Тұрсын Жұртбай: Тарихи ескерткіштерді қорлайтындар миссионерлерге жаза жоқ па?
2020 ж. 18 тамыз
1736
0
Іленің бойындағы тарихи орын Таңбалытастағы шоқының басына альпинистер алтындалған шоқындыру кресін салыпты. Экология министрлігіне қарасты күзетшілер: — Е, найманның таңбасы ғой — деп, қорланудың орнына келеке етіп жауап берді. Ал, пұт суреті мен жазулар қабыршақтанып түсіп жатыр. Енді бес жылда қопарылып бітеді. Себебі, еркімен кеткен, қараушылар еркінсіткен, кім көрінген альпиниспіз, геологпіз, археологпыз деп эстампаж жасаған сияқты.
Эстампаж — ақ қағазды желімдеп, тастың бетіне басып, сызып алу. Қағазды қотарғанда тастың беті жабысып шыға келеді. Ол процестерді Монғолия жеріндегі түркі жазуларына жасалған тәжірибелерді көргенде таң қалғамын.
Бурабайдағы Абылай алаңындағы Тақ тас құм боп кетті. Енді Жұмбақтастың шеті мүжіліп келеді. 10-15 жылда ол да адамдардың қолымен мүжіліп, құлап бітеді. Бұл жалғыз Іледегі Таңбалытастың, Тақтастың, Жұмбақтастың көрген күні емес. Қоңыр әулиенің басы да рулардың батырларының зират ескерткішіне толып барады. Ең бастысы қаза тапқан жауынгерлердің таңбасы басталған қорым тастарынан зират тұрғызған. Міне, еркінсіген миссионерлер бүкіл Қолатты шоқындылардың қорымы деп жариялап, Арқайым, Алтай-Қатын сияқты тақуалардың құжыра-қасиетті мекеніне айналдырады. Ол сөзсіз.
Сонда біздің экология, тарихи ескерткіштер, ұлт намысы тарихи мұраларды діни шоқындырудың құралына айналдырумен шұғылданатын альпинист-геологтарға, сол араны сақтауға жауапты тиісті мекемеге сұрау, жаза жоқ па?
Бұл неғылған можантопай көмпістік?
Бұл етек алып бара жатқан қастандық. Оған кім жауап береді?
Тиісті, жауапты орындар, идеологтар, экология мен тарихи ескерткіштерді қорғайтын мекемелер, мемлекеттің ескерткіш орынын рұқсатсыз миссионерлік насихатқа пайдалануға қарсы күресетін заң, тәртіп, қауіпсіздік мекемелері қайда? Облыстық әкімшілік қайда?
Мына қастандықты анықтап, солардан жауап күтемін. Астыртын миссионер альпинистер мен геологтарды тауып, оған кім рұқсат берді, күзетшілер неге бөгет жасамады, қылмыскерді жауапқа тартып, жалған кресті жою мақсатында сіздер де құлағдар боп, ықпал жасауға септесулеріңізді өтінемін.
Тұрсын Жұртбай,
профессор