Құсбегілік өнер бастауында қазақтар тұр
2020 ж. 01 тамыз
4036
0
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» дегені мәлім. Тақырыпқа орай көпшілік назарына оқырман пікірі ұсынылып отыр.
Алғыр құстармен аң аулау тарихы тым тереңнен басталады. Адамзат баласының бұл өнерді қолға қашан алғаны туралы әр алуан пікірлер бар. Алайда, зерттеушілердің басым көпшілігі құсбегілік алғаш сонау Алтай мен қазіргі Дунай аралығындағы кең алқапта туған деген уәжге тоқайласады. Яғни, бүркітшілік кәсібін бастаған – бүгінгі Қазақ елі тұрғындарының көшпенді-малшы ата-бабалары деген тұжырымға тоқтайды. Алтын Орданың қара шаңырағын ұстап қалған қазақтар екені ескерілсе, әйгілі саяхатшы Марко Полоның бұдан үш мың жылдан аса Құбылай ханның қыран құс баптағаны жөніндегі сонау деректері де осы пікірді нығыздай түсетіні анық.
Құс салуға қатты құмарлана бастаған орыс патшалары өз ордаларында салтанатты бүркітшілік сарайларын жасақтаған. Мәселен, қазіргі Сокольники соның дәлелі. «Известно, что Иван Грозный имел шестьсот птиц. Воспитанием этих птиц и сокольничих из числа царских дворовых людей занимались наставники из казахской степи» деп жазған әдебиеттер бар. Осының өзі-ақ тайлай жәйтті аңғартса керек. Мұндай деректерге қарап отырғанда, Тәуелсіз Қазақ елінің көк байрағынан қыран құс кескінінің көрініс табуы өте бір әділетті істей көрінеді.
Міне, бұл орайда, осынау бүркітшілік дәстүр хақында өз тәжірибеммен аз-кем бөлісуді ұйғардым.
Әрбір саяткер бүркітім өте ұшқыр, алғыр болса армандайды. Бұл да, негізінен, тәрбиешінің өзіне, яғни, құсбегінің білігіне байланысты келеді. Ұядан алған балапанды асырау оңай болғанмен, баулу қиын. Әдетте, жақсы нәтижеге өте төзімді, кәнігі, кәрі бүркітшілер қол жеткізеді. Екі жасар, үш жасар қантүбіт, тірнек құс алты жеті жылда қолбалаға айналады. Ал тоғыз-он жылдан кейін, яғни, барқын, баршын немесе шөгелдік-шәулілік жасқа өтетін шағында өзіңізбен бірге туғандай бауыр басып кетеді.
Тегінде, адамның ұрпағының азбағанын, келбетті, көрікті, зерек болуын қалайтыны секілді, саяткер де итінің де, құсының да жоғары талаптан шығуына ұмтылады. Иә, итің бұралқы, құсың арамтамақ болмасын. Әсіресе, нағыз бүркітшінің қыранының қанатына дейін жалтылдап, көзінен от шашып тұрғанына не жетсін. Әдемі болуы керек. Одан соң алғыр құс иесінің де даңқын асырады. Ал аңға түспеген, ұшпаған бүркіт – нағыз сорлы бүркіт. Ондай құсқа ел де іштей бағы ашылмаған деп мүсіркей қарайды.
Әсілі, кәрі бүркіттің біртіндеп шау тартып, еріншектеніп, өз тамағын тауып жей алмай мүшкіл халге түсе бастайтыны аяныш туғызбай қоймайды. Кейде өліп те жатады. Обалына қаласың. Сондықтан, оны жасы келе босатып, ақ байлап, ұшырып жіберетін салт бар.
Бүркіт те әуел бастан: «Шіркін-ай, тоғыз ұлы бар, тоғыз айғырдың үйірі бар босағаға бұйырсам!» деп армандайды дейді. Қазақта біреуді кемсіткенде, мұқатқанда: «Бұдан не үміт, не қайыр! Керегесіне құс саңғымаған иттен не жақсылық күтесің?!» деп түңілетіні мәлім. Демек, құсы бар үй берекелі үй. Ондай шаңырақтың иесі де жаман адам саналмаған. Расында да, ежелден бабын білетін кәнігі адамның қолында жүрмесе бүркіт те ұзақ тұра алмас еді.
Бүркітті, әдетте, екі тәсіл арқылы алады. Бірін – ұядан әкелсең, екіншісін аулап ұстайсың. Ұядан алған балапанның тәрбиесі қиындау келеді. Ол үшін үлкен мамандық керек. Үлкен кәсіби деңгей керек. Ал құспен айналысуға ниеттенген тәжірибесі кемшін, ортақол саятшыларға қазан, қараша айларында ұядан көтеріліп үлгерген бір жасар, екі жасарын алғаны тиімдірек. Әйтпесе екі-үш жастан асыңқырап кеткен құс қақпайға көне қоймайды. Әм ісіңіздің мәнінің қиысуы да екіталай.
Ұшып жүрген балапан-тірнекті кәдімгі тор арқылы ұстайды. Бүркіт аулауға арналған тор ителгі, қаршыға, сұңқарға арналған ауларға қарағанда кеңірек келетіні түсінікті. Ірі құсқа лайықталған тордың көзі қарыс сүйемге жетеғабыл. Құс балапанының дене тұрқы алыстан қарағанда шағын көрінгенімен, бұл да әжептәуір алып мақұлық.
Сай өзегіндегі төрт-бес шаршы метр ауданға керілген тор астынан үш-төрт шыбық тігіп, ішіне үй қоянын немесе әтеш, сауысқан байлап қояды. Зырылдақпен. Одан соң биіктеу жердегі бір тасадан дүрбі салып қойып, елеңдеп қарап отырасың. «Түсті ме, түспеді ме? Қашан түседі?!». Аңшы адамға бұл істің де рахаты болмай тұрмайды. Әрине, тағыға тұзақ құру үдерісі кімге де болсын әрдайым қызық дүние.
Бұйыртып, торыңыз майланса, секіріп түсіп, құстай ұшып, алқынып жетіп келесіз. Шалт қимылдап, ауға шырматылған бүркіттің үстіне қолыңыздағы ертеден шешіп алып даярлап отырған шапаныңызды жалп еткізіп лақтырып жібересіз. Бас салып, көптен аңсаған олжаңызды тырп еткізбей қармап қалуға ұмтыласыз. Одан кейінгі қимыл – қос аяқтан жармасу. Өйткені жас қыранның қарбалас сәтте жанұшырып тырбаңдай сермейтін пышақтай өткір тырнақтары қолыңызды орып түсуі ғажап емес.
Екі сирақтан шап беріп, мықтап ұстап алғаннан кейін басын ашасың да, «әуп, піссімілләңды» айтып, томаға кигізесің. Көзін жабу керек. Әйтпесе құс жүрегі жарылып өліп те кетуі мүмкін. Иыққа ілген қоржыныңда бірнеше томаға жүреді. Осының ішінен дәл келетін біреуін мөлшерлеп кигізе қоясың.
Бір ғажабы, көзі тұмшаланған бүркіт бірден ашуы тарқап сала бергендей, лезде тыншиды. Өйткені көзі көрмегеннен кейін енді ешбір қауіп жоқ деп ойлайтын сияқты. Бұдан соң бір-екі адамның көмегімен балақ бау кигізіледі. Оның жұмсақ қайыстан тілініп, майға әбден малынғаны жөн. Себебі, иі қанған тері су тигенде қатып қалмайды әм құстың балағын қажамайды.
Қолға түскен балапанды «бөлеу» немесе «құстың шапаны» деп аталатын жұқа киізден, я қалың матадан тігілген құндаққа салып аласыз. Қараша мен желтоқсанның қара суығында бұл оның тоңбауына жақсы, әрі көтеріп жүруге ыңғайлы. Кәдуілгі қол шамадан тәрізді ұстап алып аяңдай бересің. Бөлеу дайын тұрмаса, қанаттарын ықтияттап кіргізіп, құсты қоржыныңа сыйғызып салып алсаң да сөкет емес.
Үйге келген бетте бүркіттің аузына арнайы түтікпен мұздай су құйылады. Әйтпесе ашулы балғын құстың ызадан іші күйіп кетуі мүмкін. Не ауырып қалуы кәдік. Егер табылса, көмейіне ұсақ мұз салып жіберсе, тіптен жақсы. Бұл әрекет бірер күн ішінде үш-төрт сағат сайын қайталанады.
Ертеңіне қоршаған жаңа ортасына жас құстың көзін үйрете бастау үшін томағасын сыпырасыз. Құс ә дегенде алас ұрып, саңқылдап, айбат шегіп, дода-додасы шығып жан-жағына ұрынады. Сондықтан, қатты екпінмен қимылдағанда бірдеңеге соғылып, қанаты майырылып, жарақаттанбауы үшін отырған орны кең болуға тиісті. Сөйтіп бірер сағаттан соң қалпақты қайта кигізіп, тысқа, елдің көбірек жүретін жеріне апарып орналастыру қажет. Құс көзі көрмесе де, жұрттың жүрісіне, бала-шағаның шуылына, аттың кісінегеніне, иттің үруіне құлағы қана беруге тиісті. Бұдан бірер күн өткенде томаға тағы шешіледі. Бүркіт ұшпақ болып және талаптанады. Бірақ алғашқы жолғыдай қатты жұлқынбайды. Екпін басылған. Тәрізі, «е-е, бұлар маған еш қастандық жасамайды екен» деп түйсіне бастайтын секілді. Осылайша үш-төрт күн ұсталады. Бұл аралықта нәр татпайды. Аш. Тек тағы да аз-аздап су құйып тұрасыз. Одан кеспелтек тұғырға, екі жағы да жіпке байланған әткеншек іспеттес ырғаққа отырғызылады. Діңкелетіп, ұйықтатпай қою үшін қажет. Қалғи бергенінде ырғап оятасың. Содан бір күн-екі күнде әбден шаршап, талып түседі. Өстіп-өстіп, амалсыздан, ырқыңа көне бастайды.
Одан соң алдынан келіп, қол созым жерден кішкене қызыл көрсетесіз. Бір түйір ет. Егер ұмсынып, оны тұмсығын тығып, жұлмалап жеуге кіріссе, тілегіңнің орындалғаны, ісіңнің оңғарыла бастауының белгісі.
Сөйтіп томағаны қайта кигізіп, етті біраз ұмыттырасыз. Екі сағаттан кейін қызыл көрсету әрекетін тағы қайталайсыз. Күн өткен сайын құсты осылайша тәулігіне екі реттен тамақтандыру дағдысында ара-қашықтықты ақырындап ұлғайта бересіз. Бүркітті қолыңыздағы етке біртіндеп мойын созып, одан анадай жерден ақырындап секектеп, талпынып келіп, білегіңізге қондыратындай деңгейге жеткізесіз. Бұл кезде балақбауға жалғанатын шыжым да ұзартыла түседі.
Осы үдеріске әдеттенген құсты енді түлкінің тұлбынан жасалған шырға үстіне ет тастап алдарқатуды бастайсыз. Түлкі терісінің үстінен қызыл жегеннен кейін бүркітті күн сайын тау арасына алып шығып, шырғаны атпен сүйрей қашуға кірісесіз.
Мұндай сәттерде құстың құйрық қауырсынын тарап қойған дұрыс. Бұл – құйрық тұсты шелтіп байлап тастау деген сөз. Сонда еркіне жіберілген бүркіт қашып кеткісі келетін жағдайдың өзінде алысқа ұзай алмайды. Барған жерінде шаршап қонады. Тез ұстайсың.
Бір-бір жарым ай шамасында осылай жаттыққан бүркітті екі-үш күн ашықтырып барып, түлкінің өзіне салып көресіз. Мұндағы қиындық – құстың орнынан лып етіп қозғалып ұшуы. Томаға сыпырылғаннан кейін жемтігіне жалт етіп бір қарап, самғап көтерілген бүркіт көздеген аңына ақыры түспей қоймайды.
Түлкі мен қыран жарқ-жұрқ етіп шарпысып, айқасып жатқан сәтте бір бүйірден ептеп қана басып, сескендірмей, қорқытпай, ақырын тақалып барасыз. Ызалы бүркіт түлкіні шамасы жетсе темірдей шеңгелімен бүріп, өзі өлтіреді. Болмаса, жәрдемдесуіңізге тура келеді. Одан соң қызылдату керек. Яғни, түлкінің тәтті қанын татқызып, ауыздандырасыз. Осындай сәтте тірнектің өз-өзіне риза болып, қораздана түскенін аңдар едіңіз. Бір ғажабы, не құдірет екенін, тұмсығы қанданып, тояттаған құс иесіне де ырзалығын байқатпай қалмайды.
«Құсбегісі келіссе, күйкентай құс қаз алар» демекші, сәтімен, жақсы бапталған жыртқыш мұндай дәнігуден кейін көкке көтерілсе болды, кездескен екі түлкінің бірін іліп отырады. Ал бүркіт, негізінен, үш түлкі, төрт түлкіден біреуін түсірсе де осалға саналмас еді. Сондықтан, аспан серісімен жаппай қыра береді екен деген де аса бір қисынды түсінік емес. Тегінде, түпкі қызықталатын нәрсе – бүркіттің алғаны емес, қыран құсты салғаны ғой. Ғасырлар бойғы ата-баба дәстүрімен туған жердің қойнауында жүзіңді еркелей соққан салқын самалға тосып, сәйгүлік атпен серуендеп бара жатсаң; ту төбеңде ойқастап, мұзбалақ қыран самғап жүрер болса...
Кеудеңде өз-өзінен күн күліп, масайрап, шаттанып отырмайсың ба. Көңіліңде күй ойнап, жан әлемің құлпырып сала берер еді. Өйткені, бір мезет өзіңе осынау ұлы даланың балалары арасынан айрықша жарасым, ерекше үйлесім табасың.
Әрине, мұндай сәтті бастан кешуге дейін де зор шыдамдылық, мол уақыт қажет. Сонан соң өзгеше рух қуаты, сергек сана керек. Салты-ғұрпы, өнері, мәдениеті бай ұлтыңа, туған халқыңа деген алабөтен сүйіспеншілік керек...
Жаны жомарт, ақынжанды елдің ұлдары ат жарыстыруға, мылтық атуға, құмай тазы жүгіртіп, құс салуға әуелден құмар. Осылардың ішіндегі ең қызығы да, ең қиыны қыран бүркіт ұшырып, саятшылық құру шығар. Бұл үшін де жүректілік, намысқойлық, табандылық қажет. Есерсоқтау, әңгүдіктеу жігіттер біраз әуестенеді де, мұндай кінәз өнерді аяғына дейін алып жүре алмай тастап кетіп жатады. Сезімі де, төзімі де жетпейді. Сөйтіп, құсқа да обал жасайды.
Егер құсбегілікке ден қойған кей азаматтар менен балапанды қайдан ұстаған дұрыс деп ақыл сұраса, бірден ұядан құс алмауға кеңес берер едім. Өйткені, мұның қиындығын бұрыннан да білемін, бірлі-жарым жігіттің бүркітті ұясынан әкеліп тәрбиелеп жатқанын қазір де көріп жүремін, олардың бәрібір жақсы нәтиже көрсете қоюы неғайбіл. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ұядан түлеп, ұядан тәрбие көрмеген құстан үміт те өте аз. Әм ескеріле бермейтін маңызды бір жәйт – ұядан алынған төрт-бес балапанның әдетте біреуі ғана тірі қалады. Себебі, оны дұрыс қоректендіруде де үлкен мән бар. Ал оның сырын сол балапанды басып шығарған ана қыран мен ата қыран ғана жақсы білмей ме. Тағы бір жәйт – құстың иесіне адалдығы. Мұндай қасиет көбіне ұядан тәрбие алып, бір-екі жылдан соң қолға түскен қантүбіт, тірнекке тән келеді.
Тілеуғабыл ЕСЕНБЕКҰЛЫ, бүркітші.
Қарағанды облысы
qazaquni.kz