СЕН АМАН БОЛ, ЖАЛҒЫЗЫМ
2020 ж. 18 шілде
1935
0
Арандай ашылған аузынан от бүркіп, жалын шашқан «Вирус» дейтін тұқымың құрғыр тәжтажал адамзатты асқан ашкөздікпен жалмап жатыр. Бұл пәленің тоқтайтын түрі жоқ. Күн сайын емес, сәт сайын өршелене өршіп барады. Әлем қабағында сірескен қалың мұз. Адамзаттың жүрегі жара, жаны нала. Жанарынан саулаған ащы жас көкірегін жуып, күйіктен іші өртеніп жатыр...
Әлем тәжтажал отына күйіп тұр.
Кеудедегі жазылмайтын күйік бұл!
Өкінішке қарай, Қазақстандағы жағдай аса қиын. Қазір газет оқуға да қорқатын болдық. Оқитының: «Пәлен өңірде пәлен адам вирустан қайтыс болды». «Пәлен ауылда бір күнде 4-5 жаназа...» сынды қабырғаңды қақырата сөгетін қаралы хабар.
Қазақ Даласы қара жамылды.
Қайғы жұтып, қан құсқан қаралы күндерді жанары жасқа толы жаралы түндерді халқымызбен бірге бастан кешіріп жатырмыз....
Қаралы қалам қалтырап,
Жаралы жүрек жылап тұр...
Осындай аса қиын кезде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті мәлімдеме жасады. Президент жарлығымен «2020 жылы 13 шілде короновирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу жалпыұлттық аза тұту күні» деп жарияланды.
Пессимист емес, оптимист болайық! Қанша қиын болса да бұған да төземіз. Соломонның ортан қолындағы жүзіктің үстінде: «Бұл да өтеді», астында «Бәрі де өтеді» деген жазу болған, бақытты сәтінде жүзіктің үстіндегі, қиын кезеңде астыңғы жазуды оқиды екен деседі.
Иә, бәрі де өтеді. Жақсы күндер келеріне сенейік. Ұлы суреткерді қостай отырып: «Әлемді құтқаратын ұлы күш – адамдардың бір-біріне деген жанашырлығы, қайырымдылығы, бірлігі дер едім. Қайырымдылықтан асқан қасиет жоқ. Біз бірімізге жанашыр, қайырымды болайық. Өмір құс тұмсығындай қысқа. Бір бірімізді сақтайық. Андрей Дементьев дұрыс айтады:
Мир держится на добрых людях.
Не на агрессии и зле.
И если доброты не будет,
То ничего не будет на земле.
«Тот, кто делает добро другому, делает больше всего добро самому себе» демеп пе еді, Эразм Роттердамский.
Біз өлерміз өлмеспіз. Құдай қаласа, мына жалмауыз тәжтажалдан да аман қалармыз. Мәселе мұнда да емес, ең бастысы – Қазақстан. Қаннан да қымбат, жаннан да тәтті жалғыз да. Адам ата-анасыз да, бала шағасыз да, баспанасыз да, тақсыз да, бақсыз да күн көре алады, Отансыз өмір сүре алмайды. Отансыз отқа күйеді.
Шетелдерден іздемеңдер жақұтты,
Отансыз адам бола алмайды бақытты.
Сен аман бол, жалғызым – Қазақстан.
Қуанышта да, қайғы да біргеміз.
Сызат түсіп сөгілмейді іргеміз!
Қол ұстасып жетеміз,
Қуанышты күнге біз.
Аман болайық!
Сәбит Досанов,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Алматы
13 шілде, дүйсенбі, 2020 жыл
qazaquni.kz