғолиядан, Оңтүстік Кореядан, Еуропа мемлекеттері мен АҚШ-тан да келіп жататын меймандар бар. Анда-санда өзіміздің үкімет адамдары, белгілі жазушылар мен ғалымдар да соғып тұратын көрінеді.
Қоңыр Әулие үңгірінің шырақшысы – Жұмат Құрманұлы. Сексенге таяпты. Осы Алтынбектің әкесі. Бұ кісі осында бірнеше атадан бері үздіксіз қызмет етіп келе жатқан шырақшылар әулетінен екенін айтты. Амандық болса, қастерлі істі әлі талай буын ұрпағымыз жалғастырады дейді ақсақал.
***
Аттанарда көңіл қобалжитын әдеті ғой. Мені де Алматыны қайта бетке алар тұста әлдебір қимастық сезімі билегендей, кеудемде беймәлім ыстық толқын лықсиды. Дегенмен, «қашпақ болсаң зымырау керек», кең пейілмен қарсы алған ағайынмен тағы да құшақтаса қоштасып, келген жолмен кері зауладық. Әрбір сапардың өз бояуы бар. Санаңда түрлі әсер сапырылысып, көз алдыңнан сан қилы суреттер жүйткиді. Ұшқыр автокөлік те жер апшысын қуырып, аршындай салды.
Құлан САҒАТҰЛЫ,
Павлодар облысы.
qazaquni.kz