ЖАҺАНДЫҚ ЫРЫМ-ТЫЙЫМДАР МЕН ӘМБЕБЕП ӘДЕП ҚАҒИДАЛАРЫНЫҢ ҚАЙНАР КӨЗІ КИЕЛІ КІТАПТАРДА
2020 ж. 24 тамыз
2544
0
Көрнекті ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Жоғары мектеп ғылым академиясының академигі Әділ Ахметов пен педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы басшысы Үмітхан Дәуренбекқызының сұхбаты
─ Армысыз аға, Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген екен, жалпы дүниежүзіндегі ұлыстардың басым бөлегіне ортақ адамгершілікті насихаттайтын адами қағидалар ең бірінші кітаптан бастау алмай ма, қалай ойлайсыз?
─ Әлем халықтарының басым көпшілігіне ортақ байырғы тыйымдар мен бүгінгі заманауи әдеп қағидалар жүйесінің қалыптасу тарихына тереңірек үңілсек, олардың қайнар көздерінің Алла тарапынан адамзатқа аманат етілген Библия және Құран Кәрім сынды Киелі Кітаптардан және сол кітаптарды өз іргетасына айналдырған жаһандық монотеистік Иудаизм, Христиан және Ислам діндерінен тамыр тартатынына бірден көз жетеді. Өйткені, олай деуге негіз болатын дәйектер мен дәлелдер әлгі аталған дерек көздерінде жетіп артылады.
─Яғни, Алла тарапынан түскен Киелі Кітаптар бөліп-жаруға келмейтін бүкіл адамзатқа ортақ адами қасиеттердің жаршысы дейсіз ғой?
─ Әрине, мысалы, əлемдегі ең байырғы монотеистік діндердің бірі əрі еврей халқының ұлттық жəне этикалық дүние танымдарының негізін құрайтын Яһуди немесе Иудаизм дінінің іргетасы Тəуратта тыйым салынған күнәлардың ішінде мешкейлік, ашкөздік, сары уайымға салыну, ызақорлық, күншілдік, өркөкіректік секілді күнəлар ең алдымен аталады. Сонымен қатар, аталмыш күнәлар таралу кеңістігі жағынан əлемдегі ең іргелі діндердің бірі саналатын Христиан дінінің түпқазығы Библияда да тұр. Сондықтан да Библия оған бас иетін халықтардың өмір сүру салты мен əдет-ғұрыптарының негізі ғана емес, сол халықтардың әдеп-ғұрыптары мен моральдық-этикалық қағидаларының іргетасы саналады. Бұл біріншіден.
Екіншіден, Киелі Кітаптар – Жаратқанның адамзатқа аманат еткен мызғымас ережелері мен əдеп қағидаларының ғана емес, Алланың адамзатқа өсиет еткен қатаң тыйымдар жүйесінің де бірегей қоймасы.
Үшіншіден, Киелі Кітаптарда Жаратқанның адамзатқа өсиет еткен əлгіндей тыйымдық ережелері мен әдеп қағидалары адамдар тарапынан бұзылатын болса, оларды бұзған күнəһарлардың аяусыз жазаланатыны да сан мәрте ескертілген.
Төртіншіден, Киелі Кітаптарда адамзатқа өсиет етілген негізгі моральдық-этикалық ережелер мен əдеп қағидаларының жүйесі Жаратқаннан Мұса Пайғамбарға түскен Тəуратта да, Иса Пайғамбарға түскен Інжіл шәрифте де, Мұхаммед Пайғамбарға түскен Құран Кəрімде де бір-біріне өте ұқсас келеді.
Мəселен, Христиан дінінде адамдардың Құдай алдындағы парыз-борышын адал атқаруға бағытталған жəне міндетті түрде сақталуға тиісті әдеп-тыйым қағидалары мен күнәлардың бір парасы төмендегідей:
- Құдайдан басқаға сыйынуға болмайды;
- жасанды құдай бейнесін жасауға болмайды жəне бұл тыйымды бұзған күнəһарларды Құдай үшінші немесе төртінші ұрпақтарына дейін жазалайды, ал Жаратқан алдындағы борыш-парызын адал атқарғандарды мыңыншы ұрпақтарына дейін жарылқайды;
- Құдайдың атын орынсыз атауға болмайды, өйткені Жаратқанды жөнсіз атағандар жазасыз қалмайды, т.с.с.
Бұл аталғандармен қатар, əлгі Киелі Кітапта адам баласына өсиет етілген өзге де парыздар ашық ескертілген. Олардың қатарында төмендегідей қатаң тыйым салынған күнəлар тізбегі де бар:
- өз өмірлерінің ұзақ болып, Құдай нəсіп еткен жерлерде бақытты ғұмыр кешу үшін, адамдардың, ең алдымен, ата-аналарын Жаратқан өсиетіне сəйкес құрметтеуі – ең басты парыз;
- кісі өлтіру – күнə;
- зинақорлық – күнə;
- ұрлық жасау – күнə;
- адамдардың өз жақындарына жалған куəлік етуі – күнə;
- адамдардың өз жақындарының əйелдеріне көз салуы, сол сияқты, олардың үй-жайларына, егіндігіне, қызметшілеріне, жұмысқа жегетін көліктеріне, тіпті, күллі мал-мүліктеріне көз тігуі де күнəға баланады.
Библияда Жаратқан тарапынан адамдарға салынған тыйымдардың қатарына мынандай күнəлар да жатқызылған:
- адамдардың өз денелеріне қандай да бір сурет немесе таңба (тату) салдыруы, болмаса жазу жаздыруы;
- бақсы-балгерлерге жүгінуі, құмалақ аштыруы немесе жұлдызшы-жорамалшыларға жүгінуі;
- шошқа, қоян етін жеу немесе олардың өлексесіне қол тигізу;
- некесіз зина жасап, пəктігінен айырылған қыз баланың күйеуге шығуы, т.с.с.
Мұсылман əлемінің Киелі Кітабы – Құранның өнбойында да Алла тарапынан адам баласына өсиет етілген қатаң тыйымдар мен кешірілмес күнə саналатын іс-əрекеттердің ондаған атауы кездеседі. Сосын, Құранда əлгіндей күнəларға жол беріп, Алла тыйымдарын бұзғандардың Алла тарапынан қаһарлы жазаға ұшырайтыны да айтылған. Олардың бір парасы төмендегідей:
- Аллаға серік қосу;
- заңсыз адам өлтіру;
- сиқыршылық жасау;
- намазды елемеу;
- зекеттен жалтару;
- ата-ананы тыңдамау;
- өсімқорлықпен айналысу;
- жетімнің мүлкіне қол сұғу;
- ойдан хадистер шығару;
- себепсіз ораза бұзу;
- майданды тастап, қашып кету;
- зина жасау;
- мүлкін иемденіп кету;
- ұрлық жасау;
- қарақшылық, тонау, талау;
- өтірік ант ішу;
- жалған сөйлеу;
- өзіне өзі қол салу;
- сотта əділетсіз үкім шығару;
- əйелдер мен қыздарға сайқалдық жасауға жол беру;
- əйелдердің еркекшоралығы мен еркектердің қызтекелік жасауы;
- алаяқтықпен үйлену тойын жасау;
- қан, арам өлген мал, шошқа етін жеу;
- кіші дəретті ұқыпсыз сындыру (шашырату);
- əділетсіз салық жинау;
- екіжүзділік ету;
- сатқындық жасау;
- діни білімді пендешілік мүддемен алу жəне оны жасыру;
- қайырымдылық жасаған адамды жазғыру;
- жазмышты жоққа шығару;
- бөтен адамның сырын ашу;
- қарғыс айту;
- бұйрыққа бағынбау;
- бақсы-балгерлер мен жұлдызшыларға жүгіну;-
- əйелдердің күйеулерінен именбеуі;
- туыс-жақындармен араласпау;
- тірі жəндіктердің бейнесіне ену немесе олады кескіндеу;
- өсек айту;
- марқұм болғандарды дауыс шығарып жоқтау;
- кісінің тегіне тіл тигізу;
- кісіге қысым көрсету жəне жəбірлеу;
- мұсылманға қару кезеу немесе оны дінсіз деп балағаттау;
- тақуаларға зияндық істеу;
- киімдердің етегін кербез болып көріну үшін ұзарту;
- еркектің жібек матадан киім киіп, алтын бұйымдар тағынуы;
- Аллаға арнамай құрбандық шалу;
- жер бөліктерін айыру үшін қойылған арнайы белгілерді жымысқы мақсатпен ауыстыру;
- пайғамбардың серіктестерін жəбірлеу;
- тыйым салынған іс-əрекеттерді бұзу;
- күнə жасауға үндеу немесе үгіттеу;
- жасанды шаш кою;
- денеге таңба (тату) салдыру;
- мұсылмандарға қару кезеп, қатер төндіру;
- балаға өгей əкені мойындату;
- жамандыққа сəуегейлік ету;
- ас-суға алтын жəне күміс ыдыстар пайдалану;
- ерегісу, сөз таластыру;
- таразыдан жеу;
- Алланың қаһарынан құтылып кетуге сенімді болу;
- Алладан үміт үзу;
- жақсылық істегенге кісіге ризашылық білдірмеу;
- суы бола тұрып, шөлдеген кісіге су татырмау;
- жануарларға таңба салу;
- құмар ойындарына əуес болу;
- мешіт ішінде қылмыс жасау;
- жұма намаздан себепсіз бас тарту немесе ол намазды оқшауланып оқу;
- тыңшылық жасау;
- мұсылмандардың құпия сырын ұрлау, т.с.с.
Киелі кітаптарда тілге тиек болған əлгіндей тыйымдар мен күнəһарлардың есте жоқ ескі замандарда ғана емес, күні бүгінге дейін, тіпті, өзіміз өмір сүріп отырған əлеуметтік ортада да әлі үзілмей келе жатқаны белгілі. Ол ол ма, нəпсісін тізгіндеудің орнына мемлекет заңдарымен қатаң тыйым салынған жемқорлық іс-əрекеттерге баратын қылмыскерлердің сотталып жатқанына қарамастан, ондай алаяқтардың əсіресе, мемлеттік билікте отырған лауазымдылардың арасынан жиі-жиі бой көрсетіп жатқаны өте өкінішті.
─ Дәл бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда, адами құндылықтардың әлсіреп, азғындықтың күш ала бастаған тұсында адамзатты дұрыс жолға бастайтын бірден-бір темірқазық сіз айтып отырған Киелі Кітаптар емес пе?
─ Әрине, айтылмаса сөз жетім демекші, Библияда да, Құранда да Адам ата мен Хауа ананың Алланың қатал тыйымын бұзып, Эдем бағында Жаратқан тыйым салған алма дарағынан шайтанның азғыруымен дəм татып, кешірілмес күнəға батқаны да, артынша, сол күнəларының өтеуі ретінде олардың Алланың қаһарына ұшырап, жұмақтан қуылғаны да жайдан-жай жазылмағаны анық. Өйткені Киелі Кітаптардың бəрінде де, оның ішінде, Құранның өн бойында да, Алланың ұлы есепші екені жəне Жаратқанның назарынан адамзаттың жақсы амалдарымен қатар, жасаған күнəсінің ешбірі де тыс қалмайтыны сан мəрте екертілген.
Ендеше, дəл осы тұста жоғарыда аталған Киелі кітаптардың жаһандық монотеистік үшбу діннің іргетасы ғана емес, сонымен қатар олардың жер бетіндегі адамзаттың басым көпшілігіне Жаратқанның Иса, Мұса жəне Мұхаммед пайғамбарлар арқылы аманат етілген моральдық-этикалық, діни, азаматтық, саяси жəне құқықтық əдеп нормалары мен ақыл-ой парасатының киелі сандығы екенін де айту парыз. Демек, бұл тұрғыдан келгенде, сəт сайын өзгеріп жатқан, аумалы-төкпелі мына заманда Алла тыйымдарын өрескел бұзып отырған адамзаттың әй дейтін ажасы да, қой дейтін қожасы да, яғни мəңгі бақи рухани діңгегі де сол Киелі Кітаптардағы Алла ілімі десек, артық айтқандық емес.
─ «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп жырлаған ұлы ойшыл Абай атамыздың шығармаларының өзі халқымызды Құдай мен Құран Кітапты құрметтеуге шақыр май ма?
─ Алла мен Киелі Құранды шексіз сүйген хәкім Абайдың поэтикалық жолдарының толық нұсқасын оқырман қауымның назарына қайта ұсынуды парыз деп санаймын:
«Алланыңөзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөзешуақыттажалғанболмас.
КөпкітапкелдіАлладан, оныңтөрті
Алланытанытуғасөзайырмас…
Алла өзгермес, адамзаткүндеөзгерер,
Жарлықбердіолсіздерге, сөздіұғарға.
Замана, шаруа, мінезкүндеөзгерді,
Оларғакез-кезіменнəбикелді.
Қағидашариғатыөзгерсе де,
Тағрифаллаешжердеөзгермейді.
Күллімахлұқөзгерер, Алла өзгермес,
Адам нəпсі, өзімшілмінезбенен
Бос сөзбененқастаспай, түзукелмес.
Махаббатпенжаратқанадамзатты,
Сен де сүйолАлланыжаннантəтті.
Адамзаттыңбəрінсүйбауырымдеп,
Жəнехақжолы осы депəділетті.
Осы үшсүюболадыиманигүл....
Дін де осы, шынойласаң, тағат та осы,
Екідүниебұлтасдиқ-хақтыңдосы.
Осылардыбұзатынжəнеүшіс бар:
Пайда, мақтан, əуесқой – онаншошы.
Алланың, Пайғамбардыңжолындамыз,
Ынтамыздыбұзбастық – иманымыз.
Пайда, мақтан, əуесқой – шайтан ісі,
Кəнібіздіңнəпсінітыйғанымыз?
Мүминболсаң, əуеліиманды бол,
Пендегеиманөзіашадыжол»
Қазақ халқының данышпан абызы Абайдың КиеліКітаптардың қыр-сырынтерең түйсінгендігі жоғарғышумақпен ғана шектелмейді, тағылымы мен ғибраты мол ондай құндылықтар ақиық ақынның өзге поэтикалық туындыларынан да, қара сөздерінен де менмұндалап тұр. Олардың ішінде өз ұлтымыздың кем-кетігін түзетуге бағытталған әдеп қағидалары да, терең мәнді тыйымдар тізбегі де, көкейге тоқып алатын ескертпелер де тұнып тұр әрі бұл пайымның өміршеңдігіне данышпан абаздың төменгі шумақтары нақты дәлел:
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарыместі жақсы демек...
...Қайрат пен ақылжол табар
Қашқанға да қуғанға.
Әділет, шапқат кімде бар,
Сол жарасар туғанға...
Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Құмарланып шаттанба,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ –
Бес дұшпаның, білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой –
Бес асыл іс көнсеңіз...
Сізге ғылым кім берер,
Жанбай жатып сөнсеңіз?
Дүние де өзі, мал да өзі
Ғылымға көңіл берсеңіз.
Білгендердің сөзіне
Махаббатпен ерсеңіз.
Ақыл сенбей сенбеңіз,
Бір іске кез келсеңіз...
Надандарға бой берме,
Шын сөзбенен өлсеңіз...
Көп орында көріне айтпа,
Біздің сөзге ерсеңіз...
Сөз мәнісін білсеңіз,
Ақыл – мизан, өлшеу қыл.
Егер қисық көрінсе,
Мейлің таста, мейлің күл.
Егер түзу көрінсе,
Ойлап-ойлап құлаққа іл.
Ақымақ көп, ақылды аз,
Деме көптің сөзі пұл.
Жақынның сөзі тәтті деп,
Жақыным айтты дей көрме.
Надандықпен кім айтса,
Ондай түпсіз сөзге ерме,
Сізге айтамын, қаупім – бұл.
Өзің үшін үйренсең,
Жамандықтан жиренсең,
Ашыларсың жылма-жыл...»
Осы тұста сөз қадірін білетін дана халқымыздың “Өнер алды – қызыл тіл”дейтін даналығының қайнар көзі де Киелі Кітаптардан бастау алатынын еске салғым келеді. Өйткені бұл пайымның нақты дәлелі Інжіл шәрифтің бастапқы жолындағы: “В начале было Слово, и Сово было с Богом, и Слово есть Бог” деген тұғырнамада тайға таңба басқандай, айқын көрініп тұр. Демек, хәкім Абайдың:
«Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
Көп кітап келді Алладан, оның төрті
Алланы танытуға сөз айырмас” деген поэтикалық жолдарының іргетасы да жоғарыда аталған Киелі Кітаптар мен сол кітаптардың құрамдас бөлігі болып табылатын Інжіл шәриф екені еш күмән тудырмайды.
Дәл осы тұста жоғарыда келтірілген мұсылмандық әдеп қағидалары мен тыйымдар жүйесінің, сондай-ақ, күнә атаулының Киелі Құранның қай сүресі мен қай аятында кездесетіні туралы нақты мəліметпен 2018-жылы Түркия Диянет Қорының «Құтты сыйым – Құран» жобасының шеңберінде əзірленіп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Сараптау комиссиясының құптауымен жарық көрген Құран Кəрімнің қазақша нұсқасының соңындағы анықтамалық ақпараттан тікелей танысуға болатынын оқырман қауымның назарына ұсына кетуді парыз деп санаймын.
─ Кейінгі кезде «Құранның түпнұсқа тілі - араб тілі. Сондықтан да, бұл Киелі Кітап тек арабтарға ғана бағышталған» деушілер төбе көрсете бастады. Бұл туралы не айтар едіңіз?
─ Олардың көздегені - мұсылмандардың қасиетті діні мен киелі кітабы Құранға, Мұхаммед Пайғамбарға күйе жағып, әлеуметтік желілер арқылы мемлекетіміздің мұсылман қауымын Алла ілімінен ажыратып, елдің рухани діңгегі мен бірлігіне сызат түсіру. Алайда мұндай арам пиғылдағылардың көксегендері бола қоймасы анық. Өйткені бұлай түйіндеуе негіз болатын іргелі себептер бар.
Біріншіден, Құран - тек араб халқына ғана емес, Алланың күллі адамзат баласына өсиет еткен өміршең ілімі. Сондықтан да, бұл ілімді тек мұсылмандар ғана емес, өзге діни конфессиялардың өкілдері де тең құрметтейді.
Екіншіден, ұлтына қарамастан, киелі Құранды әлемнің ғұлама ақын-жазушылары да, озық ойлы ғалымдары да зор құрмет тұтады. Олардың ішінде тек неміс халқының ғана емес, күллі әлемнің ғұлама ақыны саналатын Иоган Вольфганг фон Гете де, орыс халқының ұлы ақындары А.С.Пушкин, М.Ю.Лермонтов, И.А.Бунин де, сондай-ақ, әлемнің ең ұлы жазушыларының бірі саналатын Л.Н.Толстой да терең құрметтеген.
Үшіншіден, қолжетімді ақпарат құралдарына қарағанда, Құран алғаш рет латын тіліне 1443-жылы аударылса, неміс тіліне 1540-жылы тәржімеленген.
Төртіншіден, VII ғасырдан бермен қарай, бұл кітап парсы, грек, француз, ағылшын, испан, түрік, урду, хинди, жапон, қытай, индонезия, орыс және ондаған өзге тілдерге де тәржімеленген.
Бесіншіден, Қазақ даласына Ислам діні VIII ғасырда араб мәдениетімен бірге енгендіктен, Құран да араб тілінде еніп, күні бүгінге дейін түпнұсқа тілінде оқылып келеді. Дей тұрғанмен, Құранның қазақ тіліндегі нұсқалары 1960-жылдан бастап айналымға ене бастады.
Алтыншыдан, Алла ілімі де, Ислам тарихы да, Мұхаммед Пайғамбардың өмір жолы да әлем ғалымдарының назарынан еш уақытта тыс қалмаған, терең зерттелген және іргелі ғылыми жұмыстарға өзек болған. Мәселен, әйгілі ағылшын ғалымы, дін тарихшысы Карен Армстроңның Құдай тарихы мен Мұхаммед Пайғамбардың биграфиясына бағышталған [Karen Armstrong: “Muhammad. A Biography of the Prophet”, (1991); “A History of God” (1993)] ғылыми еңбектері әлемнің 40 тіліне аударылған.
Жетіншіден, киелі Құранды араб тілінен тікелей ағылшын, қазақ және орыс тілдеріне аударған ғұлама ғалымдар баршылық. Олардың қатарында түпкі тегі индия/британдық заңгер ғалым Абдулла Юсуф Али, атақты теолог-жазушы Халифа Алтай, ресейлік академиктер Игна́тий Юлиа́нович Крачковский, Валерия (Иман) Михайловна Порохова, әзербайжандық философ Эльмир Рафаэль оглы Кулиев және Ислам ілімін зерттеуші отандастарымыздың шіінен Әбсаттар қажы Дербісәлі, Серікбай қажы Ораз, Наурызбай қажы Тағанұлы сынды муфтилер тобымен қатар Қайрат Жолдыбай, Досай Кенжетай секілді жоғары діни білімі мен тәжірибесі мол теолог-ғалымдар тобын атауға болады.
─ Тағылымды да тартымды, рухани әңгімеңізге рахмет!