Түркі жастарына ортақ шаңырақ
2020 ж. 22 ақпан
2339
0
Елбасымыз Н.Назарбаев: «Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой азаттығымыздың алдаспаны» деп жастарымыз білімді болғанда ғана болашағымыздың баянды боларын тілге тиек еткені белгілі.
Сонымен қатар, Тұңғыш Президентіміз бұған дейін Қазақстан халқына жолдаған «Әлеуметтік бес бастама» атты үндеуінің үшінші бастамасында: «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деп жоғары білім алып жүрген болашақ мамандарға айрықша көңіл аударғаны бар. Осынау игі бастама ел тізгінін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаған сәтте де жалғасын тауып, осы бағытта қарқынды жұмыстардың атқарылуына ұйытқы болды. Бүгінде ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың қолға алуымен жекеменшік жоғары оқу орындарының жұмысы сараланып, саннан сапаға көшу мәселесі қарастырылып жатқаны да көңіл қуантады.
Жоғары оқу орындарының арасында білікті мамандарды даярлау ісінде алдыңғы шептен көрініп келе жатқан университеттердің бірі де бірегейі киелі Түркістанның төрінде орналасқан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Таяуда ғана Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен ерекше мәртебеге ие болған білім ордасының тыныс-тіршілігіне аз-кем тоқталуды жөн санадық.
ХХІ ғасырдың ірі жаңалықтарының бірі Түркістанның түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы атанып, жаңа облыс орталығы болуы. Мұсылман әлемі қасиетті санаған Түркістанның екінші тынысы ашылып күннен-күнге дамып келеді. Киелі шаһарда орналасқан Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің де қаланың дамуы мақсатында бой көтерген жоғары оқу орны екені сөзсіз.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен рухани астанымыз – Түркістан қаласын өркендету мақсатында 1991 жылы 6-маусымда Қожа Ахмет Ясауи атындағы Түркістан Мемлекеттік университеті болып құрылды. Ал 1992 жылы 31 қазанда Елбасымыздың бастамасымен сол кездегі Түркияның Премьер-министрі С.Демирелдің қолдауымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып қайта құрылды. Осылайша, Ахмет Ясауи университеті – түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған тұңғыш білім-ғылым ордасына айналды.
Университет ашылғалы бері инфрақұрылымды дамыту жұмыстары тоқтаған емес. Студенттік жатақханаларыдың жалпы саны оннан асады. Ағымдағы жылы 1500 орындық жатақхана салу жоспарланып отыр. Оқу корпустары, ерекше үлгідегі кітапхана, мидициналық клиника, студенттік асханалар, спорт комплекстері, мәдениет орталығы тағы басқа да заманауи үлгідегі кампустар архитектурасымен көз тартады. Университеттің Ботаникалық бағы 88 га жерді алып жатыр. Сырттан қарағанда қала ішіндегі қала деп таңырқай қарайсың.
Университеттің дамуы әрдайым Үкіметіміздің назарында болып, Түркия Республикасы тарапынан да белсенді қолдау көрсетіліп келеді. Қазіргі таңда 9992 студент білім алуда. Атап айтқанда 19 елден 40-тан астам ұлтының өкілдері бакалавриат, магистратура, резидентура және доктарантура бойынша 11 факультетте білім алып жүр. Университетте бір мыңнан астам оқытушы-профессорлары жұмыс істесе оның 5 пайызы Түркиядан келген оқытушылар. Сонымен қатар 6 ғылыми-зерттеу институты, 4 аккредиттелген ғылыми-зерттеу зертханасы және 4 ғылыми журнал бар. Университет түркі әлемінің түкпір-түкпірінен келіп білім алатын жастар үшін алтын шаңыраққа айналды.
ОҚУ ОРНЫНЫҢ ЕРЕКШЕ МӘРТЕБЕСІ ЗОР ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҮКТЕЙДІ
Елбасымыздың өзі құрылған сәттен бастап айрықша мән бере отырып, «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркістанды түркі дүниесінің ортақ білім шаңырағына айналдырады» деп зор сенім артқаны ел есінде. Бүгінде осынау сенім үдесінен шыққан оқу ордасы ерекше мәртебеге ие болып, абыройы одан әрі асқақтау үстінде. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Болатбек Абдрасилов: – Екі мемлекеттің шешімімен құрылған оқу ордамыз киелі Түркістанда ашылуының өзіндік тарихи орны бар екендігін білдіреді. Біздің университет негізін Ясауи ілімдерінен алатын, сол кездегі медреселердің жалғасы деп қарасақ та болатын сияқты. Университетіміз Елбасы Н.Назарбаевтың жарлығымен ашылды, еліміздің Президенті Қ.Тоқаеватың 2020 жылғы 15 қаңтардағы Жарлығымен ерекше статусқа ие болып отырмыз. Университеттің ерекше мәртебесі бізге академиялық және басқарушылық дербестік бере отырып, диссертациялық кеңес ашып, Ph.D. докторанттарын өзімізде қорғатуға, дәрежесін тағайындауға, білім беру стандарттарын, бағдарламаларының мазмұнын анықтауға және жеке үлгідегі дипломдарды беруге мүмкіндік жасайды. Білім беру грантының құны да артатын болады. Бұл профессорлық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді жаңартуға мүмкіндік береді. Бұл шаралардың барлығы университетке ғылыми және педагогикалық кадрларды тартуға, осы аймақтың дамуына серпін беріп, оның алдына қойылған мақсаттарға жетуге ықпал ететін болады. Университет миссиясы – Түркі тілдес мемлекеттер мен қауымдастық жастарына бір шаңырақ астында сапалы білім беру және инновациялық оқыту мен ғылыми зерттеулерде көшбасшы болу. . Университеттің I вице-президенті Женгиз Томар: -Ерекше мәртебе алу оқу орнымыз үшін өте маңызды, қуанышты жаңалық. Біздің университетіміз ерекше мәртебеге ие болып отыр. Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің атынан Түркі дүниесінің ақсақалы Н.Назарбаевтың қолдауына және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевқа алғыс білдіреміз. Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесінің жанында түркі әлемінің рухани астанасында қызмет етіп жатқанымызға қуаныштымыз. Бүгінгі күні әлемнің бірде-бір мегаполисі бірегей мазмұнмен толтырылған және сұранысқа сай кәсіби мамандар даярлауды дамытудың бағыттарын анықтайтын ғылыми және білім беру мекемесі болмаса, экономикалық орталық бола алмайды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге, яғни, білім беру сапасын арттыруға, оның халықаралық стандарттарға сай болуына, ғылым мен білімнің интеграциясына баса назар аударып отыр. Бұл, әсіресе, түркі әлемінің мәдени-рухани орталығы болу және Түркістан облысының білім беру – ғылыми хабы ретінде даму міндеттері тұрған Түркістан қаласы үшін өте маңызды.БІЗ УНИВЕРСИТЕТТІ КӨТЕРМЕЙ, ТҮРКІСТАНДЫ КӨТЕРЕ АЛМАЙМЫЗ!
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ерекше мәртебеге ие болған оқу орнының профессорлық-оқытушылық құрамын осынау айтулы қуаныштарымен құттықтай отырып, университет пен облыс әкімдігі бірлесе атқарар алдағы стратегиялық жоспарларымен бөлісу, оқу орнының ғалымдары жүзеге асыратын екі жақты ғылыми-инновациялық жобаларды жаңа қарқынмен дами бастаған өңір игілігіне жұмсау мақсатында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне арнайы ат басын бұрды. – 2020 жыл жағымды жаңалықпен басталды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ерекше мәртебеге ие болып отыр. Осы айтулы оқиғамен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын. Бауырлас екі елдің достығының айқын көрінісіне айналған осы оқу ордасы еліміздің ең алғашқы халықаралық оқу орны болып саналады, Түркістан үшін университеттің маңызы өте зор. Әрбір қала, әрбір өңір, әрбір мемлекет үшін жоғары оқу орындардың маңызы бар. Бұл университет жас, потенциалы жоғары. Оқытушы-профессорлар құрамы да іріктеліп, қалыптасқан. Халықаралық статусы бар. Біз, университетті көтермей, Түркістанды көтере алмаймыз. Енді барлығымыз жұмылып университеттің болашағына жұмыс жасайық, — деп облыс әкімі университеттің Түркістан үшін маңыздылығына тоқталды. Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына университет ұжымының қосар үлесі айрықша екенін, осыдан біраз бұрын өзі атап өткен 4 бағытты бірлесе жүзеге асыру қажеттігін еске салды. Біріншіден, Түркістан – қазақ халқы мен түркі тілдес елдердің ең ірі зиярат және туризм орталығы; екіншіден, Түркістан – әлемдік деңгейдегі қолөнер және шеберлер орталығы; үшіншіден, Түркістан – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан ірі сауда орталығы; төртіншіден, Қожа Ахмет Ясауи – рухани тұлға. Міне, осы 4 бағыт бойынша университет ғалымдарының өзіндік үлес қосатынына сенім артты. Жалпылай алғанда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіндегі өзгерістер мен атқарылып жатқан жұмыстар алдыңғы қатарлы университет болуға бағытталған. Оқу орнында қарқынмен жүргізіліп жатқан күрделі трансформация тәжірибиесін еліміздің барлық университеттерін дамытуда қолдануға болады. Қазіргі таңда дайындап жатқан мамандар басқасын айтпағанда Мемлекеттік басқару және зкономика Жоғары мектебі мен туризм саласында білім алып жатқан стауденттеріміз Түркістанды дамытуға бағытталған әрбір іске атсалысуға толығымен әзір деп айта аламыз. Эльмира АРТЫҚБАЕВА Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті qazaquni.kz