БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ – ТҮРІК ХАЛЫҚТАРЫ ӘСКЕРИ ӘДЕБИЕТІНІҢ НЕГІЗІН САЛУШЫ
2020 ж. 08 мамыр
3875
0
Әскери әдебиет деп нені айтамыз, оның тақырыптық негізі мен зерттеу нысанасына нелер жатпақ деген сұрақтар да алдымызды орағытатыны да шындық.
Әскери әдебиет деп – әскери ғылым түрлерімен бірге көркемөнердің өзіндік ерекшелігіне орай пайда болған көне заманнан бүгінге дейін дамып, қалыптасу үстінде келе жатқан рухани құбылыстың қомақты бір саласын айтамыз.
Әскери әдебиеттің көркем әдебиет саласында пайда болған түрлерін, оның өзіндік дербес саласына жататын жалпы әскери көркем әдебиет пен соғыс майданына тікелей қатысып, толарсақтан қан кешіп, Отан үшін жан беріп, жан алысқан әрі майданда қаруымен бірге қамал бұзар қаһарман сөзді қоса жұмсаған дарынды жауынгер мен қолбасшылар қаламынан туған әскери көркем әдебиеттің жөні бір басқа екенін баса айтамыз. Әскери әдебиеттің түрі деп бізде Ұлы Отан соғысы тақырыбына жазылған көркем әдебиет жанрларын айтып жүрміз.
Кеңес дәуірінде бұл тақырыпқа жазылған көркем туындылар ішінде біз, қазақстандық жазушылар, Ресей мен Украинадан кейінгі орынды иемденеміз. Совет үкіметіне қараған түрік халықтарының ішінде қазақтар әскери әдебиет тарихында жетекші орында тұрамыз.
Қырғын соғысқа қатыспай-ақ сырттан бақылап, майдан өмірі туралы көркем шығарманың әртүрлі жанрында жазатын ақын, жазушылар, драматургтер де болады. Мысалы Л.Толстой орыстардың басынан өткен 1812 жылғы Отан соғысы шындығын суреттейтін өзінің «Соғыс және бейбітшілік» романын жазса, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жайында Ғ.Мүсірепов «Қазақ солдаты» романын, М.Әуезов «Намыс гвардиясы» пьесасын жазды. Басқа ақын-жазушылар да майдан тақырыбына қызу атсалысты. Әрине, бұларды да әскери көркем әдебиет саласына жатқызамыз.
Біздің көздеп отырғанымыз, яғни, ой талқысына салып арнайы ғылыми-зерттеу нысанасында ұстанарымыз, соғыс майданына әскери жауынгер ретінде араласып, қанды қырғын ішінде ауыздықпен су ішіп, етігімен су кешкен қас батырлар көп шықты. Оларды жорыққа бастаған қолбасылар мен партизандар жауға қарсы қаруымен ғана емес, қаламын да қаһарлы қару ретінде қатар жұмсаған көрнекті ақын-жазушылар әскери әдебиеттің көрнекті өкілдеріне айналып үлгерді.
Көркем әдебиеттегі әскери әдебиет деп аталатын бүл іспеттес құбылыстар тақыр жерден пайда болған дәстүрсіз, дәстүрлі жалғастықсыз өлі дүние емес. Түрік халықтарының көне дәуірден бүгінге дейін дәстүрлі жалғастық тауып дамып келе жатқан әскери әдебиеті болғандығын тарихи жазба ескерткіштері де айғақтайды.
Түрік халықтары әдебиетінің бастау көзі біздің заманымызға дейінгі мыңжылдықтар ішінде жатқанын, яғни оның бастамасы сақтар елінен шыққан, бірақ өлеңдерін қытай тілінде жазғанын көне қытай жазба деректері бойынша менің шәкіртім Иманғазы өзінің кандидаттық диссертациясы арқылы ғылыми айналымға түсіріп отыр.
Бірақ біз сақтар дәуірі мен тұңғыш Түрік қағанаты (Ү-ҮІІІ ғ.) арасындағы әскери әдебиет туралы нақтылы дерек көздерін әзірше терең танып бойлай алмай келеміз. Бұл мәселені Түрік қағанатының ұлы идеологы әрі ойма жазу арқылы тасқа шегіп, ұлы мұра қалдырған әйгілі Тоныкөк данадан бастаудың жөні бар деп білеміз.
Сол замандағы түрік халқының тәуелсіздігі жолында болып өткен қырғын соғыстарға қатысып, қаруымен де, қаламымен де күреске түскен Тоныкөк бабамыз – түрік халықтарының әскери әдебиетінің басында тұрған тарихи тұлға. Түрік қағандығы дәуірінен кейін Қара-ханидтер заманында бұрынғы он садақ аталған елден шыққан әлемге әйгілі «Құдатғу білік» (XI ғ.) кітабының авторы Жүсіп Хас Хаджибтің еңбегінде сол заманда ғұмыр кешкен қоғамның саяси-әлеуметтік топтарын жүйелеп, әскери қолбасшылар туралы сарапталған пікірлері бүгінгі таңда да қолданысқа сұранып тұрған ой танымдарға тұнып тұр. Автордың майдан төрінде әскери қолбасшылардың шешуші орнын анықтап, жеке тұлғаның қаншалықты ықпалы барын сараптай келіп:
«Мың арыстанды бастаған қой бастықтан»
Мың қойды бастаған арыстан бастық артық», –
деген аталы сөзі тек майдан төріндегі әскери қолбасшы туралы ғана емес, қазіргі қоғамдық билеу сатысындағы әрбір бастыққа қолдануға болатын шындық екенін анық сезінеміз.
Біз ерекшелеп назарда ұстап отырған әскери әдебиет туралы танымның өлшеміне Моғолстан мен шағатай өлкесіндегі Әмір Темір әулеті заманында да ақын, ғалым, қолбасшы, патшалық билік еткен айтулы тұлғалардың әрекет еткенін алға тарта аламыз. Мысалы, атақты 3.Бабыр патшаның өз мақсатына жету жолында жүргізген күрестерінде қаруы мен қаламын қатар жұмсап, артына өз өлеңдері мен әлем мойындаған «Бабырнама» туындысын қалдыруы – осының айғақты дәлелі. Немесе Бабырдың бөле туысы, Моғолстаннан қанат қаққан М.Х. Дулаттың «Тарих-и Рашиди» деп аталатын мемуарлық жанрдағы еңбегі мен «Жаһаннама» дастаны өз заманындағы әскери әдебиеттің бұрынғы өткен дәстүр жалғастығын ұштастыра дамытып қалыптастырған дарынды ақын, тарихшы ғалым, даңқты қолбасшы болғанын көреміз. Осы заманда, яғни, Бабыр мен Хайдар мырза билік еткен замандағы әскери әдебиетке айтарлықтай үлес қосқан Хасен Әли Жалаирдың қасида жанрында теңдесі жоқ ақындық өнерін екеуі де аса жоғары бағалап, өнегелі үлгі ретінде таныстыратыны бар.
Хасен Әли Жалаирдың Бабыр мен Мырза Хайдар, тіпті, сол замандағы ақындардың бәрінен де жоғары қойып, қасида жанры да жер басып жүрген ақындардың бәрінен де озық, теңдесі жоқ шебері деп бағалаған. Осы тұста ұлы классиктер Жами мен Науаидың өмір сүріп отырғанын біле отырып, пікір білдіруі аса жоғары бағаланған ой-пікірі болуымен-ақ назар аудартады.
Бұл аталған ақындардың бәрі де өз заманында мемлекеттік билік үшін күрес жолында қан майданда қол бастап, күреске білек сыбана кіріскен, ақындық өнеріне қоса қару-жарағын жауға қарсы сілтеген ерекшелігі менмұндалап тұрады.
Алтын Орда империясы құлап, біртұтас түрік халықтары көптеген ұсақ хандықтарға бөлініп, ыдыраған тұста, тарих сахнасына шыққан қазақ хандығы XҮ ғасыр мен XҮIII ғасыр арасында өз тәуелсіздігін сақтау жолында айтарлықтай мән-мағынасы бар тарихи күрес жолын бастан өткеріп жатты.
Қазақ хандығының тәуелсіздігі жолында, әсіресе, ұзақ жылдарға созылған қазақ пен қалмақ арасында болған соғысқа қатынасып, өз көз алдында өткен тарихи оқиғаларға тікелей қатысқан қазақ ақын-жыраулары әскери әдебиеттегі бабалар дәстүрін ары қарай жалғастырды. Ақтабан шұбырынды заманын көзі көріп, өз қасіретін өз басынан өткізген Қожамберген, Ақтанберді жыраулар жауға қарсы қол бастап, қанды майдан алаңында жауға қарсы найзасы мен отты жырын қатар жұмсаған, әрі арманын келер ұрпаққа аманатқа жыр жолдарын қалдырды. Ол тұстағы қазақ ақын-жырауларының бәрі де майдан алаңында болып, жауға қарсы күресте қаруы мен ақындық өнерін қатар қолдануы арқылы әскери әдебиеттің де көрнекті өкілдері еді.
ХҮІІІ ғасырдың басында Ресей империясы қазақ жеріне қол салып, XIX ғасыр ішінде қазақ еліне тұтастай отаршылдық ойранын орнатып бақты. Қазақ елін біртұтас қалпынан ажыратып, XIX ғасырдың алғашқы жартысында үш бөлікке ажырап кетуіне себепкер болды. Кіші жүзді Орынборға қаратып, ел билеудің халыққа жат Сұлтан правитель билігін орнатты. Орта жүзді Омбыға қаратып, ел билеудің аға сұлтандық жүйесін орнықтырды. Ұлы жүз Қоқан хандығына бағынып, ел билеудің рулық жүйеге негізделген датқалық түрін бастан өткізіп жатты. Тұтас бір халық отаршылдық саясаттың нәтижесінде үшке жарылып, рухани тұтастығының ыдырай бастағаны XIX ғасырдың бірінші жартысындағы әдебиет әлеміндегі заман шындығының айнасы болған поэзия жанрында айқын байқалып жатты.
Батыс Қазақстан қазақтары арасынан ақырып теңдік сұраған Махамбеттің отты жыры сол тұстағы нағыз әскери әдебиет дәстүрін жалғастырушы жауынгер поэзияның бірегей көрнекті өкіліне айналды.
Ал, Махамбет поэзиясы Исатай бастаған халық көтерілісінің жаршысына айналды.
«Исатай басшы, мен қосшы» деген Махамбет Ресей патшасы мен Жәңгір ханның қарулы қолымен бетпе-бет келгенде, қан майданда жауға қарсы қаруы мен ақындық сөз өнерін қатар жұмсаған нағыз әскери әдебиеттің хас жампозы болғанын көрсете білді.
ХІХ ғасырдың алғашқы жартысында Қоқан хандығының қорлығы мен зұлымдығына қарсы көтерілген халықтың жарқылдаған алмас қылышындай ақын Мәделі өлеңдері калың елге рухани қуат берді. Мәделі де Қоқан жасақтарымен қанды майданға түсіп, қаруымен сөз нөсерін қабат қолданып, талай ерліктің үлгісін көрсетті.
Мәделіқожа ақындық өнері мен бес қаруын қоқандықтарға қарсы сілтеген қазақ жеріндегі соғыс жүргізудің мануфактуралық дәуіріндегі әскери әдебиеттің көрнекті өкіліне айнала білді.
Қазақ ақындарының әскери әдебиет жасаудағы ата дәстүрін жалғастыру әрекеті, тіпті, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің жаршысы мен жыршысына айналған халық ақыны Омар Шининнің шығармаларында да айқын белгі беріп жатты. Міне, бастамасы орта ғасырдағы ақын әрі қолбасшы түрік қағанатының Темірқазық жұлдызындай мызғымас идеологы болған Тоныкөктен басталған поэзия жанрынан өрбіп өріс жайған әскери әдебиетте қалыптасқан дәстүрдің соңғы жалғасы Омар Шининмен аяқталады. Бұл сан ғасырларға созылған соғыс жүргізудің мануфактуралық дәуіріндегі әскери әдебиет өкілдерінің бәрі де бес қарудың күшімен сөз өнерін қоса жұмсаған кезеңмен аяқталады.
Соғыс жүргізудің машиналық дәуіріне қазақ халқы шын мәнінде Совет Одағының фашистік Германиямен болған 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында тұңғыш рет қатысты. Бұрын мұндай соғысты ішінара ұлт-азаттық күресінде қатысып, кең мағынада бастан өткізбеген, әрі бұған жетерліктей даярлығы болмаған қазақ солдаттарымен командирлері соғысқа арналған бүгінгі күн қару-жарақтарын тез меңгерді. Мәскеу түбінде болған шешуші айқастарда көзсіз ерліктер жасап, бүкіл әлем халқын таңғалдырды. Панфиловшы батырлардың ерлігі осы көріністің нақтылы айғағына айналды.
Бауыржан Момышұлы өмірі Совет Одағы мен фашистік Германия арасында болып өткен Ұлы Отан соғысында соғыс жүргізудің мейлінше жетілген машиналық дәуіріне тұс келді. Соғыс басталғанға дейін-ақ Бауыржан Момышұлы 1932 жылдан әскер қатарында қызмет етіп, әскери білім мен іс тәжірибесін жете меңгерген аға лейтенант дәрежесіне дейін көтерілген, яғни, алдын ала даярлығы жетілген жауынгер командир ретінде қалыптасқан еді. Мұның үстіне рухани дүниесі де қордаланып байи түскен еді. 1928 жылдан бастап қолына қалам ұстап, алғашқы өлең жолдары мен публицистикалық тұңғыш «Тау сағыз бен көк сағыз» деп аталатын мақаласымен бірге күнделіктер, естеліктер жазу арқылы қалам ұштау үстінде өсіп келе жатты.
Ұлы Отан соғысы басталып, қанды майдан қызған тұста «Барлығы да майдан үшін» ұраны белең алды. Майдан жауынгерлеріне рух беріп, отаншылдық сезімін ұштай түсуге барлық өнер қайраткерлері жұдырықтай жұмыла түскен кезде кең мағынадағы әскери әдебиеттің саласындағы қаламгерлер өнері қалыптасу, даму жолына түсті. Осы тұрғыдан қарағанда әскери әдебиеттің аумағына енетін әрі қайталанбас өз ерекшелігімен дараланатын мынадай жіктелістерді байқаймыз: Тылда, майданнан алыста отырып соғыс тақырыбына жазған ақын-жазушылар тобы шыға бастады. Мысалы, Ғабит Мүсірепов «Қазақ солдаты» романы, Мұхтар Әуезовтің «Намыс гвардиясы» мен халық ақындарының 28 панфиловшылар туралы өлең, дастандары т.б.
Қазақ әдебиетінде бұрын болмаған партизан ақын-жазушылардың өз бастарынан кешкен партизандық өмір шындығы арқау болып өрілген шығармалары. Мысалы, Қ.Қайсенов, Ә.Шәріпов, Ж.Саин т.б.
Майданның өтінде болып, жауымен бетпе-бет келіп алысқан жауынгер ақын-жазушылар: Б.Момышұлы, Қ.Аманжолов, М.Ғабдуллин, А.Бек, Ә.Нұрпейісова, Т.Ахтанов т.б.
Соғыс жылдарында майдан қажетіне қарай бірде ашылып, бірде жабылып отырған қазақ тіліндегі әскери газеттерде істеген журналистер туындысы.
Бұлардың бірі де Ұлы Отан соғысы кезіндегі әскери әдебиеттің қалыптасып дамуына өз үлестерін қосып, тақырып аумағын кеңейтіп, майдан жаңалықтарын дер кезінде жеткізіп, халық рухын көтеріп отырды.
Жоғарыда аталған әскери әдебиеттің өкілдеріне қарағанда, үшінші топтағы ақын-жазушылар туындысы арасынан Б.Момышұлының алар орны бөлекше. Ол ата-бабадан бермен келе жатқан әскери әдебиеттің дәстүрімен терең таныс болып, ата дәстүрді дамыта жалғастырып, түркі халықтар, әскери әдебиетінің негізін салып, қалыптастырушы қайталанбас тұлғаға айналып үлгерді.
Б.Момышұлы қатысып, қолбасшылық еткен майдан төрі соғыс жүргізудің машиналық дәуірі еді. Мұндай тарихи тағдыр шешілетін соғыс жүргізудің бұрын-соңды болмаған жаңа техникалық құралдарды пайдалану, оны жете меңгеру майданда шеберлікпен қолдану үшін қолбасшы әскери ғылым салаларын жетік білу шарты алға қойылды. Ал, ширек ғасыр өмірін кеңестік тұрақты армия қатарында қызмет атқарып, соғыс кезінде аға лейтенант шенінен дивизия командиріне дейін өсу жолында Б.Момышұлы армия уставына өзгеріс енгізіп, стратегия мен тактика саласында жаңалық әкелген әскери ғылым саласында мейлінше жетіліп, теңдессіз ерліктер жасап, атағы әлемге танылып, халық мойындаған дарынды тұлғаға айналды. Соғыс аяқталған соң Ұлы Отан соғысының ең озық әскери қолбасшыларынан іріктеп таңдап алынған 250 командирден жасақталған бір мезгілдік әскери академияға оқуға алынған жалғыз Азия халқының өкілі еді. Әскери академияны бітіріп, әскери академияға стратегия мен тактика саласы бойынша дәріс беретін профессор қызметін атқарған әскери саладағы тұңғыш қазақ болуымен де ерекшеленетін.
Б.Момышұлын қан майданда жасаған көзсіз қайталанбас ерлігі үшін генерал-майор, 8-гвардия дивизиясының командирі әрі әскери ұстазы Панфиловтан бастап оны Совет Одағының Батыры мен генерал атағына талай рет ресми түрде ұсынған да еді. Бірақ Б.Момышұлының әлемге танылған даңқымен әскери ілімдегі тереңдігін, дарабоз қолбасшылығын көре алмаған пенделігі басым ген.штабтың және тікелей қорғаныс министрінің қарсылығына ұшырады. Осы себепті, 1956 жылы қырық алты жасында отставкаға шығып кетті. Отставкаға шығу себебі өз ұстазы генерал Чистяковке жазған хатында айтылуында көп сыр жатыр. Бұл сияқты өзге ұлт өкілдерін мысалы, Қ.Қайсенов, Р.Қошқарбаев т.б. шамасы келгенше батырлық атаққа жібермеуге тырысқан тоғышар қолбасшылардың болғаны да рас. Осы көріністі ақын Әділбек Жанқұлиев сөзімен өрнектесек:
Батыр таппай, баһадүр Алашымнан,
Орыстардың онда да бағы ашылған.
Қазақ батыр болмауын қадағалап,
Жол бермеуге жан салып аласұрған.
Көгенкөзді көк көздер көп түртетін,
Солар жаудың алғандай жағасынан...
Басқа ұлттың баласы болғандықтан,
Батырлығы Баукеңнің зорға ашылған, –
деген өлең жолдарында Ұлы Отан соғысы кезіндегі ресми атақ берудегі алақолдылық Ауғанстан соғысында да қайталанып отырғанын әшкерелейді. Ауған-Совет соғысына біз жақтан, негізінен, мұсылман жастары қатысып, қолбасшылық билігі орыстар жағында болатын. Осыған қарамай батырлық атақ соларға бұйырып жататын. Осы әділетсіздік ақын тарапынан таңбаланып айтылуы да заман шындығынан туындап жатқан көрбілте заңдылық еді.
Б.Момышұлы өзінің әскери жолдағы болашақ карьерасы болмайтынын білген соң, жазушылық өнерге бағыт алып, тез танылды, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығын алды. Бұл өзгерісті оның замандастары Б.Момышұлының екінші ерлігі деп бағалады.
Б.Момышұлы өзінің жазушылық өнерін әскери әдебиетке тікелей қатысты болу себепті өзінің бастапқы кезде жазылып танылған мақал-мәтел, афоризмдері мен өлеңдері эпистолярлық жанрдағы туындылары да майдан өмірі шындығынан туындап жатуы табиғи құбылыс еді. Әскери әдебиет саласында Б.Момышұлы күнделікті соғыс жағдайында қанды майдан ішінде бастан кешкен өмір тәжірибесін ойда қорытып, жазған теориялық деңгейі биік мақалаларымен таныла бастады. Қаз ССР Ғылым академиясында бір апта бойы таңдаулы ғалымдар мен өнер қайраткерлерінің алдында соғыс жайы туралы оқылған лекциялары («Психология войны», «Қанмен жазыл- ған кітап») мен әскери академияда стратегия мен тактика пәнінен өткізген дәрістер арқылы, әскери көркем әдебиеттің ғылыми тұғыры мен теориялық негізін салды. Ал, оның көркем әдебиеттегі көріністері жазушының қолынан шығып, басылым көрген шығармаларында жатты.
Б.Момышұлы – соғыс кезінде және өзі соғыстан кейін де қаламы қолынан түспеген жазушылық талантын бүкіл әлем таныған айтулы жазушыға айналды.
Б.Момышұлының әскери ғылымды терең меңгеріп, полковник атағымен-ақ дивизия командиріне көтерілуі, әскери академия профессор атағымен дәріс беруі және осы әскери саладағы ой-танымын, майдан шындығын көркем шығармалары арқылы әскери әдебиеттің шыңына көтерілу жолдары оның бірден-бір түрік халықтары әскери әдебиетінің негізін салуға алып келді. Өйткені, түрік халықтары (Түркия түріктерінен басқалары) ҰОС-қа түгел қатысып, олардың ақын-жазушылары да ата-бабаларынан рухани мұра болып қалған әскери әдебиет дәстүрін жалғастырып жатты. Ал, Б.Момышұлы болса, осылардың арасынан сұрыпталып, ерекше әскери әдебиет саласында қалыптасады, ғылым әрі көркем шығармалары арқылы әлем халықтарына танылуы себепті «Түрік халықтары әскери әдебиетінің негізін салушы» деген тарихи тұғырға көтеріле алды.
Бұл проблема кең қаралып, еркін көсілетін ғылым саласы болғандықтан, біз әзірше өзіміздің жеке пікірімізді ортаға салумен шектелеміз.
Мекемтас МЫРЗАХМЕТҰЛЫ,
филология ғылымдарының докторы, профессор, мемлекеттік сыйлықтың дауреаты
qazaquni.kz