Нұрғали Ибрайым: Мақтааралым - аппақ арым!
2020 ж. 08 мамыр
1665
0
Кеше ғана емес пе еді,шымкенттік қаламгер Сабырбек Олжабайды, жетісайлық Пердеш Есенбекті және шардаралық мені – ардақтап төрге шығарып, өлең тыңдап, ақын деп аялап арқамыздан қаққандарыңыз! Мақтааралдың кең пейіліне,өнер сүйер жүрегіне риза болып,үлкен залмен қимай қоштасқан едік. Мынау ауыр апат қабырғамызды қайыстырды.
Жылы сөзіміз жабыққан елдің жүрегіне жұбаныш болсын деп ойлап,әлеуметтік желі арқылы жолдауды жөн көрдім.
Мақтаарал,Мақтааралым.
Мақтаарал, Мақтааралым,
Адал терің хаққа мәлім!
Қабырғамды қайыстырды,
Ауыр апат, жат хабарың!
Көрдім судың таптағанын,
Басып-жаншып мақта алабын.
Алақаныма сыймайсың ғой,
Қалай аман ап қаламын,
Тілсіз жаудан, Мақтааралым?!
Мырзашөлім,Мақтааралым–
Мақтанышым,мақтанарымІ
Қиын шақта қандай ғажап –
Ел боп сабыр сақтағаның!
Күншуақты,Мақтааралым,
Ақ мақтадай,аппақ арым!
Қалың елдің тағы көрдім,
Қолын созып қаптағанын!!
Тасып әлі мақпал әнің,
Басылады аққан ағын.
Ашылатын күн туады,
Ара-жігі ақ-қараның!
Мен өзіңмен бір мұңайып,
Мен өзіңмен шаттанамын,
Білесің бе,Мақтааралым?!
Нұрғали Ибрайым,
Шардара қаласы