Дархан Мыңбай: Отаншылдық – тіл мен тірліктің бірлігі
2020 ж. 17 наурыз
1271
0
Еліміздің тыныштығын тілеп, бейбіт өмірін бағалап жүрген халқымызға Қордайдағы жағдай қатты әсер еткені белгілі. Елбасы мен мемлекет басшысы оған қатысты өз пікірін айтып, билік орындарына тиісті тапсырмалар берді. Ел ішінде, ауыл арасында, мерзімдік басылымдарда, басқа да ақпарат арналарында ұлттық бірлік, татулық турасында түрлі пайымдар, ұсыныстар ашық айтылып, кең талданып жатыр. Оның ішінде шыны да, сыны да, бүйірден сыналау да, сырттан сығалау да бар. Бұл туралы Қоғам және мемлекет қайраткері, ҚР Ұлттық мұражайының директоры Дархан Мыңбай айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
Оның айтуынша, қайткенде де этносаралық келісімге, қоғамдық диалогқа заман тұрғысынан қараудың маңызы арта түскені сезілді. Оның да бір ұшы алып елдерде болып жатқан өзгерістерге барып тірелуі мүмкін. Әзірге белгілісі: таразы басы ақылдан тайып, ашу соңы адам трагедиясына соқтырды.
Имандылық өлшемімен марқұмдардың жақындарына көңіл айтқан елдің үлкендері қалыптан аспай, көпшілікті сабырға, бейбіт өмірге шақырған. Әрине, қоғамдық пікірдің, әдеттегідей екі жағы болады. Жекелеген сарапшылар күллі дүниені, қол жеткен нәтижені жоққа шығаруға тырысса, қайсыбірі оқиғаның алғышарты ретінде әлеуметтік, құқықтық зәрулікті, жемқорлық себеп-салдарын алға тартты. Ал мәселенің мәнін түсінбей жатып, бояуын қалыңдатып жібергендер абырой таппады.
Бір жағынан бұл еліміздегі сарапшылардың мамандану жағынан жетілмей жатқандығынан хабар берсе, екінші жағынан аталмыш саладағы отандық аналитика мектебінің сапалық деңгейін көрсетті. Дегенмен, мұның бәрі зерделенуге, тіпті тергеу аясында қарауға қажетті материалдар деп ойлаймыз.
Ел ішіне бүлдіргі салмау үшін. Болашақта қайталанбау үшін. “Ел - елек” дегендей, пікірлердің оң-терісін, көңілге қонымдысы мен ақылға сыймайтынын сараптауда қалың бұқара ұстамдылық танытты. Тұтас алғанда, осы оқиғалар барысында “халық үніне құлақ асатын мемлекет” қағидаттарын жүзеге асыруға да ілікті себептер болды.
Осыған ұқсайтын келеңсіздіктер әлемнің әр бұрышында бой көрсетіп қалатынын ескерсек, шетін де нәзік мәселе жөнінде өзге елдердің тәжірибелері де назардан тыс қалмады. Мысалы, Ресейде тұратындар орыс тілін білуге міндетті. Ол өте дұрыс. Біз Ресейден осыны неге үйренбейміз? Қазақстанның мемлекеттік тілі, тіл туралы заңы бар. Алайда сол заңға құрметсіздік басым. Әйтпесе, елімізде аталған заңды бұзғаны үшін сот орындары қанша іс қарады, қандай үкім жасапты? Мемлекеттік тілді кез келген адам білуі керек! Тіпті, дамыған Францияға барып французша сөйлемесең, сен ол мемлекеттің адамы емессің, ешкім сенімен сөйлеспейді.
Бәріміз шынайы демократиялық мемлекетте өмір сүргіміз келеді. Бүкіл әлем осы жолды таңдап отыр. Ол жай ғана сөз емес, демократия - жауапкершілікті мойынға алу. Мемлекеттік тілді үйрену - әрбір азаматтың міндеті. Оған мемлекет қана емес, әрбір отбасы, ата-ана да, шаруашылық, меншік иелері де жауапты болуға тиіс. Осыны талап ету - заңды орындаудың бір парасы ғана.
Құқықтық мәдениет дегеніміз тек өз құқығыңды пайдалану ғана емес, өзгенің құқын да сақтау екенін жадымызда ұстаған жөн. Бізде кейде заңды шала-пұла білгендіктен, істің жөнін ашып айтуға кежегеміз кейін тартып тұрады. Турасын айтқанда, тұрмыстық кикілжіңдер мен қылмыстар қайсыбірі “этникалық сипат алып кетеді”, “ұлт араздығын қоздырады” т.б. деп қауіптене беруге болмайды. Қазір жұрт арандатудың не екенін немесе айдап салушылықты, теріс пиғылды, қасақана әрекетті ажырата біледі. Оның үстіне ертеректе арагідік кездесіп қалатын сыңаржақтық, бұра тартушылық кеміген.
Қазіргі еліміз - бұдан отыз жыл бұрынғы әлжуаздау күйде емес: Қазақстанды мекен еткен барша этностың да санасы өскен. Әлемде өз орны бар елімізді мақтан тұтатын жағдайымыз бар. Мысалы, көрші Ресей ұлттық-аумақтық негізде құрылған федеративтік мемлекет болса, біз - унитарлық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Соған қарамастан, бізде түрлі этностарға өз тілі мен мәдениетін дамытуға барлық жағдай жасалған.
Унитарлық, құқықтық мемлекетте жабық этностық қауым деген ұғым болмауға тиіс. Ендеше, қоғамымызда мемлекеттік тілге деген қажеттілікті тудыратын әлеует жетеді, оны неғұрлым тезірек меңгерсек, соғұрлым мақсатымыз да, мүддеміз де, болашағымыз да ортақ болатыны даусыз.
Елімізде осы жолмен көп жетістікке жеткен этностар баршылық. Басқа елеулі еңбегін былай қойғанда, мемлекеттік тілді мүлтіксіз меңгеру арқылы халқымыздың мақтанышына, айтулы тұлғаларына айналған этнос өкілдері қаншама! Олар өз қандастарына өнеге көрсетіп, отансүйерлік істерін дәйектілікпен жүргізсе, көп нәтижеге қол жеткізуге болар еді. Мүддесі ортақ біртұтас елдің ортақ мақсаты да осы емес пе?
Ендігі жерде мемлекеттік тілдің бІріктіруші қызметін шектеуді, оған шекеден қарауды мәдениетсіздік деп бағалау керек. Елбасымыз, Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Н.Назарбаевтың "Көпұлттылық - біздің кемшілігіміз емес, артықшылығымыз" деген сөзінде көп мән бар. Алайда этнос ұйымдарының жекелеген жетекшілері мұның байыбына барып, бағалап жүр деп айта алмаймыз. Осы тұғырлы тұжырымдаманы өз орталарында түсіндірудің орнына, пысықайлардың жеке шаруасын күйттеп жүретіні, әрине, өкінішті. Елбасы бұл жөнінде: “Енді өңірлік этномәдени бірлестіктерді тарта отырып жергілікті жерлерде жұмысты ілгерілету және түсіндіру маңызды” - деп нақты тапсырды.
Сондай-ақ, қоғамда кездесетін кез келген мәселені шешу үшін тек заң керек деп отыра берудің де қисыны жоқ. Сонда туған жеріңді, ата-анаңды сүю үшін, достығыңды берік ету үшін арнайы заң керек пе? Біздіңше, қоғамдық, ұлттық сана мемлекеттік санамен қабысып жатса, ондай жөнсіз әңгімеге жол берілмес еді. Жалпы, елімізде этносаралық мәселелерге қатысты Конституциямыздан бастап 13 заң бар екенін де ұмытпағанымыз жөн. Бәріміз Қазақстан азаматы болғаннан кейін, құқығымыз тең. Барлық адамға талап та, міндет те бірдей болуы керек. Сонда ғана нағыз демократиялық ел ретінде дамитынымыз шындық.
Осыған байланысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстанда тұратын этностар өз тілдерін оқып қолдануға, мәдениетін дамытып, әдеп-ғұрпын сақтауға құқы бар. Солай болып қала береді. Бұған қоса, қазақ тілі әлі де жедел даму қажет» - деді. Енді осынау көкейкесті міндетті орындау тетіктерін, өздерінің сындарлы, тиянақты жоспарларын атқарушы, сот билігі, түрлі салалық министрліктер, бизнес қауымы ұсынуға тиіс. Сонда ғана осы бағыттағы жұмыстар жеделдетіледі.
Бір анығы - болашақта мемлекеттік тілді шын мәнінде ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға қоғамның өзі мұқтаж болады. Оны қанағаттандыру үшін ұзын сөзден гөрі жүйелі білім, тыңғылықты іс қажет және бұл кезек күттірмес ортақ міндет баршаға, соның ішінде түрлі этнос ұйымдарына да тікелей байланысты. Сонымен қатар болашақта жоғарыда айтылған келеңсіз жағдайлардың алдын алу бойынша нақты шаралар белгіленуге тиіс.
Жергілікті атқарушы билік құрылымдарының тиімді еңбегі де арнайы өлшем-көрсеткіштер арқылы сараланса нәтиже болады. Басқа халықпен араласу үшін, оқшауланып томаға-тұйықтанбау үшін тек қаражат керек десек қателесеміз. Ең әуелі, болашағымыздың бір екеніне сенім керек. Жергілікті мемлекеттік мекемелер сол шаруамен айналысуы қажет.
Бала бақша, мектептерге мемлекеттен қаржы бөлініп жатса міндетті түрде мемлекеттік тілде тәрбиелеп, оқыту керек. Мысалы, біздегі этностардың басым көпшілігі ортақ тілді, ортақ мәдениетті қалайды. Бұл туралы барша тұрғындарға, этноқауымдарға тек ашық, анық айтылса, бүгінгі күннің талабын олар да терең түсініп отыр деп ойлаймыз.
Тағы бір маңызды жайтқа көңіл аудару қажет. Мысалы, көп жұрт Қордай оқиғасын дүңгендер мен қазақтардың арасындағы мәселе деп қарады. Олай емес. Неге бұл мәселе өзіміздің украиндардың, кәрістердің, немістердің, өзбектердің, әйтпесе әзербайжандардың мәселесі болмауы керек? Осы елде тұрып жатқандықтан, бұл да - ортақ мәселе. Өйткені Қазақстанға жаманат келген кезде қандай этнос өкілі болса да, бірге жауап беруі керек. Оған қазақ ғана жауап беріп, дәлелдеуі міндетті емес. Жақсылықта да, жамандықта да бірге болу керек. Осыған байланысты кезінде Шерхан МҰРТАЗА айтқан бір әңгіме еріксіз еске түседі. “Біреудің үйі өртеніп жатса, көршісі сол отқа қойдың басын үйітіп алған екен”. "Сонда көрші хақысы қайда қалды?" - деп гүр ете қалатын намысты жазушы. Тура сондай ақымақ әрекет, жат пиғыл бізде болмау керек.
Білім мекемелерінде оқу үдерісіне, патриоттық тәрбиеге мән беріліп, ұдайы бақылауға алынуы тиіс. Ортақ ереже ұстануымыз керек. Ортақ мемлекетіміз Қазақстанды сүю деген – бір-біріміздің мәдениетімізді білу, мемлекеттік тілді, елдің тарихын, жерін, суын қадірлеу деген сөз. Екіншіден, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, діні мен тілін сыйлау деген сөз.
Бірде Германиядан келген этнос сарапшылары: "Біз мұсылман босқындардың көп келуіне байланысты қасиетті Құран құндылықтарын, мәтінін оқып-танысуға мәжбүр болдық. Полицейлеріміз исламның не екенін меңгерді", - деп еді. Міне, қараңыз! Алмания арып-ашып жеткен босқындардың дінін құрметтеп отыр. Ал Қазақстан қанша этностың диаспорасына Отан болып отырған қасиетті ел екенін бүкіл әлем біледі. Ендеше неге басқа этнос өкілдері мемлекеттік тілді үйренбейді, неге қазақ тілінде сөйлеуге құлықсыз?
Және бір ескеретін маңызды мәселе бар. Мемлекеттік тілді білетін кісілер, соның ішінде жастар Ассамблеяның жиынында ғана қазақша сөйлеуге талап етіп қалады. Басқа жерде, әсіресе қалыпты ортада мүлде басқа адам сияқты. Біздіңше, олай болмауы керек. Мұндайды "екіұдай стандарт ұстану" деп атайды, бұл - мемлекеттік тілге құрметсіздік, тіпті мәдениетсіздік. Тілді, елді құрметтеу сахнада, жұрттың көз алдында ғана өтетін бір сәттік сахналық қойылым емес.
Әрине, ниеті дұрыс, мемлекеттік тілді оқып, үйренгісі келген адамға ешқандай кедергі жоқ. Бүгінде құлықсыздығын оқулыққа, оқытушыға сілтеп, сылтаурату - жараспайтын қылық. Бұл - ұятсыздықтың белгісі. Қазір жаңа технологиялар да, интернеттік бағдарламалар да жеткілікті, сонау 19 ғасырда Ыбырай Алтынсарин айтқандай, “іздегенің табылатын, шамнан шырақ жағылатын” заманда тұрмыз. Сондықтан мемлекеттік тілді меңгеру - Қазақстан Республикасының әрбір азаматы үшін өзекті әрі абыройлы міндет!
Елбасы айқындаған “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” бағдарламасы этносаралық қатынас саласына, жергілікті ұлт тарихы мен тілін терең түсінуге жаңа серпін берді. Енді сол мүмкіндікті тиімді пайдалану қажет. Қоғамымызда қалыптасқан құндылықтарды біз әрқашан ел тәуелсіздігімен байланыстырамыз. Бұл - ұранпаздық емес, бұл - әрбір азаматтың туған Отанына деген сенімі, отаншыл ұстанымы. Елді өркендету, береке-бірлікті сақтау мен дамыту осы сенімнен, ұстанымнан бастау алады.