Парасат биігіндегі адам еді
2020 ж. 21 шілде
1653
0
Белгілі қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мырзагелді Кемел төңірегіндегілерді жүрегінің нұрына, жанының шуағына бөлеп жүретін еді. Өмірде досы көп болды.
Туып-өскен өңірінде сыйлас адамдары, бірге оқыған дос-жарандары аз емес шығар. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланып, елордаға қоныс аударғаннан кейін сырлас достарының қатары еселене түсті. Әдетте депутаттар өзара араласады, Аппарат қызметкерлеріне тапсырма берумен шектеліп, арақашықтықты ұстайды. Бірақ Мырзагелді аға олай істеген жоқ. Ешкімге «Менің мәртебем биік, сенің қызметің төмен» деген адам емес. Ол барлығымен де сыйласып, пікір алмасып, өзінің туған бауырындай араласа білді. Жақсы адамдарды жанына тартты.
Біз Мәжіліс Аппаратында қызмет істеп жүрген кезімізде оны «Мырза аға» деп атап кеттік. Тұла бойына ана сүтімен енген адамгершілік, қарапайымдылық, парасаттылық сынды асыл қасиеттері оның азаматтық келбетін көркейтіп тұратын! Білім мен ғылымға деген құштарлығы өмір бойы басылған жоқ. Ол әрдайым мемлекетіміздің даму бағытын, қоғам тынысын, адамдардың көзқарасын терең ұғынуға тырысты және соған орай өзінің ой-пікірі мен ұсыныстарын айтып өтті.
Ауыл шаруашылығын ғылыми тұрғыда дамыту ісіне көп көңіл бөлді, өзінің дәйекті тұжырымдамаларын алға тартты. Білікті ғалым ретінде «Қазақстанның экономикасын қалай өркендетеміз, жаһандық жанталасу заманында жұтылып кетпей, бәсекеге қабілетті ел болу үшін не істеуіміз керек?» деген күрделі сұрақтарға келелі жауап берді. Өзі ғылыми еңбектер мен мақалалар жазды және журналистерге сұхбат беріп, орынды ойларын ортаға салды.
Ол өте еңбекқор болды. Экономика, экология, ғылым, саясат, заң шығару ісімен айналысып жүрген Мырза аға қазақ әдебиетінің киелі табалдырығын терең философиялық ойларымен аттады. Оған басты себеп: Мырза аға уақытты босқа өткізуді, даңғаза жиынды, арзан күлкіні жаны сүймейтіндігі. Ол ұлы ойшылдардың афоризмдеріне, өмірден түйген пайымдарына терең үңілді. Артына сөз қалдырған әлемнің танымал тұлғаларының қанатты сөздерін қазақ тіліне аударды. «Өмірден құр қалмай, алаңсыз жүре бермей, осындай жақсы істерден үлгі алайық» деп нақты жазбаса да, әр қазақты ізгілікке ұмтылуға, ғылым мен білім нәрінен сусындауға үндеді.
Әлем ойшылдары сияқты өзі де философиялық ойларын, көңілге түйген қанатты сөздерін қағазға түсірді. «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ», «Ақыл ақылдан қуат алады», «Сөз – құдірет», «Мың ой», «Ақыл қалта», «Бес бәйіт», «Көгілдір кітап», «Көңіл күнделігі», «Шәкәрімнің ар ілімі», «Өнеге», «Ежелгі грек және Үрім даналығы», «Сенека», «Толстой тағылымы», «Ақселеу асуы» деген кітаптары жарық көрді. Атауларының өзі қандай! Әр кітабы оқырман іздеп жүріп оқитын дүниеге айналды.
Мырза ағаның өркен жайған ұрпағы бар. Өзінің ұл-қыздары өмірде орындарын тауып, ел қатарлы еңбек етіп жүр. Бүгінде тәрбиелі немерелері өсіп келеді. Оның өнегелі өмір жолы кейінгі ұрпаққа үлгі болатыны сөзсіз.
Қазақ халқына сындарлы ой, салмақты сөз және ғылыми мол мұра қалдырған Мырзагелді ағаның есімі мәңгі өшпейтіні анық. Мырза аға өз
кітабында: «Шығармашыл адам – ең тамаша адам, ол – ертеңгі күннің адамы» деп жазып кеткен екен. Иә, ол рухани құнды дүниелері арқылы келер заманның адамдарымен де сыйлас, сырлас болмақ.
Жақсы адам дүниеден өтсе, өкініштің күйігі өзегіңді өртейді. Ол барша қазаққа сыйлы, абыройлы болды. Оның қазасына тек отбасы, ағайын-туыстары ғана емес, руханият әлемінде кез болып, төңірегіне өзі жинаған достары, замандастары, іні-қарындастары түгел қайғыруда.
Бақұл болыңыз, қадірлі Мырза аға...
Айбатыр СЕЙТАҚ,
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.