Тумысынан зиялы, тегіне сай Кемел еді...
2020 ж. 18 шілде
1920
0
Бүгінде интернетке кіруден, телефон қоңырауын алудан қорқатын болдық. Тағы да төбемізден жай түскендей суық хабар алдық - Мырзагелді Кемел көкеміз де өмірден озыпты...
Алла алдынан жарылқап, Иманы саламат болсын!
Белгілі қоғам қайраткері, ғалым, жазушы Мырзагелді Кемел 1949 жылы 15 қаңтарда Түркістан облысы, Мақтарал ауданында туған. 1971 жылы Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институтының ауыл шаруашылығын электрлендіру мамандығы, 2000 жылы М.Х.Дулати атындағы Жамбыл университетінің құқықтану факультетінің заңгер мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1971 жылы Мақтарал ауданындағы «Октябрьдің 30 жылдығы» совхозында аға инженер болып бастаған Мырзекең 1992–1994 жж. кеңшар директоры, 1994–1995 жж. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинеті жанындағы шетел инвестициясы жөніндегі комитетінің сектор меңгерушісі болып қызмет атқарған. 1995–2004 жж. бірінші, екінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты болды.
Тумысынан зиялы бітімді Мырзагелді Кемел ағамыз кемел білімнің де иесі еді. Сондықтан тек мемлекеттік қызмет, ғылыммен шектелмей, руханият саласында 10 кітап жазды. Танымы мен тағылымы мол туындыларымен қоса әлем ойшылдары мен данышпандарының адамзатқа қалдырған ақыл-ойларын қазақ тілінде сөйлетті. Атап айтқанда қытай данагөйлері Лао Цзы мен Конфуцийді, испан пәлсапашысы Бальтасар Грасиан, ежелгі рим
және грек ойшылдарының афоризмдерін, қазіргі ілімдерді насихаттаушы Луиза Хей, бүгінде әлемде ең көп оқылған жазушыларының бірі Пауло Коэльоланың таңдаулы дүниелерін қазақ тіліне сәтті аударды. «Дүние» және «Экология и устойчивое развитие» журналдарын шығарып жүрді. «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ» "Ақыл қалта" сияқты кітаптары оқырмандардың іздеп жүріп оқитын еңбектерге айналды.
2004 жылы экономика ғылымдарының докторы ғылыми атағын қорғады. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры, 14 монографияның, 100-ге жуық ғылыми мақалалардың авторы.
Мырзагелді Кемел ағамыз "Ақыл қалта" кітабын шығарып жүріп, өзі де ақылманға айналған еді...
Елдің қоғамдық-саяси тынысын да жіті бақылап, баспасөз беттерінде үн қатып отырды. Әлеуметтік мәселелерге әлеуметтік желілерде орынды баға беріп жүрді.
Кітаптарында ізгілік пен имандылықты, білім мен мәдениетті, адамгершілік қасиеттер мен әділдіктіқалаған қаламгер ғалым, қоғам қайраткері ағамыз өзі жақсы көретін, жоғары бағалайтын інісі, іскер де қайраткер Ислам Әбіштің әділетсіз сотынан бір қалмай бір жыл бойы әр отырысына арнайы қатысып, кейде Зиба жеңгемізді ертіп келіп жүрді... "Жазықсыз сотталып жатқан арда азамат қашан бостандыққа шығар екен?" деп, мазасыздана күтіп жүретін... Ислам Әбіш туралы "Іскерлік формуласы" атты зерттеу еңбегі "Тұран" баспасында жарыққа шығуын күтіп жатып қалған еді...
Елордадағы Еуразия ұлттық университетінде ұстаздық етіп жүріп, "Ақ жол" партиясының дәстүрлі "XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы" жалпыхалықтық байқауына белгілі Алаштанушы академик Дихан Қамзабекұлы бастаған ғалымдармен бірге экономист-ғалым ретінде әділқазылыққа да қатысатын еді... Әр түрлі шараларымызда төрімізде отыратын ардақты ғалым еді...
Менің әр мақаламды оқып, ризашылығын елдің көзінше де айтып жүретін. Күнделікті газет, кітап оқымай күні өтпейтін. Зейнетақысына өзі ұнататын бірнеше басылымдарды жаздырып алып оқитын. "Қазақ үні" газетінің бір номері уақытынан кешігіп келмей қалса, редакцияға, одан маған, үйге телефон соғатын. Биылғы екі ай төтенше жағдайда газеттерді астанаға уақытында жеткізе алмай қалып едік, мені іздепті. Менің телефонымды ала алмапты. Дулат Исабеков көкем кейде кейіп айтатындай, "телефондарыңды құдыққа тастай салғасың ба?!" дейтіндей кез болса керек. Фейсбуктағы парақшасына: "Қазақ үні" газетін бір айдан бері ала алмай отырмын. Кім жауап береді?"-деп, баннер жасап
жазып жіберіпті ғой жарықтық.
Таппай жүрген інісі табыла кетті -бірден ағамызға звандадым: "Оу, көке, не болды сонша? Төтенше жағдай, астанаға автобус та, пойыз да, ұшақ та жүрмейді, тасымалдаушы мекемелер жеткізе алмай жатқан шығар?"-дедік қой. "Е-е, солай ма? Бәсе, "Қазақ әдебиеті" де келмей қалды. "Қазақ үнін" сайттарыңнан күнде оқып жүрмін ғой. Бірақ газетті ұстап тұрып, диванда жантайып жатып оқығанға не жетсін?!"-деп қарап отыр. "Ойбай-ау, анау пост-баннеріңізді алыңыз, астында жұрттар тек "Қазақ үнін" күтіп отырғандай, "қайда-қайдалап" жарыса жамырап жатыр..." деп жүріп, алғызып тастап едік... Енді ойлап отырмын, көкемнің сол соңғы жазбаларының бірін босқа алғызған екенмін ғой деп...
Мырзекең өзінен бұрын Зиба жеңгемізді қатты уайымдап, қамқор болып жүретін. Ағамыздың асыл жарға деген адал махаббаты мен жарасымды сыйластығы, балаларына деген тәлім- тәрбиесі көпшілікке үлгі-өнеге болатын.
Иә, мынау жалмап бара жатқан жаман індет індетіп, қынадай қырып бара жатыр елді... Мырзекең де екі өкпесі қабынып, екі аптадай бұрын ауруханаға жатып еді, енді міне, асыл ағамыздан айрылып қалып отырмыз.
Алды пейіш, арты кеніш болғай. Артындағы ұрпағына құдай ұзақ ғұмыр бергей. Асыл жары Зиба жеңгемізге, ұлдары Қазыбек, Бақытжан бауырларымызға, туған-туыс, ағайынға, жалпы қазаққа қайғырып көңіл айтамыз.
Ағартушы, ардақты зиялының артында қалған асыл мұрасы халқымен бірге жасай береді.
Хош, Мырзагелді көке!
Алла алдыңыздан жарылқап, артыңыз қайырлы болсын!
Қазыбек ИСА,
"Қазақ үні"