Құнды қасиеттерді қалыптастыратын ілім
2020 ж. 23 маусым
1670
0
Алматы облысы бойынша Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының аясында ауқымды істер атқарылуда. Облысқа қарасты Еңбекшіқазақ ауданындағы діни ахуал туралы ауданның дін істері жөніндегі инспекторы Олжас Сатайдан толығырақ білген едік.
Қазіргі кезде жаңартылған əлеуметтік қоғам дамуындағы жеке адамның қалыптасуы мен рухани мəдениеттің артуына еліміздегі діннің де айтарлықтай ықпалы бар. Рухани мəдениет, соның қатарында дін де ежелден атадан балаға аманат болып жеткен тарихи мұра. Сондықтан, дін екінші жағынан əлеуметтік мұра ретінде де қарастырылады.
Бұрынғы кеңестік кезеңдегідей емес, бүгіндер діннің қоғам дамуына тікелей қатысы бар екенін түсініп, мойындайтын болдық. Рас, түрлі дінге деген адамдардың көзқарасының, сенімдерінің өзіндік ерекшелігі бар. Адамзат ерте заманнан бері өзі өмір сүріп отырған ортасына қарай дінге əр түрлі пікірлер айтып келді. Діннің құдіреттілігі – ол адамның өзін осы дүниеге əкелген жаратушысын тану, оған қоса өзін-өзі тану. Шынайы дін адамды тəрбиелеп, оны орынды əрекеттерге бағыттап, өзін тануға, өзінің жақынын тануға, тіптен өзгені өзіндей сезінуге ерекше əсер береді. Сондықтан, адам діннің құдіреттілігін бағалай білуі шарт. Қоғамдық дамуда Ислам дінінің кері əсері жоқ, керісінше, адамдарға адамгершілік және өзге де құнды қасиеттерді қалыптастыруға ерекше мүмкіндік беретін құбылыс. Қоғамды ілгері бастыруға септігін тигізетіні өз алдына, оны өз алдына бір іргелі ілім десек те артық емес.
Ислам дінінің қағидаларық нормаларында адам тəрбиесіне қатысты қайрымдылық, мейрімділік, үлкенге құрмет сияқты жақсы үрдістер ескерілген. Бүгінгі біз өмір сүріп отырған қоғамда осының бәрі аса қажет. Қайрымдылық көрсеткен адамның көңілі таза, мейрімділік қасиетке ие болады. Ислам дінінде сүйіспеншілік, мейрімділік, тазалық ерекше орын алады. Сол себепті, Ислам дінінің тəрбиелік мəні бүгінгі таңда маңызы зор. Ислам дінінің ерекшелігі – ұлттық салт-дəстүрімізді, əдет-ғұрыпымызды, рухани қазыналарымызды бір жүйеге салып, құндылығын анықтап, арттыруға көмектесетін тəртіптілік заңы. Дін алдымен имандылыққа жетелейді, бойында иманы бар адам ешуақытта жамандыққа бармайды.
Біздің көпұлтты Еңбекшіқазақ ауданында осы бағытта бірқатар іс-шаралар атқарылып, жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Біздің ауданның бір ерекшелігі – көпұлтты болған соң тұрғындарымыздың діни сенімі де әралуан. Оған ешкім тосқауыл немесе шектеу қойып жатқан жоқ. Ең бастысы заң ережелерін қатаң сақтаса болғаны. Айталық ауданда барлығы 93 діни бірлестіктер бар. Олардың 65 мұсылмандық, 7 православтық, 4 католиктік 17 протестанттық бағыттағы, 4 ехоба куәгерлері, 4 баптистік, 1 пресветериандар, 1 Жетінші күн адвентисттері, 7 елуіншілер секілді діни бірлестіктер өз ережелері бойынша қызметтерін атқаруда.
Қазақстан Республикасында діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы бойынша 2020 жылға арналған ақпараттық түсіндіру тобы құрылып, құрамына мемлекеттік қызметкерлер, беделді азаматтар, дінтанушылар, теолог, құқық қорғау органы қызметкерлері, жастар ресурстық орталығының мамандары, БАҚ өкілдері, ҮЕҰ жетекшісі, «Зайырлылық және дінтану» пәнінің мұғалімі кіргізілген.
Ауданымызда орналасқан деструктивті діни ағым өкілдерінің басым көп бөлігі орналасқан елді мекендерге жоспарға сәйкес түсіндіру жұмыстарын жүргізу жоспарланған. 2020 жылдың I тоқсанында түсіндіру тобының мүшелерінің қатысуымен жүздген адамның қамтылуымен 7 ірі іс-шара (1 семинар, 6 кездесу) өткізілді. Аталған іс-шараларда ұлттық құндылықтар дәріптеле отырып, жат діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған тақырыптар түсіндірілді. Қазіргі уақытта елімізде карантин режимінің жариялануына байланысты жоспарланған аудиторияларға арналған түсіндіру жұмыстары тоқтатылып отыр, алайда, аталған мәселелер бойынша онлайн режимде инстаграм, фейсбук, вконтакте әлеуметтік желілері арқылы халыққа жеткізілуде. Еңбекшіқказақ ауданының дін істері жөніндегі инспекторлары тарапынан әлеуметтік желілерде (Facebook, Vkontаkte, Instagram) «Еңбекшіқазақ ауданы дін істері» тақырыбында парақшалар құрылып, тиісті жұмыстар жүргізіліп отыр.
Атап айтқанда, интернет парақшаларда аудан аумағындағы тұрғындардың діни сауаттылығын көтеріп, жат діни ағымдарға қарсы имунитет қалыптастыру және зайырлылық пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында өткізіліп жатқан іс-шаралар жайлы ақпараттар сонымен қатар Алматы облысы «Дін істері басқармасы» тарапынан шығарылған бейне материялдар мен деструктивті ағымдардың зардабтары және қатері жайлы мәліметтер тұрақты түрде жарияланып тұрады. Сонымен қатар, дін саласы бойынша жаңалықтар және терроризм актісі жайлы жалған ақпарат тарату, әлеуметтік желілердегі деструктивті діни идеологияны насихаттайтын мақалалар мен видеоларды қолдау сынды әрекеттердің соңы қылмыстық жауапкершілікке әкеп соқтыратындығы жайлы ескертпелер және де дәстүрлі емес діни ағымдардың догмасындағы қателіктері жайлы баяндалатын ақпараттар, видео материалдар және террористік іс-әрекеттердің соңы неге әкеліп соғатыны жайлы деректер жарияланады. Нақтырақ айтқанда, 2020 жыл басынан бері әлеуметтік желілерде 233 материал салынған және 8 мыңнан астам қаралым болды. Әр-бір салынған видео, фото және мәтіндердің қаралымдарын және аудиторияларға қаншалықты қызықтылығы жайлы мәліметтер ай сайын жинақталып тіркелушілердің қызығушылығына сәйкес ақпараттық жарияланымдар салынып отырылады. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде тіркелушілер саны көтерілуде (2020 жылдың қаңтар айындағы тіркелушілер саны 2984, ақпан айында 3051, наурыз айында 3124, сәуір айында 3215, мамыр айында 3346).
Елімізде наурыз, сәуір айларында төтенше жағдай жариялануына байланысты тұрғындармен тікелей шаралар өткізілмегендіктен жастар ресурстық орталығымен бірлесе отырып, ВКонтакте, INSTAGRAM әлеуметтік желілерінде enbekshikazakh_zhastar парақшасында жастар арасында сауалнамалар жүргізілсе, мамыр айында жастар орталығының маманы М.Бердібаевпен тікелей эфирде дін мәселелеріне қатысты онлайн сұхбат жүргізіліп, жастар тарапынан қойылған сұрақтардың барлығына толықтай жауап берілді. Аталған форматтағы сұхбаттарға біліктілігі жоғары дін қызметкерлері мен халық арасында беделді тұлғалар қатысты.
Тәжірибе көрсетіп отырғандай, діни экстремизм идеологиясы интернет – кеңістікті қоса алғанда, жаһандық ақпараттық коммуникациялық желілер, қазіргі заманғы электрондық бағдарламалық қосымшалар арқылы жаппай ақпараттық психологиялық әсер ету жолымен қоғамдық санаға енеді. Мәселен, әлеуметтік желілер (Insragram, Twitter және Вконтакте) мен интернет-ресурстар мониторингінің деректері бойынша "Kazdream Media" мүмкіндіктерін пайдалана отырып, дәстүрлі емес діни ағымдардың идеяларын насихаттайтын интернет пайдаланушылардың белсенділігі анықталған болатын.
"Kazdream Media" бағдарламасы бойынша Еңбекшіқазақ ауданы бойынша "сәләфи", "суффист" және "елуіншілердің"топтарына 3565 адам тіркелген болатын. Қазіргі уақытта теологтар тарапынан ақпараттық-түсіндіру іс-шаралары, деструктивті идеологияны тарататын топтардың құрамындағы азаматтармен тікелей байланыс жасалып, және оған қарсы саяси-әлеуметтік белсенді насихат жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса аудан аумағында діни экстремизм мен терроризмның алдын алу және деструктивті діни ағымдарға қарсы иммунитет қалыптастыру мақсатында 2020 жыл басынан бері аудандық БАҚ беттерінде 11 мақала жарияланды.
Аудан аумағында діни экстремизм мен терроризмның алдын алу бойынша аудандық дін істері жөніндегі инспекторлары, облыстық діни экстремизм құрбандары мен деструктивті ағым ұстанушыларын оңалту орталығының теологтары, Есік қаласы мен ауылдық округтер және имамдармен бірлесе отырып, ауыл, қала тұрғындары мен жастарға түсіндіру және деструктивті діни ағым өкілдерін профилактикалық оңалту жұмыстары тоқтаған емес, үнемі басты назарға қойылған. Осыған орай аталған азаматтармен Алматы облысы дін істері басқармасы жанындағы орталықтарының теолог мамандары, жергілікті әкімдіктер мен дін қызметкерлері тарапынан жоспарлы түрде түсіндіру және профилактикалық оңалту жұмыстары жүргізіліп тұрады.
Еңбекшіқазақ ауданында 54 ұлт өкілдерінен құралған 300 мыңға жуық халық тұрады. Былайша айтқанда кейбір облыстардың халының санымен бірдей. Осындай көпұлтты, көпконфессиялы ауданымызда діни экстремизм және терроризм орын ала қалса зардаптары өте ауыр болатыны белгілі. Ондай жағдайға жіберуге мүлдем болмайды Ауданда Ислам дінін ұстанушылар саны өзге діндерге қарағанда анағұрлым басым. Біз сол Ислам дініміздің адам бойында құнды қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған артықшылығын насихаттап, оны іс жүзіне асуына барынша ықпал етуге тырысамыз. Қазіргі уақыттағы аудан аумағындағы орын алған конфессияаралық тұрақтылықты жоғарыда көрсетілген жұмыстардың өз деңгейінде жүзеге асырылып жатқанының нәтижесі ретінде санауға болады.
Олжас САТАЙ,
Еңбекшіқазақ ауданының дін істері жөніндегі инспекторы
Алматы облысы
qazaquni.kz