Жиделібайсын күйшілік мектебі зерттеуді талап етеді - Нұрлан Түменбаев
2020 ж. 23 наурыз
3498
0
Ата-бабамыздан аманат болып бізге жеткен асыл мұраларымыздың ішіндегі ең шоқтығы биігі - ән мен күй өнері.
Күйшілік дәстүрдің өзі өңірлік ерекшеліктеріне байланысты бірнеше мектептерге бөлінеді. Зерделі зерттеуді талап ететін мектептің бірі - Жиделібайсын күйшілік мектебі. Әлі де қазыналарымыз халық арасында сақталып жатқанына сенімдімін.
Осындай асыл қазыналарымыздың бірі - Жиделібайсын күйшілік дәстүрінің белді өкілі, күйші-композитор Оразбек Сәрсенұлының туындылары. Оразбек күйлерінің құрылымы, ырғағы жағынан өзіне тән ерекшеліктерін байқауға болады.
Күйді тыңдап отырып автордың үлкен арналы мектептен сусындағанын аңғарамыз. Күйлері өте күрделі десек болады. Бас буын, орта буын толық қамтылған, кіші саға мен үлкен саға да бар. Оразбек Сәрсенұлына тән бір ерекшелігі - күйдің соңында орта буыннан кіші сағаға дейін модуляцияны құлаққа жұмсақ тиетіндей етіп өте шебер қолдана білген. Шертпе мен төкпе күй бір арнаға тоғысқандай. Күйлері өзенге қосылған бұлақтай ақырын басталып, аяғын үдететін динамика әдісін жақсы пайдаланған.
Оразбек Сәрсенұлы орындауындағы үнтаспаны тыңдасаңыз, ол кісінің үлкен ұстаздың алдын көріп, қолынан күй үйреніп, Жиделібайсын күйлерін әбден бойына сіңіргенін көреміз.
Қазақтың 5000-нан астам күйі құйма құлақ дарындарымыз арқылы бізге жеткенін білеміз. Осы ұлы дәстүрді қазіргі заманда қайта жаңғыртып, тірілткен, әлеуметтік желі арқылы тұңғыш рет өтіп жатқан, Оразбек Сәрсенұлы атындағы "Күй аманат" байқауының ұйымдастырушыларына алғысымды білдіремін.
Нұрлан Түменбаев,
Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің оқытушысы,
1993 ж.Құрманғазы атындағы lll Республикалық конкурстың лауреаты.