Қазақ ұлтының нағыз патриоты - Хасен Оралтай
2020 ж. 12 наурыз
3063
0
Ұлтымыздың біртуар перзенті, атамекеннен жырақта жүрсе де ғұмыры «Елім-айлап…» өткен,»Алашорда» серкелері: Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мұстафа Шоқай, Халел, ЖаҺанша — Досмұхаметер, Мағжан Жұмабай, Шәкәрім Құдайберді, Мұхаметжан Тынышбай, т.б. ұлы ұлт перзенттерінен кейінгі шын мәніндегі қазақ ұлтының нағыз патриоты - Хасен Оралтайдың ортамыздан мәңгілікке сапар шеккеніне, міне, тура бір жыл толып отыр. Кеше ғана асқақ тұлғасымен мен мұндалап тұратын асыл бейне, марқұм Хасекеңнің қазіргі жатқан жері – бауырлас Түркия республикасының Ізмір қаласының маңы болды. Бұл қабірстанда, басқасын білмеймін, Хасен Оралтайдың туған әкесі, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық күресінің қаҺарманы — Қалибек Хакім марқұмның денесі жерленген.
Бізге Хасекең марқұмның қайтыс болғанына жыл толуына байланысты 2011 жылдың 4-маусымында өтетін дұға, ас беру, соңы халықаралық дәрежедегі симпозиумға қатысуға шақыртуды – Хасен Оралтайдың Алматыда тұратын інісі Әбілбашар әкеліп табыс етті. Құдай қаласа, бұл сапарға белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ана жылдары Түркияда Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі болып қызмет атқарған Балташ Тұрсымбаев, «www.tanym.tv» интернет-телевизиясының операторы Еркебұлан Жұмашұлы және мен шыққалы отырмыз.
Өз басым марқұм Хасен Оралтайды сонау 1990 жылдан білемін. Ол жылдары Қазақстандағы тұңғыш саяси-тәуелсіз «Азат» газеті бас редакторының орынбасары қызметін атқарып жүрген едім. Күн сайын Батырхан Дәрімбет екеуіміз Алманияның Мүнхен қаласына орналасқан «Азаттық» радиосына және оның қазақ бөлімінің директоры — Хасен аға Оралтаймен телефон арқылы хабарласып, Қазақстанда сол жылдары қалыптасқан саяси ақуал барысынан мол-мол хабарлар беріп тұратынбыз. Бір жылға жуық Хасекеңмен осылайша телефон арқылы ғана тілдесіп тұрдық.
1991 жылдың маусым айының басында Қабанбай батыр мен Сейфуллин көшелерінің қилысындағы сол жылдары Саржанов деген азамат басқаратын ҚР Балық шаруашылығы министрлігінің бірінші қабатына орналасқан «Азат» газетінің редакциясына әдеттегідей бір келісінде «Азаттық» радиосының Қазақстандағы тұңғыш тілшісі, белгілі сатирик- журналист Қиял Сабдалин келіп:
-Жігіттер, бізге Хасекең бастатқан Түркияның бір топ белгілі де белді азаматтары өздері жалдаған ұшақпен келмек. Хасен аға соған сендерді мықтап дайындалсын деп сәлем айтты,- деді.
Біз Батырхан Дәрімбет екеуіміз сол күннен бастап, Түркия Республикасы, «Азаттық» радиосының қазақ бөлімі және Хасен Оралтай жайындағы материалдарды Қиял Сабдалиннің әзірлеуімен «Азат» газетіне жариялай бастадық. Белгілі қазақ тілінің маманы, ғалым, ұлты түрік болғанымен қазақ тілінің мәртебесі үшін от пен суға түсіп жүрген Фәдли Әли — Хасекеңнің түрік тілінде әр жылдарда Түркияда жарық көрген кітаптарынан үзінділерді қазақ тіліне аударып, біздің газетте үзбей жариялай бастадық. Әрине, Хасекеңнің өзімен де осы дайындық жайында жиі хабарласып тұрдық.
…Сонымен шілде айының басында Хасен Оралтайлар мінген ұшақ Әзербайжанның астанасы — Баку, Татарстанның астанасы — Қазан қалалары арқылы Қазақстанның сол кездегі астанасы – әсем де сұлу, ару Алматы қаласының әуежайына келіп қонып жатты. Біздің көпшілігіміз әр түрлі жолдармен рұқсат етілмейтін әуе алаңының ішкі жағына өтіп алған едік. Күтіп алушылар қолдарында: «Ана жұрттан – атажұртқа хош келдіңіздер!», «Тұран Язған бей, құрметті Хасен Оралтай, қазақ жеріне хош келдіңіздер!», «Араға 1000 жыл салып қайта қауышқан қандас Түркия түріктері, бауырлар! Қазақ елі, Қазақ түріктері, сіздерді күтеді!», т.б. ұрандар, «Азат» қозғалысының сол тұстағы бөрілі басты, ай-жұлдызды көк байрағы, Түркияның ай-жұлдызды қызыл байрағы бар еді. Ол кезде Қазақстан әлі тәуелсіздігін алмаған, сондықтан оның кеңестік байрағын қолымызға алуды ар көрген едік.
Күтіп алушылар қатарында «Азат» қозғалысынан: Жағда Бабалықұлы, Әмина Нұғыман,Сәбетқазы Ақатай, Фәдли Әли, Асылы Осман, Марат Шорманов, Қиял Сабдалин,Батырхан Дәрімбет, Хасен ҚожаАхмет, мен – Жұмаш Кенебай, т.б. азаматтар, ақын Мұхтар Шаханов, Мұрат Әуезов, т.б. бастатқан белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері — қолдарымызда қазақты бауырсағы, қазы-қартасы, қымызы толы ыдыстар және қазақша малына киінген, қонақтардың жолына шашатын шашуларды әзірлеген қыз-келіншектері бар еді.
Иә, мың жылдан кейінгі қауышу! Мен қатты толқып кетіп, көзіме жас алдым!..
Траптан бірінші болып, бойы Алтай тауындай асқақ, көзінде күн нұрына шағылысқан көзілдірігі, иығында кішкентай сөмкесі бар Хасан аға Оралтай көрінді.
-Ура! Хасан аға, хош келдіңіз!
-Хасен аға жасасын!
-Түрік бауырлар, хош келдіңіздер!
-Тұран бей, хош келдіңіз!..
Міне, осындай ұрандар Алматы аспанында көпке дейін жаңғырығып тұрды.
Келесі болып, траптан «Түрік дүниесін зерттеу орталығының» бастығы, ғылым докторы, профессор, Алыпарсылан Түркештің ізбасары – Тұран бей Язған түсіп, жата қалып, қазақ топырағын сүйіп жатты. Біз қатты толқып, соларға тұра ұмтылдық. Құшақтасып, сүйісіп жатырмыз. Көбіміз жылап жүрміз. Бұл – шын мәніндегі дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашырап кеткен қандас түрік бауырлардың мың жылдан соңыра қайта қауышуы еді…
Жалпы, бұл ұшақпен Түркияның белгілі тұлғаларынан 120 адам келген екен. Негізінен ұлтшылар, үлкіжілер, миллетшілер, мұратшылар — барлығы дерлік түрік дүниесінің ұлы тұлғасы Алыпарсылан Түркештің ізбасарлары еді.
Әуежайда Хасен Оралтай, осы үйдегі жеңгей — Хадиша ханыммен құшақтасып, мауқымызды баса алмай, көпке дейін тұрып қалдық. Ұлы тұлға Тұран Язған, сол үйдегі жеңгеміз — барлығымызды бір-бірлеп құшақтап, көздеріне жас алып, толқып тұрып, сөз сөйледі.
Алматының орталығындағы, орталық әмбебап дүкенінің (ЦУМ) қарсысынағы «Жетісу» қонақ үйіне қонақтарды орналастырдық. Сол күннің кешінде Хасекеңнің Желтоқсан көтерілісін зерттеп жүрген ақын Мұхтар Шахановқа батыс басылымдарында жарияланған көп құжат бергені белгілі, сол бір ұлтын ерекше сүйетін ақын Мұхтар Шахановтың ұйымдастыруымен осындағы ресторанда ұлан-асыр той болды.
Құтты қонақтардың Алматыда өткізген сол бір ұмытылмас күндері шын мәнінде керемет еді. Біз Хасен Оралтаймен жақын таныстық.
Абай атындағы қазақтың педагогикалық университетінде тамаша басқосу өтті. Әсіресе, Медеу шатқалында өткен кездесу есте қалыпты.
Хасен Оралтай бастатқан қонақтар Медеу шатқалының бір тамаша баурайында дәм татып отырған едік. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы орталық аппаратынан: Ғаділбек Шалахметов, тағы бір жазушы Төлен Әбдіков қатысып отырған. Бір кезде Хасен Оралтай орнынан тұрып:
-Қәдірлі қандастарым, қазақ мемлекеттігінің бастауында тұрған «Алаш» көсемдері: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулат, Мұхаметжан Тынышбай, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Мұстафа Шоқай, Мағжан Жұмабай, т.б. ардақтыларымызды орындарымыздан тұрып, еске түсірейік,-деді.
Көк майсада аунап, қунап жатқан біздердің біразымыз орнымыздан тұрдық, коммунистеріміз тапжылмай, бүгежектеп, жер шұқып қала берді.
Бұл аз болғандай, Хасекең тағы бір «өнер» көрсетті:
-Құрметті бауырлар! Қазір мына Әмина Нұғыман екеуміз сіздер баяғыда ұмытып кеткен «Алаш» маршын орындаймыз,- деп сол екеуі анадай төбенің басына шығып:
Арғы атам – Ер Түрік,
Біз қазақ еліміз.
Самал тау, шалқар көл,
Сарыарқа жеріміз,
деп, шырқап кеткенде, көбіміздің тұла бойымыз шымырлап, көздерімізге жас келіп, жылап тұрдық. Қазақстан әлі тәуелсіздігін алмаған кез. Бірақ, жүрегінде оты барлардың барлығының арманы – Қазақ Елінің Тәуелсіздік алуы еді.
Ағыл-тегіл жылап тұрмыз, жылап тұрмыз. Бір кезде қарасам, анадай жерде екі коммунист зытып барады екен. Мен:
-Қараңдар, коммунистер қашып барады!—деп айғай салдым. Бәрі сол жаққа жалт қарады.
-Қашсын, коммунистер! Олардың күні аз қалды! Қазақ туелсіздігі жасасын!- деп, Хасен Оралтай ұран тастады.
-Жасасын, Қазақ елі!
-Жасасын, Тәуелсіздік!
-Алаш көшемдері мәңгілік жадымызда!..
-Хасен Оралтай, Тұран Язған жасасын!..
-Әруақ! Әруақ! Әруақ!
-Әруақ!
Осы сәтте Медеу шатқалы осынау бір шын мәніндегі ұлтымыздың ғасырлар бойы қордаланғанған мұң-зарынан, қайнаған кек пен шерден тұратын ұрандарынан тұратын ащы дауыстардан күңіреніп, бастарын мәңгілік мұздар мен қар басқан қасиетті Алатау шыңдары теңселіп кеткендей еді.
Біздің ұрандатқан қаҺарлы дауыстарымыз - бүкіл қазақ даласына тарап жатқандай болды.
-Жасасын, Тәуелсіздік!…
-Жасасын, Қазақ елі!
-Коммунистер жойылсын!
-Қазақ ұлты мұратына жетсін!
-Жасасын!
-Жасасын!…
-Әруақ! Әруақ! Әруақ!!!
Осы жолы Хасен Оралтай мен профессор Тұран Язған маған — «Көкбөрі», Батырханға – «Бозғұрт» («Бозғұрт» -«Көкбөрінің» — көне, байырғы түрік тіліндегі атауы,бүгінгі қолданыстағы — Башқұрт, Құртқа, Құрт, т.б. атаулар да көне түрік тілі) деген атақ берді.
Мен сол бір 1991 жылдан — күні бүгінге дейін өз ата-жөнімді «Көкбөрі» деп жазып жүрмін. Айтпақшы, осы сапарда Хасекеңнің жақын ағайыны — Сыдықан Ұлышаймен танысып, қатты араласып кеттік. Соңғы рет Балташ Тұрсымбаев сонда елші болып отырғанда Түркияда Осман империясының -700, Түркия Республикасының — 85-жылдығына арнап, фильмдер түсіргенімде Ыстамбұлдың Зейтінбұрын ауданында тұратын қазақтармен жолыққанымда, үйіне шақырған Сыдықан ағаның сол өтінішін қабылдаманыма күні бүгінге дейін өкіемін…
Хасекең қайтар жолында менің 1990 жылы желтоқсан айында «Азат» газетінде жарияланған 1986 жылғы Алматыдағы әйгілі Желтоқсан көтерілісі туралы жазылған «Зобалаң» дастанымды сұрап алып, «Азаттық» радиосынан — Суат Шеруші мен Нұркәмәл Пынардың оқуындағы бір сағаттық радиоинсценировка жасап, әлем толқынына таратқан еді. Бұдан кейін Хасан ағамен жиі-жиі араласып тұрдық. Хасекең біздің үйдегі келіні – Шолпанның қолынан дәм татты. Хасекеңді мен Абайдың туғанына 150 жыл толуына байланысты сол кезде әлі таратылмаған Семей облысы Абай ауданының орталығы — Қарауылда өткен тойға апардым. Сол жылдарғы Аягөз ауданының әкімі — Амангелді Керімтаев Хасен Оралтайға «Аягөз ауданының құрметті азаматы» деген аса жоғары атақ берді. Менің тұңғышым – Болатқазыны, Сәбетқазы Ақатайдың қызын Түркияға алдырып, оқытты. Өзімді Түркияға, Алманияға шақыртты. Мұстафа Шоқай жөніндегі фильм түсіруіме қолқабыс етті. Бірақ, «Азаттық» радиосына мені қызметке алмады…
Айтпақшы, Хасекеңнің Абай тойына бару сапары жөнінде Әмір Молдабек екеуіміз «Абай тойынан кейінгі ойлар» атты үш сериялы фильм түсіріп, Әмір Молдабек екеуіміз Халықаралық ЮНЕСКО сыйлығына ие болдық. Бұның бәрі – Хасен Оралтайдай асыл азаматтың бізге тигізген мол шуағы еді. Мен Хасекең арқылы – ұлтшыл, Хасекең арқылы – түрікшіл болдым. Қазақ телевизиясынан Хасекеңнің идеясы бойынша отыздан астам сериядан тұратын «Түрік даналары» атты хабарға автор әрі жүргізуші болдым. Менің өз ұлтын шексіз сүйген азамат болып қалыптасуыма — осы Хасен Оралтай қосқан үлес ерекше. Хасен Оралтай турасында бұдан бұрын да бірнеше мақала жазған едім. Ол мақалалар өзім бас редакторы болған — «Алаш» газетінің бірнеше сандарында жарық көрген (1991 жылы «Алаш орда» деген де саяси газетке бас редактор болғанмын, бұл – ол басылым емес). Ол дүниелерді алдағы уақытта амандық болса, осы сайттан оқи алатын боласыздар…
Міне, қадірлі ағайын, қазақтың ұлы перзенті, өз ұлтын, бүкіл түрік құндылықтарын жанындай сүйген Хасен Оралтай жөніндегі әңгімем осымен аяқталып келеді, келесі кездескенше, жамағат, сау-саламатта,аман-сау болайық!
Хасан Оралтайды жоқтау
Зымырап уақыт ағады,
Кім кетті, кімдер қалады?
Осыдан 20 жыл бұрын
Көргемін Хасен ағаны…
Осыдан 20 жыл бұрын,
Ашылған жаңа түңлігім.
Ел еді қазақ Тұлпардай
Сүйреткен ұзын шылбырын.
Ыстық қан бойда тулады,
Тәңірдің сыйы бұл дағы?
Алматы әуе жайында
Қарсы алған едік тұлғаны.
Өткен күн бейне елес-ті,
Тартқандай уақыт көмескі.
Түрікшіл кілең достар бар,
Хасекең жалғыз емес-ті.
Тұран Язғандайын маңғазы,
Біздерде: қымыз, бар қазы.
Ердоған Асылүйжедей
Түріктің кілең сарбазы.
Қолдаған Алла Тағала,
Шыққан ек сонда жағаға.
Сол топтың жүрген ішінде
Сыддықандайын аға да.
Армандар қанат қаққан-ды,
Қуаныш күйін тартқан-ды.
Көкбөрілері Түріктің
Ұшақтан түсіп жатқан-ды.
Көп ойға күпті боламын,
Тасимын, асып, толамын.
Анажұрт – қазақ даласы
Қарсы алып жатты қонағын.
Ежелгі қара шаңырақ,
Қанша жыл қалған қаңырап,
Арада 1000 жыл өткенде
Қарсы алған ұлын аңырап.
Сондай да күндер туған-ды,
Сол күні далам – думанды.
Ал сонда Хасен ағамыз
Қатты бір толқып тұрған-ды.
Бәрі де қалып азаптың,
Бәрі де қалып мазақтың,
Тұран Язғандайын Көкбөрі
Даласын сүйген қазақтың!
Керемет, ғажап күн еді,
Көргендер бәрін біледі.
Сол күні қатты атойлап,
Қазақтың соққан жүрегі!
Айта алман бәрін тауысып,
Уақыттар жатқан ауысып.
1000 жылдан кейін бауырлар
Қайтадан жатқан қауышып!
Бауырлық әні шырқады,,
Жүздер де шаттық, нұр тағы…
Қайтадан бәрі бас қосқан
Ер Түріктердің ұрпағы.
Ертеңге үміт артайын,
Қазақтың күйін тартайын.
Көк Түріктердің ұрпағы
Сағынып келген Алтайын.
Қабаққа күндер түнеді-ау,
Күлмейтіндер дағы күледі-ау?
Хасекеңдердің келгені –
Сондай бір ғажап күн еді-ау…
Бауырмал еді дос қандай,
Көңілдер – дархан, хош қандай!
Қайтадан Қазақ жерінде
Бар Түрік басын қосқандай!
Із салып, соқпақ, соныдан,
Жауларын жеңіп, қолы қан…
Бұл Хасен Оралтайдайын
Ағаның келген қолынан.
Қазақтың бағы болатын,
Бақ құсы еді-ау қонатын.
Қазақтың ұлы даласы
Шаттықтан шалқып, толатын.
Кептелді жасқа көмейім,
Бұл тағдыр салды, көнейін.
Сол Хасен аға, бүгінде
Бақилық болған, не дейін?..
Шетінен бәрі текті еді,
Жалындай жанған отты еді.
Сол жолы келген қонақтар
Атымды қойған – КӨКБӨРІ!
Хасекең асыл ұл еді,
«Ұлтым!»-деп соққан жүрегі.
Бүгін де мені бүкіл ел:
Көкбөрі десең — біледі.
Қалғанын өзің бағала,
Өзіңсің ұлтым – дана да.
Сондықтан асыл ағайын,
Қарыздар жанмын ағаға.
Жақсылық – жалғыз тілегім,
Қазақтың ғана ұлы едім!
Көкбөрі болып бүгінде
Даламды кезген ұл едім…
Жұмаш КӨКБӨРІ,
15 қараша, 2011 жыл Фейсбук парақшасынан