Текелі - тұрақтылық мекені
2020 ж. 05 маусым
2403
0
Бүгінгі әңгімемізге арқау болған Текелі қаласының жер жаннаты Жетісу өңірінде алар орны ерекше. Аты айтып тұрғандай Жоңғар Алатауының биік шатқалдарын емін-еркін жайлаған есепсіз тау текелеріне байланысты қала Текелі деп аталып кеткен. Табиғаты тамылжыған бұл өңір туристік аймақ атануға сұранып тұр. Әсіресе тау шаңғысы курортын салуға өте ыңғайлы.
Талдықорған облысы алғаш ашылғанда іргетасы сонау 1911 жылы қаланған Текелі қаласы тұрғындар саны жағынан облыс орталығынан асып түсетін. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында кен орындары табылып, осыған орай 1937 жылы кен байыту комбинаты салына бастаған. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде әрбір сегізінші оқ осы Текелі қорғасын-мырыш зуытында жасалған екен.
Текелі қаласы еліміз бойыншы бірнеше рекордтар иесі. Біріншіден, теңіз деңгейінен бір мың шақырым биіктіктен аса орналасқан жалғыз қала. Оған қоса «ең ұзын қала» деген атағы да бар. Кезінде көптеген кен орындары ашылып, оны игеру үшін Текелі өзенін бойлай ұзындығы отыз шақырымның шамасында жұмысшы поселкалары салына берген екен. Нәтижесінде сол жұмысшы қалашықтары бірігіп, бүгінгі Текеліні құраған-ды. Әрине, қазіргі Текелі қырық мыңдай тұрғыны бар инфроқұрылы дамыған қуатты қала. Тоқсаныншы жылдардағы еліміздегі тоқырауға қарамастан тұрғындары ешқайда көшпей, өз Текелісін сақтап қалды. Қалада ондаған мектептер мен кәсіптік колледждер, балабақшалар мен спорт кешендері, мәдениет үйлері мен діни мекемелер тұрақты жұмыс істейді. 2016 жылдан бері білікті де тәжірибелі маман Бахтияр Өнербаев қала әкімі қызметін атқарып келеді.
Әрине, қаланың басты байлығы – оның тарихын қалыптастырған, бүгінгі тіршіліктің тұтқасы, ертеңгі жарқын болашаққа ұмытылған тұрғындары. Ондаған ұлт өкілдері түратын Текелі халқы өзінің еңбекқорлығымен, ынтымақтастығымен танымал. Қоғамдағы тұрақтылықты бірқалыпты сақтау мақсатында Алматы облысы мен қала әкімдігі, «Алматы облысы дін істері басқармасы», «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемелері және де өзге де мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлесіп тұрақты жұмыс істеп келеді. Бүгінгідей әлемнің көптеген елдерінде экстремизм мен терроризмнің лаулап тұрған өртінің жалыны бізді де шарпымас үшін көптеген іс-шаралар ұйымдастырып, оның алдыналу жұмыстарын атқаруға тура келеді. Әсіресе жат діни көзқарастағылардың біздің адамдарды арандатуына жол бермеуіміз керек. Бірнеше діни сенімдегі ұлттар тұратын Текелі сияқты қалаларда дұрыс идеологиялық бағыт қалыптастыру өте маңызды іс болып табылады.
Қалада және қалаға қарасты «Рудничный» ауылын қоса алғанда ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтіп, қызмет жасап отырған 7 діни бірлестіктер мен филиалдары жұмыс істейді. Бұл діни бірлестіктердің барлығының құжаттары заң талаптарына сай рәсімделген. Оның ішінде екі ислам мешіті (Керімбек би мешіті, Мол Береке мешіті), 1 - орыс православ шіркеуі, қалған төртеуі протестанттық бағытты ұстанады. Қала бойынша және қалаға қарасты «Рудничный» ауылдық округін қосқанда 4 имамды да Қазақстан Мұсылмандар Діни басқармасы қызметке тағайындаған. Олар Нұр Мубарак Университеті мен Үшқоңыр медресесін тәмамдаған білікті мамандар.
«Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын» іске асыру мақсатында Текелі қалалық ақпараттық-түсіндіру тобы құрылған. Құрамында 13 адам бар бұл топ тұрғындар арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын ұтымды жүргізіп келеді» - дейді «Алматы облысы дін істері басқармасы» ММ, «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ-нің біліктілігі жоғары деңгейлі маман-дінтанушысы Мағжан Мұхамет. 2015 жылы Алматы қаласындағы Шет тілдер және іскерлік карьера университетін «Дінтану» мамандығы бойынша тәмамдаған ол осы аталған мекемеде 2017 жылдан бері бастап қызмет етіп келеді. Сондықтан да бұл сала жұмысын жетік меңгерген. Оның айтуынша биылдың алғашқы үш айында ақпараттық-түсіндіру тобы 9 түрлі ірі іс-шаралар өткізген. Айталық, қаңтар айында Текелі кәсіптік колледжінің студенттерімен «Жастардың діни сауаттылығы» атты дәріс өтті. Дәріске Текелі қаласы бойынша оқушы-студент және жұмысшы жастар шақырылып, дін туралы сабақ алып, көкейде жүрген сауалдарын қойып, өз бағыттарын анықтауға мүмкіндік жасалды. Осындай кездесулердің бірі қаладағы № 3 орта мектепте «Жастар арасындағы діни толеранттылық» тақырыбында өтті. Шараға қалалық «Керімбек би» мешітінің бас имамы А. Медетбеков, «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің мұғалімі Г. Қоштаева, Жастар ресурстық орталығының маманы Д. Бегімтаев қатысып, дін мен оның қоғамда алар орны туралы кеңінен әңгімелеп берді. Ақпан айында қалалық кітапханада «Діні беріктің діңгегі бұзылмас» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Шараға Жастар ресурстық орталығының жетекшісі С. Торғай бастаған оқушы-студен жастар мен олардың ұстаздары қатысты. 28 қаңтарда Текелі қаласының әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Жауапкершілік жүгі ортақ» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру тобы мүшелерінің жиыны өткізілді. Онда атқарылатын жұмыс жоспарлары талқыланды.
Қала тұрғындарының біраз бөлігі өзге дінде болғандықтан оларға да мемлекеттік органдар тарапынан жеткілікті көңіл бөлініп тұрады. 7 қаңтарда Текелі қаласының Астана және Алматы Епархиясы Святой Троицы храмының приходында «Роджество Христова» мерекелік қойылымы көрсетілді. Шарада шіркеу жанындағы жексенбілік мектептің тәрбиеленушілері өз өнерлерін көрсетті.
Дін бүгінгі күні өте күрделі мәселелердің бірі. Оны дұрыс түсінбеген адамның жат ағымның жетегіне еріп, адасуы әбден мүмкін. Ондай жағдайлар біздің елімізде де орын алғаны белгілі. Бұл бағытта елімізде арнайы жасалған мемлекеттік бағдарламаларды басшылыққа алған қала әкімдігі де осы бір маңызды мәселенің оңтайлы шешілуіне ықпал етіп отырады. Осы мақсатта Текелі қаласының әкімдігінің жанындағы терроризмге қарсы комиссияның отырысы белгіленген жоспар бойынша өткізіліп тұрады. Онда қаладағы жағдай егжей-тегжейлі талқыланып, атқарылған іс-шараларға жан-жақты баға берілді.
Діни сенімдегі адамдар да өзіміздің қоғам мүшелері, өзіміздің туған-туысқан, өзіміздің бауырларымыз. Оларға да адами құндылықтар мен кейбір орын алатын кемшіліктер тән. Сондықтан діни мекемлер өз жұмысында діннен асқа адами тәрбиеге де үлкен көңіл бөледі. Адамгершілік, қайырымдылық сияқты тақырыптағы іс-шаралар жиі өтеді. Ақпан айында Текелі қалалық «Керімбек би» мешітінде «Жәрмеңкемен жәрдемдес» қайырымдылық шарасы өтті. Жәрмеңкеден түскен қаражат аз қамтылған еліден астам отбасыларға таратылып берілді. Осы айда «Шапағат» арнаулы-әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Қоғамның қазынасы қарттар» тақырыбында кездесу өтті. Шараға Текелі қалалық «Керімбек би» мешітінің бас имамы А. Медетбеков дәріс жүргізді. Ал, 6 науырызда Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Керімбек би» мешітінде «Ана - қоғамның тірегі» тақырыбында семинар өтті. Шараға қалалық «Керімбек би» мешітінің бас имамы А. Медетбеков осы тақырып бойынша ұлағаты мол дәріс оқып, жиналғандарды риза етті. Діни сауттылықпен қатар адами тәрбиеге бағытталған іс-шаралар бірі-бірі толықтырып оң нәтиже беретінін тәжірибе анық көрсетіп отыр.
Қазіргі ақпараттар заманында БАҚ пен ғаламтор үлкен маңызға ие. Адамзат игерген осы бір жетістіктер арқылы шұғыл байланыстар іске асып, ақпараттар алмасып жатады. «Текелі қаласында әлеуметтік желілермен жұмыс бір жүйеге келтірілген. Фейсбукта - Текелі дін істері орталығы аккаунты, ВКонтактеде - Текелі қаласы дін істері орталығы группасы, Инстаграмда - Tekeli_din парақшасы ашылған. Қазіргі уақытта 7160 оқырманы бар (Фейсбук - 5000 адам, ВКонтакте - 1076 адам, Инстаграмда - 1084 адам). Жыл басынан бері әлеуметтік желілерде 639 ақпарат орналастырылып, 10983 қаралым жинады» - дейді «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің белді маманы Эльмира Медетбекова. Білікті маман атқарылған іс-шараларды ақпараттық қолдау қажеттілігіне баса назар аударлатынын алға тартады. Бұл бағытта да көтеген жұмыс атқарылғаны байқалады. Қалалық «Текелі тынысы» газеті бұл тақырыпты өз кезінде көтеріп, қолдау көрсетіп отыр. Текелі тынысы» газетінің тілшісі А. Ырымжанұлының «Имандылық жан тезі», «Ізгіліктің игілігі шексіз», «Шарапат-Сауап», «Ана тәрбиесінің мәні зор», корпоративтік қорының төрағасы Б. Файзулланың «Ата салтымыз – асыл қазынамыз», қалалық білім беруді дамыту оқу-әдістемелік орталығының аға әдіскері Ж. Рахимбаеваның «Зайырлы білім беру жүйесі - заман талабы», «Керімбек би» мешітінің бас имамы А. Медетбековтің «Қош келдің, он екі айдың сұлтаны - Рамазан айы», «Святой Троицы храмының приходы» діни бірлестігінің настоятелі В. Пантелеевтің «Христос Воскресе!» мақалалары жарық көріп мыңдаған оқырмандарына жеткен.
Сол сияқты тұрғындарға қажет ҚМДБ-ның Текелі қаласы бойынша Рамазан кестесі, Текелі қаласы әкімдігінің «Ата-аналар күніне» байланысты хабарландыруы, «Әл-Фарабидің рухани мұрасы» және «Абай шығармашылығындағы діннің рөлі» облыстық мақалалар байқауының және «Діни тұрақтылық – ел дамуының кепілі» дәстүрлі облыстық жыр мүшәйрасының ережелері, «Алматы облысы дін істері басқармасы» ММ, «Дін саласындағы мәселелерді зерттеу орталығы» КММ-нің «Сенім телефоны» және Алматы облысы ішкі саясат басқармасы «Шұғыл желісі» газетте жарияланды. Бұл ортақ іс үшін өз септігін тигізіп отыр. Ырыс пен ынтымақ, қоғамдық өзара татулық пен тұрақтылықтың мекеніне айналған Текелінің бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.
Бек МЫРЗАҰЛЫ
qazaquni.kz