Әліпбидегі әріптерді қалай үйренеміз?
2020 ж. 31 наурыз
2147
1
Әліпби бекітілген күннен бастап, мемлекеттік тілді үйретіп жүрген оқытушылар латынға негізделген әліпбиді қалай оқытамыз деген мәселені қолға алып, түрлі инновациялық жобаларды өмірге әкелді. Сөйтіп, акутты әріптерді жазып үйрету, оқылым дағдысын қалыптастыру тәжірибесі біршама қалыптасып үлгерді деп айтуға болады. Тіл мамандары үшін ұйымдастырылған тренинг, семинар, біліктілікті арттыру курстары да әліпбиді үйретуде оң нәтиже берді. Тәжірибе жинақтау үшін бұл ісшаралардың барлығы қажет деп ойлаймыз. Өйткені әдістеме тәжірибе негізінде жетіледі, тәжірибе барысында әліпбиді оқытудың ұтымды және ұтымсыз жақтары айқындалады. Бекітілген әліпбиімізге өзгеріс еніп жатқан жағдайда да, әліпби үйретудегі атқарылған ісшаралар бойынша жинақталған тәжірибе әрі қарай жұмысымыздың нәтижелі болуына ықпал етері сөзсіз.
Әліпбиде диакритикалы әріптердің тіл заңдылығына сай орынды қолданылуы біршама әдістемелік мәселелердің жылдам шешілуіне ықпал жасайды. Әдістеме ғылымында диакритиканың кез келгенін, мәселен, умлаут, бревис, седиль, макрон және тағы басқаларын үйретудің тиімді жолдары көп болса да, ең бастысы, оқыту ұстанымдарын басшылыққа алып оқыту қажеттілігін естен шығармаған абзал.
Өз заманында мықты әліпби түзген ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Жаза білу үшін тілдегі дыбыстарды тани білу керек. Ол дыбыстарға арналған әріптерін тани білу керек. Таныған әріптерін жаза білу керек....», - дейді. Иә, әріптерді тез танып, таңбалау үшін әліпбидің ұтымды нұсқасы керек. Осы орайда соңғы кездері ғалымдардың әліпбиге байланысты жарыққа шыққан мақалаларын зерделеу нәтижесінде қазақ тілінің дыбыстық жүйесін анық көрсететін басқа да диакритиканы таңдау мүмкіндігі бар екеніне көзіміз жетті. Мәселен, жіңішке дауысты дыбыстар үшін умлаутты, диграф орнына седиль диакритикасы бар таңбаны, жуан еріндік дауысты дыбысқа макрон диакритикасын, ұяң дауыссызға бревисті қолдануға болатындығы жайлы ғалымдар пікірі баспасөз бетінде жиі айтылады. Алдағы күнде осы диакритикалы әріптер қабылданатын болса, оқытудың ұтымды әдіс-тәсілдерін ойластыру әдістемешілердің негізгі міндеті болмақ. Алайда бұл ретте латынға негізделген қазақ әліпбиін тіл иелмендері мен өзгетілділер үшін меңгерту әдістемесі жайында ойлануымыз қажет. Осы екі бағыттағы әдістеменің талаптары екі түрлі болғандықтан, соңғысы тың ізденістерді қажет етеді. Ең бастысы, тілді оқытуда өзгетілділердің қазақ тілі бойынша жүйелі фонетикалық түсінігін қалыптастыру және сөйлеу кезінде дыбыстарды дұрыс айту қабілетін дамыту маңызды.
Тілдің фонетикалық жүйесін оқытуда аппроксимация деген ғылыми ұстаным бар (ол лат. proxima – шектес, жақындау). Ол аса қарапайым және
бастапқы нұсқасына жақын белгілі бір нысанды екінші бір нысанмен ауыстыру дегенді білдіреді. Бұл ұстанымды өзгетілділерге латынграфикалы қазақ әліпбиінің дыбыстық жүйесін үйретуде басшылыққа алу қажет. Мәселен, өзгетілділердің қазақ әліпбиіндегі дыбыстарды дұрыс айту, сөйлеген кезде дұрыс дыбыстау білігін тіл иелмендерінің дыбыстау деңгейіне жақындату әдістемелік шеберлікті талап етеді. Әрі қарай дыбысты әріппен таңбалай білу, каллиграфиялық талапқа сай жазу, емле ереже бойынша қатесіз жазу, көз жүгіртіп оқу дағдыларын қалыптастыру мақсатында сабақ сайын ұтымды әдістермен жаттығулар орындалған жөн. Оқу-жазу білігі мен дағдыларын қалыптастыру оқытудың жүйелілік ұстанымынсыз жүзеге аспайтыны белгілі. Оқытудың жүйелілік ұстанымы бойынша әліпбидегі әріптерді меңгертуде қарапайымнан күрделіге қарай үйретудің бірізділігі сақталады. Бұл ретте дауысты және дауыссыз дыбыстарды модульмен оқыту, яғни дауысты дыбыстарды жуан-жіңішкелігіне қарай жұппен, дауыссыз дыбыстарды «қатаң-ұяң-үнді» деп өзіндік диакритикалық белгілеріне баса назар аудартып оқыту әліпби үйретуде нәтиже берері анық. Мәселен, умлаут неміс, түрік, әзірбайжан, түркімен тілдерінде жіңішке дауыстыларды, бревис әзірбайжан, түрік тілдерінде ұяң дауыссыздарды, седиль түркімен, өзбек, түрік тілдерінде тіл ұшы, қатаң дауыссыздарды, макрон созылыңқы дауыстыларды таңбалау үшін қолданылады. Осы елдердің тәжірибесіне сүйене отыра, әліпбиімізде жіңішке дауыстылар үшін умлаут, жуан ұ-ны белгілеу үшін макрон, ал ш дыбысын таңбалауда седиль, ғ дыбысына бревис диакритикасын қолданар жағдайда жүйелілік және ғылыми принциптерді басшылыққа алу қажет. Әліпбиде әріпүсты диакритикалармен қатар, әріпасты таңбаларды да қолдану арқылы жүйелілік ұстанымы сақталады.
Сөзіміздің тобықтай түйініне келетін болсақ, ұлттық әліпби түзуде түрлі диакритиканы қолдану ғылыми, жүйелілік принциптеріне негізделуі басты шарт. Осы ұстанымдар басшылыққа алынған кезде ғана тіл иелмендеріне, орыстілділер мен ағылшынтілділерге қазақ тіліндегі ерекше дыбыстардың диакритикалармен таңбалануын жеңіл үйретуге болады. Еліміздегі ағылшынтілді қазақ жастары да тез меңгеріп кете алатынын тәжірибе көрсетіп отыр. Ал болашақта тілдің 5 деңгейі бойынша латын графикалы қазақ әліпбиін оқытудың әдіснамасын қалыптастырып, нормативті құжаттарын дайындау жұмыстары қолға алынса деген ойдамыз.
Жұпар Жақанова,
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы
Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі