Мұғалімнің беделі төмендеген заман болды - Жазира Ағабекқызы
2020 ж. 20 сәуір
2704
0
Қазіргі кезде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат беттерінде оқушыларға арналған қашықтан өткізу сабақтары туралы жақсылы-жаманды пікірлер айтылып жатыр. Халықтың бір бөлігі мұғалімдерге балалармен жұмыс істеудің қиындығын айтып, алғыстарын білдіріп жатса, екінші бір бөлігі мұғалімдердің сабақ жүргізудегі әдістері мен олардан кеткен қателіктерді айтып отыр. Ұстаздардың біліктілігі мен сабақтардан кеткен қателіктері туралы құзырлы органдарға да бірден жеткен сияқты. Себебі ҚР Білім және ғылым вице-министрі өткізілген видео сабақтардағы қателер туралы халықтан кешірім сұрады.
Неге қателіктер кетіп жатыр? Қазіргі қоғамда мұғалім кім? Енді не істеу керек? Білім саласында жүргеннен кейін осы сұрақтарды ой елегінен қысқаша өткізуді жөн көрдім.
Әңгімемізді статистикамен байланыстыратын болсақ, қазіргі қазақстандық мұғалімнің орташа жасы - 41 жас, олардың 54% - 36 мен 49 жас аралығында, 30 жасқа толмаған мұғалімдер саны 18,4%-ды құрайды екен. Мемлекеттің егемендігін алғалы отыз жылға жуықтады. Сонда мұғалімдердің жартысы педагогикалық білімдерін халықтың «ала қапшық арқалап», күнкөрістің қамымен кеткен «егемендіктің алғашқы он жылында» алған. Ол жылдары педагог маман дайындайтын жоғары оқу орындары қайта құрылып, жүйелері өзгерді. Әр жылы оқуға түскен студенттерге жаңа жүйе ұсынылып, эксперименттер жүргізіліп жатты. Қысқасы, базалық білім дұрыс берілмеді. Сауатты маман болып шығу үшін базалық білім берудің маңызы зор. Оған сырттай оқыған педагогтардың санын қосыңыз. Мамандардың есептеуі бойынша сырттай оқығанда студент мамандығына байланысты берілетін білімнің тек 65 %-ын ғана алып шығады екен.
Қоғамда экономистер мен заңгерлерге «сұраныс артып», педагог мамандықтарының беделі төмендеген заман болды. Нәтижесінде мұғалімдер халықпен бетпе-бет көп кездесетін қоғамның мүшесі ретінде өздерінің функциясына кірмейтін міндеттерді атқаруға мәжбүр еді. Оның үстіне жиырма бес жылда 15 басшының реформасын бастан кешірген, аптасына шамамен 50 сағатқа жуық жұмыс істейтін, негізгі құрамы нәзік жандардан (76 % әйелдер) тұратын мұғалімдерге бірден онлайн дәрістерге өту мен қашықтан сабақ беру оңай тиген жоқ. Ол қарапайым күндері басталған әдіс-тәсіл болса министрліктің қазіргі кадрлық потенциалымен үн-түнсіз алып шығуы мүмкін бе еді, алайда пандемияға сәйкес келіп, күйзеліс үсті-үстіне қосылып жатқан кезде, эфирге шығып дәрістер өткізіп жатқан мұғалімдерді сынау емес, керісінше оларға қолдау көрсетілу керек.
Біріншіден, алдында балалар отырмай, камераға сабақ беру әдісіне қалыптаспаған мұғалімге қашықтан берілетін сабақты жүргізу өте қиын. Онда тек камера тұрмайды, бірнеше операторлар мен режиссерлер басқарып тұрады. Камерамен қоса, интерактивті тақта мен компьютеріңді қатар игеріп, уақытыңды үнемдеп отыру қажеттілігі бар. Өйткені сенен кейін бір күнде бірнеше сабақ түсірілуі қажет. Он минуттық сабаққа мұғалім қанша күн дайындалатынын білесіз бе?! Дайындап әкелген сабағын әдіскерлер тексеретін шығар, режиссерлер қарауы мүмкін, «слайдыңыздың түсін ауыстыру керек» деп оператор араласуы ықтимал т.с.с. . Қазір халық денсаулығын сақтап үйінде отырған кезде, бірнеше адаммен бетпердесіз түсірілімге келісіп тәуекел жасап жүрген ұстазды құрметтеу қажет. Сонша уақытын бөліп, мамандығы үшін қауіп-қатерге барып жүрген маманның түсірілім үшін алатын қаражаты мейрамханадан түскі ас ішуіне де жетпейтін шығар деп ойлаймын. Өйткені, сабақ беріп отырған мұғалімдердің көбісі жастар секілді. Мұғалімдер республика деңгейінде сабақ беретін болғаннан кейін жақсы киім мен сыртқы келбетінің дұрыс болғанын да ойлайды. Осындай қысылтаяң кезде қандай фирма келіп оларды киіндіріп, беттерін әрлеп жатыр дейсіз?!
Бұндай қиындыққа оқулықты қосыңыз. Олардың мазмұнында да даулы, талас тудыратын мәселелер көп. Дұрыс нұсқасын анықтауға кейбір мұғалімдеріміздің өзіне қиын соғып жататыны рас.
Сондықтан қазіргі өткізіп жатқан сабақтардан кеткен кемшіліктер мұғалімнің көмегімен дұрысталып, оқушыларға қайта түсіндірілсе оның әбестігі жоқ. Балаға да мұғалімге де психологиялық жағынан оңай айтылатын әдістерді қолдану керек. Республика көлеміндегі тәжірибелі мұғалімдердің сабақтарды қадағалай отырып, әдістерді жетілдіруге байланысты ой-пікірлер, кеңестер мен ұсыныстармен бөлісіп отырғаны да кемшіліктердің болмауына игі әсерін тигізеді. Сонда ғана қашықтан оқыту әдісін пайдалануы оң нәтижесін беретіні сөзсіз.
Жазира Ағабекқызы,
Назарбаев Университетінің ассистент профессоры,
филология ғылымдарының кандидаты