Абай өлеңдерін неге бұрмалаймыз?
2020 ж. 31 қаңтар
3657
0
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек» – деді.
Сол айтқандай, мұхиттай терең, асқан ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор Абай Құнанбайұлы еңбектерін зерттеу бағытында күні бүгінге түрлі дейін қайшылықты көзқарастар да жоқ емес. Оқырман назарына ұсынылған мақала сондай түйткілдердің түйінін тарқатуға арналады.
Биыл Ұлы ақынымыз Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы кең көлемде аталып өткелі жатыр, мемлекет болып тойлағалы жатырмыз.
Президентіміз бастап біздің кішкентай Ләйлім қызымызға дейін қостап Абай өлеңдерінен эстафета өз жалғасын тауып, бірден-бірге жолданып жатыр. Бірақ сонда ақын өлеңдері бұрмаланып айтылып жүргенін құлағымызбен естіп, көзімізбен көріп отырып, қарның ашады. Мысалы, елге өз деңгейінде танылып үлгерген ақын жігіт Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім» өлеңінің бесінші жолында: «Бұл мақұрым қалмағыма кім жазалы» дейді.
Кінәлінің жазаланатын, жазаланбайтын түрі болады. Қылмыс жасаған адам жазаланады. Ал дер кезінде ғылым-білімге бағыт-бағдар бермегені үшін, жол көрсетпегеніне кінәлі болар, бірақ жазаланбайды ғой. Бұл жерде Абай әкесіне өскен ортасына, яғни қоғамға өкпелі. Ендеше дұрысы – «Бұл махрұм қалмағыма кім кінәлі» шығар. Тағы бір азамат :
– Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?
Өткір тіл бір әдемі қыз болмай ма? –
деді.
Мұның барлығы нені білдіреді? Айтпағым: ақын өлеңдерінің баспа бетінде түзілуі, оның жұрттың жаттап, ел алдында оқуы әлі де дұрыс жолға қойылған жоқ.
Шыққан кітаптарда да бұрмаланып, өлеңнің мағынасын бұзған сөздер өріп жүр. Осы уақытқа дейін Абайдың өлеңдер жинағы неше мәрте жаңғыртылды, әр жылдары баспалардан жаңаланып жарық көрді, солардың мінсіз шыққаны кемде-кем. Қарап отырсаң, соларды шығаратын академиялық басылым, сауатты азаматтар. Ақылдастар алқасы құрамына қарасаң – атағынан ат үркетін азаматтар.
Олар сонда неліктен әлгіндей олқылыққа жол беріп отыр?
Жер бетіндегі қай халықты алсаң да, сол елдің атағын айдай әлемге танытатын біртуар, аса дарынды перзентінің болатыны баршамызға белгілі. Қазақ халқында ол кім десе, сөз жоқ, кез келген қазақтың санасына бірден оралатын тұлға – Абай (Ибраһим), орта жүздің аға сұлтаны Құнанбай қажының баласы. Бізге дейінгі өлең сөзді бағалай білетін адамның барлығы, кешегі өткен ұлтымыздың зиялылары ақынның қадіріне жеткен, шығармашылығын жоғары бағалаған. М.Жұмабаев Абай туралы:
– Шын ақын, сөзің асыл баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның,
Әлемнің құлағынан әні кетпес, –
депті.
А.Байтұрсынов: «Онан асқан бұрын-соңды заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» дейді. Шәкәрім де: «Аса данышпан адам еді, қор елде туып, қор боп өлді» деп Абайды аса жоғары бағалайды. Ойшыл-философ, данышпан қалай мақтаса да сыяды. Басқа ақындардың өлеңдерінде ұйқас үшін айтылған тұстары кезігіп жатады. Абайда мұндай жоқ, бір ауыз сөзінен мін таба алмайсың. Керемет!
Оқыған сайын ашыла береді. Жылдар өткен сайын ақынның өмір сүрген заманы қанша алыстасада, Абайдың тұлғасы асқақтай береді.
Енді ақынның сөзін сөйлетейікші:
Өлең-сөздің патшасы, сөз сарасы,
Қиыннан қиыстырар ер данасы
Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп
Теп-тегіс жұмыр келсін айналасы
Бөтен сөзбен былғанса сөз арасы
Ол ақынның білімсіз бейшарасы.
Міне, «Бөтен сөзбен былғама» деп отыр. Осындайда «Абайдан жалған сөз шықпайтынының себебі неде?» деген сұрақ еріксіз туындайды.
Әуелі аят, хадис сөздің басы,
Қосарлы бәйіт мысал келді арасы.
Қисынымен қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын пайғамбар мен оны Алласы.
«Ақынның өлең сөзінің қисыны мен қызықты болуының негізі, бастауы, қайнар көзі дін исламда ма?» деген ой келеді адамға. Әуелі ескіше хат таныған, молдадан оқыған, қасиетті Құран кәрімнен сусындаған. Дана халқымыз «Не ексең, соны орасың" демей ме? Жасынан санасына сіңіргені, жүрегіне қондырғаны хақиқат сөз болса, мұндай өлең жазуы заңдылық емес пе? Таңды таңға ұрып айтсақ та, Абай-таусылмайтын кен, бітпейтін рухани қазына.
Жә, осындай теңдессіз тұлғаны өз деңгейінде насихаттап жүрміз бе? Менің айтпағым, жақында кітапханаға бардым. Қолыма көк кітап тиді. Астана қаласы, Фолиант баспасы, 2011 жыл Абай шығармалары 1-том бетін ашып едім, қате цифрға көзім түсті, қалай тұр, солай берейін.
«Қазақ халқының ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының 2 томдық толық шығармалар жинағының қолдарыңыздағы бірінші томына 1855 жылдан 1996 жылға дейін жазған өлеңдері мен аудармалары топтастырылды»...
Сонда Абай 141 жыл өлең жазған болып шықты. Енді өлеңдерін оқып отырып, өз басым келіспейтін сөздерге тоқтала кетуді жөн көрдім.
Атақты «Қансонарда бүркітші шығады аңға» өлеңінде:
Төмен ұшсам түлкі өрлеп құтылар деп,
Қандыкөз қайқаң қағып шықса аспанға.
Кере тұра қалады қашқан түлкі,
Құтылмасын білген соң құр қашқанға.
«Кере» деген сөздің мағынасы-керілу, сонда түлкі мені ұста деп керіліп тұра ма? Жүгірген аң, жыбырлаған жәндік барлығы өзіне қауіп төнгенде, жиырылып жонын бүкірейтіп алмаушы ма еді.
Көре тұра қалады емес пе?
Қашқаннан пайда жоқ, енді қарсыласайын деп тұр ғой.
Қырық пышақпен қыржыңдап тұрған түлкі,
О-дағы осал жау емес қыран паңға, – дейді. Беріле салайын деп тұрған жоқ.
«Жігіттер, ойын-арзан, күлкі-қымбат» өлеңінің мына бір шумағында:
Ары бар, ұяты бар, үлкенге сен,
Өзі зордың болады иығы да зор.
Өзі зордың иығы зор болатыны белгілі, Абай бір мағынаны екі қайталауы мүмкін бе?
Өзі зордың болады ығы да зор емес пе еді.
Қазақта сөз бар, күшті әлсізді ығыстырып жіберді деген. Мықты адамның ық жағынан, саясынан пана табасың, яғни қорғаныш болады деген мағынада.
«Аттың сыны» өлеңінде: «Қабырғалы, жотасы болса күшті» деп беріліпті. Жылқы малының жотасы ғана күшті болмайды, ол қабырғамен бірге айтылуы керек, яғни, дұрысы: «Қабырғалы, жоталы болса күшті».
Жауырынды, қабырғалы, кең сауыр, міне, осындай жаратылыс – бір-біріне байланысты мүшелер, аттың ұзақ шабысқа төзімді күшті болуының негізі.
Келесі бір өлеңі:
Ойға түстім толғандым,
Өз мінімді қолға алдым.
Бойдағы мінді санасам,
Тау тасынан аз емес.
Жүрегімді байқасам,
Инедейін таза емес.
Аршып алып тастауға,
Аспандағы саз емес.
Бәрі болды өзімнен,
Тәңірім салған наз емес, –
деп беріліпті.
Дұрысы: Тәңірім салған нас емес, дәлірек айтқанда, лас емес болуы керек. Туғанда адам баласы күнәдан пәк, таза болады да, өсе келе қол екі
істеген күнәсімен жүрегін кірлетеді, міне осыны айтып отыр.
Ал мына бір өлеңінде: «Тоқтаулылық, қалыпты, шыдамдылық» деп берілген екен.
Бұл өлеңінде ақын адам бойындағы қасиеттерді айтып отыр. Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық болу керек пе? Мұны да ойлану керек.
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз қол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа жол емес...
Адам бір өзіне лайықсыз іске кез болғанда, мынау маған қол емес екен
деп жататынын білеміз. Жол емес екен дегенді естімеппін.
Алла тағаланың хақ жолына ауызбен, құр тілмен жете алмайсың. Егер де жүрегің таза, ниетің дұрыс болмаса. Шариғатта: «Жүз күнәнің тоқсан тоғызы тілден» делінеді. Ал Абай былай деп тағы да айтады:
Ет-жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.
Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма,
Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін...
Дұрысы:
Алла деген сөз жеңіл,
Аллаға ауыз жол емес.
Ынталы жүрек, шын көңіл,
Өзгесі хаққа қол емес.
Тағы бір мысал:
Қолдан келе береме жұрт меңгермек,
Адалдық, арамдықты кім теңгермек?
Дұрысы теңгермек емес, тең көрмек болса керек. Адалдықпен, арамдықтың ара жігін ажыратуды екеуінің арасы жермен көктей екенін меңзеп отыр.
«Әжептәуір ән еді, пұшық айтып қор қылды» – дегендей, бір сөзінен бір сөзі асып түсіп маржандай тізіліп келе жатқан өлеңнен көзге шыққан сүйелдей күмәнді сөздер шыға келгенде, «Бір қарын майды бір құмалақ шіріткеннің» кері болды. Абай бөтен сөзбен былғамайды. Данышпан ақынның өлеңінен мін табылмау керек, бұған бей-жай қарауға болмайды. Кітап бір-ақ күнде шығып, бірнеше жылдар қолданыста болатынын ескерсек, болашақ ұрпақ Абайды кітап арқылы танитынын ойласақ, кемшілікке жол бермеген абзал.
Иә қандай да бір туынды, шығарма, айтылған сөз уақыт өте келе түпнұсқадан ауытқып өзгеріске ұшырайтыны бесенеден белгілі. Абайдың өз қолымен жазған қолжазбалары сақталмағандықтан, өзгенің қолымен жеткендіктен зерттеп зерделеп, ақылмен саралап мұқият қарау керек. Жеткізуші – Абай емес. Ақын көзі тірісінде «Қалың елім қазағым қайран жұртым» – деп көңілі толмаған қазақ әлі сол бейқам қалпымыз. Қазақ руханиятына қосқан өлшеусіз үлесін, ұрпаққа өнеге болатын хикмет сөздерін Абайдың өлеңі деген атына лайықты сақтау – біздің парызымыз. Қазақ «көш жүре түзеледі» дейді. Әйтсе де, жалпы, ескіні қайта жаңартқанда, бұрынғысынан асып түсетіндей етіп кемшіліктерді түзеп, олқылықтардың орнын толтырып шығарсақ игі еді. Арада қаншама заман өтті, біздің көшіміз түзелмей-ақ тұрғандай.
Абай – қазақтың ақылы, ары.
Тоқсан ауыз сөздің, тобықтай түйіні – кеткен кемшіліктерді түзеп, олқылықтардың орнын толтырып, Абай кітаптарын қайта шығарған жөн деп санаймыз.
Марат Абуғазин,
Шығыс Қазақстан облысы
Тарбағатай ауданы
Ақсуат балалар өнер мектебінің директоры
qazaquni.kz