Гүлмира Садық. Ұлт үнінің туған күні құтты болсын!
2020 ж. 12 тамыз
1392
0
Мемлекет пен ұлт мүддесін қорғауды басты ұстанымына айналдырған «Қазақ үні» газеті 20 жаста. Осынау уақыт аралығында талай сыннан сүрінбей өткен басылым бүгінде елдің шынайы алғысына бөленген, ел іздеп жүріп оқитын газеттің бірі.
«Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деп заманымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов айтқандай, қазақ тілінің шын мәніндегі азат тілге айналуы жолында тер төгіп келе жатқан басылымдардың бірі де бірегейі – «Қазақ үні» десек қателеспейміз. 2004 жылы Парламент депутаттары Мемлекеттік тіліміз – қазақ тіліне қарсы шыққанда, дауыс беру стенограммасын жариялап жібергенін сол кезде ұлт зиялылары жыр қып айтқаны ел есінде. Өзінің басты бағыты – мемлекет пен ұлттық мүддені қорғаудан танбай келе жатқан «Қазақ үні» газетінде мемлекеттік тілдің мәртебесін аяққа таптағысы келетіндер кезігіп жатса, шен-шекпеніне қарамастан, өз «сыбағасын» дер кезінде алып, тәубесіне түсіп жататынын жұрт жақсы біледі.
«Қазақ үні» газетінің әрбір сыни мақаласы мемлекеттік тілдің аяғынан тік тұруына ықпал етіп жатқаны көңіл қуантады. Газетіміздің президенті, тіл жанашыры Қазыбек Исаның тікелей бастамасымен «Қазақ үні» ұлттық порталында жарияланған ҚР Конститутциясынан 7-баптың 2-тармағын алып тастау туралы Ашық хаты ұлт зиялылары мен қоғам қайраткерлерінен бастап, қарапайым халықтың зор қолдауына ие болуда. Атаңымыздан 7-баптың 2-тармағы алынатын күнге сенген елдің үміті – «Қазақ үнінде»! Газет ұжымы алдағы уақытта да ұлттық мүддемізді ұлықтап, елдің үкілі үмітін ақтау жолында аянбай тер төге берері сөзсіз!
Бар қазақтың үніне айналған басылымның барша қызметкерлерін бүгінгі атаулы күнмен құттықтаймын! Дендеріңіз сау болып, халыққа жеткізетін жағымды жаңалықтарыңыз таусылмасын!
Гүлмира САДЫҚ,
«Қазақ үні» газетінің жауапты хатшысы