ҚазАқпарат – сол баяғы ҚазТАГ...
2020 ж. 25 сәуір
1866
0
Отандық Бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту ісіне зор үлес қосып келе жатқан «ҚазАқпарат» агенттігінің бүгінде өз жұмысын бастағанына 100 жыл толып отыр. Осынау атаулы дата аясында ақпарат агенттігінің жүріп өткен жолы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен оқырман қауымды хабардар етуді жөн санадық.
Адамзат қашан да ақпаратқа мұқтаж. Ал журналистиканың негізгі міндеті – халыққа ақпарат тарату, жұрттың ақпаратқа мұқтаждығын өтеу. Дәл осы міндетті ғасырға жуық уақыт бойы дәстүрдей ұстанып келе жатқан еліміздегі жетекші ақпарат құралының бірі – «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі. Биыл агенттікке 100 жыл толғалы отыр.
Алдыңғы толқын ағалар кешегі советтік кезеңдегі ҚазТАГ-тың дүрілдеген дәуірінен әбден хабардар. Әсіресе, сол кездегі биліктің съезд, пленум мен сессия материалдарын телетайптан күтететін журналистер үшін де ҚазТАГ ресми жаңалықтар орталығы саналатын. ҚазТАГ несімен қуатты болды? Өйткені ҚазТАГ-тан келген ақпарат ешқандай күттірмей, кейінге ысырылмай бірден жарияланатын. Сосын агенттіктен келген жаңалықтар ешқандай өзгертілмейді, түзетілмейді! Үшіншіден, ҚазТАГ-пен республика басшылығы да санасып, оның таратқан ақпаратына өңірдегі басшылар да мән берді, назар аударып отырды. Осының өзі өткен ғасырдан бері елімізде ақпарат таратып келген бірден бір агенттіктің бедел-биігін әрі ҚазТАГ-тың Қазақстандағы алдыңғы қатарлы маңызды идеологиялық ұйым болғанын білдіреді.
Агенттік 1920 жылы РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі ретінде құрылды. 1921 жылдың 5 наурызында Қырғыз (Қазақ) АССР Орталық атқару комитетінің қаулысымен РОСТА-ның Орынбор-Торғай бөлімшесі ҚырРОСТА болып қайта жасақталады. Кейіннен 1925 жылы ҚазРОСТА, сосын ҚазТАСС, ал 1937 жылы ҚазТАГ болып өзгеріп, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілген. Бұл және одан кейінгі соғыс жылдарындағы кезеңді қоса алғанда ҚазТАГ тарихының қалыптасу кезеңі деп атауға келеді. Одан кейінгі агенттіктің даму дәуірінде өрлеу мен құлдыраулар да болғаны мәлім.
Аударма ұстаханасы
Кеңес Одағы тұсындағы қызметін айтқанда, ең бірінші кезекте ҚазТАГ-тың міндеті саяси құжаттарды, қаулыларды, одақ пен орталық басшыларының сөздерін, баяндамаларын халыққа жеткізу, қазақ оқырмандары үшін бұны қазақшаға аударып, тарату болғаны белгілі. Осы қызметтің арқасында ҚазТАГ қоғамның саяси сауатын ашуға ғана емес, қазақ тілінің саяси-публицистикалық бағытын дамытуға да үлкен үлес қосты. Бір сөзбен айтқанда, ҚазТАГ саяси жаңалықтар штабына айналып, республикалық, облыстық және аудандық басылымдардың барлығы агенттіктің ақпаратына тәуелді болды. Агенттік ТАСС арқылы келетін Одақ пен шетел жаңалықтарын Қазақстанға, ал еліміздегі аса маңызды оқиғаны Мәскеу арқылы Одаққа таратып отырды.
ҚазТАГ елдегі баспасөзде басылатын ресми әрі маңызды материалдардың қазақшасына да жауапты болды. Бір әріптің қисайғаны үшін атылып жатқан режимде бұл аса үлкен жауапкершілік еді. Әйтсе де мұның өзі аударманың төл тіліміздегі жатық үлгісін, қазақ тіліндегі ақпараттық публицистиканы қалыптастыруға зор септігін тигізді. Сондықтан да қазіргі қазақша ақпарат тілінің негізін ҚазТАГ-тың аудармашылары жасады десек жаңылыс айтқандық болмас. Қасым Шәріпов, Хасен Өзденбаев, Жүсіп Алтайбаев, Әбен Сатыбалдиев, Кәкімжан Қазыбаев, Жақсылық Түменбаев, Жұмағали Ысмағұлов, Бисұлтан Аманғалиев, Нұрмахан Оразбек сынды қазақ журналистикасына белгілі майталман қаламгер, атақты аудармашылардың бәрі де ҚазТАГ қабырғасында қызмет етті. Тіпті бір кездері ҚазТАГ-та жұмысқа қабылданудың өзі сол адамның білім-өресінің жоғарылығын, біліктілігі мен жауапкершілігін, ұқыптылығын білдірді. Сондықтан да, ҚазТАГ аудармашылары сол талап үдесінен шығып қана қоймай, орысша ресми мәтінді жатық та тұшымды қазақ тілінің аясына түсірген, саяси аударманың қазақы арнасын салғанын ілтипатпен айта аламыз. Қазіргі күні тілшілер қауымы көп талқылайтын термин мен ұғынықты аударма мәселесінің біразын сол кездегі аударма саласының ардагерлері ретке түсіріп кеткенін ашық айту керек. Мысалы «Қысқарған сөздердің қазақ тілінде қолданылуы» атты мақаласында ҚазТАГ қаламгері Қасым Шәріпов: «Қысқарған сөздерді аудармалау мәселесіне өте абайлау керек. Мен қысқарған сөздер деп орыс тіліндегі қысқарған сөздер терминдерінің күнделікті тұрмыстық жағдайда өздері-ақ тілімізге еніп үлгірген НЭП, ЗАГС, колхоз, совхоз т. б. белгілілерін айтып отырмын. Тілшілердің қысқарған сөздер аудармасында қандай да бір шектеу болуы қажет деулері өте дұрыс. Өйткені тілдің сөздік қорына олардың аз ғана мөлшері кіреді, көбі қызметтік ресми болып қала береді. Және де қысқарған сөздердің тым көп болуы, тілдің дамуына кері әсерін тигізеді» – деген пікірді ортаға салған екен. Дәл осыны Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы Дінмұхамед Қонаев Брежневке жазған хатында көрсетіп: «Шәріпов және Сағындықов жолдастардың мақаласында орысша қысқарған сөздердің қазақ тілінде қолданылу мәселесі көтерілді, меніңше теориялық жағынан дұрыс және тәжірибелік мәні бар сияқты» – деп мұны ОК бюросында қаруды ұсынған.
Ақпараттық публицистиканың айтулы мектебі
ҚазТАГ жұмысының Одақ көлемінде биіктен көрінуіне әр жылдарғы Аркадий Иванович Вятич-Кириллов, Қасым Шәріпов, Кеңес Үсебаев, Жүсіп Алтайбаев, Кәкімжан Қазыбаев, Жұмағали Ысмағұлов, Амангелді Ахметәлімов секілді басшылары зор септігін тигізді. Білікті басшылықтың арқасында 1970-80 жылдары ҚазТАГ Одақ бойынша ТАСС пен РАТАУ-дан (Украина ақпарат агенттігі) кейінгі орынға шықты. Он бес республика арасында хабар таратуда басқаларды да мойындатты. Сондықтан болар ҚазТАГ-тың тәжірибесімен танысуға Арменияның, Өзбекстан мен Қырғызстанның және басқа да республикадан тілшілер арнайы келіп тұрды.
ҚазТАГ ресми аудармамен ғана шектеліп қалған жоқ, ақпараттық публицистика үдерісін қалыптастыруға күш салды. Қазақ журналистикасының көзі тірі ардагерлері әсіресе өткен ғасырдың 80-жылдарының басында Кәкімжан Қазыбаевтың ҚазТАГ-қа жетекшілігін ерекше ықыласпен еске алар еді. Шын мәнінде бұл агенттік тарихындағы ғана емес тұтастай қазақ журналистикасындағы жемісті жылдар болды. Өйткені, дәл осы Кәкімжан Қазыбаев басшылық жасаған кезеңде ҚазТАГ-тың материалдық-техникалық базасы жақсарып, оперативтілік үдеді. Қайсар мінезді қаламгерлер, мықты мамандар да ҚазТАГ төңірегіне топтасты. Соның арқасында бұрын ресми органдардың қысқа-қысқа қарабайыр ақпаратымен шектеліп келген ҚазТАГ енді жаңалыққа негізделген талдау материалдарын да бере бастады. Осы мақсатта ҚазТАГ жоғары жалақымен қаламы жүйрік журналистерді, білікті аудармашыларды өзіне тартты. Әлбетте бұл осы жылдары агенттіктің жұмысы біркелкі болды, ұдайы қоғамның үдесінен шықты дегенді білдірмейді. Өйткені советтік кезеңде ҚазТАГ белгілі себептермен сол уақыттағы нақтылы оқиғаларды жан-жақты қамтыған жоқ. Қамти да алмайтыны түсінікті. Бірақ соған қарамастан агенттікте қызмет еткен қаламгерлер тұтастай ұлт баспасөзінің адымын ашатын қадамға барып отырды.
ҚазТАГ-та шыңдалған қызметкерлер республикалық, облыстық басылымға ауысып, онда да тыңнан сүрлеу салды. «Орталық Қазақстан» газетін басқарған Нұрмахан Оразбек туралы дәл осылай айтуға болады. Саяси өмірдің өзгерісін күн сайынғы жұмысында сезіп жүрген Нұрмахан Оразбек ҚазТАГ-тан облыстық газеттің бас редакторы болып ауысып барғаннан кейін замана талабын да алғаш болып өңірге енгізді. Нұрмахан Оразбек газеттің маңдайшасындағы «Барлық елдердің пролетарлары бірігіңдер» деген ұрансөзін «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген мәтелмен ауыстырды. ҚазТАГ қабырғасында әбден қалыптасқан қаламгердің саяси өмірді көрегендікпен болжағанын осыдан аңғаруға болар еді.
Бұрын орысшадан қазақшаға, қазір қазақшадан ағылшын, қытай, өзбекшеге...
Тәуелсіздік дәуірі басталғанда ҚазТАГ ұлттық мүдде жолына да біртіндеп ойысты. Совет одағында КазТАГ-тың жаңалықтары қазақ оқырмандарына орысшадан қотарылып қана берілсе, енді тікелей қазақша төл ақпарат тарату ісі күн тәртібіне шықты. Осы үшін 1997 жылы сол кездегі Ақпарат және қоғамдық келісім министрі Алтынбек Сәрсенбайұлы Қазақ ақпарат агенттігінің (ол кезде ҚазААГ болды-ред.) қазақ редакциясын құруға білікті маман, қарымды қаламгер Жарылқап Бейсенбайұлын арнайы алдырған еді. Осының арқасында ҚазТАГ тарихында алғаш рет қазақша ақпарат беру жүйесі, қазақ тілді ақпараттың үлгісі жасалып, стилі қалыптасты. Бұрын орыс тілінен тәржімаланғанда бір сөз қалдырмай аударылып келсе, Жарылқап Бейсенбайұлы ақпарат жазатын журналистерден бұл әдеттен арылып, қазақ тіліндегі жаңалықты еркін жазуды талап етті. Аз уақыт ішінде агенттікте қазақ редакциясының сүйегі қаланды, ұлт тіліндегі ақпараттық стилдің жатық үрдісі жолға түсті.
Тәуелсіздіктен кейінгі агенттіктің айтулы қадамының бірі – Қазақстанда БАҚ арасында алғаш болып латын әліпбиін енгізуі еді. Елбасы бастамасымен соңғы жылдары біртіндеп көшу жүріп жатқан латын әліпбиін «ҚазАқпарат» ХАА осыдан тура 16 жыл бұрын қолдануды бастаған. 2004 жылдың сәуір айында академик Әбдуәли Қайдар нұсқасымен қазақ тіліндегі ақпарат әлемге латынша таралды. «Бұл идеяның әуелде өмірге келуіне - шет елдердегі қандастарымызға Қазақстан жаңалықтарын қалай жеткізсек деген жанашырлық мүдде түрткі болды. Сырттағы қазақтардың көбі латыншаны пайдаланатындықтан, кирил әрпін танымайды. Осыған орай Қазақстан хабарларын «ҚазАқпарат» сайты арқылы латын әрпінде жеткізіп тұру үшін латынша сайт толыққанды іске қосылды», - деп еске алады Жарылқап Бейсенбайұлы. Агенттіктің бұл латыншасы кейіннен мамандар арасында «ҚазАқпараттық нұсқа» деген атпен танылды.
Латын нұсқасы арқылы «ҚазАқпараттың» халықаралық қадамына негіз қаланып, әлемдік ақпарат кеңістігіне ұмтылыс жасады деуге болады. Өйткені, латыншадан кейін көп кешікпей агенттіктің төте жазу сайты ашылды: шетелдегі, әсіресе Қытай мен Иранның төте жазумен оқитын қазақтары Атажұрттағы ақпаратпен сусындай бастады. Одан кейін қытай тілдік нұсқасы, былтыр өзбек редакциясы құрылды. Осылайша, бір кездері тек орыс тіліндегі ақпаратты қазақшаға аударып қана отыратын Агенттік қазір керісінше, қазақша ақпаратты тікелей орыс, ағылшын, қытай және өзбек тілдеріне аударып әлемге тарата бастады.
Түйіндей айтқанда, «ҚазАқпарат» журналистері кезіндегі ҚазТАГ қаламгерлері салып кеткен шығармашылық дәстүрді, соның ішінде қазіргі ақпарат ғасырында қатты талап етілетін шапшаңдық пен шеберлікті серік етіп келеді. Мемлекеттік ақпарат агенттігі жаңалықты дер кезінде жедел жеткізуді, экономика мен мәдениеттегі, жалпы қоғам тіршілігіндегі оқиғаларды қалың бұқараға тиянақты дәлдікпен хабарлауды ең басты қағидаға айналдырды. Бұл ретте «ҚазАқпарат» сол баяғы атақты ҚазТАГ-тың дәстүрінен алшақтамай, тәжірибе сабақтастығын жалғастырып келе жатқанын айту парыз. Әрине, заман талабына сәйкес «ҚазАқпарат» ХАА мүлде жаңа деңгейге көтеріліп, мазмұн мен сапа тұрғысынан да айтарлықтай түрленді. Бұған агенттікке тәуелсіздіктен бергі әр жылдары басшылық жасаған Мұрат Әренов, Ғәділбек Шалахметов, Жанай Омаров, Дәурен Дияров, Әсел Төлегеновалардың үлесі зор. Айта кетерлігі, биыл «ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігінің құрамына «Қазконтент» АҚ қосылды. Бұл қазіргі күні республикамызға, шет елдерге танылған бірқатар ақпараттық-танымдық интернет-ресурстарының ауқымды тобы ғасырлық шежіресі бар «ҚазАқпараттың» төңірегіне топтасқанын білдіреді. Ендеше агенттіктің Басқарма Төрағасы Асқар Умаровқа да үлкен жауапкершілік жүктеліп, мемлекеттің ақпарат саясатында зор сенім артылып отыр деген сөз.
Қанат Тоқабаев
«ҚазАқпарат» Халықаралық ақпарат агенттігі Бас редакторының орынбасары