Текті де, терең тұлға
2020 ж. 24 ақпан
5196
0
Әлқисса, адам ғұмыры мәңгілік кешу пайымымен парықтағанда жарқ еткен жасынмен барабар-ды. Көп өмірді «бір нәрсеге жетік болмай өкінішпен өткізбектің» қысқалау ұшы пенденің өзіне тиіп жатса да, шектеулі тірліктің пешенеге жазылып, құбылмалы тағдыр қалауынша пішетін шидем шекпені қаймана жұрт түгілі аузымен құс тістеген небір дүлдүлдің өзінің де көп ретте құлашын кеңге серметпейтіні, адымын аштырмайтыны ақиқат қой... Мұндайда кісінің кісілігі «тәңір иіп, балақтан төбеге көтерілген» білімсіз, біліксіз, жақсылықты білмейтін имансыз, тойымсыз тобырдың төңірегіндегілерді ықтыруынан емес, «жеке батырлардың» түсі суық, бітімсіз болмыспен екеуара жекпе-жектерде мәртебесі басым болып, «майданға түсіп бәйге алғанынан» байқалады.
Осы азды-көпті тірлігімізде ұлылы-кішілі, жақсылы-жайсаңды талай тарланбозды көз алдымыздан өткердік. Ойдың елегіне, сезімнің сүзгісіне сала келе, көбісі біртуар тұлғалар төңірегінен табылатын сол сайыпқырандардың қомақты шоғыры безбеннің бір басын басса, ал тәрбие-тәлімін беріп, ұлылардың ұлағатын санамызға сіңірген ұстаздарымыздың үркердей көші келесі басын теңестіретінін көрдім. Алыстағы ауылдан ию-қиюы мол қалаға алғаш рет шығып, үлкен өмірге тырнақалды, тұңғыш қадамын аттаған сарыауыз балапан мына біздерге әкеміздей, анамыздай болған Тауман Амандосовтың, Темірбек Қожакеевтің, Әбілфайыз Ыдырысовтың, Қабижан Құсайыновтың, Тұрымтай Дүйсебаеваның риясыз қамқорлығы, адами ақыл-кеңесі жадтан өше ме?! Осынау қамкөңіл, абзал ағалар мен апалар сапына «мен саған өмір есігін ашып тұрмын» деп бауырына тартып, сенім артқан Михаил Есенәлиевті де енгізер едім.
...Жиырмасыншы ғасыр бүкіл адамзат баласына ұлы сын ұсынып, кеудесіне нан піскен талай жұртты тәубесіне келтірді, жер басып жүрген пенденің еңбегі мен өнбегін, адамшылығы мен аярлығын, сөзі мен ісін тарих таразысына тартқан, «жүзіктің көзінен өткізген» ғарасат майданына айналды. Таразыға сондай-ақ аршынмен өлшеп, қадаққа салуға келмейтін тектілік пен тереңдік сынды қадір-қасиеттің түскені алмағайып заманның шыны мен сырының бір белгісіндей болса керек. Бұл тұста тілімізге тиек етіліп отырған ұстаздарымыз алдынан тағдыр адамзат атаулының қара нары ғана төтеп бере алатын, ердің ері ғана көтере алатын зілмауыр адами, рухани, тәни сынағын тосты. Отарлық биліктің халқымызды қолдан жасалған ашаршылыққа ұшыратуы, ұлт зиялыларын аяусыз қырып-жоюы қанды қасап Екінші дүниежүзілік соғысқа ұласып, қазағы селеудей селдіреген қасиетті Арқа даласын тоғышар келімсектердің тағалы етігімен таптауы әсіресе сол кезгі саналы жас буынның жауапкершілік жүгін еселегені ақиқат. Осы буынның маңдайалды өкілдерінің бірі – ұстазымыз Әбілфайыз Ыдырысовтың бойындағы мейірім шуағын, парасат пен пайымды, жанашырлықты ел мен жер, ұрпақ алдындағы перзентік парыз-борышын терең сезінуімен түсіндіруге болар.
Тектілік пен тереңдік... Бір қарағанда бір-бірінен қашықтау қонған осынау қос қасиет бір кісінің бойында тоғысуы сирек жолығысады. Текті мен жақсы қазақ ұғымында төркіндес болғанымен, тектің тамыры тереңде. «Жақсыдан жаман туса да, жаманнан жақсы туса да, тартпай бір қоймас тегіне». «Тегі жақсының тәлімі жақсы». Әбілфайыз ағай «Түпқияным» атты өмірбаяндық еңбегінде оқырманға ой тастай отырып, «...менің арғы түпқиянымда үлкен бір гәп, сыр бар сияқты» деп, беймәлім тарихқа жетелейді. Ол қандай сыр? Қандай құпия? Соған үңілейікші.
Ағамыз ата тегін таратқанда «...одан әрі-Әйдерке!» деп түйіндейді. Енді осы арғы түпқияндағы гәп пен сырды өз әлімізше тарқатып көрелік. Әйдерке-орта жүз Арғын руы. «Арғынның кіші әйелінен тараған балалары туысқандарымен келіспей қалып Торғай жеріне көш аударады» деп шежіре шерткен ғұлама Мәшһүр Жүсіп оларды «кіші жүздегі арғындарға» жатқызады да Шақшақ, Сарыжетім және Әйдерке сияқты руларға бөлінетінін айта кетеді. Тарих деректеріне сүйенсек, ұрпақтары ұлт өркениетіне сіңірген еңбегі елеулі осынау рулық-тайпалық бірлестіктің бастауындағы Арғын Аға-өмірде болған адам. Ежелгі дәстүрге сәйкес қазақта Арғын руының өкілдерін «аға баласы» дейді. Жанақ ақынның //Алашта Арғын Аға туған зерек//Қазақта ол кісінің жолы бөлек//Арғынның арғы атасы Қодан тайшы//Өлеңге бізден ұстын болса керек…// деген шумағы бар. Арғын Аға жөнінде ағылшын тіліндегі «Иран энциклопедиясының» («Еncyclopedia Iranica») «ARḠŪN ĀQĀ» атты мақаласы осы өлеңде келтірілген деректерді растай түседі. Енді соған келейік. «Арғын Аға. Туған жылы белгісіз, өмірден өткен уақыты 1275 жылғы 17 маусым... Джувейнидің жазуынша моңғол әскерінің мыңбасысы болған Тайчудың (/Қодан/ Тайшының, авт.) ұлы. Тумысынан зерек Арғын Аға ұйғыр жазуын жетік меңгеріп, бозбала кезінде Үгедей ханның хатшыларының (бітікшілерінің) бірі болады... Үгедей, Күйік, Мөңке хандардың тұсында империяның Әмудариядан бастап Анадолыға дейінгі бүкіл батыс өңірін билеген Арғын Аға бір сапарында Әзірбайжанға соғып, мұнда Папа миссиясымен келген доминикан Асцелинмен кездеседі. Оның көп ұлы болған, олардың ең белгілісі әскербасы Наурыз (Nowrūz). Киракос Арғын Ағаны мұсылман болған, деп жазады». Арғын Ағаның империяны басқару ісіне араласып, билік айтқан жылдары түгіл күндері мен айлары да хатталып, қағаз бетіне түскен. Тарихи тұлға туралы Ата-Мелик Джувейни, Киракос Гандзакеци, Рашид ад-Дин сынды Алтын орда дәуірінің тарихшылары мол дерек қалдырған. Бүгінгі Батыс тарихнамасында да Арғын Ағаға көп көңіл бөлініп келеді [Қараңыз: J. A. Boyle, Camb. Hist. Iran V, pp. 337-40. B. Spuler, Mongolen3, pp. 40-53; On the name Arḡūn, see P. Pelliot, Notes on Marco Polo, Paris, 1959-63, I, pp. 47-51. (P. Jackson)]. Сөйтсе де исі қазақты әлемге танытқан Абай, Ахмет, Міржақып, Қаныш, Олжастардың арғы бабалары жөнінде отандық тарих ғылымы әлі күнге ләм-мим демей отыр.
Арғын Ағаның ұрпағы Ақжол бидің Өткірсопысынан тарайтын Елеместің Ермені Қазақ хандығының керегесін көтеріп, шаңырағын тіктеген тарихи тұлғалардың бірі. Осы Ерменнен Бөлтірік пен Шағыр тарайды. Бөлтіріктен Төлек. Кенесарының қолбасшыларының бірі Жәуке батыр, Алаш ардақтысы Ахметсапа Жүсіпов, сәулеткер Әбдісағит Тәтіғұлов, ғалым-журналист Жұмабек Кенжалин осы Төлек ұрпақтары. Шағырдың Аманжолынан Шақшақ Жәнібек, Ахмет Байтұрсынұлы, Ахмет Бірімжанов тараса, Сомжүрегінің Әйдеркесінен Алаш ардақтысы Кәрім Тоқтабаев, ағайынды Ғафу Қайырбеков пен Марат Барманқұлов және Әбілфайыз Ыдырысов, Саржетімінен Міржақып Дулатов, Спандияр Көбеев, Ілияс Омаров, Ерік Асанбаев туады.
Арғын Аға ұрпақтары Шақшақ Жәнібек, Әйдерке Мерген (Теңізбай) Бабасұлы, Саржетім Қарабалуан Жәнібек Алдиярұлы Түркістанда жерленген. Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы: //Қарабалуан, Жәнібек//Қаздауысты Қазыбек//Тұлға болып артына//Жетім қалған халқына//Бір тиянақ қазық ед//, – деген екен.
Бабадан балаға берілген асыл тектің ағамыз айтқан бір үзік сыры осы болса керек-ті. Бұл сөзімізді ағайдың бел баласы, егемен ел дипломатиялық қызметінің іргетасын қалаушылардың бірі, Қазақстанның Ұлыбританияның Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысовтың жемісті мемлекеттік, қоғамдық қызметі қуаттай түседі.
«Боз тұлпардың құлыны қылаң болмаса да төбел туады», «Ер туған жеріне» деген ғой, Әбілфайыз ағай мағыналы ғұмырында өмірге келіп, кіндік кескен жері-Торғайдан қол үзген жоқ. Ұлылардың есімін атауға қатаң тиым салынған кеңес кезеңінде ұстазы, ұлтжанды профессор Бейсенбай Кенжебаев бірде шәкіртіне «Е, Торғай елінен екенсің ғой. Ол қасиетті жер ғой, ұлылар, батырлар... Ыбырай Алтынсарин, одан басқа да қазақтың әйгілі ардагерлері шыққан... Сен Ахаң мен Жақаң асылдарымыздың туысқаны болдың ғой... Мен өздеріңе айтып жүрген Есенжол, Сейдахмет, Құбаша, Әбіқай, Күдері деген ақындар Ахметке ұстаз болған. Ахмет-ұлтымыздың ұстазы... Ол кісілер жайлы енді ешкімге тіс жарма. Заман бүйтіп кете бермес, ол арыстар ақталар күн де туар бір кезде» деп қаймана қазаққа аша бермейтін сырын жайып салады. Ғалым Әбілфайыз Ыдырысов ағалары-ұлт ұстаздарының ағартушылық дәстүріне адал болды. Ол газет безендіру, баспа ісі технологиясы сияқты қиын да қызықты саланың негізін қалады. «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері» газеттерінің жауапты хатшысы, редакторы болған ғалым-ұстаздың әр жылдары басылып шыққан «Газетті безендіру сыры», «Фототерім», «Полиграфия өндірісі негіздері», «Редактор мен корректорға көмекші құрал» сияқты оқулықтары мен оқу құралдары күні бүгінге дейін сұранысқа ие. Бір қызығы соңғы «Редактор мен корректорға көмекші құрал» оқулығын ағасы, Шақшақ Жәнібектің ұрпағы, байырғы баспагер Әбдірашид Бектемісов екеуі жазып шықты.
Ұстаз хақында оның жанына жақын шәкіртінен артық кім айта алсын?! Белгілі жазушы, егемен еліміздің баспа ісінің қаз тұруына көп еңбек сіңірген Серік Әбдірайымов «үлкен жүректі ұстазым Әбағаң жиырмасыншы ғасырдың елуінші жылдары қазақ әдебиеті мен журналистикасына қосылған Кәкімжан Қазыбаев, Сапар Байжанов, Баянжан Мәдиев, Ұзақ Бағаев, Сматбек Төребеков, Қайыркен Сағындықов, Мұқан Мамажанов, Бекежан Тілегенов, Тельман Жанұзақов, Бекмырза Баймаханов, Хайдолла Тілемісов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Әбілмәжін Жұмабаев, Шерияздан Елеукенов, Темірбек Қожакеев, Камал Смайылов және басқа жаңа, жас толқын өкілдерімен біте қайнасып, журналистиканың ыстық-суығын бірге көріп, ауыртпалығын бірге көтерді» деп жазды. Секеңнің ұстазына берген сипаттамалары оның бүкіл бітім-болмысын айқындап тұрғандай. «Әбағаң қасиетті қара шаңырақ осы күнгі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистикасын тәмамдаған алғашқы түлектердің бірі. Шу дегеннен қоғам өміріне білек сыбана араласты. Адам тағдырына жанашыр болды. Болашақ ұрпақ тәрбиесі үшін күресті». «Әбағаң – ғалым, іргесі бекімей, қабырғасы қаланбай, уығы шаншылмай, шаңырағы көтерілмей жатқан журналистика ғылымы бар дегенді іспен дәлелдеп, соның тарихына тұңғыш тереңдеп барған және осы салада талай бұлақтың көзін ашып, ғылым жолына салған ұстаз». «Әбағаң-газет-журналда қызмет істеп шыңдалған журналист, алпысыншы жылдарда Қазақ университетінің өз алдына отау тігіп шыққан журналистика факультетіне әрі практик, әрі қаламының желі бар, әрі ғылымда өз қолтаңбасын танытқан, әрі педагогтік табиғаты келіскен азамат ауадай қажет еді. Әбағаң осы университетте аға оқытушылықтан профессорлыққа дейін қиындығы мен қуанышы қатқабат ұстаздық жолдан өтті. Бірнеше оқулықтың авторы».
Бұдан он жыл бұрын «Өнегелі өмір» сериясымен «Әбілфайыз Ыдырысов» жинағы жарық көрген болатын. Бұл кітаптан осы жолдар авторының «Алтынның сынығы немесе ұстаз туралы ой» деген мақаласы да орын алған-ды. Серік Әбірайымов ағамыздың сөзін ұластыра келе, былай деп жазыппын: «Еліміздің рухани, әлеуметтік-мәдени өміріне белсене ат салысып жүрген бүгінгі ақпарат майданы қайраткерлерінің барлығы дерлік Әбілфайыз ағайдың тәрбиесін көрген десем, ақиқаттан онша алыс кете қоймаспын. Солардың өзім жақсы білетін бірнешеуіне тоқтала кеткенді жөн көріп отырмын. Ағайдың үздік шәкірттері атанып, макеттің «майын ішкен» Ертай Айғалиұлы мен Сапарбай Парманқұлов белді басылымдардың тізгінін ұстады. Ұстазымыздың очерк бойынша өткізген арнайы курсында ізденушілік баспалдақтарынан өткен Рахима Нүриден мен Роза Алтынбекова шетелдік журналистика және жанр теориясы бойынша филология ғылымынан кандидаттық диссертация қорғап, доцент, профессор атанды, кафедра меңгерушісі болды. Ал, ағамыз қоғамдық жұмыстарға «жеккен» торғайлық інілері, марқұм Жүнісбек Сұлтанмұратов пен Оразалы Смағанбетов Президент аппаратында жоғары лауазымды мемлекеттік қызмет атқарды». Бүгінде баспагерлер Балжан Хабдина мен Баян Болатханова, тележурналист Қалыбек Атжан, газетшілер Шолпан Ұғыбаева, Бегәділ Сәдібеков, Суханберді Оразалиев, қоғаммен байланыс қызметкері Светлана Қайырғалиева әлі де тұғырдан түскен жоқ.
Ұлағатты ұстаз Ә.Ыдырысовтан білім алған көптеген шәкірттері республикамыздың белді басылымдары мен телеарналарында жемісті еңбек етіп жүр.
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы». Ыдырысовтай ұстаздың алдын көрген біздер бойымыздағы жақсылық, жетістік атаулыны ұлы ұрпақ шоғырындағы осынау біртуар тұлғаның ағарту өнегесімен ұштастырамыз. Тынымсыз тірлік кешуде оның тәлімі мен тәрбиесін ілгері ұластырудамыз.
Жетпісбай Бекболатұлы, әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ профессоры, Қазақстан білім беру ісінің құрметті қызметкері
qazaquni.kz