Қазақтың әсем ұлттық киімі қай этнос өкіліне де жарасады - Бекзат Алтынбеков
2024 ж. 28 ақпан
3745
0
Елімізде тұрып жатан түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіріп отырған аталмыш құрылымның бүгінгі таңда қандай маңызды жобалармен айналысып жатқаны туралы білгісі келетін оқырмандарымыздың саны аз емес.
Осы орайда "Қазақ үні" ақпарат агенттігі редакциясының тілшілері өңірлерде тиімді жұмыс жасап жатқан этномәдени бірлестік өкілдерімен, Ассамблея өкілдерімен сұхбаттасып, олардың ел ынтымағын біріктірудегі басты жұмыстары туралы білуді жөн көрді.
Біз Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облыстық филиалы төрағасының орынбасары, ҚХА қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Бекзат Алтынбековке атқарып жатқан іс-шаралары туралы бірнеше сауал жолдап, толымды жауап алдық.
Аталмыш сұхбатты "Қазақ үні" оқырмандарына ұсынуды жөн көрдік.
- Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарған іргелі жобалар қандай? Мысалы, Мемлекеттік тілді насихаттау мақсатында атқарған қандай шаралар туралы айта аласыз?
- Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің бірегей моделін қалыптастыру, бірлікті нығайту, дамыту бағытында және мемлекеттік саясатты насихаттау бойынша бірқатар жобаларды іске асыруда. Аталмыш жобалар өңірде, сондай ақ, республикалық деңгейде оң нәтиже берді.
Мысалы, қазақ тілін ұлтымыздың ұлы құндылықтарын насихаттау арқылы үйрену және жетілдіру үшін Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен Достық үйінде «Мәміле» сұхбат клубы ашылды. Клубтың негізгі мақсаты - мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру, этностар арасында ұлтымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дәріптей отырып, қолайлы тілдік орта қалыптастыру. Тіл үйрету барысында белгілі тілші ғалым Қанат Тәсібековтың «Ситуативный казахский» әдістемелік құралы басшылыққа алынды. Ол басында ана тілін меңгермеген, уақыт өте өз бетінше тілді үйреніп осы кітапты жазып шығарған. Кейіннен өзінің авторлық әдістемесін ойлап тауып, оны өз клубында жүзеге асырған. Аталмыш әдістеме ұлттық менталитеттің ерекшеліктері, тарихи фактілер, фольклорлық ұғымдар, қазақ халқының құндылықтар жүйесі арқылы тілді мейлінше жеңіл әрі жетік оқуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар клубтың әрбір отырысына елге белгілі қоғам қайраткерлерін, зиялы қауым өкілдерін шақыру әдемі дәстүрге айналды. Алғашқы кездесудің спикері ретінде полиглот, Нұр-Сұлтан қаласындағы «Мәміле-Тен» клубының ұйымдастырушысы Владислав Тен шақырылды. Сондай-ақ «Нәтиже» компаниясының басшысы Ерлан Әшім, SBTC тілдер мектебінің негізін қалаушы Сергей Зорин, белгілі қоғам қайраткері Бақытқали Мұсабеков сынды тіл жанашырлары келіп қатысып, өз ойларын ортаға салды. Клубтың ашылған уақытынан бергі аз ғана уақыт ішінде танымалдылығы артып, аймақ тұрғындары арасында үлкен қызығушылық туғызуда.
«Мәміле» сұхбат клубы қарым-қатынас негізінде, ойын түрлерін қолданумен, қазақ әндерін жаттауға және күнделікті тұрмыста қолданатын диалогтарға баса назар аударады. Клуб қатысушыларының кездесулері әр апта сайын өтеді және тегін.
Тілді меңгеру деңгейі әртүрлі адамдар үшін ашық, ал қатысушылар арасында студенттер де, зейнеткерлер де, бизнесмендер де, кеңсе қызметкерлері де бар. «Мәмілеге» келушілер саны бүгінде 1699 адам болса, оның ішінде этнос өкілдері аса белсенділік танытуда.
Олардың арасында қазақ халқының дәстүрлеріне мысалы, наурыз, үйлену тойы, бесікке салу, тұсау кесу, сондай-ақ қоғамдық-саяси мәселелерге, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі туралы идеяға, иммиграция мәселелеріне және тағы да басқа тақырыптарға арналған.
Клуб форматы тілді үйренгісі келетін этнос өкілдеріне, сондай-ақ оған көмек көрсететін еріктілерге арналған диалог алаңы болып табылады және өмірлік құндылықтар жүйесін зерделеу арқылы мемлекеттік тілді үйренуге арналған. Бұл тілді меңгеруге ғана емес, сонымен қатар жеке және қоғамдық деңгейлерде қоғамда өзара түсіністік пен келісімді орнатуға әкеледі.
- Еліміздегі тағы бір тиімді бағдарламалардың бірі - "Рухани жаңғыру". Осы бағдарлама аясында өткізген жобаларыңыз бар ма?
- «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Өз жеріңді таны» жобасы аясында өткен «Елтану» республикалық туристік-өлкетану экспедициясы. Мақсаты – этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісімнің қазақстандық моделін нығайту, жастарды патриотизмге тәрбиелеу. Еліміздің киелі жерлерін, тарихи-мәдени ескерткіштерін аралау. Осылайша қатпарлы тарихымызды танып, ұлыларымыздың өмірбаянын біліп, қалтарыста қалып қалған кейбір деректермен танысу. Оның ішінде өзге этностарға қазақ ұлтының, елінің рухани мұрасын таныту әрі насихаттау. Экспедицияға Абай оқуларының, «Мың бала», «Алғысым саған, Қазақстан!» байқауларының жеңімпаздары, «Ұлт қазынасы» және «Түркі әлемі: Күлтегін жырлары» фестивальдеріне қатысушылар, мемлекеттік тілді жетік меңгерген этностар, атап айтсақ, Елизавета Седышева, Ханануз Расулова, Евгений Янке, ақын-жазушылар, сарапшы-ғалымдар, тарихшылар, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының мүшелері, блогерлер, журналистер қатысты. Экспедиция екі негізгі бағытты қамтыды. Павлодар облысындағы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің және Мұса Шорманұлының кесенесін, Қаныш Сәтбаев мұражайын, Шығыс Қазақстандағы Абай Құнанбайұлының, Жидебай-Бөрілідегі мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби қорық-мұражайын, Құнанбай құдығы, Зере мен Ұлжан зираты сияқты қазақ қастер тұтқан киелі мекендерге ат басын тіреді. Бұл сапар жастарға ұлтымыздың бетке ұстар перзенттері Ермахан Бекмаханов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Әлкей Марғұлан сияқты тұлғаларды тереңірек тануға зор мүмкіндік берді. Алашорданың жүрегі болған, тарихи шешімдер қабылданған Семей қаласы мен ондағы киелі орындар да ерекше рух берді.
- Ал, этномәдени бірлестік өкілдерінің әлеуметтік жобалармен айналысуы қандай деңгейде дамыған?
- Облыстық Ассамблеяның қолдауымен өңірдің әлеуметтік өзекті мәселелерін шешуге, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға, жеке бизнес ашып, кәсіпкерлік дағдыларын дамытуға және инновациялық идеяларды іске асыруға бағытталған «Social Trust әлеуметтік кәсіпкерлік мектебі» жобасы іске аырылды. Төрт мәрте өткен мектепте 200 ден аса тыңдаушы дәріс алды. Этномәдени бірлестіктер, ҮЕҰ өкілдері, жаңа кәсіп бастаушылар және ЖОО түлектерінен құралған қатысушылар әлеуметтік кәсіпкерліктің негізі жайында теориялық және практикалық білім алды, бизнес-жоспарлауды және өндірістік шеберханаларды құру дағдыларын үйренді.
Жоба жергілікті қоғамның дамуына үлес тигізіп, өз бизнесін ашуға талпынған кез-келген жастағы және топтағы азаматтарға көп көмегін тигізді.
Social Trust мектебінің тренері Эмин Аскеров - Шығыс Гуманитарлық институтның «әлеуметтік жұмыскер» мамандығының түлегі, 100 жаңа есім жобасының үздігі және Қазақстандағы бірегей пилоттық жоба “Green TAL” әлеуметтік шеберханасының негізін қалаушы. Ал биыл, қаламызда облыс әкімінің қолдауымен осы жобаның жалғасы ретінде «Әлеуметтік кәсіпкерлік» форумын өткізу жоспарланып отыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасы аясында іске асып, оң нәтиже берген «Түркі әлемі: Күлтегін жыры – Ұлы дала дастаны» атты ғылыми-шығармашылық конкурс – конференциясы.
Конференцияның мақсаты - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім үлгісін насихаттау, «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру. Шараға ЖОО оқытушылары, докторанттары, магистранттары және студенттері, облыстық Ассамблеяның, ҚХА Ғылыми-сараптамалық топ мүшелері, этномәдени бірлестік өкілдері, ғалымдар, сарапшылар қатысты. «Күлтегін» жырының басты идеясы жайында – түркі халқын ауызбірлікке, ежелгі ата-баба жолы мен салт-дәстүрін берік ұстауға үндеу болып табылатынын «Мәңгілік елдің мұрагері» атты баяндамасында ежелгі дәуір әдебиеті, көне түркі жазба ескерткіштерін оқыту арқылы өз мәдениетіміз бен дүниетанымымыздың тамыры тереңде екенін, елдік дәстүріміз бен рухани бітіміміздің бастауы берік екенін Нұр-Сұлтан қаласынан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор, Күлтегін атындағы сыйлықтың лауреаты Сатай Сыздықов атап өтті. Стамбулдың Мимар Синан оқу орнының докторанты Жантегін Қаржаубай өз сөзінде Күлтегін – түркі халықтарының ерлік туралы ұғымының жиынтық бейнесін атады. Ілкімді жобада жас ғалымдар дайындаған еңбектерін қазылар алдында қорғады. Шара өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілінде Күлтегін жырларын мәнерлеп оқуымен және Күлтегін жырларын ұлттық және басқа да музыкалық аспап түрлерінде сүйемелдеумен жалғасты. 53 шумақтан тұратын Күлтегін жырының әр бөлімін оқыған қатысушылардың дайындығы жоғары деңгейде екен. Әсіресе, қазақ тілінде жыр шумақтарын оқыған этностар сүйсіндіріп, қошеметке ие болды. Қазылардың қорытындысы бойынша, Нұрай Ғазиз, Елизавета Седышева, Әлібек Бимендиндер үздік деп танылды. Басқа қатысушылар жүлделі екінші және үшінші орындарды бөлісіп, ақшалай сертификаттарға ие болды.
- Өңірлеріңізден шыққан аты әйгілі тарихи тұлғалар аз емес. Солардың мұрасын насихаттауға қандай үлес қосып жүрсіздер?
- Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастырған тағы бір жоба - Бұқар жырау Қалқаманұлының шығармашылығына арналған «Даланың дара данасы» жоба-байқауы. Мақсаты - Қарағанды облысының этномәдени бірлестіктерінің мүшелері арасында Бұқар жырау шығармашылығын насихаттауды күшейту. Бұқар жырау шығармаларын орындайтын ерекше таланттарды анықтап, қолдау көрсету, жырау шығармаларына жас ұрпақтың қызығушылығын арттыру. Сондай ақ, қазақ мәдениетін, тарихын, философиясын, құндылықтарын насихаттауға бағытталған Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасы негізінде этностарды, ҚХА құрылымдарын, өнерпаздарды, жастарды, оқушыларды т.б. көпшілік өкілдерін, ҚХА-ның «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысын топтастырып, ел бірлігі мен сөз шындығын ту еткен әйгілі жырау,ойшыл дана, «Көмекей әулие» атанған көреген қайраткер Бұқар жырау Қалқаманұлының мұрасын дәріптеу және қазақ халқының жыршы-жыраулық дәстүрін жаңғырту.
Ұлтқа бөлінбей, татулықты ту етіп, өнерлерін ортаға салмаққа келген сайыскерлердің мақсаты біреу – ол Бұқар баба жырларын төгілте оқып, насихаттау. Байқауға аймақ этностарынан бөлек, Түркия мен Өзбекстан азаматтары ниет білдірді. Төрелік еткен қазылар алқасының мүшелері: профессор, ағылшын тілінің маманы Жаңбырбай Қағазбаев, профессор, фольклортанушы Мұқаметқали Әбдуов, ақын, бұқартанушы, доцент, «Қазақтану» жобасы аясында ашылған Қарағанды қаласы Достық үйінің «Арқаның жыршылар мектебі» орталығының жетекшісі Айтбай Жұмағұлов, ақын Дидар Қамиев, «Рідне слово» украин тілі бірлестігінің төрайымы Зновия Красивская, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының төрағасы Увайс Джанаев.
Іріктеу кезеңінде облысымыздың әр өңірінен 100 ден аса өтінім берілгенмен, облыстық деңгейге 22 үміткер өтті. Неміс, түрік, орыс, қазақ тілінде жыр оқыған сайыскерлер шығармаларды қазақ тілінде сонша ыждахаттылықпен, құрметпен, нәшіне келтіріп оқып, ал көрермендер үміткерлерге көрермен қолпаштау білдіріп, ықыластарын аямады. Жүлделі орындарға Владимир Кузнецов, Алина Филатова, «Ахыска» түрік этномәдени орталығының мүшесі Зарина Сафарова ие болды. «Бұқар жыраудың шығармаларын музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындау» номинациясы бойынша Бұқар жырау ауданы Баймырза ауылының «Славяночка» этномәдени бірлестігі үздік деп танылды. Бір ананың баласындай ат салысып, татулық пен бірлікте бас қосқан тағылымды шарадан мынандай ой түйдік: қазақтың әсем ұлттық киімі қай этнос өкіліне де жарасады екен және «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деп өзі айтып кеткендей, Бұқар баба жырлары мәңгілік. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, лттық құндылықтарымызды жаңғыртып, ілкімді жобаларды іске асыру – басты назарда. Аталмыш шаралар осының жарқын көрінісі.
- Сұхбатыңызға рахмет!
Мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады. Барлық авторлық құқықтар қорғалған. Мақала qazaquni.kz ақпарат агенттігінің меншігі болып табылады!