ҚАЙТА ОРАЛҒАН НАУРЫЗ
2020 ж. 01 сәуір
2596
0
Әлемдегі ең байырғы, көне тілдердің бірі саналатын қазақ тілінде «дүние дүние болғанда», «бағзы заманда» деген ұғым-түсініктер бар. Сол есебі белгісіз, есте жоқ ықылым заманның шаңына көмілмей, қазақтың бұрынғыдан жеткен ескі сөзінің бірі әрі бірегейі – «Ұлыстың ұлы күні». Бұл бүгінгінің тілімен айтсақ, «Жаңа жыл», «Жаңа жылмен көрісу», «Наурыз мейрамы» болмақ.
Өкінішке орай, Қазақстан жұртшылығы биылғы төл Жаңа жылымызды от басы, ошақ қасында қарсы алуға мәжбүр болып отыр. Пандемияға айналған індеттің зардабы сол – елімізде салтанатты іс-шаралар ұйымдастырылмады, мерекелік жиын-тойлар өткізілмеді. Көпшіліктің көңілі күпті, амалсыздан қолға алынған карантиндік шаралар бұрын басымыздан кешпеген төтенше жағдай болғандықтан бұқараны абдыратып, шұғыл түрде етек-жеңімізді жинап алуға үлгертпей де жатқандай. «Көптің тілегі көл» деген, ұлт болып ұйыса отырып күллі жаһандық сынақтан аман-есен өтеміз деген үміт зор. Ескі жыл есіркеп, жаңа Тышқан жылы жарылқаса игі. Індеттің беті қайтып, аман-есен болып, әлемді дабырлатып, шулатып келе жатқан Дағдарыстың дауылынан ауызбірлігіміз бен жасампаздық рухымыздың арқасында шайқалмай, шашылмай, шашау шықпай өтсек деген тілек бар. Сол үшін де ата-баба жолымен әруақ шақырып, рухтанып, асыл дініміздің діңгегі болған иманымызды ұлғайтып, қиын сындарға төтеп берер адами қасиет-қадірімізді қастерлеп, болашаққа сеніммен қараймыз. Өйткені, Тышқан жылы тоқшылық жылы, қамбаға астық толар молшылық жылы, «тышқан мұрнын қанатпайтын» мамыражай бейбітшілік жылы. Қазан аузы жоғары, Ұлыс оң, ақ мол болып, әз Наурыз бақ-береке әкелсін!
Ұлыстың ұлы күні!.. Бұл күні Күн (жылылық, молшылық, құт-береке) мен Түн (салқындық, жиған-тергеннің түгесілуі, қиын-қыстау кезең) теңеліп, көктемеге жеткен елдің аузы аққа тиеді. Бұйыққан, бүріскен, қалың ұйқыға бөккен Табиғат қайта түлеп, жанданып, өсіп-өніп, арайлана түседі. Сол себепті де қырық күн Қысқы шілдесі мен қырық күн Жазғы шілдесі бар, жер-суы, табиғи-аумақтық, климаттық жағдайы бізге ұқсас ел-жұрттың бәрі Наурызды тойлайды. «Қысқы шілдеде қу (отын, шөп) сақта, жазғы шілдеде су сақта» деп қамданған атам қазақ бұған дейін басынан небір нәубеттер мен зұлматтарды бастан кешті емес пе?! Отқа күйген қанатын қайта жайған Самұрық құстай қайта түлеп, тәні мен жанының жарасын жалап жазды емес пе?!.
Оның үстіне Тышқан жылы – мыңжылдықтарды, он сан ғасырларды аттап жеткен халық тәжірибесінде, дәстүрлі мүшел қайыруда Жыл басы. Яки Күн мен Түн теңеліп, таразы басы жылымыққа ауып ғана қоймайды, сондай-ақ қоғамдық-саяси өмірімізде де жаңару, жаңғыру орын алмақ. Бір жамандықтың бір жақсылығы, бір қиындықтың бір кеңшілігі бар. «Көптен күткен той еді» дегендей, қолға алған рухани жаңғыруымыз әлемдік өркениет көшіне ілескен, көптің көңілінен шыққан, кемелденген Жаңа Қазақстанның сәтті бастамасы, сатылы баспалдағы болары сөзсіз.
Ашылғанына бір жылдан сәл асқан Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі ұжымы тек кеңестік-коммунистік тоталитарлық жүйенің адам жаны түршігерлік зорлық-зомбылықтарын ғана зерделеп, көпшілікке насихаттап қоймайды; рухани-мәдени өмірімізге бүгінгі «Тәжтажал»-дай зардабын тигізген тыйымдардың, қысастықтардың, талайдың басын жұтқан қаулы-қарарлардың, қатаң цензурамен құрсағында тұншықтырылған ғылыми жаңалықтардың, әдеби мұралардың, өртелген қазына-кітаптардың, діни мерекелердің, салт-дәстүрлердің де өзегіне үңіліп, үзілген таспиықтай қайта жалғамақ.
Осылайша алпыс жылдан астам қуғынға түскен рухани-мәдени жәдігер жалауымыздың бірі осы Наурыз мейрамы.
Жаңа ХХ ғасырдың басында қазақтың бағына туған «Қазақ» газеті (1913 –1918), оның бас жазушысы, ұлт Ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы басылымның алғашқы сандарында-ақ «Қазақ тарихы қай кезден басталады?», «Алаш сөзінің мағынасы не?», «Наурыз туралы не білесіздер?» деп жалпақ жұртқа жар салған болатын. Ұлан-байтақ Ұлы Даланың әр қиырынан Халел Досмұхамедұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Тынышбайұлы, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Шәкерім ақсақал, жап-жас Сұлтанмахмұт Торайғыров сынды Алаш арыстары осы сұрақтар төңірегінде білгендерін жазып, елдің аузындағы ескі сөздерді теріп, өздерінің жүрегінен шыққан өлең-жырларын жолдайды. Кейіннен «Қазақтың» ізін жалғаған «Сарыарқа», «Ақ жол», «Еңбекші қазақ» газеттері де жаңадан отау тігіп, шаңырақ көтерген Қазақ Елінің ұлттық идеологиясының іргелі құндылығының бірегейі ретінде әр көктемеде жұртшылықты Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, Наурыз мерекесін насихаттап, көптің санасына сіңіруден жалықпайды.
Қаралы тарихымызға көз жүгіртсек, Наурыз туралы соңғы дерек-мақалалардың 1926 жылы қазақтың бас газеті «Еңбекші қазаққа» шыққанын көреміз. Сонан соң бұл бастама сап тыйылып, жоғарыда нұсқағанымыздай,
1980 жылдардың басына дейін ауызға алынбай, тыйым салынып, саналы түрде ел жадынан өшірілді. «Ораза-намаз тоқтықта» деп, бір ел (Советтер Одағы), бір ұлт (әрине, ұлы орыс ұлты), бір тіл (орыс тілі) боламыз, сол арқылы коммунизмге жетеміз деп даурыққан, науқаншыл, жалған ұранның жетегінде кеттік. Наурыз мерекесі де діни мейрам деп жарияланып, мұсылманшылыққа, исламға, имандылыққа қарсы жүргізілген алапат астыртын соғыстың құрбандығына шалынды.
Бүгінгі қоғам, әсіресе жыл санап қатарға сап түзеп келе жатқан жас ұрпақ білерге керек: 1925 жылы күзде Қазақстанға Мәскеуден Ф.Голощекин атты қандықол коммунист, жендет басшы болып арнайы келген еді. Ол И.Сталиннің арнаулы тапсырмасын бұлжытпай, тіптен артығымен орындады. Ол бір мүшел бірінші басшы болған жылдары елдегі 6 миллионнан астам қалың қазақтан 1,5 миллионын ғана қалдырды. Сталиндік-коммунистік режимнің Алаш жұртына жасаған бұл геноциді адамзат тарихында бұрын-соңды кездеспеген, адам айтқысыз, көз көріп, құлақ естімеген зобалаң болатын.
1929 жылы сол бас газетіміз «Еңбекші қазақ» бір жартысы төл төте жазу, араб қарпімен, бір жартысы жаңа әліпби, латын қарпімен шығып жатты. Бұл да бір рухани геноцидтің басты көрінісі-тұғын. Сол 1929 жылғы газет-журнал қиындыларынан, баспадан теріліп шыққан кітаптардан әлі де болса бірен-саран қазақ ұлтшылдарының үнін естуге, Алаш арыстарының жанайқайын сезінуге болатын. Ал содан соңғы алпыс жыл бойы, яки 1988 жылдың ақырына дейін Алаш қайраткерлерінің мақала-кітаптарымен таныспақ түгіл, аты-жөндерін естуге зар болдық. Коммунистік жүйе, кемелденген социализм идеологиясы, оның қырағы саяси цензурасы Арыстардың бірде-бірінің атын ататпады, тарихын рөлін «ақтаңдаққа» айналдырды, қара тізімге іліндіріп, санамыздан мүлдем өшіруге тырысты. Міне, осы бейшара, беймағлұм кепті Наурыз мерекесі де бастан кешті...
Бірақ, дүние кезек, түн түндігін түрмеймін десе де, күн қоймайды. Сексенінші жылдардың басынан бастап Н.Хрущев имандай сендірген коммунизміміз көзімізден бұл-бұл ұшып, экономикалық тоқыраудан, рухани-мәдени дағдарыстан көз ашпадық. Қашанда жаңалықтың жаршысы болған жастар газеті «Лениншіл жас» әр көктемеде Наурыз деп жар сала алмаса да, сол наурыз айында шуақты өлең-жырларымен Жаңа жылдың келгенін сездіруші еді. Табиғатқа ешкім қарсы келе алмайды ғой, Розадай жезтаңдай әншілеріміз «Көктем шақырады» деп көптің көңілін көтеретін... Сол көктеген көктем жырлары мен әуендерінде мыңжылдықтардың куәсі болған кәрі
Наурыздың қайнаған күш-қуаты, бойын жасырған сыры мен сымбаты жататын.
Ал жаңарған, жаңғырған қарт Наурыздың (халық ұғымында жаңа айдың 15-де тойланатын «Жас Наурыз» мен дәстүрлі 22-де ататын «Қарт Наурыз» бар, әрине, ол басқа бір ұзақ әңгіменің арқауы) қайта түлеп, жалпыхалықтық мерекеге айналуы туралы сол «Лениншіл жас» газетінің 1986-94 жылдардағы бас редакторы Уәлихан Қалижан былай деп еске алады: «1988 жылы ақпан айында газетте ақын Мұхтар Шахановпен тікелей сұхбат жарияланды. «Тамырыңды терең жібер» деген тақырыппен шыққан бұл сұхбатта Наурыз мерекесінің дінге ешқандай қатысы жоқтығы, жаңару, жаңғыру мейрамы екені туралы айтылды. Сондықтан 11 наурызда «Лениншіл жас» газетінде ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Сафуан Шаймерденов, Сұлтанәлі Балғабаев, Смағұл Елубаев, Құрманғазы Қараманұлы, Серік Асылбеков, Ұлықбек Есдәулетовтердің Мұхтар Шахановтың пікірін қуаттаған «Орынды ұсыныс» аты хаты жарияланады. Жер-жерден қолдау білдіріп, хат жазған оқырмандар да көп болды.
Осы сұхбаттан соң әрі оқырман қолдаған мақалаларды алып, ақын аға Мұхтар Шаханов арнайы хат әзірлеп, сол кездегі Қазақстанға басшылыққа келген Г.Колбиннің қабылдауында болады. Ұсынысымыз қолдау тапты. Нәтижесінде 1988 жылы 30 наурыз күні Алматыда Наурыз мейрамы тойланды. Бұл «Лениншіл жас» көтерген ұлы бастама. М.Шахановқа, сол кездегі партия орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Ө.Жәнібековке біз де, халық та риза ғой деп ойлаймын».
Міне, осылайша 1988 жылы араға алпыс жыл салып әз Наурыз ортамызға оралса, осы жылдың соңында Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстары бірте-бірте «ақтала» бастады. Жаңа күннің шапақты жылымығы күн сайын, ай сайын қуат күшіне мініп, алпыс жыл тұмшаланған ұлтшылдық энергиясы жанартауша атқылады, Қазақ Елі аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізді. Наурыз мерекесі шын мәнінде Ұлыстың ұлы күніне, жалпыхалықтық мейрамға айналды.
Ұлыс оң, ақ мол болып, әз Наурыз бақ-береке әкелсін!
Ғарифолла ӘНЕС,
алаштанушы,
Саяси қуғын-сүргін құрбандары
музейінің ғылыми қызметкері