Сириядан қайтқан қарындас
2020 ж. 30 мамыр
1814
0
Алматы облысының Дін істері басқармасы талмай атқарып келе жатқан істермен бес-алты жылдан бері жақсы таныспыз десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінде облыс бойынша алты жүзге тақау діни бірлестік пен филиал жұмыс істейді екен. Бұлардың төрт жүзден астамы ислам мешіті, елуге тарта православ, оны – Рим-Католик, сексендейі протестанттық және екі дәстүрлі емес діни бірлестіктер көрінеді. Міне, осыдан-ақ Дін басқармасы жұмыс ауқымын байқауға болатын шығар.
Мекеме атқаратын міндеттің негізгілері – дәстүрлі дін конфессияларының рөлін нығайту, осы реттегі мемлекеттік саясатқа халық сеніміні деңгейін көтеру, бұқара-көпшіліктің діни сауаттылығын арттыру, жұрттың рухани тұрғыдағы білімін жетілдіру, жастардың дін саласындағы білімін тәрбиемен ұштастыру екені түсінікті. Мұның бәрі, көбінесе, ақпараттық-насихаттау жұмыстары арқылы жүзеге асады.
Осы бағытта облыс орталығы – Талдықорғанда ғана емес, Кербұлақ, Ақсу, Алакөл, Ескелді, Еңбекшіқазақ, Сарқан, Талғар, Балқаш, Көксу, Ұйғыр, Іле, Райымбек, Қаратал, Панфилов, Жамбыл, Қарасай аудандарының, сондай-ақ Қапшағай, Текелі қаласы тұрғындары арасында саналуан семинарлар жүргізіліп, түрлі сауалнама алынып келе жатқанының куәсіміз.
Тақырыптар, негізінен, азаматтардың өзге діни ағымдарға түсіп кетпеуіне, террористік тұрғыдан осал объектілердің қадағалауға, сондай-ақ төтенше жағдайлардың алдын алуға арналған профилактикалық оқу-жаттығу жұмыстарына бағытталып жатады.
Бір сүйініштісі, осынау маңызды іске кең ауқымда мән беріліп, обылыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, прокуратураның, Қазақ еліндегі белгілі жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу және талдау орталығы, Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығының, ҚМДБ-ның шариғат және пәтуа бөлімінің, т.б. мекемелердің білікті мамандары, танымал ғалымдар, имамдар белсенді түрде тартылып отырады. Және атқарылған іс-шараның бәрі бұқаралық ақпараттық құралдары арқылы таратылатынын көреміз. Мысалы, облыстық «Жетісу» телеарнасының дін істеріне қатысты арнайы бағдарламасында имамдардың ғана емес, өзге де мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің ғалымдар мен сарапшылардың дәріс-сұхбаттары тұрақты түрде беріліп тұрады. Сондай-ақ ел ішіндегі діни экстремизм әрекеттерінің алдын алуға арналған түрлі фильмдер мен роликтер көрсетіледі. Ал дін тақырыбына қатысты телевизия хабарларынан бөлек былтырғы жылдың бір ғана еңбек тоқсанында үш жүзге таяу мақала жарияланыпты.
Жоғарыда тоқталғанымыздай, кезінде облыстық прокуратура, ҰҚКД, ІІО қызметкерлері өңірдегі кейбір аумақта «Таблиғи-Жамағат» діни экстремистік ұйымының сегіз заңсыз миссионерлік қызметінің жолын кескендігінен хабардармыз. Осы секілді, кейбір ақпарат бойынша Алматы облысынан отызға тарта жастың шетелдерде діни бағытта оқып жатқаны айқындалған. Атап айтқанда, олар Түркияда, Мысырда, Иорданияда, Пәкістанда оқитын болып шықты. Тиісті мекемелер, анықтағанындай, олардың он бірі рұқсат етілмеген оқу орындарында білім алған көрінеді.
Өкініштісі, мемлекеттік саясатты түсіндіруге, дәстүрлі құндылықтарды насихаттауға, діни экстремизмнің алдын алып, радикалдық идеяларға қарсы иммунитет қалыптастыруға бағытталған тұрақты жүргізілген ақпараттық-насихат жұмыстарға қарамастан адасушы жерлестеріміз әлі де бар.
Солардың бірі – он алты жастағы Нұржамал есімді қыз. «Нұр Мүбәрак» ислам институтының Талғар қаласындағы дайындық курсын бітіріп, медресеге кірген бойжеткенмен кездесуімізге Алматы облыстық дін істері басқармасының мамандары мүмкіндік туғызды. (Солардың өтініші бойынша, кейіпкеріміздің аты өзгертілді).
Қарап отырсаңыз, пенде баласы басына келетін жеңілдікті де, қиындықты да өзі таңдайтын сияқтанады. Яғни, жақсылыққа бет бұру да, жамандыққа ілесу де тек өзіңе байланысты. Дегенмен, түрлі ықпалмен, мәселен, әлдекімдердің азғыруымен қоғамнан теріс айналу, мемлекет ұстанған бағыттан кері кету – тападай тал түсте адасумен, оңбай бірдей емес пе! Міне, Нұржамал бастан кешкен жағдай дәл осыған келеді.
2013 жылы анасының айтуымен Шам өлкесінде қара тулы халифат құрмақ болған уаһһаби-салафилік ағымның жетегіне ілескен жасөспірім қыз алты-жеті жыл бойы үлкен қалаларды жермен-жексен еткен қырғын соғысқа, бейбіт жандарды тура жолдан адастырған діни ағым өкілдерінің қатыгездігі мен қаскөйлігіне куә болды. Былтыр елімізде өткен «Жусан» операциясымен туған топыраққа жалғыз оралған ол он бір жасында тұрмыс құрып, өмір тауқыметін ерте тарта бастапты.
Ата-анасы үш жасында ажырасып кеткен қыз әкеден – жалғыз, шешеден – екеу. Олай дейтініміз – уаһһаби-салафилік ағымның айтқанымен жүріп, айтағына ерген күйі елге қайтпаған анасының қасында сіңлісі қалған. Олардан еш хабар ала алмаған бойжеткен Ақтау қаласында орналасқан оңалту орталығынан кейін Талғар қаласындағы жақындарының қолына тапсырылады.
Аз-кем таныстықтан соң Нұржамалдан соғыс өрті лапылдаған Сирияға барудағы мақсат не екендігін білмек болдық. Бір жақсысы, ол жауаптан тартынған жоқ. Қойған сұрағымызға бірден:
– Білмеймін, анам таң намазынан кейін тұрғызып алып: «Тез-тез жиналыңдар! Кетеміз!» – деді. Қайда баратынымызды сұрасам, айтпайды. Сөйтіп, қысқа уақытта жиналып кетіп қалдық, – деп жауап берді.
Алапат соғыс өрті болып жатқан елдің бұларды құшақ жая қарсы алмайтыны түсінікті. Сонда да: – Қалай қарсы алады екен? Әсер қалай болдың? Адам баласын ондайда түрлі үрей билейтіні де белгілі. Жантүршігерлік сезім билеген жоқ па? Неге келдік жеп өкінген шығарсыңдар. Тұрғылықты халық жылы ілтипат білдірді ме? – деп сұраймыз.
– Шынымды айтсам, алғашқы кездегі сәттер есімде қалмапты. Білмеймін...
– Онда неше жаста едің?
– Жеті жарым жастамын. Талай ауыртпалықты көрдік қой. Шабуылдар басталғанда соғыстың зардабын әбден тарттық. Тіпті, жиырма бес күн бойы далада жатқан кезіміз болды. Суықта тоңып, аштыққа ұшырадық.
– «Жусан» операциясын қайдан естідің?
– Депортация болатынын босқындар лагерінде жүргенде естігенмін. Алайда бірден кетуге өтініш жаза алмадым. Себебі, анам мен сіңлімді ойлап, солармен бірге кетуді ойластырғанмын. Оның үстіне кейбіреулер: «Не қыласың, елге барсаң түрмеге қамап тастайды немесе басқаша жазалайды» – деп қорқытты. Содан да болар, екіойлы болып жүргенімде сол жердегі ухтилар («ухти» – араб тілінде қарындас, сіңлі, апай, әпке деген мағына береді. – М.Ә.): «Истихара намазын оқып, қайырлысын, дұрысын Алладан сұра!» – деген ақыл айтты. Ақыры көп ұзамай елге кету керектігін айтқанымда күйеуім мен қайын атам рұқсатын беріп, шығарып салды.
– Жалпы, дін туралы білімің бар ма? Мәзһаб, ақида туралы білім алып па едің?
– Жоқ, соншалық білімді емеспін. Ақидадан балаларға арналған нұсқасын оқығанмын. Алланы тану, дінді білу секілді тақырыптардың өзін толық меңгермегенмін.
– Күйеуге шыққаныңды естідік. Тұрмысқа неге ерте шықтың?
– Ол жерде еркексіз жүруге болмайды. Эвакуация болған жағдайда әркім өз отбасын ертіп, жүре беретін. Ешкім ешкімге қарамайтын, көмек бермейтін. Далада жалғыз қалғаныңа, еңіреп жылағаныңа пысқырмайды...
– Қай жақтың азаматына шықтың?
– Шымкенттің...
– Қазақстан азаматы ма?
– Иә.
– Қазақ па еді?
– Иә.
Қысқа уақытқа белгіленген кездесуімізде осы тақілеттес сұрақтар қойылды. Көрген қиындығын, тартқан азабын айтуды артық көрді ме, Нұржамал ол жайында жұмған аузын ашпады. Тек анасын сағынатынын, әлі хабарсыз отырғанын айтқанда барынша ашылып, өз қатарластарына Ананы құрметтеу керектігін жеткізгісі келетінін айтты. Әдетте, туған шешесі жайында айтқанда қыз-келіншектер, тіпті, кәрі кейуаналардың өзі көзіне жас алады. Бірақ кейіпкеріміздің жанарынан жарты тамшы жас шықпағаны қайран қалдырды. Әлде көрген азабы мен тартқан зардабынан жылай-жылай көз жасы таусылғаны ма? Зорлық-зомбылық пен күнделікті өлім-жітімнен адамның еті өліп кете ме? Сұрақ көп, жауап жартымсыз.
– Алдағы арман, мақсат, мұратың не?
– Алдымен білім алу. Содан соң алған ілімімді басқалармен бөлісуді армандаймын. Ақыретке бос кетпей, сауапты мол алуды көздеймін. Кімде ілім бар, содан білім алуды ниет етіп отырмын. Әйтпегенде білімсіздіктің зардабы қандай болатынын өз көзіммен көрдім.
Иә, білім алмаудың, ізденбеудің ақыры осылайша түйінделгенін кейіпкеріміз мойындап отыр. Бірақ балалығын, балғын шағын соғыс жалмаған Нұржамал бар мен жоқтың бағасын енді білгенін айтады. Тіпті, еске алатын қызғылықты сәттерінің жоқ екендігін айтып, бала күндерінің текке өткенін алға тартады. Соған байланысты «Жусан» операциясымен оралғандығына шүкірлік етеді, шалғайда адасып жүрген отандастарын іздестірген күштік құрылымдарға разылығын білдіреді. Алғашында дүдәмал көңілмен қадам басқанда қадамды құшақ жая қарсы алған мамандардың жарқын жүзі мен жанашыр пейіліне қуанғанын растайды. Өйткені, өз елінің адамдары іздестіріп жатқанын естігенде босқындар лагеріндегі Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Ресей мемлекеттерінің әйелдері бұларға қызыға қарап, жақсы дұға-тілек тілеуін сұрап жалбарынғаны есінде. Сол арқылы қазақ халқының: «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген мәтелінің мәнін ұғынғандай болыпты.
М.ӘСЕТҰЛЫ,
Алматы облысы
qazaquni.kz