Әл-Фараби бабамыздың жоқтаушысы
2020 ж. 22 тамыз
2641
0
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы Даланың жеті қыры» аталатын мақаласында: «Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады. Мысалы, өткен дәуірлердегі Тутанхамон, Конфуций, Ескендір Зұлқарнайын, Шекспир, Гете, Пушкин және Джордж Вашингтон сияқты дүние жүзіне белгілі тұлғалар бүгінде «өз мемлекеттерінің» баға жетпес символдық капиталы саналады әрі сол елдердің халықаралық аренада тиімді ілгерілеуіне септігін тигізіп отыр. Ұлы дала Әл-Фараби мен Ясауи, Күлтегін мен Бейбарыс, Әз-Тәуке мен Абылай, Кенесары мен Абай және басқа да көптеген ұлы тұлғалар шоғырын дүниеге әкелді. Сондықтан біз біріншіден, атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш-мүсіндер қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» дегені мәлім. Төменде биыл туғанына 1150 жыл толған Әл-Фараби бабамызға қатысты даңқты батыр Бауыржан Момышұлының тосын ойлары ұсынылып отыр.
– Жанымызға жақынырақ тақырыпқа көшейік, – деді Баукең жадыраңқы көңіл күйде. – Бүгін жастық шағымды еске алып, өзімше біраз әндеттім. Өлетін адам бой жасайды деуші еді. Менің әндеткенім бой жасағаным-ау.
– Аға, өтінем, мұндай сөзді айтпаңызшы?
– Адамдарда бой жасау әртүрлі болады. Жарайды, оны Құдай қаласа, кейін айтармын. Пәленшенің халі қалай?
– Халі жаман емес.
– Ол жауапсыз сөйлейтін адам. Мен оның халі жақсы деп айта алмаймын. Айта алмайтын себебім, қанша жоғары лауазымды қызметте жүрсін, жан-жағына ұнамаған неменің халін ешуақытта жақсы деуге болмайды. Сен білесің бе? Әл-Фараби бабаң неге үйленбей кетті?
– Білмейді екем.
– Неге білмейсің? Біраз бірге жүрдіңдер ғой. – Мен күлдім.
– Күлгенің мені мазақ еткенің бе? Өзімнің білуімше, аңыз емес, ақиқат. Ол кісінің ғашық болған қызын жауыздар тартып алып кеткен. Әл-Фараби содан үйленбеген.
– Ғылымға берілген кісі ғой.
– Әрине ғылымға берілген. Алайда нәзік жандыларға деген махаббатынан бас тарту екі-ақ адамның; бірі – есуастың, екінші – махаббаттан опасыздық көргеннің қолынан келеді.
Өмірдің не екенін түсінбеген есуас жер басып жүргендерді адам ретінде тани алмайды. Махаббаттан опасыздық көрген дүниеге ренжіп, өзінің жүрген жолынан басқа жолға түседі. Әл-Фараби бабамыздың тағдыры сондай күрделі тағдыр. Ол кісіні түрікмен де, тәжік те, өзбек те, қырғыз да менікі дейді. Сен Ақжан Машанов деген кісіні білетін бе едің?
– Сырттай білетінмін.
– Үйіне іздеп барғанымда қараторы өңді келіншегі сыпайы қарсы алды.
– Халің қалай, бәйбіше? – дегенімде:
– Мына шалдардың суретіне қарап өмір сүріп жүрмін, – деді. Ол кісінің жағдайын айтпай түсіндім. Ақаң үйінің төр жақтағы қабырғасына кілең шығыс ғұламаларының портретін іліп қойған екен.
Ақаң екеуіміз оңаша ұзақ әңгімелестік. Қараторы өңді келіншек өз шаруасымен айналысып, бізге кедергі келтірмеді. Іштей рақмет айттым. Ақаңа:
– Атақты ғалым ағамызсыз. Әл-Фараби бабамыз неге отбасын құрмады? – деп сұрағанымда, ол кісі:
– Ойпырма-ай, Бауыржан, мен бұған мән бере қоймаппын, – деді.
– Қазақ халқы ел басқаратын ерекше ақылды адамдар пайда болсын деп данышпандардан тұқым алуға құштарланып, қасына жесірін қосып жіберген. Ол қазақтың ақымақтығы емес, даналығы. Өмірге келген құрт-құмырысқа, өсімдікке дейін тұқым жаюға құштар. Әлемге әйгілі данышпан бабамыз Әл-Фараби өзінен кейін неге тұқым қалдырмады?
– Енді оны... енді оны... қайдам.
– Айтқыңыз келмесе, айтпай-ақ қойыңыз. Бұл менің ең негізгі сұрағым еді. – Бір қызға ғашық болғаны бар.
– Ақа, оны естігем. Сіз данышпан адамсыз, сізді дүние жүзі біледі.
– Ой, айналайын, Бауыржан, мына сөзің бір жағынан – ақылдылық, екінші жағынан – мені сөккендік.
– Сөккенім емес, мен өз ойымды айттым. Сіз шын мәнінде данышпансыз. Түркі халықтарының әрқайсысы ол кісіні өзіне иемденіп жүргенде, нақты деректер негізінде Әл-Фараби бабамыздың қазақ екенін дәлелдеп, әлемге мойындаттыңыз.
– Әй, сен мұның бәрін қайдан білесің? – деді Ахаң қарлығыңқы даусын соза, маған таңырқай қарап.
– Қалай білмеймін? «Бұл кісі не істеген, немен шұғылданған, қандай еңбегі бар, алдына барғанда нендей тақырып төңірегінде сөйлесуім керек», – деп сізге келерден бұрын көп ізденіп, көп дайындалдым. Мен әр тақырыптың өзін таза талдауды, әр нәрсені өз атымен айтқанды ұнатам. Ең бастысы, сіздің Совет үкіметінен қорықпай мешітке барып, жұма намазын үзбей оқып жүргеніңізге тәнтімін. Өз басым діннің бәрін сыйлаймын. Неге сыйлайсың десеңіз, дін – халықты жақсылыққа тәрбиелеуші.
– Бұл бағаң дұрыс, Бауыржан.
– Ақа, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Димаш Ахметұлы Қонаевтың қабылдауында болғаныңызда не жайында сөйлескеніңізді өз аузыңыздан естігім келеді.
Ақаң тамағын кенеп, екі-үш рет жөткірініп:
– Өзім мұлде күтпеген қызық жағдай болды, – деп кеңкілдей күлді. – Көрші республикамыздың Орталық партия Комитеті бірінші хатшысының: «Сізге есепсіз сыйақы төлейміз, зәулім ғимарат сыйлап, академик атағын береміз, барлық жағдайыңызды жасаймыз. Тек Әл-Фарабиді қазақ деген райыңыздан қайтыңыз», – дегеніне көнбегенімді айтқанымда, Димаш Ахметұлы жұмсақ жымиып: «Ғалымдар шындықты ғана жазуы керек. Сіз Әл-Фараби қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен болса, қазақ, өзбек, қырғыз, тәжік, түрікмен деп жазыңыз. Бәрі бір түбі анықталатын нәрсе ғой», – дегенін естігенде ішімнен: «Ойпырма-ай, Димекең қандай әділетті жан деп таңғалдым, – деді Ақаң жадырай күліп..
– Шынында, Димаш Ахметұлының сөзінен артық қандай сөз керек? Қабылдауында болғаныңызда ол кісіден сіз бір нәрсе дәметтіңіз бе?
– Жоқ, ешнәрсе дәметкен жоқпын. Ол кісіге барғандағы мақсатым – Әл-Фараби шығармаларын зерттеу мәселесіне көмек қажет екенін айту еді.
Димекең кісіні орнында отырып қабылдамайды екен. Босағаға дейін жүріп кеп, жылы жүзбен күлімсірей, сәлемімді алғанын, ортадағы жұмыс столына жайғасып, маған қарсы қарап отырып сөйлескенін, сөйтіп өзімді еркін ұстап, ойымды еркін айтуыма қолайлы жағдай жасағанын ешқашан ұмытпаймын..
– Барғанда сізге не берді?
– Әл-Фараби шығармаларын зерттеуге жағдай туғызатынын айтып, маған өзім қызмет істейтін Сәтпаев атындағы университет маңайына жақын екі қабатты үйден екі бөлмелі пәтер берді.
– Оны сіз қалап алдыңыз ба?
– Е, маған жетіп жатыр ғой. Ұмытып барады екем, Қазақ ССР-і Ғылым академиясының мүше-корреспонденті етті. Атаққұмарлығым жоқ еді, есі-дертім ғылыммен айналысу, жұма намаз ғана... Сен де менімен бірге жұма намазға қатыссаңшы? – деді.
– Өзіңіз бара берсеңізші?
– Сен Құдайға қарсысың ба?
– Мен құдайшыл адаммын. Жылқының еті – харам, оны жегендер де, Құрайыш руына қарсы шыққандар да тозаққа барады дегендеріңіз қалай? Құдайға ру неге керек? Маған түсіндіріңіз, мүмкін мен қателесіп жүрген шығармын. Адамдардың жанын алатын Құдай дейсіздер. Құдайға дүниеге келісімен шетінеп кеткен нәресте не үшін керек? Оның жазығы не?
Құран кәрімде «Құдайға ешнәрсе қажет емес, ешнәрсені керек етпейді» деп жазылған. Мысалы, сіз, мен, басқа болсын, бір нәрсе істегенімізде дұрыс болсын деп істейміз. Дұрыс болмасын деп істеген бір адамды көрдіңіз бе, не естідіңіз бе? Сіз мұрағаттардың қағазын ақтарып, кітаптарға үңіліп, тарихты, өмірді зерттеп жүрген ғұламасыз. Ізденгенде өтірік айтып, шындықты бұрмалау үшін ізденіп жүрсіз бе?
– Әрине ақиқатқа көз жеткізу үшін ізденіп жүрмін.
– Олай болса, Құдайдың күнәдан пәк баланы өлтіріп, әке-шешесін жылатып қояйын деген жоспары бар ма? Оны кім біледі? Бұл аздай-ақ, «сен бір адамды өлтірсең, екі құлыңды босат» дегіздіріп Құдайды сөйлетіп, саудагер, жауыз етіп көрсеткеннен не ұтасыздар?
– Жалпы логикалық талдауға жүгінгенде сенің айтқандарыңның қайсыбірі дұрыс. Бәрін дұрыс дей алмаймын.
– Келіспейтін жерлеріңізді ашық айтыңыз. Бәрін дұрыс дей алмаймын деген сөз өз намысын қорғау үшін өзінше мен де сенен кем емес білемін деген сияқты мағынада айта салатын кез келген адамның сөзі. Мен сізбен білім таластырып емес, қатемді түзесем деген оймен сөйлесіп отырмын. Молдалардың «бәрі Құдайдан» дегені дұрыс па?
– Құдайдың кереметтігін айтқаны ғой.
– Керемет Құдайдың «Меккеге, Мәдинаға шабуыл жасамаңдар, шабуыл жасасаңдар сендерді тозаққа алып барам» дегені қалай? Шабуыл жасағандарды тоқтату да, оларды қан құстыру да өз қолында емес пе?
– Мұхаммед пайғамбар: «Дінге сенушінің бойында қиянатшылдықпен бірге өтірікшіліктен өзге әр қандай кемшілік болуы мүмкін», – деген.
– Құран кәрімді оқып отырсаң, өлікке арналған бір ауыз сөз жоқ.
– Мына сөзің маған көп ой салды.
– Аруақтарға сыйынба дейсіздер. Қалай сиынбаймыз? Адамдарға жақсылық жасасын деп кейбір кісілерге ерекше қасиет сыйлаған Алланың өзі емес пе?
– Сенің дінді зерттеп жүргеніңе қанша жыл болды?
– Мен бір емес, барлық дінді ес білгелі зерттеп келем.
– Бұл саған неге керек?
– Құдайдың айтқанының көбі орындалмайды. Не себепті орындалмайтынын білсем дедім. Кез келген адам ұзақ өмір сүруді аңсайды. Шөбересін сүйген адамға тозақ жоқ дейсіздер. Сонда бұл адамдардың ұзақ өмір сүруін қалағаннан туған ниет пе?
– Сұрағыңның бәрін ой елегінен өткізуім керек.
– Сіз дінмен қашаннан бері айналысып келесіз?
– Ой, айналайын-ау, бала кезімнен дінді дұрыстап білу бізге үлкен мақсат болды. Мәдениетіміз дінді білуден басталды. Оған қарсы бір сөз айту қанымызға, пиғылымызға ешқандай сыймайтын нәрсе.
Ақжан аға құран кәрімді жақсы білген, жұма намазға үзбей қатысқан кісі. Сөз арасында: «Тіпті, ауырып жатсам да, жұма намазға амалдап барып жүрем. Барған сайын бойым жеңілденіп қалады», – дегені бар.
– Мұныңыз өзіңізді өзіңіз сендіру ғой, – дегенімде:
– Дұрыс айтасың. Әркім мақсатына жетуі үшін өзін өзі сендіруі керек, – деді.
– Менің жауап таба алмай жүрген тағы біраз сұрағым бар. Соны қоюға рұқсат етіңіз?
– Рұқсат, рұқсат.
– Ислам дініндегілер жұмаққа, басқа діндегілер тозаққа барады. Себебі олар шошқаның етін жейді дейді. Шошқаны Құдай жаратқан жоқ па? Оның етін жегендердің бәрін тозаққа барады дейсіздер. Сонда кешегі соғысқа қатысқандар тозаққа бара ма? Олардың бәрі шошқа етін жеді емес пе?
– Мен бұл сұрағыңа жауап бере алмаймын.
– Сіз қалай ойлайсыз. Он балаңыз он түрлі фамилияда бола ма?
– Жоқ, бір фамилияда болады.
– Ендеше, Құдай нешеу?
– Астапыралла-а, астапыралла. Бауыржан, сен қалай-қалай сөйлейсің?
– Құдай нешеу? Сізден соны сұрап отырмын. Мен өзім Құдай біреу шығар деп ойлаймын.
– Әлбетте, Құдай біреу.
– Біреу болса, неге Құдайдың діні әртүрлі әрі ол діндердің талабы неге орындалмайды? Сонда Құдайдың ол адамдарға әлі келмегені ме?
– Астапыралла-а, астапыралла, – деп Ақаң бірнеше рет айтып, ойланып отырып:
– Бауыржан, сұрақтарыңа жауапты қазір емес, жұма намазын оқып келгеннен кейін асықпай ойланып барып берейін.
– Өзіңіз шақырасыз ба, әлде өзім шақырусыз келейін бе?
– Қолым тигенде өзім шақырам. Сен өзің Құдайдың барына сенесің бе? – деді.
– Сенем, Ақа.
– Бауыржан, саған таңым бар. Ғылыми атағың жоқ. Алайда ғылымның әртүрлі саласы бойынша сөйлей білесің. Мен талай ғұламалармен пікірлесіп жүрген адаммын. Олардың ешқайсысынан естімеген сөзді сенен естіп, сүйсініп отырмын. Бүгін күн жұма. Жүр мешітке барып, жұма намазын бірге оқып қайтайық, – деді.
Ақжан аға дене құрылысы шағын, жасы сексеннің үстіне шығып кеткен, әр сөзін ойланып айтатын ғұлама еді. Үн-түн жоқ, кейде мм-мм деп басын шайқап, мені бар ықыласымен ұқыпты тыңдады.
Ол кісімен қайта кездесе алмадым. Кездессем деп дәметіп, үйіне талай рет телефон соқтым. Сырқаттанып қалса керек, жауап бермеді. Қайтыс болғанын газеттен оқып, білдім. Ақаңның ой-пікірін тыңдай алмай арманда қалдым. Өмірімдегі ең үлкен өкінішімнің бірі осы. Себебі, Ақаңның жаратылысы нағыз ғұламаның жаратылысы еді. Дінге сенімінің қандай екенін білгелі әдейі қойған сұрақтарыма адал жауап қатқанына, дінге деген сенімінің беріктігіне, Әл-Фараби бабамыздың қазақ екенін нақты деректермен дәлелдегеніне ерекше риза болдым. Ахаңдай адам ғана ғылымның шыңына шыға алатынына көзім жетті..
Мамытбек Қалдыбай, бауыржантанушы.
qazaquni.kz