Абайды түсіну үшін Алашқа үңілу керек
2020 ж. 14 наурыз
2085
0
Биыл – айтулы даталарға толы жыл. Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің – 1150, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы. Осынау екі тұлғаның мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастыруға ел басшылығы ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл сөзімізге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» деген тақырыпта арнайы мақала жазғаны толық дәлел бола алады. Оның үстіне Президент «Абайдың мерейтойын той тойлау үшін емес, ой толғау үшін өткізілуі керек» деп, ителлектуалды ұлт қалыптастыру туралы тұщымды ойын ортаға салған болатын. Ал қазақтың арғы-бергі тарихындағы тұлғалардың өмірін халыққа кеңінен насихаттамай интеллектуалды ұлт қалыптастыру мүмкін емес.
Шыны керек, қарапайым халықтың арасында тоғыз ғасыр бұрын өмір сүрген Әбу Насыр Әл-Фараби тұрмақ, өткен ғасырда ғана өмірден өткен Абайдың өзін дұрыс түсінбей жататындар баршылық. Үлкен жиындарда «Абайдай ұлы ойшылы бар халық бақытты» деп айтқанымызбен, оның астарлы ойларына екінің бірінің тісі бата бермейді. Ал осыдан жүз жыл бұрын Әлихан Бөкейхан Абайдың өлеңдерін арнайы жинатып, кітап болып басылып шығуына ықпал еткен. Ұлт көсемі Абайтану ғылымының негізін қалап, барша алаш арыстарының назарын Абайға бұрды.
Нақтырақ айтсақ, ол 1906 жылы Абай шығармаларының қолжазбасын баспаға тапсыру үшін Омбыдан Семейге келе жатқан жолда – Тұзқала (Павлодар) іргесіндегі казактардың Ямышевский кентінде тұтқынға алынады. Сонда ол жеке заттарымен бірге Абай Құнанбайұлының өлеңдері тәркіленгенін, оның құны 5 мың патша рубліне тең екенін айтып, оны сақтауды қатаң талап етеді. Өзі қамауда жатып ақын шығармаларына араша түсуі әрі оның құны 5 мың рубль деп бағалауы алаш арыстарының Абайды ерекше құрмет тұтқанын айғақтаса керек.
Алаш арыстары Абайды неге үлгі тұтты?
Әлихан Бөкейханнан бастап, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабай сынды алаштың басты азаматтары Абайды үлгі тұтты. Егер біз бүгін Абайды жете түсінбесек, оны жүз жыл бұрын бағалаған алаш арыстарының еңбегіне назар аудару керек секілді. Өйткені бүгінде халық том-том еңбек оқығаннан гөрі көркем фильм, телесериал немесе деректі фильм көргенді қош көреді.
Мәселен «Қазақстан» теле-радио корпорациясын Ерлан Қарин басқарған тұста, бұл бағытта айтулы іс атқарды. Әуелі алаш арыстары хақында «Тар заман» атты он екі сериялы телеөнім көрерменге жол тартып, жұртшылық тарапынан оң бағасын алды. Ашығын айтқанда, аз қаржымен Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстарының өмірі мен қызметін көрерменге ұсыну үлкен ерлік болды. Кейбір азаматтардың тарапынан бірлі-жарым сын айтылғанымен «Тар заман» сериалы мыңдаған жастың алаш туралы ұғымын қалыптастаруға ықпал етті.
Содан кейін ұлттық арна 1916 жылдың дүрбелеңі туралы «Кейкі мерген» сериялын түсіруге мұрындық болды. Аталған туындыны құрылыс саласында еңбек ететін құрдасым телеарнаның ютуб каналынан қызып көргенде таңғалғанмын. Бұған дейін «Тар заман» мен «Кейкі мерген» секілді тарихи туындыларды тек гуманитарлық бағыттағы адамдар ғана көреді» деп ойлайтынмын. Алайда «Кейкі мерген» өзінің қызықты оқиғасымен көпшілікті баурап алған екен. Оның үстіне бұл сериалда қазақтар мемлекеттілігі әлдеқашан жойылып кеткен жоңғарлармен емес, патшалы Ресейдің әскерімен соғысады. Бұл «Қазақтар жоңғарлармен емес, неге орыс пен қытаймен соғысқанын көрсетпейді» деген сынға нақты жауап болды деп ойлаймын.
«Беймәлім Алаштың» алар орны ерекше
«Тар заман» мен «Кейкі мерген» телесериалы қоғамның тарихи туындыларға айрықша қызығушылық танытып отырғанын көрсетті. Сондықтан да алдағы уақытта Ұлы ақын мен алаштың рухани байланысын айғақтайтын деректі фильмдер түсірілсе нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен ұлттық арнаның сәтті жобаларының бірі – «Беймәлім алаш» деректі фильмдер циклі жалғасын тапса, Абайды тану анағұрлым жеңілдер еді. Бұл туралы осыдан екі жыл бұрын қазіргі Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли «Ұлттық арнаның тағы бір жаңа жобасы – «Беймәлім Алаш» деректі фильмдер топтамасы жуырда эфирге шықпақ. Дәл қазір осы жобаның алғашқы бөлімдерін талқыладық. Фильмде Алаш арыстарының бұрын көп зерттеле қоймаған тұлғалары мен сол кездегі қазақ даласының сегіз қиыр, төрт тарабына жасалған беймәлім сапарлары қамтылған. Телеарна басшысы ерледі. Ол басты арнаға келгелі, Алаштың рухы көтеріліп, алапасы аспандап тұр. «Рухани жаңғыру» деген шын мәнінде осылай болмақ», – деп жазған болатын.
Аталмыш жобаның тұрақты көрермені көп болып, зиялы қауым өкілдері тарапынан зор қолдау тапты. Осы күнге дейін «Беймәлім Алаштың» тұп-тура тоғыз бөлімі түсіріліп, көрерменге жол тартуы да сондықтан. Ерлан Қариннің жақсы бастамасын қазіргі телеарнаның басшысы Ләззат Танысбай да жалғастырып, көшелі іс жасады. Ерлан Тынымбайұлы басқарып тұрған кезде «Беймәлім алаштың» үш бөлімі жарық көрсе, Ләззат Мұратқызының кезінде алты бөлімі көрерменмен қауышты. Іздеусіз жатқан алаштың боздақтары мен олардың ұлт үшін істеген өнегелі істері туған халқымен табысқандай болды. Бұл ұлт үшін оңай олжа емес. Жалпақ жұрт «Алаш» дегенде саусақпен санап аларлық алыптардың тізімін ғана білетін. «Беймәлім Алаш» жобасы «Алаш» идеясының астында ел үшін жанын пида еткен орасан көп алыптар бар екенін жапан жұртқа айшықтап бергендей әсер қалдырады.
Қазақ басын бәйгеге тігіп, ұрпақ үшін тер төккен Айдархан Тұрлыбай, Қайретдин Болғанбаев, Уәлитхан Танашев, Райымжан Мәрсеков, Қазы Нұрмұхамбетұлы, Бақтыгерей Құлманов секілді тұлғалардың ерен еңбегі ел назарына ілікті. Сонымен қатар, 1921 жылғы бірінші аштық кезіндегі алаш арыстарының арпалысы туралы «Беймәлім алаш. Жүісіпбектің Торғайға сапары» ашаршылықтан жұртты құтқаруға жанұшыра кіріскен азаматтың ақыры жалалы болып сотталғанын көрсетсе, «Беймәлім алаш. Әлиханның Маңғыстауға екі реткі сапары» ұлт көсемінің 1916 жылғы дүрбелең кезінде және 1926 жылғы екі беймәлім сапары турасында, ал, «Беймәлім алаш. Мұстафаның Еуропаға сапары» Ташкенттен Каспиге дейінгі Мұстафа Шоқайдың беймәлім жолы турасында толғады. Иә, бұл азаматтардың қасиетті һәм қасіретті сапары зиялы қауым арасында мәлім болғанымен, жапан жұрт үшін беймәлім еді.
Жоғарыда есімдері аталған әр тұлғаның бас-басына түсірілген деректі фильдер «Алаш» идеясының қаншалықты ауқымды болғанын көрсетеді. Жеке-жеке тағдырлар тұтас бір тарихтың айнасына айналып, бір-бірімен астасып жатыр. Десе де, бұл үлкен тарих толық ашылмағаны баршамызға белгілі.
Осы бір рухани гүлдену жолында тарихты түгендеу, тарихи сананы қалыптастыру маңызды. Сондықтан ұлт тарихын түгендейтін мұндай жобалар жалғасын тапқаны абзал. Өйткені «Алаш» идеясын ұстанып, елі үшін, жер үшін жанын пида еткен азаматтар баршылық. Бұл алып идеяның бейнесін ашу үшін, оны халыққа мәлім ету үшін әлі де талай еңбек керек деп есептейміз. Осы орайда «Қазақстан» телеарнасының басшысы Ләззат Мұратқызынан осы жобаның одан әрі жалғастыруға себепкер болса екен деген тілегіміз бар. Себебі есімі қазаққа беймәлім әлі талай «Алаш» қайраткерлерінің ғұмыры туралы дүние кезекте тұр деп білеміз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Абайдың мерейтойын той тойлау үшін емес, ой толғау үшін өткізілуі керек» деп, ителлектуалды ұлт қалыптастыру туралы тұщымды ойын ортаға салды. Ал Абайды тану үшін әуелі Алаш арыстарының тарихына үңілу керек. Себебі алаш арыстарының еңбектері Абайды тануға жетелейді.
Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ
qazaquni.kz