Назира БАЙЫРБЕК, журналист: Еңбек жолымның "ҚАЗАҚ ҮНІНЕН" басталғанын мақтан тұтамын...
2020 ж. 11 тамыз
2435
0
– 2001 жылы Түркістандағы Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітіріп, Алматыға жұмыс іздеп келген едім. Сонда марқұм ақын Темірше Сарыбаев ағамыздың кеңесімен «Жас қазақ үні» газетіне бас сұқтым. Қазыбек Иса ағамыз жылы шыраймен қарсы алды. Ең алғашқы мақалама дейін есімде. «Ақынға жар болу оңай ма?» деп аталатын сауалнама жүргізген болатынмын. Сол жылдары Төреғали Тәшенов, Ләйлә Сұлтанқызы сынды бүгінде есімі елге белгілі журналистер «Жас қазақ үні» газетінде жұмыс істеп жүрген-ді.
Сонда шағын ғана ұжыммен осылайша елге орасан зор пайда тигізуге болады екен ғой деп таңырқағаным есімде. Сол кездің өзінде-ақ, газеттің оқырманға ұсынатын тақырыптары, көзқарастары басқа газеттерден ерекшеленіп, еркіндігі, өткірлігі байқалып тұратын. Сол уақыттан бері елімізде қаншама газеттер ашылып, олардың көпшілігі жабылып та қалды. Тәуелсіз газеттердің ішінде «Қазақ үні» сияқты тұрақты жарық көріп, өзінің оқырмандарын қалыптастырып, адал еңбекпен абыройға бөленген басылым болған жоқ. Дәл қазіргі кезеңде де ондай басылымды кезіктіру қиын. Жиырма жылдың ішінде «Жас қазақ үнін» бар «Қазақ үніне» айналдырып, тәуелсіз басылымның үлгісін көрсетіп отырғаны үшін білікті басшы, белгілі қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Қазыбек Иса ағамызға ризашылығым шексіз. Ұжым мүшелерін бүгінгі мерейлі күнмен құттықтаймын! Шығармашылық табыс тілеймін! Бұдан да үлкен белестерге көтеріліп, қазақ қоғамына зор еңбек сіңіре берсін! Басқа басылымдардың тісі батып айта алмаған, жаза алмаған, мәселелерін көтеру арқылы елдің ерекше ықыласына бөленген басылымның беделі қашан да биік болсын! Осы газеттен еңбек жолымның басталғанын мақтаныш тұтамын.
Назира БАЙЫРБЕК,
"Дарын" сыйлығының иегері, "Болашақ" халықаралық стипендиясының жеңімпазы
qazaquni.kz